ПАРИЖ – ШАҺАРЛАРДЫҢ ПАДИШАСЫ

Қоғам
1 422 Views

Ж.Вернның, А.Дюма, А.Мапосонның шығармаларымен бала кезімнен таныспын. Егер жаңылыспасам, Ж.Верннің «Капитан Гранттың балалары» атты қызықты романын он рет оқып шыққан болармын. XVІІІ ғасырдың соңында болған француз революциясының жас батыры Гаврош туралы түсірілген көркем фильмді де осыншама рет көргенім рас.

Есейе келе Ф.Стендаль, А.Бальзак, Р.Ролланның романдарын оқитын болдық. Сондықтан болар, Еуропадағы Франция еліне сапар шегіп, Париждің тарих болып сыр шертетін көне де сұлу көшелерімен серуендегенді бала кезімнен армандаушы едім. Қылышынан қан тамған Кеңес дәуірінде Батыстағы капиталистік елдерге, соның ішінде әлемнің рухани астанасына айналған Парижге бару бақыты ілуде біреу болмаса, қазақ журналистеріне бұйыра бермейтін. Азуы алты қарыс КСРО жан-жағын темір шымылдықпен құрсаулап қоршап, қымтап, оны анда-санда бір ашып, Шығыс Еуропадағы, ГДР, Чехославия, Болгарияға туристік сапармен бара қалсақ, кәдімгідей мәз болушы едік.

Тәуелсіздігімізді алып, көк байрағымыз желбіреген соң дүниежүзінің төрт бұрышына жол айқара ашылды. Иә, бабаларымыз айтпақшы, астыңда атың болса желіп жүріп ел танығанға, жер танығанға не жетсін! Осыдан үш жыл бұрын «Мұстафа Шоқай» атты деректі фильм түсіру мақсатымен даңқты қазақ перзентінің жары Марияның бір уыс топырағы бұйырған Францияның шағын қаласында небәрі жарты тәулік болғаным бар. Берлинге асығыс аттанып кеттік те бала кезгі арман – Франция мен оның бас қаласы – Парижбен танысудың реті келмей, қатты өкінген едім. «Ат баспаймын деген жерін үш рет басады» деген сөз рас болып шықты. Құдай сәтін салып, ертең Францияға онкүндік сапарға жүргелі отырмын.

Алматыдан түн ауа ұшқан ұшақ Сена өзенінің жағасына орналасқан Францияның астанасы – Парижге таң ата келіп қонды. Сағат таңғы алты болса да, 13 миллион халық тұратын алып қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі басталып кетіпті. Архитектуралық ансамбльдері ғасырлар бойы қалыптасқан үлкен даңғылмен көлік біткен ерсілі-қарсылы ағылуда.

Қонақ үйге апаратын автобусқа жақындағанымызда шетелдік туристер екенімізді аңғарған бір топ жастар бізге күлімсіреп қол бұлғады. Тамыз айы күшіне кіріп тұрса да таңғы Париж қоңыржай, теңіздің лебі есіп, жаныңды жадырата түседі. Алыстан атақты Эйфель мұнарасы қол бұлғап менмұндалап шақырады.

Жол сөмкелерімізді автобустың төменгі жағындағы арнайы орындарға қойып, көлікке мініп, жайғаса бастадық. Кіреберісте сымбатты, көрікті келген жас француз әйелі жылы қабақпен қарсы алып, өзін таныстырды. Сәл-сәл акценті болмаса орыс тілінде еркін сөйлейді екен.

– Хош келдіңіздер, – деді Мери жылы жымиып. – Қазір Париждің орталығындағы қонақ үйдің біріне жайғасып, таңғы астарыңызды ішіп, біраз тынығатын боласыздар. Түскі тамақтан соң сіздерді қаланың көрікті жерлерімен, тарихи орындарымен таныстыратын боламыз. Қонақ үйге жеткенше сіздерді сан ғасырдың куәсі Париждің тарихы туралы айтып берейін.

– Париж – Францияның астанасы, маңызды экономикалық және мәдени орталығы. Ол Францияның ортаңғы бөлігінің солтүстігінде, Иль-де-Франс аймағында, Сена өзенінің жағасында орналасқан. Қалада 13 млн. халық тұрады.

Тарихи деректерге сүйенсек, қала Филипп Август королінің тұсында өркендеп, өсе бастаған. Қала жоспары шеңбер үлгісінде құрылған. Архитектуралық ансамблдері ғасырлар бойы қалыптасты. Готика үлгісіндегі архитектуралық құрылыстардың дені Сита аралына шоғырланған. 13-ғасырда шіркеулер мен монастьрлар салына бастады. Нақ осы тұста атақты Нотр Дам де Пари қолға алынса керек. В.Гюго оны «Париж – Құдай аналарының соборы» деген атпен әлемге әйгілі етті.

Атақты Лувр 1204 жылы салына бастап, сол тұста 20 мың шәкірті бар Париж мектептері университет болып бірігеді. Алғашқы университет 1629 жылы салынды.

Париж қаласы Сена өзенінің жағалауында Ла-Манш бұғазынан 145 шақырым қашықтықта орналасқан. Қала Иль-де-Фрейс аймағының 0,9 пайызын, яғни Францияның 0,02 пайыз территориясын алып жатыр. Қаланың аймағы – 105,4 шаршы шақырым бұл көрсеткіш Франция коммуналардың арасында 113 орынды алады. Қаланың ең биік жерлері теңіз деңгейінен 128,15 – 128,65 метр биіктікте орналасқан Монмартр және Бельвиль дөңдері. Париж қаласының климаты қоңыржай, теңіздік болып келеді.

Біз орналасқан бес жұлдызды еңселі қонақ үйі көңілімізден шықты. Батыстың аты Батыс қой. Айналамыз тап-таза айнадай жарқырайды. Мұнда демалуға барлық жағдай жасалған. Қонақ үй қызметкерлері жайылып төсек, иіліп жастық болып, көңіл күйіңді таба білді. Түскі астан соң гидіміз Мери уәде бойынша Қазақстандық туристерді Париждің көрікті жерлеріне, тарихи орындарына қарай бастады.

– Тұрғындардың айтуы бойынша қаланы Сан-Мишель гүлзарынан бастап аралау керек. Бұл жер – француз жастарының сүйікті орны. Гүлзардан таяқ тастам жерде Люксембург сарайы бар. Мария Медичидің әмірімен салынған әсем ғимарат Еуропа сәулет өнерінің ғажайып туындысы ретінде әлемге белгілі. Осының бәрі бір-бірінен бөліп жарғысыз айшықты өнер ансамблін құрайды, – дейді гид ықыластана әңгімелеп.

Парижде болған адам көп архитектуралық ескерткіштерге күтпеген жерде кезігіп жатады. Сондай бағзы мұралардың бірі – Сен-Мартен каналы. Каналдың үстіне ұзақ жылдар көптеген көпір тұрғызылып, әрқайсысы өзгеше сәулет туындысына айналды.

Әлемнің сан түрлі бұрышынан келген турист әйгілі Эйфель мұнарасына соқпай кетпейді. Парижге ерекше айбат пен көрік беріп тұрған атақты мұнара 1889 жылы Бүкіләлемдік көрмеге арналып салыныпты. Эйфель мұнарасының бой көтергеніне арада 129 жыл өткен. Ол өзінің маңыздылығын жоғалтқан емес, әлемдік деңгейде ерекше архитектуралық айшығы бар бұл ғимаратты көргісі келетіндердің саны жыл сайын арта түсуде. Қолдағы бар деректерге сүйенетін болсақ, мұнараны бір жылдың ішінде 30 млн. турист тамашалайды екен.

Біз осы күні Үлкен және Кіші сараймен, ЮНЕСКО-ның ғимаратымен, Шаио сарайымен және Сен Женевьев кітапханасымен таныстық.

– 1977 жылы Парижде елеулі оқиға болды. Тобур көшесінде Ұлттық театр ашылды. Оған Жорж Помпидудың есімі берілді. Театрда сурет галереясы, көрме залдары, аса бай кітапхана, грамжазба жинағы бар. Театр үйінің жобасына Халықаралық байқау жарияланғанда 681 үлгі келіп түсіпті, солардың ішінен итальян Р.Пьяно мен ағылшын Р.Роджерстің жобалары таңдалып алынған. Енді міне, биіктігі 50, ұзындығы 150, ені 50 метр ғажайып ғимарат Париждің мақтанышына айналып отыр, – дейді жол бастаушымыз Мери мақтаныш сезіммен. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, біз осының бәрін өз көзімізбен көріп, таң-тамаша болдық, рухани байлығымыз арта түсіп, алған әсерімізді жарыса айтып жаттық.

Журналист, жазушы ретінде көптеген шет елдерде болып жүрмін. Сондағы аңғарғаным – сапарыңның қызықты, мазмұнды болуы көбінесе гидке байланысты. Шынын айту керек, әртүрлі гидтер кездеседі. Олардың арасында оқығаны мен тоқығандары көп, өздері білетін жайларды жүрекпен жеткізе білетіндері аз емес. Ал, енді кейбір гидтерге еріксіз күлкің келеді, оларға қарап, бір сөзді қайталай беретін тотықұс көз алдыңызға елестейді.

Париждік жол бастаушымыз, яғни гидіміз Мери өзім сөз еткен гидтердің бірінші тобына жатады. Мамандығын жақсы көретіндігі, жан-жақты білімділігі айтпаса да көрініп тұр. Француздар табиғатында өте мейірімді, көңілді, ақжарқын халық. Меридің тұла бойындағы тән сұлулығына, жан сұлулығы да жарасып тұрады. Париждік гид сүйкімді, әзілге де жүйрік. Тыңдаудан жалықпасын деп француздар өмірінен әртүрлі анекдоттар айтып, бізді күлдіріп те алады. Жолбастаушымыздың Франция тарихы, бұл елдің бүгінгі бет алысы, бағыт-бағдары туралы әңгіме бізге көп мәлімет берді.

– Франция Республикасы – Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет, жерінің аумағы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент – Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартинка, Оңтүстік Америкадағы Гвина, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен-Пьер мен Микелон және басқалар жатады. Халық саны – 64,6 млн адам. Француздар өз елін «гексагон», яғни «алтыбұрышты» деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрылықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік-шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік – батыста Испания және Андоррамен шектеседі.

Еуропалық Одаққа енетін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым-қатынастарының дамуына оң әсер етеді. Францияның теңіздік шекараларын Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазы бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден-ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, тағы басқа дүние бөліктерінде орналасқан елдермен де сыртқы сауда экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды.

Франция мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика болып табылады, әкімшілік – аумақтық бөлінісі жағынан 96 департаменттен тұрады. 1958 жылы генерал Шарль де Голль елде мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі – Бесінші республиканы орнатты. Франция республикада Президенттің айрықша зор өкілеттілігі бар. Ол елдің сыртқы саясатына қатысты мәселелерді шешеді. Президент тағайындаған Прьемер-министр Үкіметті басқарып, елдің ішкі жағдайына толығымен жауап береді. Елдегі заң шығарушы орган – екі палатадан Сенат және Ұлттық жиналыс тұратын Парламент.

Францияда француздардан бөлек британдықтар, фламандықтар, баскілер, корсикалықтар тұрады. Еуропадағы халқы ең тығыз қоныстанған ел – осы Франция. 1945-1960 жылдар арасында халық саны жылдам өсті, – дейді Мери байыппен сөйлеп.

Қазақстандық туристердің арасында бес-алты журналист болдық. Францияның экономикасы, осы сала бойынша Қазақстанмен қарым-қатынасы бізді қатты қызықтырды.

Франция – жоғары дамыған индустриялы-аграрлы ел. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша дүниежүзінде төртінші орын, Еуропада екінші орын алады. Ұлттық табысты жан басына шаққандағы жылдық мөлшерлері 24990 АҚШ долларына тең. Франция автомобильдер шығару жөнінде дүние жүзінде үшінші орын, авиациялық және ғарыштық техника өндірісі бойынша Еуропада бірінші орын алады.

Парфюмерия – косметикалық сала мен жоғары талғамды сәнді киімдер шығаруда Франция дүниежүзінде бірінші орынды иеленеді. Жылына шамамен 3,5 млн автомобиль шығарса, соның жартысына жуығы экспортқа жіберіледі. Кеме және станок жасау, ауыл шаруашылық машиналары өндірісі де жақсы дамыған.

Химия өнеркәсібі минералды тыңайтқыштар, синтетикалық каучук пен пластмасса, парфюмерия, дәрі-дәрмектер жасауға маманданған. Ірі мұнай, химиялық кәсіпорындарды көп. Химия өнеркәсібі биотехникалық және гендік инженериямен тығыз байланысты. Тоқыма өнеркәсібі өзінің бұрынғы маңызынан айырылса да Франция киім-кешек пен маталар шығарудан Еуропада алдыңғы орындардың біріне шығып отыр. Француз кәсіпорындары шығарған ірімшік, шараптар, кондитерлік бұйымдар дүние жүзіне танымал. Өнеркәсіп өнімдерінің 1/5-іне жуығы Париж бен оның айналасында, сондай мөлшерлі Лион мен солтүстік аудандарда өндіріледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша Франция дүние жүзінде АҚШ пен Канададан кейін үшінші орынды иеленеді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз етіп, 40 пайызын экспортқа шығарады.

Сырттан тұтыну тауарларын, өнеркәсіптік шикізаттар алады. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Италия, Бельгия, Люксембург, Ұлыбритания мен АҚШ. Франция Қазақстанның сауда серіктестері ішінде 12-орын алады. Қазақстан Францияға мұнай, кентастар, химия өнеркәсібінің шикізаттары, тері мен астық береді. Франциядан негізінен дәрі-дәрмектер, азық-түлік өнімдерін, қосалқы бөлшектер, автомобильдер, тұрмыстық электроника, ірімшік, парфюмерия мен косметикалық бұйымдар, жоғары сән киімдерін алады. Қазақстанмен бірлесіп жұмыс атқаруда, мұнай-газ, тау-кен, энергетикада, көлік пен қызмет көрсету салаларында көптеген француз компаниялары еңбек етуде.

Екі елдің бірін-бірі инвестициялау көрсеткіші де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Франция Экономика министрлігінің деректері бойынша, Франция Қазақстан Республикасының экономикасына жалпы көлемі 2,005 миллиард еуро көлемінде қаржы салды. Қазіргі кезде Қазақстанда Францияның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде. Әсіресе екі ел арасындағы ынтымақтастық отын-энергетика саласында жақсы жолға қойылған. Мысалы, қазіргі кезде 40-тан астан франциялық компания Қазақстанның мұнай-газ, тау-кен өндірісі, энергетика, көлік және қызмет көрсету салаларында жұмыс жасауда.

Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастар да соңғы жылдары ойдағыдай дамып келеді. 1993 жылы екі елдің арасында осы саладағы байланыстарын жандандыруға бағытталған үкіметаралық келісім жасалған. Осы қатынастар бүгінде екі ел халқының мәдениет пен өнер салаларындағы байланыстың негізі болып отыр. Содан бергі уақытта Алматыда «Альяң Фғаңсез» мәдени білім агенттінің өкілдігі ашылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасында білім беру жөніндегі қатынастар да ойдағыдай дамып келеді. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қазақстанның көптеген жастары Францияның беделді жоғары оқу орындарында білім алып, қазіргі кезде ел экономикасының дамуына үлес қосып жатыр.

Адамның болмысын психологиялық тұғырда шынайы, шебер суреттейтін, біз өмір сүріп жатқан дәуірдің, адамзаттың өзекті мәселесін көтере білетін француздық жазушылардың әдебиет әлемінде өзіндік орны бар. Бүгінгі таңда талантты жазушылар – Ф.Стендальт, Ж.Верн, А.Мопасан, А.Бальзак, А.Дюма, А.Стиль, Р.Роллан, Ф.Роблен тағы басқалардың есімдері дүниенің төрт бұрышына белгілі, жазған үздік шығармалары әдебиеттің әлемдік алтын қорынан ойып орын алады. Аты аталған жазушылардың көптеген романдары мен повестері қазақ тіліне аударылған.

Француз оқырмандары да қазақ жазушыларының шығармаларына ерекше ден қоюда. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Ымырты» француз тіліне аударылып, жоғары бағасын алды. 2005 жылы Париж жәрмеңкесінде Н.Ә.Назарбаевтың француз тіліндегі «Сындарлы он жыл» кітабының тұсаукесері болды.

Француздардың өнері мен кинодағы қол жеткен үздік табыстары кімді болмасын қатты қызықтырады. Париждегі сапарымызда бұған біздің көзіміз анық жеткендей болды.

Алғашқы француз операларының бірін ақын П.Перренмен біріге отырып сазген Р.Камбер жазды. Ал, XVІІІ ғасырдың ортасында симфония пайда болды. Париж өзіне басқа елдердің музыканттарын тартқан дүниежүзінің орталықтарының біріне айналды. Мұнда сазгерлер – Ф.Лист пен Ф.Шопен, әншілер – П.Виардо-Гарсия мен М.Малибран өз шеберліктерін шыңдап, шығармашылық табыстарға жетті. ХІХ ғасырдан бастап француздық скрипка және вокалдық мектептері дүние жүзіне танымал болды. 1928 жылдан Париж консерваториясы қоғамының концерттері өткізіліп тұрды. 19-ғасырдың екінші жартысында француз операсында реалистік ағым күшейіп, лирикалық опера жанры қалыптасты. Ол әсіресе Ш.Гуноның шығармалары да кемеліне келтірілді.

Дүниежүзілік киноның үздік үлгілерін насихаттайтын киноклубтар пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франция кино шеберлерінің «Жаңа толқын» атты тобы пайда болды. Киноның көркемдік шеберлігі жетілдіріп, қысқа мерзім ішінде киноға 150-ден аса жаңа режиссерлер келді. Олардың ең әйгілі туындылары Кристиан-Жактың «Фанфан-Тюльпан» (1952), «Заңның аты заң» (1958), П.Этекстің «Йо-йо» (1965), тағы басқалар болды. ХХ ғасырдың екінші жартысында неғұрлым әйгілі француз киноактерлерінің қатарына Ж.Моро, Ж.Л.Трентиньян, Ж.П.Бельмондо, К.Денев, А.Делон, А.Жирардо, Ж.Депарьде, Рено. Ж.Маре, П.Ришар, тағы басқалар жатады.

Өнер туралы сөз болғанда тіліңнің ұшына жезтаңдай әнші Әміре Қашаубаевтың есімі орала береді. Өткен ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарында аса талантты әнші Париж төрінде ән шырқап, бүкіл Еуропаны таңқалдырған.

Бүкіл түркі әлемінің тұлғасы азаматы, бар ғұмырын түркі ағайындардың бірігуіне арнаған, қазақтың біртуар азаматы Мұстафа Шоқайдың да іздері Париж көшелерінде сайрап жатыр. Әрбір күн ыстық ықыласқа, білімге деген құштарлыққа, жаңалық пен танымдылыққа толы он тәулік те зу етіп өте шығып, сырға толы, жырға толы, шаһарлардың падишасы – Парижбен қимай-қимай қоштастық.

Алысты жақындататын ізгілікті сапарлар болады. Достық пен ынтымаққа, ізгілік пен сыйластыққа жалғасқан бұл сапарлар екі елдің, екі құрылықтың алтын көпіріне айналды. Парижден Алматыға ұшып келе жатып, осы туралы ойладым.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Алматы – Париж – Алматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *