ҚАЗАҚ АҚЫНЫНЫҢ ТОЙЫ ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІНІҢ ФОРУМЫНА ҰЛАСТЫ

Әдебиет
1 226 Views

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай Халықаралық түркі әлемінің әдеби форумының аясында Шымкент пен Түркістанда бірқатар іс-шаралар өткізілді. Сөз орайы келгенде бұған Шымкенттейін мегаполисте жаңадан құрылған қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» атты қоғамдық бірлестігі (төрағасы – жазушы, тарихшы, шежіреші Момбек Әбдәкімұлы) мұрындық болғанын тілге тиек ете кетейік. Сондай шаралардың бірі – ақын, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің қызметкері, Қазақстан ұлттық UNESKO клубтар федерациясының мүшесі, Физули (Мұхаммед Сулейманоғлы Фузули) атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Құрал Көмектің асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойы дер едік. Ол «Ай туып келеді»; «Бөрілерге гипотеза»; қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Мен – даланың ұлымын» толғау-панорама; қазақ және түрік тілдерінде шыққан «Сенім жеңісі» поэмасы; «Баба рухы – гольфстрим ағысы» поэмалар, балладалар, өлеңдер жинағы; балаларға арналған «Бағдаршам» атты кітаптардың авторы. «Дүние түріктерінің маршын» (әндерінің бірінші нұсқасы – Башқұртстан Композиторлар одағының төрағасы, Ресей Федерациясының өнер қайраткері Нұр Дауытовтікі, екінші нұсқасы шымкенттік әнші, сазгер Бағдат Алтайдікі), «Бауыржан маршын» (әні – Б. Алтайдікі) жазған.

Форумға келген қадірменді қонақтарды Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев арнайы қабылдап, Түркі әлемінің әдеби форумына шығармашылық табыс тіледі.

Түркі әлемінің әдеби форумының кезекті мәдени іс-шарасы Шымкентте өз жалғасын тапты. Шымкенттегі Оқушылар сарайында өткен бұл ізгілікті де игілікті іс-шараға қатысушылар көп болды. Ақын Қ. Көмектің айтулы мерейтойына арналған «Мен – даланың ұлымын» деп аталған әдеби-сазды кеш өтті. Оны егемен елімізге белгілі жазушы, тарихшы, шежіреші, Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Момбек Әбдәкімұлы қысқаша сөз сөйлеп ашып, одан әрі жүргізіп отырды.

Алдымен Қ. Көмектің өлеңіне жазылған шымкенттік сазгер Б. Алтайдың «Дүние түріктерінің маршы» орындалды. Болашақ ақынға мектепте білім берген ұстазы, ғалым, жазушы Бегман Ысқақ ыстық ықыласқа толы жүрекжарды лебізін жеткізді. «Қазақтың хан, батырлары» республикалық қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы Бақыт Еспенбетов құттықтау сөз сөйледі. Ол Қ. Көмектің кеудесіне «Ұлы Дала Батыры» медалін тақты. Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының скрипкашылар ансамблі мерейтой иесіне деген өздерінің музыкалық сәлемін жеткізді. Ғалым, филология ғылымының кандидаты Бектай Қожахметовтің құттықтауы да жылы қабылданды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының курсанттары Қ. Көмектің сөзіне жазылған «Батыр Бауыржан маршын» орындады. Жеке дауыста Айболат Маймақов ән шырқады. № 52 мектеп-лицейінің оқушылары – Әсел, Бейбарыс, Болат, Қарсыбай ақынның «Мен – даланың ұлымын» толғауын қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде оқып, көпшілікті айрықша тәнті етті. Сөз орайы келгенде Күлзада Молдабекова басшылық жасайтын бұл білім ордасының ұйымшыл ұжымы осы туындының негізінде арнайы электрондық оқу құралын дайындап шығарғанын да тілге тиек ете кетейік. Аға-әпкелерінен қалыспаған Бегасыл деген балақай да өзінің өрелі өнерпаз екенін байқата білді.

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкерлері – Гаухар Сапарова мен Атанбек Наурыз мерейтой иесіне сый-сияпат ретінде «Ғасыр күткен толқын» деп аталатын арнайы кітап шығарып әкеліпті. Қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Құндызай Елекеева «Сирень гүлдер» әнін нәшіне келтіре шырқады. Ағайын-туысқандарының атынан Сатыбалды Әділбекұлы өзінің ойымен бөлісті. Ол Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаевтың атынан ақынға Алғыс хаттар табыс етті. Әділхан Тәжиев «Аманат» атты ән шырқады.

Мерейтой иесін құттықтаушылардың арасында Түркия, Болгария, Үндістан, Кипр, Өзбекстан, Иран, Ресейдің Башқұртстан, Дағыстан, Тыва тәрізді аймақтарынан келген жиырмадан астам ақын-жазушы, әдебиетшілерінен құралған бір топ зиялы қауым өкілдері де болды. Атап айтқанда, Түркиядағы Ардахан қаласының мэрі Уғур Деде, тарихшы Али Ак, Үндістандағы Джамму университеті стратегиялық және аймақтық зерттеулер департаментінің директоры Мохаммад Монир Алам, Ирандағы Пейам-и Нур мемлекеттік университетінің оқытушысы Масоумеh Даеи, Ресейдегі «Ажи-Кала тарихи-мәдени орталығы» аймақтық қоғамдық ұйымының өкілі Эльвира Аджибаева, дағыстандық ақын Салимет Майлыбаева, тағы басқалар ақынға деп алыстан арнайы әкелген естелік сыйлықтарын жарыса табыс етті. Ататүрік зерттеу орталығының басшысы Нихат Бүйікбаш ақынның Түркиядағы Шанақ қаласындағы шайқастың 100 жылдығына арналған «Сенім жеңісі» атты дастанын мемлекет тарапынан баспадан қайта шығаратынын айтып өтті. Қонақкәде жасаған олардың кейбіреулері әуелетіп ән де салды.

Аман Ерсін қадірменді қонақтардың құрметіне Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін шырқады. Сол күні ақын өлеңінің сөзіне жазылған «Ордабасы» әнінің тұсауы кесілді. Оны «Қазақ вальсінің падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтан бата алған белгілі әнші, сазгер, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Нышан Төлегенов орындады. Бәрінен де бұрын Ресей астанасы – Мәскеуден келген Гүлсая есімді қарындасымыздың өнері қалың жұртшылықтың көңілінен шықты. Ол домбыра шанағынан Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін күмбірлете төгілткенде залда тебіренбеген жан қалмады. Франция, Румыния, Әзірбайжаннан қазақ ақынының атына келген құттықтау жеделхаттардың мәтіні оқылды.

Кеш соңында мерейтой иесі сөз сөйлеп, алыс-жақыннан келген қонақтардың бәріне өзінің шынайы ризашылық сезімін жеткізді. Ақындық кредосының паспортына айналған «Махамбет» деп аталатын өршіл рухқа толы өлеңін оқып берді. Сөз орайы келгенде ақын тәлім-тәрбие алған Шымкенттегі №51 орта мектепте (директоры – Ағабек Ешентаев) арнаулы сынып бөлмесі ашылғанын да тілге тиек ете кетейік.

Салтанат «Көркем» тойханасында өз жалғасын тапты. Онда да ізгі тілек айтушылар көп болды. Осының бәрі ақынның тойы – халқының тойы екенін тағы бір рет айғақтағандай еді. Бүгінде төрткүл әлемдегі 38 түркітілдес елде 300 миллиондай халық жасайды екен. Міне, бұл тойға солардың атынан алыстан ат терлетіп келген қадірменді қонақтардың қатысуы – мерейтойдың мән-маңызын арттырып, көркін барынша ажарландыра түскені айқын. Осылайша қазақ ақынының тойы түбі бір туысқан түркі әлемінің тойына ұласты.

 Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *