АНА ТІЛІН АРДАҚТАУ ҒЫЛЫМНАН БАСТАЛСА

Білім Руханият
224 Views

Мемлекеттің дамуы, технологиясы дамыған елдердің қатарына қосылуы ғылымның дамуына тікелей байланысты екені дәлелдеуді қажетсінбейтін аксиома. Бүгінгі таңда интернет-технологиялардың қарқынды дамуына байланысты ғылымның өркендеуінде жаңа тенденциялар пайда болуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген сөзін мысалға келтіріп, бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөздің қазір әсіресе өзекті екеніне екпін түсіргені есімізде.

Осы алқалы басқосуда президентіміз әр нәрсенің тез бола қалмайтынына мәнберіп, былайша атап көрсетті: «Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек».

Баршаға мәлім, технологиялар күн сайын дамып жатқан қазіргі кезеңде ескі құрал-жабдықтармен ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл ретте мемлекет басшысы: «Тағы да қайталап айтқым келеді, мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Шешімдер әбден пысықталып, нақты негізделіп барып, қабылдануға тиіс. Талдау жүргізіп, ахуалды болжау үшін ғалымдардың қолында, зерттеу орталықтарында қажетті құрал-жабдықтар болуға тиіс» деп шегелеп айтты.

Заманауи технологиялар экономиканы ғана емес әлеуметтік салаларды да кеңінен қамтып жатқан қазіргі шақта жасанды интеллект өмірімізге дендеп ене бастады. Оны қолданбайтындар бүгінде кемде-кем. Президент бұл тұрғыда: «Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек», — деп атап көрсетті. Яғни мұқым адамзат осы технологияның жалынан ұстағанда күнделікті тіршілікте шешуші роль атқаратын жасанды интеллектке мән бермеу мүмкін еместігі өте құптарлық жайт. Алайда, жасыратын несі бар, жасанды интеллекттің тілі негізінен алғанда ағылшын тілінде, мықтағанда орыс тілінде ақпараттарды алуға, қолдануға болады. Өкінішке орай, қазақ тілінде еркін, толыққанды ақпарат алу мүмкін болмай отыр. Бұл – тілші ғалымдар шұғылданатын үлкен сала.

Мемлекет басшысы бұл ретте де тоқталып өткен: «Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді». Бұл – мемлекеттік маңызы ерекше зор шаруа. Себебі тәуелсіз мемлекет болған соң сол елдің мемлекеттік тілі ғылым саласында кеңінен қолданылуы ауадай қажет, стратегиялық маңызы ұшан-теңіз саяси мәселе. Біз қанша жерден қазақ тілін дамытуымыз керек деп айтқанымызбен ол өздігінен жүріп кетпейді. Бұл ретте осы тірлікті жоспарлы, жүйелі түрде қолға алу аса маңызды.

Бір қуантарлық жайт, ғылым саласына тікелей жауапты Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінде мемлекеттік тілді дамытуға байланысты бірқатар шаруалар істеліп жатқанын байқадық. Осыдан бірер ай бұрын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырза Бас редакторлар клубының мүшелерімен өткен кездесуінде аталмыш ірі салада атқарылып жатқан қыруар жұмыстар хақында толығымен қазақ тілінде еркін айтып берді. Мемлекеттік тілді дамытуға орай жұмыстар жүргізіліп жатқанын жан-жақты баяндады. Әсіресе министрлікке қарасты Ш.Шаяхметов атындағы«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға байланысты жүргізіп жатқан кешенді жұмыстары көңіл қуантады.

Қазір ғылым ай сайын ғана емес, күн сайын дамып жатыр. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы былайша толғаныпты: «Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс. Жалпы, Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс». Яғни алқалы басқосуда ел басшысы жалпылама айтып қана қоймай, ғылымды дамытудың нақты міндеттерін жүзеге асыру тетігіне де нақты назар аударыпты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру керектігін Ұлытауда өткен І Ұлттық құрылтай отырысында да баса атап көрсеткен болатын. Ел басшысының бастамасын қолдау мақсатында ағымдағы жылдың 1-2 наурыз күндері Түркістанда халықаралық Ахмет Ясауи университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі бірлесіп өткізген «Қазақ тілі — ғылым тілі: дәстүр және инновация» атты симпозиумда да жан-жақты талқыланып, оған еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қазақ тілі мәселесімен айналысып жүрген көрнекті ғалымдар қатысып, пленарлық отырыста сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, ҰҒА академиктері қазақ тілін дамытуға, оны ғылыми айналымға енгізуге қатысты өзіндік ойларын ортаға салған. Сонымен қатар, секциялық отырыстарда да әртүрлі сала ғалымдары тарапынан қазақ тілінғылым тіліне айналдыру туралы айтылған ұсыныстары симпозиум қарарына кіріпті. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында, ғылым тіліне айналдыруда атқарылар іс-шара бағытын бағдарлаған симпозиумның өткізілуі де ана тіліміздің осы салада тынысын кеңейтуге жасалған бір ірі қадам деп бағалауға болады.

Жоғарыда айтылған Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Ашығын айтсақ, елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес, түрлі саладағы түйткілдер шешілмеді. Соның салдарын енді көріп жатырмыз. Қалай десек те, алдымызда бір ғана жол бар.Біз барлық мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет. Бұл – заманның да, халықтыңда талабы. Жүйелі жұмыс істесек, барлығы орнына келеді деп ойлаймын», — деп арнайы атап көрсетіпті.

Расында, ұлт қамы үшін атқарылатын іргелі іске көп болып жұмылудың маңызы ерекше. Жоғарыда көңіл қуантатын сөздер аз айтылып жатқан жоқ. Ендігі жерде ғылым саласындағы, жоғары оқу орындарындағы ғалымдар бел шешіп іске кірісуі керек. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары бұл тағдыршешті мәселені жан-жақты насихаттауы тиіс.

Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруды ешкім де сырттан келіп істеп бермейді. Бұл тұрғыда әрбір оқу ордасындағы ғалымдар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлері, БАҚ журналистері нақты іске көшкені жөн. Сонда ғана кезінде алаш қайраткерлері аңсаған армандар жүзеге асатын болады. Қазақ тілі ғылым тіліне айналатын болады. Бұл – тәуелсіз елдің аса маңызды саясаты.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

«Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық

қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің

бас редакторы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *