ОРДЕН-МЕДАЛЬДАРДЫ ҚАЛАЙ САТТЫМ?

Әр алуан
1 342 Views

Бір ойым бір ойымды бекітіп, жазамын деген дүнием көпке дейін есіме түспеді. Кейін барып есіме түсті. Ол марапаттар туралы әңгімем екен. Иә, бізді Кеңестер Одағы тәрбиеледі.

Ол кезде сұраныс дегенді білмейтінбіз. Енді нарық келді. Заңы – сұранысқа ие тауарлар ғана өтеді екен. Бізде сұранысқа ие қандай заттар болуы мүмкін? Базарды зерттеп көрсем, ол орден-медальдар болып шықты! Осы марапаттарды сатпақ болдым.

Жұртқа ұқсап үш мың долларға дүңгіршек сатып алып, тауарларымды жая беріп едім, алма, жүзім сатып тұрған көршім, не сатпақсыз? – деп шұқшия қалды.

– Орден-медаль!

– Бір пәлеңіз тиіп кетпесе жарар еді, неге аулаққа барып сатпайсыз? – деді.

– Мұндайлар саудаға өлермендене кіріп алып, кейін өзіңе ақыл айтатыны бар, – деп сол жақтағы көршім де жақтырмады.

– Оу, Сіздікі Қытайдың труси, мәйкесі. Ана кісінікі алма, жүзім. Бәсекелес емеспін ғой. Не болды сонша даурығып? – деп мен де қалыспай жатырмын.

Үйренеді екенсіз. Саудаға араласқан соң қол-аяғы жоқ «торс» сатып алдым да омырауына орден-медальдарды тізіп тағып, басқа марапаттарды да «салмағына» қарай жайып тастадым.

Көрнекілік деген осы шығар, саудам қызып жүре берді.

– «Парасат» ордені қанша тұрады?

– «Ардақты ана» ше?

– Сізде мақтау грамоталары да бар екен!

Жақсы болды ғой, спорттан іс-шара өткізетін едік, – деп екі-үш мұғалім қуанып қалды.

Қолым ақшадан босар емес. Кезек. Шуласқан жұрт!

Ал, «Кеңес Одағының Батыры», «Озат шопан», «Үздік сауыншы» деген атақтарды сұраған адам болмады.

Неге олай десем:

– Ескі, сәннен өткен, – дейді.

Базарда жасы егде адамдардың алмаса да сатушымен әңгімелесіп тұрып алатыны бар.

Осы кезде алмайтынды алдыру Сіздің тәжірибеңізге байланысты.

Егделеу әйел:

– Бір танысым зейнетке шығып еді, соған қандай марапат алсам болады? – деп тұрып алды.

– Не жұмыс атқарып еді? – дедім.

– Өмір бойы тарих пәнінен сабақ берген.

– Бірде-бір марапаты жоқ па?

– Жоқ!

– Онда «Ұлы Отан соғысының ардагері» деген атақты алыңыз.

– Не деп тұрсыз? Ол майданға бармаған ғой!

– Бармаса да тарихтан соғыс туралы сабақ өтті ғой, – дедім.

Тапқырлығым ұнады-ау деймін «Рақмет Сізге!» деп қуана келісті.

Жұрт тауарын «оптовкадан» алады. Бұл орден-медальдарды қайдан алады деп ойларсыз. Атақ-абыройдан шаршаған мырзалар бар емес пе, солар әкеп арзанға өткізеді!

Осындай жолмен «Озат шопан», «Үздік сауыншы» деген атақтарды да сатып жібердім.

Бірде шашы ағарып қаусаған қарияны қызы ертіп келді. Аудандық ауруханада ұзақ жылдар «терапевт» болып істеп зейнеткерлікке шығыпты.

– Қандай атақтары бар? – деп сұрадым қызынан.

– Ешқандай!

– Бас дәрігерден мақтау қағазын да алмаған ба?

– Алмаған.

– Онда обал!

Былай болсын: «Үздік дәрігер» деген медальды алсаңыз бізде акция, «Құрметті азамат» деген атақты қосып береміз, – дедім.

Қуанғанын көрсеңіз. Байқағаным, базарға келушілер кетерінде екі-үш келі қызанақ, қияр алатыны секілді «Құрметті азаматты» да ермекке алып кетіп жатты. Келесіде осы марапатты қорабымен әкелермін деп ойладым. Әзірге тауарым өтіп, саудам жүріп тұр.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *