«Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы»
Мұхтар Әуезов
Расында, жырау өнері Ұлы Даланың рухани мұрасы, халықтың тұрмыс-тіршілігінің айнасы, қалың жұрттың жан-жүрегі. Шөлейттегі Оазис миражы секілді жыршылардың жыр таратуындағы мақсат халықтың жанайқайы, шындығы, ащысы мен тұщысы, қуанышы мен қайғысы, өткені мен болашағы, эпикалық дастандар мен толғауларды, халық поэзиясын, жырдың көрінісінде театрланған қойылым іспетті жеткізуші дарынды тұлға. Ал жыршылар осы қойылымдардың режиссерлары, оларды тіптен халық пен қойылым арасындағы үлкен көпір деп бағалауға болады. Суырып салма жырлайтын жыраулар өкілдерінің тарихы сонау тереңде жатыр. Мәселен, «Диуани-лұғат-ат түрік» атты М.Қашқаридің еңбегінде XI ғасырдағы алғашқы жыршы жәйлі мәлімет кездеседі.
Міне, осындай жыршылардың ішіндегі өз заманының нағыз халық жанашыры, домбырасын өмірлік серік еткен жыр майталманы – Жамбыл Жабаев. Сүйегі асыл Жамбыл тек жыршы ғана емес, бойында ақындық, шешендік, айтыскерлік қабілеті дамыған дана тұлға. Жастайынан тәуелсіз сананың иесі, ақылды, сабырлы сонымен қатар жасөспірімге лайық әзілкеш қасиеттерімен көзге түскен бала Жамбыл жас шағында домбырасын арқалап, сол кездің өзінде-ақ білімпаздығымен елге таныла бастады. Үйір-үйір малдары азаймаған малшылардан, ауыл ақсақалдарынан, білімді молдалардан үнемі көрнекті адамдар жайында, өмір мен өлімнің мәні, халық ауқаты, ата-бабалар тарихын, аңыз әңгімелер мен ертегілер туралы тыңдағанды, әсіресе шулы және көңілді мерекелер, адамдар көп бас қосатын жиындар ұнататын. Жастар жиналатын кештерінде ол таңертеңге дейін Көрұғылы мен Қыз Жібек туралы аңыздар айтып, ықыласқа бөленетін. Тарихымызда Жәкең поэзияның ең биік алыбы, логиканың көкесін көрсете білген импровизатор ақын, барлық ерекше тума қабілеттерімен есте қалды. Оның мыңдаған өлең жолдарын жатқа білуі феномен ұғымына тең!
Данышпан Жамбыл жырлары тек поэтикалық шежіре ғана емес, халықтың құндылығы, елдің даналығы бар үлкен қоржын. Ғұламаның еңбектерінде органикалық түрде үлкен көркемдік-танымдық мәдениет, салт-дәстүр, ырым-тыйым құндылықтары мен педагогикалық тұжырымдар, әлеуметтік қарым-қатынас пен саяси көріністер біріккен. Бұның барлығы адамгершілік бейнесін қоғамда қалыптастыру үшін зор әсерін тигізген. Ақынның шығармашылығында патриотизм мен интернационализм тақырыптары, логоцентризм мен діни мистицизм және еңбек туралы насихаттары, Кеңес өкіметінің сол кездегі ықпалы хақындағы еңбектері жұртшылықты Отан-анасына, кіндік қаны тамған жеріне, әлдилеген халқына деген сүйіспеншілікті оятып, және өзінің тарапынан да махаббаты деп түсінген. Осындай бірлік, татулық, тұтастық идеологиясындағы шығармалары кең етек жайып, маңызды орын алды. Көреген Жамбыл жастарды білімді, ғылымды игеруге шақырып, осы мақсатқа жету жолында шыдамдылық пен табандылықты арқау еткен.
«Нағыз қазақ «Қазақ» емес, нағыз қазақ «Домбыра» демекші, Жамбыл мен домбыра синоним сөздер секілді, екеуі түп тамыры бір, ажырамас омыртқаның қос жауырындай. Анасы Ұлданның арқасында қобыз бен домбырада ойнауды үйреніп, қазақтың батырлық эпостарынан, аңыздары мен дастандарынан үзінділерді өзінің әуеніне салып, домбыраның хас шеберіне атанып, жан досымен өмірінің соңына дейін айырылған емес. Бұл адам өмірінің мәнді үміті, қараңғылық ішіндегі жарық сәулесіндей арқау болу керектігінің дәйегі, өйткені тұлға үшін ғұмырдың мәні оянып, сол биік үмітінің арқасында мәңгі жасау құлшынысы, талпынысы пайда болады.
Айтыс саласының суырып салма ақыны атанып, 16-17 жасында кең танымал болды. Ғұлама Жамбыл дәстүрлі әндерді орындауда өзіндік ерекше стилімен әлеуметтік салаға өткір дыбыс берді, шешендік импровизацияларында қазақ қоғамының өзекті мәселелерін көтеріп, халықтың басына туған күндерді хабарлап, заңсыздықты әшкерелеп, бостандық, теңдік және адамның қадір-қасиеті үшін күресуге шақырды. Билік басындағыларды сынап, өмірдің жағымды-жағымсыз құбылыстарын баяндап жеткізуді көздеген. Жабаев көптеген танымал қазақ және қырғыз ақындарымен айтыста өнер көрсетіп ұлтаралық сүйіспеншілікке бөленген жан. Ол қазақ халқының ақындық өнерінің дамуына орасан үлес қосқан бабамыз. Өкінішке қарай, Жамбылдың шығармаларының көптеген мәтіндері жоғалған, алайда өзінің және шәкірттерінің естеліктері бойынша, ақынның қатысуымен өткен айтыс мәтіндерінің біразы кейін қалпына келтіріліп жазылды. Жалпы, идеялық бағыты мен шығармашылық мәнеріне сәйкес ақиық ақынның айтысын топтап бөлуге болады. Бірі Сайкал қызбен (1864-1865), Жаныс ақынмен (1866), Бөлектің қызымен (1870), Бұрым қызбен (1873), Айкүміспен (1874), Сара (1875), Сары ақынмен (1875) өткен айтыстары жатса, екіншісіне, Шыбыл (1890), Бөлтірік (1890), Майкөт (1891), Сарбас (1895), Құлмамбет (1897), Доспамбет (1907), Шашубай (1909) керемет қызықты айтыстарын жатқызуға болады. Осыншама тамаша кештерде жиналып, аталған барлық өнер қырандарымен айтысып, көңіл көтеріп қана қоймай, бұндай кештер сол заманда ауыртпашылық көтерген халық үшін кішкене болса да зорлық-зомбылық, қысым, кедейлік, саясаттан, қиыншылықтан алыстай, сәлде болса барлығын ұмытып, бес күндік жалған өмірде адами шынайы қарым-қатынастың барына, бақытпен қуаныштың барына куә болу сәттері іспетті. «Жүректің кілті ашылса, Хақтың түсер сәулесі. Іштегі кірді кетірсе, адамның хикмет кеудесі» — деп Хакім Абай айтқандай, сол заманда адами құндылықтарға зар болған елдің болашағын тек халық арасынан шыққан нағыз батырлар ғана жырлай алды. Батыр демекші, Жамбыл “Сұраншы батыр”, “Саурық батыр”, “Өтеген батыр”, “Алатай — Жапарқұл” туралы өз елін жау шапқыншыларынан қорғаған батырлар жырын шығарған. Өз шығармашылығында халықтың тәуелсіздігі мен бірлігі, халықтың мүддесін қорғау үшін тұрған батырлардың ерлік істерін жұртқа дәріптеу болды. Ер жүректі Жамбыл 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысып, патша жарлығына қарсы шыққан бұқараның ортасында болып, өзінің жалынды поэзиясымен таныстырды. Данышпан еңбегі бүгінгі күнге дейін сақталмаған, тек екі өлеңі: «Патша әмірі тарылды» («Патша жарлығының висесі») және «Зілді бырық» («Жаман жарлық») деген шығармасы халық арасында. Бұл еңбектерінде Жамбыл көтерілісшілер мен билік өкілдері арасында Құлансаз және Қарабастау жайылымдарының шегінде орналасқан Қарғалы, Самсы, Ұзынағаш трактаттарында болған қақтығыстарды сипаттаған. 1919 жылы ақын Жетісу халық ақындарының жиынына, 1934 жылы І республикалық өнер шеберлерінің слетіне қатысты. Сол уақытта «Замана ахымы» («Уақыт әмірі»), «Белсенділерге» («Белсенділерге»), «Қазақстан тойын» («Қазақстанның мерейтойына»), «Жастар алдындағы сөз» («Жастарға сөз») әндері еңбектері дүниеге келді. Сонымен қатар 1936 жылы ақын қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысып, ел белсендісі болды.
«Мен шыңырауда тудым, қараңғы қапаста өстім, осы заманды жетпіс жыл аңсадым», — деген Жамбыл баба Кеңес үкіметі заманында жерге, еңбекке деген сүйіспеншілікті жырлады, гуманистік идеяларды насихаттады. Ұлы Отан соғысы кезінде оның «Ленинградтықтар, менің балаларым», «Майданға хат», «Отан ордені» атты патриоттық әндері сарбаздардың рухын көтеріп, тыл жұмысшыларына рух берді. Халық жадында сақталған ең көркем үндеулерінің бірі Жамбылдың ленинградтықтарға жолдауы үлкен патриоттық сезім тудырып, әр ер азаматтың рухын көкке дейін көтеріп жіберді. Жамбылдың еңбектерін көптеген ұлы орыс ақындары аударып баспаға шығарған. Бұл аударылған шығармалар Қытайда, Чехословакияда, Англияда және әлемнің төрт бұрышына Жамбылдың оқырмандарын оның қайталанбас керемет дүниелерімен таныстырды. Бала кезінен «Юсуф — Зулейха» «Алпамыс», қырғыздың «Манас» эпосы, «Рүстем туралы аңыз», «Көроғлы», «Қобыланды», шығармаларын орындаған. Нақтырақ айтсақ Жамбылдың «Манасты» он жеті күн, «Көрұғлыны» қырық күн айта алғаны, барлық қазақ эпосын жатқа білуі, бір басында миллионнан астам ұйқасы бар дегенге сенбеске амал жоқ. Бұл бір тылсым дүние. Сол заманда адамның бойында тылсым қасиеттер қалай пайда болды, оның санасы басқа планеталық, ол бұл әлемнің адамы емес деген ұғымды қарапайым халыққа жеткізу бір ертегі секілді. Алайда қазақ халқының басына үлкен Бақ ретінде келген, космостық ең жоғары эволюциялық сананың өкілі екені десек, өтірік-шыны аралас иллюзия сияқты. Бұндай алпауыт қасиет тек асылдың сынығы, қасиетті-текті кодтары бар тұлғаға ғана берілетін құбылыс сірә, маңдайына елінің, жерінің жарық жұлдызы болу бұйырған адам ғана Құдайдың жазуыменен миссиясына аттанады. Осындай миға қонымсыз, көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын қасиеті дарыған Жамбыл расымен де, Алланың кенжесі. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи «Диуани Хикметінде» Аллаға жақындай түсу үшін әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өту керектігін айтады. Біріншісі Шариғат, ислам діні қағидалары, яғни, шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауға әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі Тариқат, дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқын сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі Мағрифат, негізінен дін жолын танып білу сатысы десе де болады, бұл басқыштың талабы — күллі дүниедегі болмыс тіршіліктің негізі бір Алла екенін танып білуі, түсінуі. Төртіншісі Хақиқат, Аллаға жақындап, оны танып білудің ең жоғары басқышы сопылық түсінік бойынша шариғатсыз, тариқатсыз, тариқатсыз мағрифат, мағрифатсыз хақиқат болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Сол секілді бұл жерде біз сопылықты емес, жалпы Яссауидың терең идеологиясына бағынбақпыз, яки айтылып отырған Жамбылдың өзіндік басқыштары болған және сол басқыштардан сүрінбей өткен пенде. Тұла бойынан шаққан жырларды айтуы, оны насихаттау, әр жырдың бірнеше нұсқасын жеткізіп, өз жүрегінен шыққан импровизациялық шығармалары тағы бар, өлеңдер, әндер, толғаулар қаншама еңбекті жатқа айту шынымен де тылсым күш иесіне ғана тән. Бұл тұлға өз заманына жаны ашыған, күнделікті асын емес күнделікті көріп жүрген елін ойлаған данышпан, кемеңгер, жаны нәзік, бауыры бүтін, нағыз «Лахут» киінген, мейірімділік пен имандылықты серік еткен біздің Бәйтерек Жамбылымыз. Бұндай тұлға әр ғасырда бір туылады! Жамбылдың құдіреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таңдандырған.
Мен – бір биік бәйтерек,
Көкке бойым бойлаған,
Қармақты терең тамырым,
Жайылып жерді шарлаған.
Бұтағым бар ма жайқалып,
Жапырағын жармаған, — деп жыршының өзі ұлы бәйтерек ағашындай өзінің шығармашылығы арқылы елге тамырдай жайылып, құндылықтарды жеткізсем деген ниетінен туған дүние. Ғұлама Жамбыл да Яссауи айтпақшы төрт басқыштан өтіп, төрт басқышты бағындырып өткен адам. Жыршы, айтыскер, ақын, суырып салма шешен осындай баспалдақ арқылы жұртшылыққа Шариғатын, Мағрифатын, Тариқатын, Ақиқатын жеткізіп, жүректеріне Абид болма, Захид болма, Ғашық бол деп, «Насут», яғни жоғарыда аталған ұғымның басын қосатын күш бол дейді. Шәкәрімнің Сау ақыл менің иманым дегендей, осынау барлық дүниемен Жамбыл әлемінің сабақтастығын, үндестігін байқауға болады.
«Ұлттық мәдениетті сақтамай ешқандай модернизация болмайды» деген Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл сөздердің түп тамырында нағыз құндылық жатыр. Шынымен, жас ұрпаққа қазақтың кім екенін, қандай халық екенін, ата-бабаларымыздың тарихын, ұлттық болмысымызды, жан дүниемізді жеткізудің бір ғана дұрыс жолы ол, ұлттық мәдениетімізді сақтап, дәріптеп, жастарға жеткізу. Себебі өткеніміздің көрінісінде біздің қазақ атты геннің о бастан өткен ғасырлық мұралары жатыр.
Бүгінде, тәуелсіз Қазақстанның тарихында Жамбыл Жабаевтың бейнесі көркем әдебиетте ғана емес, дана ақын туралы көркем фильм түсірілді. Айтыскер, ақынның өмірі мен шығармашылығын жас буын арасында насихаттау мақсатында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен 4 сериялы «Жамбыл» тарихи драмасы жарық көрді. Асыл тұқымды Жамбылдың поэзиясының айнасы, оның поэтикалық стилі мен техникасы біздің заманымыздың маңдай алды дарынды тұлғалары Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Есдәулет, Орынбай Тайманов, Нартай Бекежанов, Саяділ Керімбеков және басқа да өнер тарландарына, шәкірттерінің шығармашылығына әсер етіп, тайға таңба салғандай үлкен өшпес ізін қалдырды. Жамбыл әлемін зерттеуде ерен еңбек етіп, біраз тер төккен егемен Қазақстанымыздың ғалымы, ғылым жолындағы көзі ашық ізденушілердің бірі жазушы, қоғам қайраткері, ЮНЕСКО қамқорлығындағы халықаралық мәдениетті жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері Нағашыбек Қапалбекұлы. Бұл атына заты сай, талабы мен талантының ұштасып, әдемі сабақтасып бой көтерген әлемдегі ең құдіретті мамандық иесінің ерекше көрінісі. Қазіргі таңда Жамбыл өмірін және Жамбыл өміріне қатысты барлық тұлғаларды, оқиғаларды зерделей зерттеген, оның ішінде Жамбылдың ұстазы Сарыбай биді зерттеп, жалпы Сарыбай ақсақал жайында қоғамға ең үлкен мәлімет, сандық-сандық мұрағат берген ғалым. Жамбылдың әрбір айтулы жылына орай, Жамбылды елге насихаттап, Жамбылды Жамбыл етіп танытып жүрген азаматтарымыздың бірі.
Жамбыл өзінің төсінен Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерін көрген данышпан. Жамбыл ақсақалдың 1945 жылы 22 маусымда, 100 жасқа толуына бірнеше ай қалғанда өмірден озғанын білеміз, алайда бұл нақты жүз жасағанмен тұспа-тұс, сондықтан Алланың сүйіктісі, халықтың махаббатына бөленген нағыз АДАМ ретінде жүз жылдық тарихы бар Мәңгі Жамбыл болып қалмақ. Көсем Жамбылдың өлеңдері баршылық және мазмұнға толы. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» дегендей Жамбылдың батасын білген де, білмеген де арманда, бұндай батаны оқып, сусындап шығудың өзі бір ғанибет. «Ақсақалдан бата алған, құдайдың рақметіне жолығар» деп халық текке айтпас. Ұлы сөздің жаны өлмейді, ізі өшпейді, сол себепті қасиетті Жамбылдың батасын алып «Әумин» делік.
«Әумин» деп қолыңды жай,
Қабат тусын күн менен ай,
Алғаның болсын сайма-сай,
Қапалық болмай кезінде,
Ылғи болсын мамыражай.
Қос-қостан тауып ұл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай,
Ертең ерте біреуі
Қойға кетсін қудалап,
Түйеге кетсін біреуі
Екі көзін уқалап.
Егін ексін біреуі
Су сағасын томалап.
Оттың басын шаңдатып,
Біреуі жатсын домалап.
Жылқы бақсын біреуі
Асауларды күделеп.
Сөз сөйлесін біреуі
Көп ішінде сүбелеп.
«Жақсы лепес — жарты ырыс»,
Ескіден қалған мақал-ды.
Соза беріп қайтейін,
Бата аяғы тақалды, — деген бата жолдарында қаншама сөз энергиясы, қуаты жатыр десеңізші, шіркін, сөз құдіреті мен қасиетін білген нағыз тылсым әлемінің күш иегері біздің қара шаңырағымыз қазақ жерінде, елінде туылып, жасап, Қорқыттың көріндей қазақ топырағында аяғын басып, төрткүл дүниені сөзімен аралаған, аузы дуалы Жамбылдың өсиетін жүрегімізде мәңгі сақталық.
Гүлнара НАЙЗАБАЕВА,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
Әлеуметтік ғылымдар факультеті
Философия кафедрасының «Мәдениеттану» мамандығының докторанты