ӨЛЕҢ – ЖЫРДЫҢ ҚАРАЖОРҒАСЫ

Руханият Таным
65 Views

Үмбетәлі ақынды тұңғыш рет Үлкенсазда өткен ақындар айтысында көрдім. Жүк машинаның қорабын ашып тастап, үстіне кілем төсеп, сонда Жамбыл ауданының ақындарын отырғызып, айтыс өткізді.
Қақпатастың астында жайлауда отырған қойшы әкем мені әрең жіберді. Шешем ертоқымға жаңа аткөрпе салып, үстіме бар жаңасын кигізіп, қуана-қуана шығарып салды. Астымда қойға мінетін «Сұркөжек» жуас ат.
Қақпатастың жолымен Көктөбені басып, ары өткенде алдымнан – көкпеңбек мөлдіреген аспан астында көкшалғыны шайқалған кең алап шығады. Былқ-былқ еткен сазды жерден ұйыса шыққан мың сан шөп гүлдеп, бүрлеп тұр. Бұл атақты Үлкенсаз жайлауы.
Ол кезде машина қат, елдің бәрі атпен келген, аттарын бір-бірінің құйысқанына байлап, қаңтарып қойған жұрт автодүкен аралап жүр. Бірлі-жарым өгіз, тана мінгендер де бар.
Бала көңіл алып ұшып айтысқа ынтықпын, ақындарды көргім келеді. Өлең шығарғандар — аспандағы періштедей, үлкен-үлке-е-ен ғұлама сынды деп ойлаймын. Шынында да таңдайына өлеңдікті, маңдайына ақындықты бір алла ғана береді-ау.
– Бүгінгі айтысты – Қазақстанның халық ақыны, Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбылдың сүйікті шәкірті Үмбетәлі Кәрібаев ашады, — дегенде бүкіл ел дүркіреп қол шапалақтады. Қақ төрде отырған еңкіш тартқан тарамыстай арық қария орнынан серпіле түрегеліп, берірек келіп, малдасын құрып отырып, қолындағы кішкене ғана қара домбырасын безілдете жөнелді. Кішкентай ғана қара шанақ домбыраның шіркін үні-ай… Дүркіреп жөңкілген жылқы дерсің… Таудың сел-сел аққан ашулы өзені дерсің…
Кенет домбыра тартысын тоқтата қойып, оң қолын жоғары көтере:
-А-а-ау, жамағат!- деп айқай салды.
Дауысы сәл қарлығыңқы шықты.

Ау, асқар белім — жамағат!
Ел-жұртым тұр қаумалап
Жырдан нөсер төгейін
Жәкеңнен қалған аманат.
Тәтемнен сарқыт аманат.
Келтірмейім оған жаманат.
Ақындар келді алқалап
Домбырасын арқалап,
Күнде мұндай болмас-ау
Қошемет пен салтанат!
Төгіліп бір кетті дерсің, өзі бір орында отыра алмайды, ары-бері теңселіп, ойнап, даусы мың түрлене ашылып, жайлау төрін кернеп кетті. Кішкентай ғана қара шанақ домбыра да байыз таппай бірде ақынның оң жағы, бірде сол жағы, бірде төбесіне шығып, қырғыз қағысқа ұқсап, бебеу қағады.

Думанда домбыраны қолға алайын,
Тез ойлап, ой өрісін толғанайын.
Кірбеңдеп, кібіртіктеп отырмастан,
Несіне, сөйлей бермей, қорғанайын.

Алмасын берген қайтып берекеңді,
Көрсете айт көпке түсер көлеңкеңді.
Жарысқа социалдық түсті ақындар
Құттықтап қуанышты мерекеңді.

Айтысты отырам ба бастай бермей
Көсілтіп көмекейден тастай бермей.
Барында оралымның оралтайын,
Өлеңді нөсерлете соққан желдей.

Бірдей ме бүгінгі мен ертеңгі өмір,
Гүлденді байтақ дала өлкелі өңір.
Емес қой білген жанға өлең қиын,
Денсаулық, шаттықпенен тұрса көңіл.

Ендеше ерікті өскен елдеріңді айт,
Ересен елден туған ерлеріңді айт.
Ақындар бекер босқа шақырған жоқ,
Не жайлы бұл араға келгеніңді айт.

Үмбетәлі ақын ағылды-ау бір, төгілді-ау бір. Мен бәрін ұғып алсам, көріп алсам деп ентелей түсемін, ынтыға түсемін.
Ақын жасарып кеткендей, бағанағы бүкшиген жан емес. Жарқыраған сұңқар жігіттей сексен ширатылған, тоқсан тарқатылған жырын төкті-ау бір. Шырқалған жырды нөпір жұрт қыбыр етпей тыңдады, тіпті тебісіп, шұрқырай кісінесіп жатқан аттар да тыбыр етпей қалғандай ма қалай?
Бәрің де ақындарсың арналы өзек,
Отырма жүрексініп бойды тежеп.
Шырқата әнді ағылтып, жырды асқақтат,
Ақындар домбыраңды ал, бердім кезек

Ақын жырын кілт үзді. Орнынан жеңіл түрегелді де, басын бүгіп, елге тәжім етіп, қайта төрдегі орнына барып отырды.
Белбеуін шешіп алып, бет-аузын сүртті. Сонда ғана байқадым ақын ағыл-тегіл, порша-порша терлепті.
Бұл айтыста екінші бір ел аузында аңыздай болып кеткен жағдай Надежда Лушникова мен Жәнібек Кәрбозинның әдемі жарасқан әзілдерін ел жаттап, ауыздан-ауызға тарап, жұрт көпке дейін айтып жүрді.
Айтыс өтіп жатқан шақта кенет қырғыз жақтағы тау басынан қара бұлт лезде көтеріліп, әне-міне дегенше үстімізге төніп келіп, қара нөсер төкті де кетті. Айтыс тоқтап, ат бауырына, машина астына тығыла үрпиіскен жұрт не істерін білмей қатты састы. Әне міне дегенше дүркіреп сарқыраған нөсер өте шықты да, кемпірқосақ ойнап, күн шайдай ашылып жүре берді.
Айтыс қайта басталды. Айтысты халық ақыны Есдәулет Қандеков қорытындылады. Айтыста маған ерекше тағы бір әсер еткені – Баймұқа Нұрсұлтанов дегеннің ақпа ақындық таланты еді. Кейін ол айтысты қойып кетіпті.
Үйге келіп көрген-білгенімді әке-шешеме майын тамызып, жыр ғып айтып бергенімде әкем:
– Ол Үмбетәлі ақын сенің жақын атаң болады. Бәріміз Әйтектен тараймыз,- дегені есімде.


Аудандық газетте істеп жүргенімде редактор Әбілғазы Тоғызбаев деген ағамыз бірде:
– Сен Киров совхозына барып, жүгерішілер звеносының сүрлем салу
жөніндегі ісі жайлы репортаж жазып қайт, — деп тапсырма берді.
Сарша тамыз, көбелек қанаты күйген ыстық күннің бірі еді. Звено жетекшісі жайлы жазып алған соң Киров ауылындағы Әсімхан ағаға бардым. Ол кісі – ақын, автоклуб меңгерушісі. Әсімхан Қосбасаров – суырып салма, жез таңдай, арғы-бергіні көп білетін шежіреші көкірегі даңғыл жан. Тоқсанға келіп, Қазақстанның халық ақыны атанған Әс-ағаңның кезінде 75, 80 жылдық мерейтойларын өткізуге өзіміз де белсене қатысқанбыз.
Әс-ағаң есік алдындағы көлеңкеде шәй ішіп отыр екен. Ақ самаурынның шәйін іше отырып, арғы-бергіні, ата тегімді сұрады. Басын қайта көтеріп:
– Онда сен екеуіміз Үмбетәлінің үйіне барып, қара шаңырағына құран оқытып қайтайық. Ой, Үмбекең – түпсіз мұхит қой. Жамбыл атамнан кейінгі ірі ақын сол кісі. Мен Үмбетәліге шәкірт болғанымды мақтан етемін. Жүр қане, — деді. Екеуміз ауыл ортасындағы ақын үйіне келдік. Кемпірі есік алдына су сеуіп сыпырып жүр екен. Маған көзін көлегейлеп қарап, танымаған түр көрсетті.

Бұл бала аудандық газеттің корреспонденті. Үмбекеңнің жақыны, — деп мені Әсекең таныстырды. Кемпірі үшеуміз дастарқан басында отырдық. Әсекең құран оқыды.
Әсекең қаттырақ айқайлаңқырап сөйлейді, әлде кемпірдің құлағы ауыра ма? Мен үн-түнсіз дәптеріме көрген-білгенімді жазып отырмын.
Кетерімде ақын кемпірі маған екі құрт берді. Оны қанша қатты болса да қажап, тістелеп өзім жеп тауыстым.


Сол жылы қыс ерте түсіп қалды. Жетінші қараша мейрамынан кейін шүмектеп жауған жауын екінші күнге қырбақ қарға айналды. Қар түсісімен зәрлі суық буып, алқам-салқам жұртты қуырып, есін алды.
Бүрсеңдеп, балон плащым денемді қарып, жаздық туфлиімнің табанынан суық өтіп бір аяқтанған тауық секілді секіргіштеп таңертеңгісін дедек қағып жұмысқа келсем, есік алдында тұрған молоковоздың шофері:
-Нағашыбек деген сенбісің? – деп менің түр –пошымыма жақтырмай, кейістене қарап тұрды да – саған Үмбекеңнің кемпірі срочно келсін деп жатыр, — деді. Маған тағы да сүзе қарады да – Үмбетәлі Кәрібаевтың кемпірі, мына Кировтағы саған келсін деп жатыр. Ұқтың ба?

Иә, иә….

Кемпір ауырып қапты. Давай бар, — деді де темекісін лақтырып тастап, кете барды.
Жүрегімнің басы шым ете түсті. Ақын кемпірі мені неге шақырды? Не болып қалды екен? Редакторыма кіріп осылайда-осылай деп жағдайды айттым. Обалы қане, Әбілғазы Тоғызбаев мені ерекше көретін, талантымды бағалай ма, әлде жетім көңіл — жетпес өмірімді мүсіркей ме, жазғаныма да шек қоймайтын, сұраған жағыма ылғи жіберіп жататын. Әрине мен де күндіз-түн ол кісінің тапсырма – нұсқауын қылаусыз мінсіз атқаруға тырысатынмын. Аудандық газет қолмен теріліп, қолмен жасалады, қателерін жөндеп, газет шыққанша түн жарымы болады. Жаспын ғой, сол баспахана, редакцияда түней салып, таңертең сағат тоғыз болмай жұмыста отыратын жалындаған, рухтанып жүретін дәурен-ай, ол кез!..
Үмбетәлі ақынның ауласының қары күрелмепті, із түспеген күйі аппақ болып, жарқырап жатыр. Бір жаманаттың барын біліп, жаным түршікті.
Есігін ашып, үйге кірсем, өлімсіреген жанған пеш алдында бүкшиген кемпір күрк-күрк жөтеліп отыр.

Әй, балам, келдің бе? Келеріңді білгем, — деп қолымнан сүйді. Қарт кісі демігіп, көзіне жас алды.

Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, бір күн ауру, бір күн сау. Үмбетәлінің жазған – сызғандары мына сандықтың түбінде жатушы еді. Мен олай-бұлай көз жұмып кетсем босқа рәсуа болар. Көзің ашық баласың ғой, осыны саған аманымда тапсырайын деп отырмын, уһ!- деп орнынан әрең тұрып, түпкі бөлмедегі сандыққа қарай жүрді.
Көне сандық – маған ертегілердегі ішінде қазына інжу-маржан толы қойма секілді көрініп кетті. Кемпір шашының ұшына өріліп, жіпке байланған кілтпен сандықтың құлпын ашты. Ішінен ақ жаймаға оралған буданы алып, орауын жазды.

Осылар, қарағым.
Кемпір мырс-мырс жылады, менің де көзімнен ыршып-ыршып жас төгілді.
Айналайын Үмбетәлі атамның соңында жазып қалдырған мұрасы, газет-журналға шыққан өлең – жырлары…
Қайта баппен орап, кеудесіне басып, құшақтап тұрып, бейне бір сәбиін бергендей қолы дірілдеді.

Саған аманат, қарағым! — дегені есімде. Жаным егіліп, кемпірді құшақтап, екеуміз жылағанымыз есімде.
Әруағыңнан айналайын Үмбетәлі ата мұрасын құшақтап, сіріңке қорап автобуспен дірдектеп қайтқаным есімде.


Мен жазу жазғанда жағдай талғамаймын, у-шу, анау-мынауға алаңдамаймын. Жұмыста өзіме-өзім мәз болып, жазғанымның ішіне бойлай кіріп отырған сәтте:

Нағашыбек деген қайсысың? – Мен дедім. Сен деген дауыстан селк ете қалдым. Қарсы алдымда мүсінін қолдан соққандай әдемі келген ер ағасы тұр.

Мен, — дедім.

Сен маған қайны боласың. Еркелеп кірген бұл кім деп қалған шығарсың.
Мен сенің жездеңмін.
Миымның ішін сапырыстырып іздеп жатырмын, бірақ мына кісіні танымаймын.

Мен Сейілбай деген жездеңмін,- деп мәз бола жайыла күліп алды. Еркін, ішіме кіріп барады. Мені жақсы таниды, жазып жүргенімізді біледі. Үмбетәлі ата жайлы жариялағанымды жинап қойыпты.

Мен Үмбетәлі Кәрібаев атаңның күйеу баласы Сейілбай Мұсабеков деген жездеңмін. Үмбетәлінің Дәмегүл деген қызының күйеуімін. КазПИ- де деканмын, өзім Кегендікімін. Жүр, отырма, түс болып қалды, мен сені бір жерге апарайын, — деп қой-қойыма қарамай алды да кетті. Машинасына отырғызып, биік қақпалы, зәулім үйге алып келді. Бұл келгеніміз – аудандық партия комитетінің хатшысы аты жер жаратын атақты ағамыз Мәтқасым Шөпбаевтікі екен.

Мәке, мынау менің балдызым. Оң көзіңмен қарап жүр. Маған асқан бір қазан етті жалғыз жемейін деп әдейі ертіп келдім, — деп жатыр.
Мұндай хан сарайындай үйде тұңғыш болуым, үй-іші тұнып тұр. Мәтқасым мен Сейілбай құрдас әрі балдыз-күйеу болып қатты қалжыңдасады екен.
Қалай тамақ ішерімді білмей, қысылып әрең шыдадым. Ас жеп, бата жасап қайтарында Сейілбай жездем:

Мәке, мына баланы екі жұмаға босат. Мен ауырды деп бюллетень алып беремін.
Үмбетәлі жайлы кітап шығарсақ деген ойдамын. Соған алып кетейін, — деп омыраулата сөйлеп еді, әшейінде айбынды Шөпбаев сөзге келмей көне кетті.

Редакторыңа өзің айт, іздемесін, — деп Сейілбай Мәкеңе тапсырманы беріп жатыр.
Үмбетәлі мұрасы жайлы айтқанда мен Сейілбай ағаға шын ризамын. Бұл кісі – ақынның бейітінің басына ескерткіш-күмбез тұрғызды. Мені ерткен бойы екі күн Жамбыл ауданын аралап, атақты-атақты адамдармен сөйлестік.
Сейілбай аға Үмбетәлі ақынға музей ашу үшін Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың атына бірнеше мәрте хат жазды. Хаттың аяғына аудандағы жиырма шақты белді, беделді адамдарға қолдарын қойғызып алды.
Алматыдағы Горький паркінің жанындағы үйіне әкеліп, Дәмегүл әпкеммен таныстырып, өзінің жеке кабинетін маған босатып берді.
Өздері таңның атысы, күннің батысы жұмысқа кетеді. Тоңазытқышы сықасқан неше түрлі тамаққа толы, диванға жатып мызғып аламын да, үстелге отырамын. Сейілбай ағалар жинаған, өзімдегі бар дүниені жинап, қарап реттеп тастауға бір апта кетті.

Енді сені архивке кіргіземін, — деп Ғылым Академиясына ертіп әкелді.
Сол жерде Үмбетәлі жайлы не бар, бар папкіні ақтарып, төрт-бес күн отырдым. Сейілбай жездем тумысынан пысық, менің дайындаған өлеңдерімді тез арада машинкаға бастырып әкеледі. Арабша, латынша жазылғаны болса аудартады.
Не керек жиырма күннің ішінде кітап дайын болды. Оған алғысөзді ғалым Серік Қирабаев жазуға Сейілбай ағама келісім берді.

Ол кісі нағыз ақын, біртуар ақын. Оған жазбағанда кімге жазамын , депті Серік Қирабаев ағамыз.
Ол кезде кітап шығару машақат, қиын. Сейілбай ағамыздың іскерлігі, беделі арқасында бұл кітап 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Ардақты елім» деген атпен жарыққа шықты.


Үмбетәлі Кәрібаевтың музейін ашуға ерекше еңбек сіңірген үш адамды айырықша айтуымыз керек.
Оның біріншісі – жоғарыда айтқан Сейілбай Мұсабеков, сол кісі үлкен адамдарға талай-талай өтініштер түсіріп, өзі де көп кабинеттердің есігін күзетіп, кіріп беделін салып, көп жүгірді.
Ақыры 1988 жылы 8 маусымда Үмбетәлі Кәрібаев музейі ашылды. Енді осы музейді жобалап, салуына аса ыждаһаттықпен қарап, басы-қасында болып, ақыл-кеңес берген — Өзбекәлі Жәнібеков еді. Әр сенбі, жексенбі ол кісі салынып жатқан музейге келіп, жұмыстың мән-жайымен жете танысып отырды. Музей алдындағы Үмбетәлі мен Нұрила бейнесі, түрлі экспонаттарды қалай орналастыру бәрі-бәріне ерекше талғаммен қарап, талап қойып, көп ұсыныстар жасаған еді.
Музейге алғаш басшы болып бекітілген Надежда Лушникованың да ерекше істерін атап айтуымыз керек. Музейдің ішін үкімет дайындап бергенімен, даласы бос алаңқай еді. Осы төңіректі жайқалтып неше түрлі гүл, түрлі әсем ағаштар, бақтар өсірткен, мәпелеп күтіп ұстаған осы Надежда ақын.
Тіпті осы музейдің алдына асфальт төсеткені үшін де ауданның бірінші хатшысынан жөнсіз ұрыс естігеніне де куә болғанбыз. Н.Лушникова – бұл музей жұмысын жандандырып, ақындар мектебін ашты. Өз үйіне бір топ өнерлі балаларды жинап, Жамбыл, Үмбетәлі, Әсімхан, Әлімқұл және басқа ақындардың жыр, саздарын, айту мәнерлерін үйретті. Сол мектептің бір түлегі – бүгінгі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші, жыршы, ақын Ақан Әбдуәлиев. Музей қызметкері болған жыршы, композитор Жылбек Тоқтасыновтың да жемісті еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Үмбетәлі Кәрібаевтың музейіне өзімде бар ақынның төрт папкі толы дүниесін сыйладым.
Ақын туған, бүкіл ғұмырын өткізіп, тамаша жырларын берген Киров ауылына 1999 жылы 15 қыркүйекте Үмбетәлі есімі берілді. Осы ауылдағы орта мектеп те Үмбетәлі есімімен аталады.
Иә, енді Үмбетәлі ғұмырына саяхат жасап көрейік:
Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы ел жайлауға көшіп жатқан шақта дүниеге келген. Сегіз баланың ішінде мұқтаждық зарын көп көріп өскен Үмбетәлі ерте есейді. Табанына шөңге кіріп, маңдайы күнге қақталып, қаршадайынан жалшылықта болып, қозы бақты, жылқы күзетісті.
Әкесі Кәрібай момын ғана шаруа адамы екен де, шешесі Бөпежан той-томалақта өлең құрастырып жіберетін өлеңші келіншек атаныпты.
Үмбетәлі 13 жасында ауыл молдасынан қара біліп, хат танитын халге жетеді. Өзі қолдан домбыра жасап, той-думанда ақынмын деп суырылып өлең айта бастайды. Әкесі бұған қатты намыстанып, қарсылық білдіріп, алғашқы жасаған домбырасын екі бүктеп, шарт сындырып отқа жағып жібереді. Қайсар, кеудесін өнерге деген өктем құлшыныс буған жігіт қайта домбыра жасайды, ауылдың той-томалағы онсыз өтпейді, жиын-сауықтың гүлі болады. Атағы кеңге таралып, “Үмбет ақын” атанады, жанына қыз-бозбала жиылып, сауық құрып, нөкер ертіп Жетісу өлкесін аралайды. Оны Үлкенсаз, Ботасаз, Үшқоңыр, Майтөбе, Суықтөбе, Қордайдағы бүкіл ел-жұрт кезек-кезек той, асқа шақырып айтысқа түсіреді, қанатты жырын, балқытқан бал күйін тыңдайды.
Үмбетәлі 1913 жылы Верныйдағы өстепкеге қатысады. Мұндағы оқиға туралы, Жамбылдың қайсарлығы үшін патша әкімдерінің түрмеге жапқаны жөнінде “Өз өмірімнен” атты толғауында кеңінен айтады.
1914 жылдың сарша тамызында Үмбетәлі көршілес қырғыз елін аралауға шығады Майдантал, Қуақы асуларынан асып, Қошқарға дейін барады. Өзінің өнерімен көзге түскен өнерпаз қазақ жігітін қырғыз халқы қатты қадірлеп бірінен соң бірі шақырып төрт ай бойы жібермей жырын тыңдайды, айтысқа түсіреді.
Енді ақын Қарқара, Текес, Шу, Меркі, Нарынқол, Асы сияқты алыс жерлерге де ат ізін салып, өлең — жырымен тыңдаушысының мейірін қандырады, талай-талай ақын – жыршы, күйшілермен дидарласады.
1916 жылы ол “Халықтың ыза-ашуы” деген өлең шығарады. Ол мұнда патшаның қазақтан солдат алу жөніндегі жарлығын қатты сынайды, ұлт-азаттық көтеріліске қатысушылармен бірге болады. Жетісу өңіріндегі аса үлкен көтерілісті басқарушы Бекболат Әшекеұлын жақсы таниды, соның сарбазы, жыршысы болады.
Жаңа ұйысқан колхозға бас боп кіріп, замандастарының өмірін шаттана марапаттады.
Үмбетәлі өмірінің соңына дейін жан серігі – домбырасын жанынан тастаған жоқ. Өлеңдерінің тақырып аясы өте бай, формасы сан қырлы.
Ү. Кәрібаев 1959 жылы 3 ақпанда Қазақ ССР-і әдебиеті мен өнерінің Москвада болған он күндігіне орай Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет Грамотасымен наградталды. Ал, 1961 жылы 21 маусымда Қазақ ССР –інің халық ақыны құрметті атағы берілді.
Үмбетәлі Кәрібаевтың 1936, 1951, 1962 жылдары өлеңдері жеке жинақ болып басылып шықты. Сондай-ақ, “Халық ақындары” (1953), “Ақындар жыры” (1963), “Пернедегі термелер” (1965) сияқты кітаптарда өлеңдері берілген. Біраз өлеңдері орысшаға аударылған. Мен 2006 жылы Үмбетәлі атамның таңдамалы 1 томдығын, ал, 2009 жылы толық екі томдық жинағын шығардым. Бұл кітаптарға демеуші болған Үмбекеңнің ұлы Мұхит Кәрібаев еді. Ал 2014 жылы ақынның үш томдығын Алматы облысы шығарды.
Ақын 1969 жылы 29 қарашада өзінің туып-өскен ауылы Киров ауылында қайтыс болды, бейіті ауылдың күншығыс жағындағы жотаның баурайында.


Үмбетәлі Жамбылды 12 жасында көреді де ақындығына қатты тәнті болады. Он сегіз жасында Майтөбеге Жамбылды әдейі іздеп барып тұрып:
Жасыңнан ақын Жамбыл атанғаның
Атақты Сүйінбайдан бата алғаның.
Шәкірті Сүйінбайдың болғаннан соң,
Үйіңде тыныш қана жата алмадың.
Әдейі ат арылтып інің жетті!
Қолыңды жай, келеді бата алмағым, — дегенде:

Қара тілге ұста екенсің, батамды бердім,- деп Жәкең топ адамның көзінше қолын жайып, ақ батасын берген екен. Өмірге осылай жолдама алған, тұсауын кескен Үмбетәліге Жәкең көп көмек көрсетіп, өмірінің соңына дейін дейін ұстаздық еткен.
Бір жиынға келген бар ақынды жеңіп отырған Үмбетәліні Жамбыл айтысқа шақырады.

Сіз менің бата алған ұстазымсыз. Мен сізбен ешқашан айтыспаймын, — деп Үмбетәлі бас жүлдені өз қолымен Жәкеңе апарып тапсырыпты.
Үмбетәлі Жәкеңнің ең сүйікті шәкірті, әрі ізбасары. Мәскеуден орден алып қайтқанда:
Ассалаумағалейкум!
Ардақты Жамбыл шалымыз.
Шәкіртің келді алдыңа
Сәлемін қабыл алыңыз, — деп шырқаған Үмбекең ұлы жыр алыбының өмірінің ең соңғы сәтіне дейін жанында бірге болып, әрі інілік, әрі шығармашылық жақындастығы болған. Жәкеңді жерлерде Мұхтар, Сәбит және басқалар:

Жәкең ақынның пірі еді, құдірет еді. Жыршылардың ішінде дүлдүлі еді. Енді кім оны жоқтап айтады? Жоқтайтын адамның жыры да Жәкең атына лайық, пара пар болсын, — дегенде Үмбетәлі орнынан қарғып тұрып, бейіттің басында ертеден түске дейін зарланып жырымен жоқтап, ақынға бағыштап, арыз қош-қош айтқан екен.


Петербургтан арнайы келген зерттеуші этнограф С.Е. Дмитриев 1912 жылы былай деп жазды: “Пішпек уезінде өткізілген Шәбден Жантаевтың асына 40 мың кісі шақырылып, 2000 ақ үй тігілді… Асқа небір талантты ақындар келді. Олардың ішінде ең атақтылары Жамбыл, Қалмырза, Тоқтағұл, Өмірзақ, Кенжеқара еді. Әттең олардың жырлары еш жерде жазылып алынбады. Таңның атысы, күннің батысы тасқындай сапырып, дамылсыз жырлаған ақын-жыршылардың табиғатына, болмысына қайран қаласыз”. (Известия императорского русского географического общества том ХІ. 1912 г.)
Осы ұлы дүрмекке Жамбылдың жанына еріп Үмбетәлі де барады. Негізінде Кенен мен Үмбетәлінің нағыз ақын болып қалыптасуы осы жиыннан басталады.
1925 жылы Ташкент қаласында, Қазақстан мемлекет баспасының күншығыс бөлімшесі араб әрпімен тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан «Терме» деген әдебиет жинағын бастырып шығарды. Онда қазақтың ауыз әдебиетін жинауда көп еңбек сіңірген талантты қалам қайраткерлерінің бірі Шамғали Сарыбаевтың “Халық әдебиеті, оны жинау жолдары” деген көлемді мақаласы жарияланған. Онда мынандай қызықты дерек бар: 1922 жылы 9 маусымда Жетісудағы жаңадан құрылған уездік кедей- батырақтар тобының ұйымдастыруымен Алматыдан 60 шақырым Ұзынағаш деген жерде қазақтың көрнекті ақындарының айтысы өткізілген. Оған Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі сияқты сол кездің өзінде аты ерте мәлім болған атақты ақындар қатысқан. Ш. Сарыбаев былай деп жазады:
«Кәрібайұлы Үмбетәлі – туған жылы жылан, ескіше оқыған, дауысы орта, тұратын жері Ұзын Қарғалы болысы 1-ауыл.
Жатқа білетін өлеңдері: Карл Маркстің өмірі жөнінде дастан, Қызыр деген жетім бала туралы, қаршыға мен кекіліктің достығы, тазының түлкіні қуғаны, Мұхаммед Қанапия жөнінде, қанағатсыздық жөнінде, өзінің кедейлік өмірі жөнінде айтқаны».
Үмбетәлі өлеңдері сан қырлы. Ол ірі қиссашыл, дастаншыл, эпик ақын, лирик, философ, сатирик. Оның бұл тақырыптары жөнінде жеке-жеке, нақты мысалдармен кеңейтіп әңгімелеу алдағы күннің еншісі. Мәселен «Беташар» деген өлеңін алып қарайықшы. Бұл бір ғана өлеңде бүкіл ауылдастарының айнымас портреттері, мінез-құлықтары, іс-әрекеттері қалай ғажайып берілген десеңізші?!

Жалынды оты шыдатпай,
Жалқауға көзін алартқан,
Сөйлеп кетсе, аузына
Дүйім жұртты қаратқан.
Бейсенбайға бір сәлем!
Қолына құрық сүйреткен
Шыңғыртып асау үйреткен
Бисінбайға бір сәлем!
Алдына жастар иілген,
Ісіне колхоз сүйінген,
Қатуланса, қасқайып,
Қабағы тастай түйілген
Баймұратқа бір сәлем!
Мінезі тоң дүңк еткен,
Күзелең сөзбен күңк еткен.
Құсайынға бір сәлем!
Бір қадақ қана бойы бар,
Бойынан үлкен ойы бар
Қарабекке бір сәлем!
Бүйректей беті бұлтиған,
Кісімсініп тылтиған-
Молдатайға бір сәлем!
Алысқа даңқы кетпеген,
Ауылдан ұзап өтпеген,
Қамба жанын ептеген.
Қалабайға бір сәлем!
Өткір шоттай лыпылдап,
Сылдыр сөзге сыпылдап,
Шешенсінген тықылдап,
Иепбергенге бір сәлем.
Сақалын қырқып күзеген,
Сұлулап мұртын түзеген
Әбекеңе бір сәлем!
Аузы-басы бұлтылдап,
Тісінен тілі жылтылдап,
Мәмпәсиін шайнаған
Сартжан қартқа бір сәлем!
Елгезектеп елпілдеп,
Жедел аяқ желпілдек
Өнекеңе бір сәлем!
Атанған жастан тақылдақ.
Байлаусыз тілі бапылдақ
Әмір қартқа бір сәлем!
Есепті іштен тоқыған.
Заң-зәкөнді оқыған
Нұрпейіс қартқа бір сәлем!

Міне, нағыз ақындық талант. Бүкіл ауылдастарының портреттері, мінез-құлықтары көрініп тұр емес пе?!
Үмбетәлі — ірі айтыс ақыны. Ү.Кәрібаев атақты Нұриламен айтысы нағыз классикалық тарихи айтыс. Ол өзі тұстас ақындардың бәрімен: Кенен, Саяділ, Қалқа, Есдәулет, Қайып, Өмірзақ, Бармақ, Өтеп, Әбдіғали, Жартыбай, Арғынбай сияқты ақындардың барлығымен айтысқа түскен. Оның қырғыз арасындағы айтысы, ауызекі шешендік сөздері, әзілі өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді.
Үмбетәлі Кәрібаевтың өлең-жырлары Қытай елінде көп жарияланған. Кезінде үркіншілікте өрдегі Албандар Қытайға ауа көшкенде Ораз Жандосов қасына Үмбетәлі ақынды ертіп алып, шет ауған қазақтарды атақонысына қайта алып келуіне үгіттеп, кері атақонысына қайтуына көмектескен.


Бірде түнде тойдан қайтып келе жатып мініп келе жатқан жеңіл машинамыз кілт тоқтап, біз далаға шыққанша алды лапылдап өртенді де кетті. Шофер Кәкен үстіндегі киімін шеше сала ұрғылап еді, әлгі өрт сөнді де қалды.
Шошып, бықсыған, түтіндеген машинаның капотын ашып, айдалада тұрып қалдық.
Жұлдыздары қалың, жерге тамып кетердей жарқыраған жаздың барқыт түні ауып барады. Найденовка-Ұзынағаш арасындағы қия жол бойында тыбыр еткен пенде жоқ, тым-тырыс.
Өртеніп кете сақтаған машинаның түтіндеген жерлеріне су шашып, таң атуын күттік.
Мен жолда ары-бері жүргіштеп, уақыт өткізіп жүргенімде жолдың қапталындағы жота беткейінде бейіттерді көріп селк ете түстім.
Анау айсүлбеленіп аппақ боп көрініп тұрған биік кесене бейіт – Үмбетәлі атамдікі ғой.
Иә, иә — Үмбетәлі Кәрібаевтікі. Аузынан өлең-жыр өзендей тасқындаған, таңдайына өнер қонақтап, жағына жыр түнеген ғажайып ақын Үмбетәлі!
«Оу, мені еске алмай кеткендерің не? Мына қырқаның бауырында мәңгілік жатқан рухымызға бетіңді сипап өтсең нетті балам! Соңыңда қалған маржан сөз — асыл мұрамды кім жинайды? Сен де осы өңірдің топырағынан жаралған қалам ұстаған зейінің бар бала едің. Неге қайырылмай өтіп барасың?»
Үмбекеңнің әруағы маған осыны ескертіп тұрды. Шөкелеп отыра қалып, құлақтары қалқайған қалың бейітке бетімді бұрып, ақпа ақын атама бағыштап зиярат етіп, бетімді сипай бердім.
Бозарып атқан таңды сол жерде қарсы алдым. Ойым онға, санам санға бөлініп ақын туралы, оның мұрасы жайлы толғандым.
Үмбетәлі атам аян беріп тұр-ау. «Көктен тәңір түсімде берді аян маған». Иә, қайдан оқыдым? «Оғызнама жырынан». Онда және былай делінген:
«Береке бізге болсын таңба,
Көкбөрі бізге болсын ұран.
Темір найза – бейне арман,
Жүрсін түзде жосып құлан.
Ақсын дәрия толқындаған,
Күн – ту болғай, Аспан – қорған».
Уақыт өтер, заман желі оңынан да, солынан да өкпектен соғар. Бірақ талант тас жарады. Ақындардың гауһар жырлары әманда биікте жарқырай бермек.
Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сынды біртуар Ақындар елінде туғаныма, сол аталарым ғажайып жырларын шығарған өлкеде өмір сүріп, солар басқан топырақты басып жүргеніме мың да бір тәубә етемін!
Атақты жазушы Ғабит Мүсірепов былай деп баға берді: «Шабыт отына оранып, жыр төгетін ақиық ақындардың тобында Үмбетәлі Кәрібаевтың орны өзгеше. Сөз маржанын барынша қастерлеп, айтар ойын байыппен толғайтын, бұл нағыз тарланның дәстүрі, кейінгіге сабақ».
Міне, ел-жұрты, барша жыр сүйетін әлеумет Жамбылдың сүйікті шәкірті, сегіз қырлы, бір сырлы ақтаңгер ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 135 жыл толуына арналған мерейтойын әспеттеп, өткізуде. Той құтты болсын!

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш. Айтматов атындағы Халықаралық академияның академигі, жазушы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *