ҚАН ҚАҚСАТҚАН БҮЛІК немесе іштен шыққан жау жаман

Саясат Қоғам
709 Views

Кешелі бері қазақ жұртын дүрліктірген дүмпулі оқиғалардың сызаты санамызды сілкілеп сан сұрақ боп мазалады. Екі жүз емес, екі мың емес,қоғадай қаптаған жиырма мың содыр еліміздің қақ төріне қалай тап болды? Тұтас бір армияның шебімен тең мұншалықты қарулы қол қайдан келді? Сондықтан мемлекетке бір мезетте сырттан осынша бүлікшілер баса-көктеп кірді деу ақылғақонбайды. Жат пиғылды арандатушы топтар сырттан келсе де, мейлі жылдар бойыіште бұғып шабуылға шықсын… Қалай таразыласаң да, бұл біздің биліктің осалдығы мен әлсіздігін байқатты. Өйткені орны толмас осы қателіктердің белең алуына жол беріп қойды.

Тіпті базынасын айтып бейбіт шеруге шыққан бұқара халықтың жанайқайы тасада қалды да, елдің назары — белсенді шерушілердің атын жамылып, қалалардың ту-талақайын шығарған терроршыларға ауып кетті. Шын мәнінде, бұл саяси қойылымға көбірек ұқсайды. Кешегі аптаның қанды қырғынынан енді ес жиып, жан-жағымызға қарап, «басты бүлікші кім?» деген заңды сауал тыным таптырар емес.

4-5 қаңтарда әр өңірдегі жаппай көтерілістен кейін алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекетке жасаған сатқындығы үшін тұтқындалды. Алайда сот процесіне дейінгі тергеу ісі басталғандықтан оның қамалғанынан басқа ақпарат таралмады. Дегенмен, экс-төрағаның жалғыз еместігі, бір топ сыбайластарымен қолға түскені анықталды. Қазақ іштен шыққан жау жаман деген. Қара халықтың алдында бір ғана Мәсімов емес, олардың барлығы жауап беру керек! Өз Отанына, халқына опасыздық жасағандардың атын жасырып, бүркемелегеннен не ұтып, не табамыз?! Мұндай мәселеде барлық ақпарат ашық, шынайы болуы керек.

Мәсімов билік дәлізінде ең сенімді посттарда отырған адам, үкімет басына бір емес, екі рет келіп билігін жүргізгенмен, елдің экономикалық даму көрсеткіші баяу күйінде өзгеріссіз қалды. Сөйте тұра Мәсімовтей ұзақ басқарған бірде-бір үкіметбасы жоқ. Мәсімовтің мемлекеттік тілде сөйлегенін, тіпті сөйлеуге талпынғанын көрмедік, солай дегенмен ол премьер-министр болып тұрған тұста, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінен кейін үшінші орында миллиардтаған қаржы ұйғыр тілінде жарық көретін басылымдарға бөлінген. Мәсімовтің тұсында мемлекет қаржысы талан-таражға түсіп, елде сыбайлас жемқорлықтың тамыры тереңге жайылып кеткені ақиқатқа айналды.

Мәсімов құрықталар кездегі ол қашқан ұшақ ұлттық гвардияның әскери ұшағы екенін шетелдік БАҚ жарыса жамырай жазды. Бұл ұлтымыздың ар-намысына түскен таңба. Тоз-тозы шыққан биліктің бұтағында Мәсімов секілділер әлі де баршылық. Ескі жүйенің жағымпаз, жемқор «жасағын» жаңа үкіметтің құрамынан жәймен шеттетіп жатқанын әділет жолына бетбұрыс жасалды деп санауға болады.

Жау жоқ деме, жар астында. Әрине атамекеннен тысқары, шетелде тұрып ел ішіне іріткі салып отырған астыртын күштердің бар екенін біз жақсы білеміз. Олар арандатушылық пиғылдарын жасырмайды да, ашық түрде халыққа насихат жұмыстарын жүргізетіндіктерін, интернеттен көріп отырмыз.

Осыдан үш ай бұрын М.Әбләзов ғаламтордан сөйлегенде «Әр облыстан он мыңнан адам шықса, біз билікті басып алып қоямыз» деп айтқаны ащы шындық. Ту сыртыңнан пышақ ұру, елге сатқындық осындай ойбұзарлардан шығады. Ел ішінің ала тайдай бүлінуіне ырық беріп, тілімен от бүркіп отырғандар неге халық арасынан кеше көрінбеді? Қиын кезеңді неге халықпен бірге көрмеді? Керісінше жел сөзге еріп көшеге шығып жалаң қолымен от көсеп қалған жастарымызға обал болды.

ҰҚШҰ ЕМЕС, ӨЗ ӘСКЕРІМІЗГЕ СЕНІМ АРТУ КЕРЕК

Алаңға жиналған сол жастардың арасында санасы сандалған бозөкпелері елді тонауға көшті. Мемлекеттік ғимараттар мен мүлікті қирату, кәсіпкерлік нысандарды тонау, залал келтіру – ауыр қылмыс!

Шабуылдағандардың барлығы мемлекеттік мекемелерін басып алуға әрекеттенгендер. Бұл мемлекетті басып алу деген сөз. Ішкі істер министрі 134 ауыр қылмыс орын алды деп хабарлады. Мына басбұзарлық мемлекеттің мүлкін ғана емес, бірлігін тартып алу, бейбіт өміріне нұқсан келтіру, экстремизмдік сипаты бар бүлікшілік. ҚР Қылмыстық Кодекстің 181-бабында: «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын құлату немесе өзгерту не оның біртұтастығы мен тұтастығын, сондай-ақ оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзу, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру мақсатында қарулы бүлік ұйымдастыру – ҚР азаматтығынан айыра отырып, он екі жылдан жиырма жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Ал қарулы бүлікке қатысу – он екі жылдан он жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Олай болса қарулы бүлікшілер тиісті жазасы мен жауабын алу керек. Сыртқы арандатушылар мен елден шыққан сатқындардың әрекетінен халық сан соғып қалды деп қарап отырмау керек. Бүгінде басқа мемлекеттердің алдында жүзіміз төмен, бұл мемлекетіміздің абыройына ойсырата нұқсан келтірді. 100 миллиардтан астам шығын дәлелденді. Енді жаңадан құрылған “Қазақстан халқына” атты қорға Тәуелсіздік жылдары халықтың несібесін жеп байыған және әлемдік деңгейдегі “Форбс” журналының қымбат беттерінен орын алған миллиардерлер мен миллионерлеріміздің дүниелері мемлекет қазынасына кері қайтарылып, содан құйылуы керек. Мемлекетіміздің бюджетіне ешқандай шығын, салмақ салмауға тиіс. Халықтың негізгі мақсаты мен талабы да осы.

Қазақ болған іске болаттай берік бол дейді. Осы бейберекетсіздіктен қорғану үшін қосымша күштерді сырттан шақырып жатырмыз. Ал бірақ мұны басудың мүмкіндігі біз де бар еді. «Бас жарылса, бөрік ішінде» дейтін көкбөріге тән қайсар мінезіміз қайда?! ҰҚШҰ-ының көмегіне жүгінбей-ақ шешілуі тиіс болатын. Өйткені, ел басына күн туар шақта алға ұмтылып шығар әр өңірде, облыста өз әскеріміз бен қаруымызды ұстап отырмыз. Осы күшті дер кезінде пайдалансақ, бұлай сырты күштік құрылымдарға қол созбас та едік… Бірақ бұл жерде Қ.Тоқаевтың ұтымды орын тауып кеткен жері – ҰҚШҰ әскерилерін мемлекеттік құрылымдарды қорғауға ғана пайдаланды.

Ендігі кезекте Президент ұлттық армия мен гвардияны тез арада қуатты құрылымға айналдыруға күш салуды жұмылдыру керек. Кеше террорларға қарсы 19-20 жастағы бозбалаларды екі-үш қатар етіп қарусыз қалқитып шығардық, ереуілшілерді бейбіт халық деп ойлаған жас сарбаздарымыз қыршын кетті, оларды таспен, арматурамен қалай болса, солай ұрды, өлтірді, басын кесіп алды.

Мұндай өз әскерімізді бауыздайтын көзсіздікке жол бермеуіміз керек еді, мұның барлығы әскери әзірліктеріміздің әлсіздігі деп білетін. Біздің әскеріміз тас-түйін болғанда, яғни мемлекеттік күштік құрылымдарымыз сақадай сай тұрғанда біз әлдеқайда сыртқы күштерге бой бермес едік. Енді біз қазір 20 мың бұзақыны көше-көшені кезіп ұстап табуға тырысып жүрміз.

Бізде 19 миллион халықтың тыныштығын қамтамасыз ететін мемлекеттік құрылымдар бар. Ол құрылымдар шеру кезінде ұйықтады ма, қалғып кетті ме, оны мен айта алмаймын. Солардың салғырттығына, немқұрайлылығынан осыған жеттік, мемлекеттік құрылымдарға «иелік» етіп отырған адамдар, Конституцияны өзіне ыңғайлы етіп бекітіп алғандар осыған жауап берсін! Кезінде президенттік билікті өзіне және туыстарына ыңғайландырып, Ата Заңмен қорғап, Конституцияға енгізген тұстарын қайта қарап, өзгертулер жасаудың сәті келді. Негізгі мән беретін жайт, осындай сәтте Елбасы халықпен бірге екенін көрсетуі тиіс еді. Өкініштісі, Елбасын біз ел арасынан көре алмадық.

Ең болмаса айту керек еді, неге біз осыншалықты дәрежеге дейін құлдырадық? Неге өзіміздің күшімізді сарқа пайдалануға кеш қалдық? Былтыр жаздағы Жамбылдағы жарылыс, оның алдында Арыстағы әскери жарылыстар біздің ішкі дайындығымыздың қаншалықты деңгейде екендігінің шын көрінісі. Қоймадан шыққан өртті басудың тетіктерінің жоқ болып шығуы, өртті болдырмаудың алдын алу шарасы қарастырылмауы немесе «өздері жарды» деген тағы дақпырт әңгіме біздің қазіргі шарасыз күйімізді айқын көрсетеді.

ДҰШПАНҒА ТАБА БОЛМАЙЫҚ

Президент бір сөзге келместен үкіметті таратты. Бірақ Маминнің арқасынан қағып, алғыс айтып шығарып салу қаншалықты қисынды. Бәлкім ол қазір мемлекет басшысы алғыс айтты деп үйінде шалқасынан жатқан болар, кім білсін! Пандемия кезінде Мамин үкіметі елдегі ахуалды ушықтырмай ретке келтірген болар, олардың бұл міндеті халық алдында, ал кешегі трагедия үшін халық алдында жауап беруге тиесілі алдымен солар! Бізде іс насырға шапса, дереу орнынан босатын өте жеңіл жаза бар! Жамбыл мен Арыс кезінде де, биылғы қуаңшылықтан қырылған малдың жұтаюы кезінде де тек министрлерді алып тастаумен ғана шектелдік! Ал оларды не себепті осындай дәрежеге түсіргені үшін жауапқа тартпауымыз керек?!

Бұл жолы да солай, Мамин оңай құтылып кетпеуі тиіс. Үкімет тарады, Мәсімов елден қашты, біз шарасыз ҰҚШҰ-ға иек артуға тура келдік. Кезінде қырғыз бен өзбек арасындағы шекара арасында атыс болғаны естеріңізде болар. ҰҚШҰ да, ешқандай басқалай ұйым да назар аударған жоқ, екі ел өздері шешті. Көрші Өзбекстанның Әндіжан облысындағы мемлекетті басып алу көтерілісі кезінде де Ислам Каримов ешкімнен алақан жайып көмек сұраған жоқ. Ал біздің бұл қауіпсіздік ұйымынан көмек сұрауымыз елдігімізге сын!

Айналамызда дос пен дұшпан бар, доспын дегеннің ішінде де өзіндік ойы бар. Сол доспыз деген төс қағыстырған мемлекеттердің алдында шарасыздық танытқанымыз қасықтап жинаған абыройымызды шелектеп төккенмен бірдей. Бұл «Е-е, қазақ ел бола алмайды» деп мысқылдап ішіп күйіп жүргендердің сөзін растай түскендейміз…

Қызылкөз Жириновскийдің «қазақтарда мемлекет те, шекара да болмаған, түйенің үстінде жүрген көшпенділер, олар мемлекет болуы мүмкін емес» дегені отқа тамызық болғандай. Міне, қазіргі ахуалды осындай күйге жеткізген “жауырды жаба тоқыған” Мамин үкіметі жазадан құр қалмауы тиіс! Қысылтаяң шақта жәй ғана арыз жазып кете салу бұл да елден қашпақ болған, бірақ дер кезінде ұсталып, абақтыда отырған Мәсімовтен бір мысқал да кем емес әрекет. Халық арасында, өзіміздің әскери күштік құрылымдарда құрбан болып кеткендердің қарасы қалың.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мемлекет мейірімділік танытып түрмедегілерге рақымшылық жасадық. Бес мыңнан астам қылмыскер қамаудан босатылды. Кеше көшеде ұсталғандардың арасында қаншама сотталған азаматтар жүр, сабақ алмағаны, санасына сәуле түспегендері тонауға қатысып жатыр. Сондықтан қылмысқа бой алдырған адамдарды тиісті жазасын өтемей түрмеден босатпауымыз керек, бұл да біз үшін сабақ. Амнистияны да беталды қолданбау керек екенін дәлелдеп бергендей. Мемлекеттік заңға бағынбаған адам мемлекеттік шеңберге сыймайтын адам екенін білейік.

Омақаса жығылған адам қайта тұрады, етек-жеңін жияды. Біз де еңсемізді күндердің күні қайтып көтереміз. Бұл қанқасап қасіреттің ізі енді жылдар бойы жадымызда жаңғырып тұратыны сөзсіз. Уақыт өткінші, жаңа үкімет жаңа шешімдер шығарады деген үмітпен алға аяңдайық. Ел болудың қамын жасайық.

Қуанышбек БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *