Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН туралы сыр
Мұратбек өзі құралпы замандастарын тез-ақ баурайтын қасиеті бар. Тым әңгімешіл де емес. Бірақ сөзді жақсы тыңдайды. Ал өршіл таланттарға келгенде өрленіп, қырланып, бой таластырып кететін тұсы бар. Шамшыл емес, шыншыл. Пасық емес, пысық. Ез емес, нағыз еңбектің адамы.
АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ
Бұрынғы Киров, қазіргі Бөгенбай мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы КазГУ-дың бұрынғы ғимараты біз үшін тым ыстық. Бір-бір пәпкі құшқан бота тірсек талапкерлердің ішінде томпақ, бірақ тығыршықтай бір баланың жүрісі де, тұрысы да, болмысы да бөлек. Қимылы ширақ, жүргенде қадамын алшаң-алшаң басады. Өзіне нық сенімді сияқты. КазГУ-ді меншіктеп алған тәрізді. Осында жұмыс істейтін боп көрінді бізге. Бәрін біледі. Жөн сілтейді. Ештеңеден жасқанбайды. Біз үшін бір тұлға өзі!
Қабылдау комиссиясына әлгінде ғана құжаттарымызды тапсырғанбыз. Бір дәптерге болар-болмас газеттерге шыққан мақалаларымызды жапсырып, өткізгенімізде әлгі баланың өзіміз секілді абитуриент екенін, ал аты-жөні Мұратбек Тоқтағазин екенін білдік. Сол Мұратбектің қалың альбомдарды толтырып тастаған жарияланымдарын байқап, шалқамыздан түскенбіз. Мен небәрі 11 мақала тіркеген екенмін. Мұратбекте 100-ден астам!
Дайын журналист қой, мынау! Алдымен, творчестволық конкурс. Екі-үш күннен кейін шығарма жазу үшін үлкен акт залына келдік. Мұратбек қасқайып алдыңғы қатарда отыр. Жуан қолында тебіндеп тұрған қаламы… Уақыт шектеулі. Ал кеттік…
Алдымыздағы парақтан бас алмаймыз. Ұялы телефон деген атымен де, затымен де жоқ заман. Қол сағат деген де жоқ екен. Дуалдағы тық-тық деп тұрған сағаттың тілі тым асығыс. Минуттарға ұласқан секундтар жүйрік! Жазу жазамыз да, маңдай терімізді бір сылып тастаймыз.
Әлден уақыт өткенде әлгі шымыр бала, абитуриенттердің арасында аңыз боп кеткен Мұратбек шығармасын алғашқылардың бірі боп өткізді де сыртқа шығып кетті. Оны да көзіміз шалып қалды. Не деген бақытты жан!
Қойшы, не керек, біз де жазып бітірдік-ау, көппен бірге. Содан далаға шықсақ, үлпілдек гүл үлгісіндегі субұрқақтың қасында Мұратбек тұр бір топ жігіттермен әңгіме айтып. Не уайым жоқ, қобалжудың табы да сезілмейді. Алаңсыз. Өз-өзіне сенімді. Сүрінемін-ау деген ойдан ада. Тұрған бір классик! Рухы асқақ, тұла бойы бұла күш! Жұмыр басы бір қазына. Әй, талай жерге барады-ау мына түрімен!
Барды да…
Диплом алатын кезімізде Ақселеу Сейдімбек оны аттай қалады. Кейін Арқа төсіне алып кетті. Целиноградтан бірақ шықты. Шыңдалған үстіне шыңдала түсті. Облыстық газеттің белді қызметкері. «Социалистік Қазақстанның» тегеурінді тілшісі, кәсіпкер, депутат, редактор, ғалым! Бұл туралы мерзімдік баспасөз беттерінде аз жазылып та жатқан жоқ.
БАУЫРЖАН МЕН МҰРАТБЕК
Студенттердің өмірі қарбалас қой қашанда! Жаздыгүні бос жатпай құрылыс отрядында сап түзеп, шалғайға кетеміз. Тапсырыс аламыз. Объектілер саламыз. Ең бастысы – ақша табамыз. Сонау бір жылдары Күрті ауданының Желтораңғы дейтін ауылына барып, Бауыржан, Мұратбек, Жандарбек, Жақсылық, Константин, Сади, тағы біраз жігіттер бар кейде шаңын шұбыртқан желдің өтінде жүріп, медпунктің іргесін қалағанбыз. Қызыл кірпіштерін өріп, әлеуметтік нысан тұрғызғанбыз.
Бізге казарма ретінде мектептің спортзалы бұйырған екен. Қаз-қатар төсек. Әдеттегідей, кешкісін, астан соң әркім өзімен өзі әлек. Әңгімесі жарасатындар топ-тобымен шүйіркелесіп жатады, әйтеуір. Біз де Жақсылық екеуміз, көрші болғаннан кейін әлденені әңгіме етеміз.
Ал Мұратбек пен Бауыржан спортзалдағы бапкерлердің бөлмесінде. Бұрқыратып бірдеңені жазады да қояды, жазады да қояды. Тіпті, бәрі пыс-пыс ұйқыға кеткенде әлгі екеуінің ұйықтайтын түрі көрінбейді. Құшақ-құшақ қағаз. Сиясы таусылмайтын қалам…
«Қап-ай, жатсаңдаршы түге!» дейміз іштей. Екеудің жанкештілігін көріп, журналист болғың келмей кетеді екен.
Содан күндердің бір күнінде Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде Бауыржан Омаров пен Мұратбек Тоқтағазиннің ұйымдастыруымен «Екпінді істер – еншіміз!» деп айдар тағылған бір беттік топтама мақалалар тізбегі жарқ етіп шыға келгені. Құрылыс отрядында жүрген бәріміздің атымыз аталған. Кім не істеді, кім не істейді. Түгел қамтылған.
Қара жұмыстың арасында түн ұйқысын қиып, олар сөйтіп журналистік шеберліктерін шыңдаған еді. Шыңдап қана қоймай нағыз журналистің қандай болуы керектігін ұқтырған-ды.
Мойындау керек, жазу жағына келгенде курстың осы бір апайтөстері Мұратбек, Бауыржан мен Талғат Батырханов бәрімізден оқ бойы алда еді. Не жазу керектігін, қашан жазу керектігін және қалай жазу керектігін басқадан емес, осы курстастарымыздан үйренуге талпындық. Қиыс кетсек жөн-жосығын түсіндіріп, дұрыс арнамызға қайта бұратын. Ал мақаламызда ұтымды да ұрымтал тұстарымыз болса арқамыздан қағып, мақтап, рухтандырып, жігерлендіріп жіберетін. Мұндайда тәлім беріп жүрген Темірбек Қожакеев пен Тауман Амандосов емес, арқамыздан Шерағаң мен Сейдағаң қаққандай болатын біз үшін.
Қалай жазу керек демекші, Мұратбек екеуміз авторлық жұбымызбен «Социалистік Қазақстанға» үшінші курста мақала жаза бастадық. Ең тұңғыш шатпағымыз да есімізде. Араға үш-төрт күн салып, әлгі жазбамыз жарқ етіп шыға келгені. Ол заманда аңдитынымыз газет-журнал киоскісі. Қазірше дүңгіршек. Құшақ-құшақ газет алатынбыз. «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Спорт», «Қазақ әдебиеті», «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс»… Осы басылымдарға мақала жазуға машықтана бастадық. Бауыржан мен Мұратбек қой, ешкімге дес бермейді.
Айтпақшы, Мұратбек екеуміздің «СҚ»-да жарық көрген мақаламызға 28 сом қаламақы қойған екен. Редакция ғимаратының кассасына кезекке тұрып, сол ақшаны алған кезде тойып тамақ ішетін болдық қой деп қуанышымда шек болмады. Студенттік асханада 1 сомның өзі қарныңды айналдырып жіберетін кез еді ғой, шіркін.
Міне, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, ҰСТАЗ жас талғамайды екен. Әрі–беріден соң ол сенің досың да, курстасың да, замандасың да болуы мүмкін. Солай!
МҰРАТБЕКТІҢ ДАҒДЫСЫ
Мұратбектің қойын дәптері мен қаламы сақадай сай. Дайын тұрады. Өзіне ұнаған әңгіменің өзегін дереу жазып ала қояды. Онысын жатақханаға барған кезде немесе былайғы жерде бұрқыратып қалың дәптеріне көшіре қояды. Пысық.
Енді оның қолында ғой бірталай жылдан бері сақталып келе жатқан қойын дәптері, әлде дәптерлері бар. Сыры да ішінде, жыры да ішінде.
Әлі есімізде ғой, сексен төрт-сексен бесінші жылдары ауыл шаруашылығы жұмыстарына Қостанай өңіріне барамыз. Дала алқабынан келіп, кешкі астан соң студенттер үшін қызықтың бәрі басталады. Доп ойнаймыз, серуенге шығамыз, анекдот айтамыз. Арамызда Мұратбек қана өзімен-өзі. Тым жалғыз емес, әрине. Доп теппейді, бірақ жанкүйер. Делебесі қозбаса да айтар өз ойы бар. Бірнәрсені қойын дәптеріне түртеді де жүреді.
Әсіресе, курстастарымыз – Жаяу-Мұса Дурманов, Алмабек Түстікбаев, Қайрат Мұсақұлов, Бейбіт Еңсебаев, Еркін Мақатаевтар қылжақсөз айтқанда күлкіден ішегіміз ауыратын. Мұратбек ше? Өзіне ұнаған сол анекдоттарды қалың қойын дәптеріне түртіп, жазып жатады, жазып жатады. Етене араласатын дос қой. Сұрадым. Соны кәдеге жаратасың ба деп.
Мұратбектің айтқаны: «Жалпы, Мен өзіме ұнаған сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдер мен өлең жолдарын қойын дәптеріме ерінбей жазып жүруді әдетке айналдырғанмын. Ол ыждағаттыққа, керек десең тәртіпке үйретеді. Бұл шығармашыл адамдарға тән дәстүр. Мұның өзі олардың ой теңізін кешіп, одан інжу-маржан сүзіп, үнемі ізденіс үстінде жүруге дағдыландырады».
–Ал, анекдотта не шатағың бар?
–Оу, Ғалымжан журфак деген анекдоттың ордасы ғой! Бір ғана Темкеңнің өзі тапқырлық танытып, күлкінің күбісін пісіріп жүрген шебер емес пе!
Анекдот. Халықтық фольклор. Әңгімеңді әзілмен көмкеріп, айту шеберлігін қалыптастырады. Біле білсең, анекдотта астар жатыр. Күлдіре отырып, ақыл-парасатыңмен айтсаң қоғамдағы теріс құбылыстарды көрсетесің, адам бойындағы жағымсыз қылықтарын бетіне басасың!
Алдаркөсе, Қожанасыр және Тазша бала жайлы күлдіргі әңгімелер мен ертегілер ше? Мақтақыз… Қаңбақ шал… Бәрі анекдот қой.
Мен бір қорғансыздың күйін кешіп, мелшиіп тұрмын. Мұратбек дардай боп көрінді. Жалпы, білімдінің еңсесі биік қой әркез. Мұратбек алпамсадай боп кеткен. Бойым да жетісіп тұрған жоқ еді, оның алдында ергежейлі болдым да қалдым.
–Елдің мұңы мен мұраты, тілі мен тілегі, үрейі мен үміті, аңсары мен арманы жатыр сол фолькларда, – дегенде тіпті де «жерлеп» тастады.
Сол әңгімеден бері мен де ешкімге айтпай, көрсетпей «қойын дәптерімді» сайлап, сол дәптерге қаламымды байлап, әлденені жазатын боппын.
Бірнеше қойын дәптерлерін том-том жасап, сөреге тізбектеп қойған Мұратбектің өзі дәл қазір маған нағыз парасат иесі секілді көрінеді.
ӘЗАҒАҢНЫҢ ДОСЫ
Абайдың «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар? Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар» деген өлең жолдарымен басталатын Әзағаңның романын жата-жастана оқитын кезіміз. Ал КазГУ қабырғасында жүрген кезде сол бір шығарманың мән-маңызы еселеп артып кетіп еді.
Ербол мен Меңтайтың кіршіксіз махаббаты, жас солдаттың өмірі, 33-аудитория, болашаққа үлгі боларлық дәстүр, кітаптағы нақыл тараулар, қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік өмір, соғыста хас батыр, еңбекте ер…
Осының бәрі бір кітапқа сыйып кеткендей. Әзағаңның «Ақиқат пен аңызы» қандай!
Міне, Алматыға арман қуып келген біз үшін алда не күтіп тұрғанын, қандай оқиғаларға тап боларымызды білмейтін едік. Санамызда біз естіп жүрген «аудитория», «лекция», «сессия» деген түсініктер қалыптасқаны қашан! Бірақ, бір күні Мұратбектің маған айтқаны бар:
–Ғалымжан, бүгін журфакқа Әзілхан Нұршайықовты алып келем, кездесу ұйымдастырамыз. Сен корпустың алдынан күтіп алсаң дұрыс болар еді, – деді.
– Қой-ее, – деппін сасқанымнан. Бірақ, Мұратбектің сөзі ақиқат, ал алып келетін адамы біз үшін аңыз болса да нақ келетінін ұққанда барып, белгілі бір уақыттан жарты сағат бұрын сол корпустың алдында сағат санап жүріп алдым.
Мәссаған анау бір жерде көліктен түскен бойы Әзағаң мен Мұратбек келеді. Қарсы алдынан шықтым. Күтіп алдым. Екеуміз екі жақтап, майдангер жазушыны қолтықтаған күйі студенттер лық толы аудиторияға кіріп келе жаттық…
…Бертін келе, былтыр желтоқсанда Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Оны ЕҰУ және Қазақстанның Бас редакторлар клубы бірлесе ұйымдастырды. Мұратбектің екеуіне де қатысы бар. Ол – «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас» кітаптарының авторы, «Әйгілі Әзаға», «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері», «Бекзат болмыс» кітаптарының құрастырушысы, «Бүтін бітім» кітабы құрастырушыларының бірі. Сол конференция аясында Бас редакторлар клубы жетекшілерінің бірі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мұратбек Тоқтағазиннің «Замансөз заңғары» кітабының тұсаукесері рәсімі ұйымдастырылды. Модератор Мұратбек конференцияға қатысушылар арасындағы пікір алмасу алаңында Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын журналистика, әдебиеттану, публицистиканың әр аспектісінде талқыға салды.
Міне, біздің кеудесінде «Құрмет» ордені жарқыраған Мұратбек осындай жан! Оның журналист ретінде де, ғалым ретінде де алар асуы әлі алда! Қанатың талмасын, қадірлі дос!
Ғалымжан МЕЛДЕШ,
журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері.