ХАЛҚЫНАН КЕШІРІМ CҰPAҒAH ШЕНЕУНІК

Саясат Тұлға
186 Views

Ұрпағының ана тілін білмегендігі үшін халықтан кешірім сұраған бірінші қазақ, үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов шығар. Бұдан артық ерлік бола ма?

ОЙ БАҚПАЙ, ҚОЙ БАҚҚАНДА…

Баспасөзден аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновқа Ақтауда мектеп атын беріп, мүсінін орнатқаны жөнінде оқып қуанып қалдық. Аталмыш шараның өтуіне, мүсіннің орнатылуына демеушілік жасаған азаматтың бірі ұлтжанды, мемлекетшіл, қоғaм қайраткері Бекет Тұрғараев екенін де білдік. Реті келгенде Бекеңнің қазақтың айтулы тұлғaлaрын қастерлеп, әрдайым атын жаңғыртып жүретінін де айта кеткеніміз артық болмас.
Әрине, тұлғa туралы олардың мерейтойын күтіп отырмай-ақ, әр кезде ой толғап отыру дaғдымызғa айналса, тіпті ғaнибет болар еді ғoй.
Нұртас Оңдасынов 34 жасында Қазақстан Республикасының премьер-министрі бoлғaн адам. Ол Қонаевтың өсуіне де тікелей ықпал еткен.
1946 жылы Оңдасыновтың тікелей ықпалымен Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Бұндай мәртебелі орынға Мәскеу өз адамын қояры белгілі. Саясаттың ықпыл-жықпылын күні бұрын сезіп отыратын сұңғыла Оңдасынов бұл орынға Қаныш Сәтбаевты ұсынады және сол жолда жанкешті жұмыс жасап, жеңіп шығады.
Бірде Торғайдың алыс ауылында жолаушылап жүріп батпақтан мүсін жасап отырған бір балақайды көріп, келер жылы Алматыға алдырады. Сол бала кейіннен Алматыдағы Абай ескерткішін сомдаған, қазақтан шыққан тұңғыш мүсінші болып, тарихта қалған Хакімжан Наурызбаев еді. Бұл кісінің арқасында қаншама таланттың бұлақ көзі ашылды. Олар туралы айтатын болсақ, арнайы мақала жазуға болады. Солардың бірі – Әбіш Кекілбайдың сұхбатында айтқан сөзіне ден қойсақ:
«Орталық Комитетте жұмыс істейтін едім. Бір күні қабылдауыма бір үлкен кісі келді. Әуелде танымай қалғаным рас. Бұл кісі бар қазақтың жанашыры бoлғaн Нұртас Оңдасынов еді. Осы кісіні көргенде жас күніміздегі бір ақылсыздау жaғдaй есіме түсті.
Мектеп бітірген соң бәріміз мал бaғуғa барамыз деп бастама көтеріп, шуылдап жатқанда «Мал болса, бaғaтын адам табылады, сендер оқыңдар деп бәрімізді oқуғa жіберіп еді» — дегені бар еді Әбекеңнің.
Сонда деймін-ау, не деген көрегендік десеңші. Сол кеткеннен мол кетіп, ой бақпай, қой бақса Әбіш қандай болар еді. Қазақта Әбіштей дана болар ма еді, жоқ па еді. Міне, талантты тай кезінен тану, демеу деген осындай болса керек.
Ол ең алдымен ары таза, адал адам болды, осы елге болсын деп еңбек етті, соның дәлелі ретінде ол кісі жөнінде іргелі зерттеу жүргізіп, оқылымды кітап жазған белгілі қаламгер Гүлсім Оразәліқызына берген соңғы сұхбатынан үзінді келтіре кетсем деймін.
«Балам, мен үшін сен ешқашан, ешкімнің алдында ұялмайсың!».
— Айналайын, Гүлсім, менің үш өтінішім бар, бұрын да саған айтқанмын. Біріншісі, Гурьев облысынан зейнеткерлікке кеттім, Мәскеуге көштім, ел-жұртты үнемі сағынып жүрмін. Бірінші қателігім — Алматыға көшпегендігім. Екінші қателігім — сөздіктерімді жалғастыратын өзіме шәкірт дайындамадым. Ал қазақ тілінің ішінде әлі қаншама сөздер бар, төркіні табылмаған. Үшінші қателігім, әрі үлкен қателігім — балаларымның қазақ тілін білмеуінде. Әйелім орыс болды да, балалар анасының ықпалында кетті. Ұлттық дәстүр, салт-сананы бойларына сіңіре алмады. Бұл үшін халқымның алдында кінәлімін, кешірім сұраймын! (Баласының ана тілін білмегендігі үшін халықтан кешірім сұраған бірінші қазақ басшысы Нұртас Оңдасынов шығар. Бұдан артық ерлік бола ма?) Сені іздеп, күткендегі мақсатымды енді ұққан боларсың, балам?! Менің жазғандарымның бәрі қазақ тілінде, оны түсініп, соңына түсетін менде бала жоқ. Ендігі жерде менің артымда қалып бара жатқан қолжазба-құжаттарыма сен ие бол! — деді де, баспада жатқаны бар, қолында дайындап отырған кітаптары бар, бәрін тізіп, қадағалауымды сұрады.
…Шынымды айтсам, мынадай аманат аламын деп ойламаған мен қорқып кеттім. Не деп жауап қатарымды білмей, үнсіз отырып қалдым. Үнсіздігімді ұнатпаған Нұртас аға: «Балам, мен үшін сен ешқашан, ешкімнің алдында ұялмайсың!», — деді. Қараңызшы, мұндай сөзді айту үшін қаншалықты таза, ұятты, арлы болу керектігін ұға аламыз ба біз?! Бұл сөзді екінің бірі айта алмайды. Шынайы айтқаны сондай, күні бүгінге дейін үні де, суалып, сарғыш тартқан жүзі де, бар үмітін маған артып, «бұған не дейсің?» деген сұраулы көзқарасы да дәл бүгінгідей жадымда. Егер пендешілікпен біреулер Оңдасынов туралы балдыр-батпақ, дәлелсіз, дәйексіз бірнәрселер айтып жатса, оларға емес, Нұртас атамның ақырғы, ақтық сөзіндей болған осы бір ауыз сөзіне сенемін, — дейді Гүлсім ханым.

ҚОЛЫ ТАЗА, АРЫ ТАЗА, ЖҮЗІ ТАЗА

Бүгінде өткенге негізсіз топырақ шашу да кездесіп қалады. Осының бәрі халқымыздың тарихында заманның сұрапыл кезеңіне де қарамай, еліне адал қызмет етудің жолын тапқан тұлғалардың өмірін оқып-білмегендігімізден деп білу керек. Болмаса бір ғана Оңдасыновтың өмірі, оның халқына деген адал махаббаты, тазалығы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнегеге тұнып тұрған жоқ па?! Ол үшін солардың өмірін оқу, солардан үйренуді мектептен бастаса қандай ғанибет болар еді. Олай дейтін себебім, отансүйгіштік, патриотизм біз жиі айтатын ұлттық құндылықтарға пара-пар қасиеттерді көктен іздеп әуре болмас едік қой.
Кезінде Мәскеу тәрізді озбыр орталықтың нұсқауын мүлтіксіз орындаған шенеуніктердің де қазақ ішінде аз болмағаны белгілі. Тіпті, солардан тұлға жасауға талпынатынымыз да жасырын емес ғой.
Бұл кісінің кейінгі өмірі сол озбыр орталықтың астанасы Мәскеуде өткені белгілі. Оны Гүлсім қарындасына айтқан әңгімесінен де аңғаруға болады. Алайда, оны сол кездегі сұрқия саясат Мәскеуге отбасы жағдайына байланысты көшті дейді. Мүлдем олай емес. Оған тереңірек қарау керек. Сол тұстағы сұрқия билік оны зейнет жасына жеткізбей қызметтен алып қана қоймай, өзінің пікірлестерінен, ортасынан да алыстатуды көздегенін бағамдау қиын емес. Мұндай ірі, ықпалды тұлғаны Мәскеуде ұстау, уысынан шығармау тиімді еді. Сондықтан оның зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деген арманы жүзеге аспады. Аяулы тұлғаның көкірегін кернеген арманы көп болған. Оны жоғарыда Гүлсімге айтқан әңгімесінен де аңдатты.
Ол қашанда талантты, дарынды жастарды қолдап, қамқорлық жасап отырған. Соның бірі Әбіш екенін айттық. Жарықтық осы бағыттағы ойын да бүкпесіз айтып кеткен екен. «Оңтүстік облыстарда аса дарынды, сондай қабілетті жігіттер болды. Мен соларды қызмет барысында өсіре алмадым. Себебі «жершіл, рушыл» деп айта ма деп те қорықтым. Оның несін жасырайын. Ал қызметпен қоштассақ, ел үшін атқарсам деген талай шаруа кейінге қалғалы тұр» деп те мұңын шаққан екен жарықтық. Өмір жолы нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңіне тап келген оның Хрущевтермен жағаласып істеген ерліктерін ашып, қопарып жазатын сәт әлі де алда деп білеміз. Осынау ұлт үшін, ел үшін тазалықтың, даралықтың эталоны болған Нұртас Дәндібайұлының артында қалған мына бір сөз мемлекеттік қызметтегі әркімнің, қай кезде де ойында жүруі керек деп ойлаймын.
«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін — қолым таза! Екіншіден, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін — арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін — жүзім таза!».
Айтайын дегенім, осындай тұлғалы адамдардың өмірі, өнегесі, тағлымы туралы жиі жазуды қолға алуымыз керек. Кім де болсын өткеннің қателігінен үйренеді. Тұлғалы адамдар сан қырлы, тағдырлы келеді. Біз сол тағдырдың зерттеушісі болуымыз керек.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *