«ОЙЫН»
2024 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Астанада өткен Қазақстан Республикасы қос палаталы Парламенттің біріккен мәжілісінде «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек», – деген болатын. Сол жағымсыз әдеттерден қоғам түбегейлі арылуы үшін не істеуіміз керек деген заңды сұрақ өзінің туған еліне жаны ашитын кез келген азаматтың көкірегінде туындайтыны анық. Осыған байланысты біз бір мезгіл ата-баба мұраларына жүгінгеніміз дұрыс болмас па екен?
Уақыт өткен сайын жасы ұлғайған біз сияқты адамдарды көп нәрсе алаңдатады екен. Мәселен, осы біз өзімізден 150-200 жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың өнегесінен нені алып қалдық, олар ғұмыр кешкен кезде бір-бірімен қандай қарым-қатынастар жүргізді, қандай ғибраттары мен жақсылықтары болды, соларды бізге еске түсіріп жандандырудың қазіргі заман үшін қажеті бар ма, әлде жоқ па деген ойлар мені кейде қатты мазалайды. Қазіргі кезде ұлттық сана, ұлттық менталитет, ұлттық құндылықтар, тағысын сол сияқты ешкім астарына үңіліп, көп түсіне бермейтін ұғымдар мен сөздер көбейді. Теледидарды ашып қалсаң, жап-жас адамдар кез келген арналардан жаңағы сөздерді лепіріп, айтып жатады. Ал күнделікті өмірде көретінің дөрекілік пен үлкенді сыйламау сияқты жағымсыз жағдаяттар… Сол биік ұғымдар мен сөздерді білмей-ақ, біздің аталарымыз өзінің ұрпағын тамаша тәрбиелей алды емес пе?
Бұдан 20-30 жылдай бұрын Алматыда мұғалімдердің білімін жетілдіретін курстардың бірінде болғанымда бақайшағына дейін орысша оқып, орысша тәрбиеленген бір тарихшы ғалым «Қазақтардың көшпенділігі. Номадизм» тақырыбында лекция оқып тұрып, өзінің ойын былай деп тұжырымдаған еді: «Номадтық – әлемдік өркениетте ерекше қайталанбайтын құбылыс, бірақ оның бізге қазіргі қазақтар үшін түкке де қажеті жоқ. Біз енді артымызға қарамай, тек орыс немесе еуропалық мәдениетке мойынсұнуымыз керек. Өйткені, номадизм тарих сахнасынан баяғыда кеткен, енді одан біз ештеңе де ала алмаймыз», – деп қарап тұр!
Топта лекция тыңдап отырған жиырма шақты адамның басым көпшілігі өзге ұлттың өкілдері болғандықтан, оларға жаңағы профессордың айтқаны шыбын шаққандай әсер етпегені былай тұрсын, тіпті жандарына майдай жаққанын сезіп отырсам да шыдай алмай, лекция аяқталғасын профессорға өзімнің пікірімді былайша жеткіздім: Профессордың айтқанына керісінше, мәдениеттің екі бөліктен, материалдық және рухани мәдениеттен тұратынын айта отырып, номадтардың рухани мәдениетін біз, қазіргі қазақтар көздің қарашығындай сақтай отырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңызы зор екенін айтуыма тура келді.
Енді осы мәселеге байланысты оқырмандардың назарын мынаған аударғым келеді. Біздің ата-бабаларымыз бұдан 150-200 жыл бұрын жастарды адамгершілік үлгілері мен ұлттық дәстүрге қалай тәрбиелегенін орыс этнографтарының зерттеулерінен көріп, өз халқым үшін мақтаныш сезімге бөлендім! Мәселен, 1889 жылы «Астраханский вестник» атты басылымның №64, 70, 81, 88, 103, 113 сандарына И. Иванов деген орыс этнографының «Бөкей қазақтарының тұрмысынан очерктер» атты көлемі зерттеуі басылған екен. Оны біздің ғалымдар 2015 жылы «Атырау тарихы мен мәдениеті: XVIII-XX ғасырлардағы орыс деректерінде» атты тамаша танымдық кітапқа енгізген. Міне, сол орыс зерттеушісінің бұдан 150 жыл бұрын көрген-білгендерін оқырман назарына ұсынбақшымын. Өйткені Бөкей қазақтары деп отырғаны басқа ешкім де емес, тап біздің ата-бабаларымыз ғой!
Очерк бірнеше тақырыптардан тұрады. Біріншісі « Ойын» деп аталады. Бөкей даласының табиғаты көріксіз әрі кедей. Николай Васильевич Гогольдің сөзімен айтқанда «Онда барлығы ашық, құм және бос кеңістік», «Ештеңе де қызықтырмайды, көзге де ілінетін ештеңе жоқ». Дала тұрғындарының өмірі де бірқалыпты, қызықтыратындай ештеңе жоқ. Міне, осындай сүреңсіз жердегі сүреңсіз өмірлерін көшпенділер қалай болса да көңілді етіп, өздері ойлап тапқан ойындармен өзгертіп өткізуге әрекет жасайды. Бірақ қазақтардың ойын-сауығы да өздерінің өмірі сияқты өте қарапайым, сонда да олар сол шараларды көңілді етіп өткізуге «барлық жүрегін, барлық білігін» салып кіріседі. Даладағы қазақтардың барлық жан-тәндерімен ұйымдастыратын сауығы «ойын» деп аталады. Ойын деген сөз ойнау деген мағынаны білдіреді. Мағынасына қарай «ойын» біздің деревнялар тұрғындарының «отырықшыларына» ұқсас болып келеді. Әдетте «ойын» жастар арасында жігіттер мен қыздар болып ұйымдастырылады. Ең әуелі өтетін орын таңдалады. Үлкен әрі кең үйі бар кісімен оның киіз үйін кешке «ойын» өткізуге босатып беруге келіседі. Үйдің қожасы тарапынан көп жағдайда қарсылық болмайды. Себебі оның талабы міндетті түрде қанағаттандырылады. «Ойынды» ұйымдастырушылар алдын ала жақын ауылдарға хабаршыларын жіберіп, ойынның өтетін жерін жариялайды. Хабаршылар өздерінің аттарымен ешқандай ақысыз бірнеше күн бойы әр жерде орналасқан жігіттер мен қыздарға ойын туралы хабар жеткізумен әлек болады. Кейде оларға 80-100 шақырым жерде отырған ауылдарға хабар жеткізуге тура келсе де ешқандай қабақтарын шытпастан өздерінің міндетін аяғына дейін орындап шығады. Олар осындай алыс жолдарға ешуақытта өздерімен бірге азық-түлік алып жүрмейді. Себебі кез келген қазақтың үйінен олардың өздеріне тамақтың, ат-көліктеріне жем-шөптің табылатынын біледі. Тіпті ең кедей деген қазақтың үйінен қонақ үшін ас табылады. Олардың қонақжайлығы сондай, өздеріне ішіп-жейтін тамақ қалмаса да ең соңғы жеп отырған нанын келген бөтен адамға бөліп береді.
Бұдан 150 жыл бұрын өмір сүрген біздің ата-бабаларымыздың адамгершілігі мен қонақжайлығы туралы орыс зерттеушісі осы деректерді жазып қалдырыпты. Осындай мәліметтер мектептер мен оқу орындарында неге оқытылмайды екен деп қынжыласың!
«Ойын» жөнінде хабар таратушыларды барлық ауылдарда құшақ жайып қарсы алады. Себебі жастардың да көптен күткен ойындарына бару арманы орындалатынын білгендіктен, олар хабаршыларды қуанышпен қарсы алатын болған. «Ойын» белгіленген күні кешке қарай қызылды-жасылды болып киінген қыз-жігіттер ат-көліктерінен түсіп, үйге кіріп, көңілді шараға құлшына кіріседі. Үйге кірген әрбір жігіт «ойынға» қатысушыларға қарап: «Ассаламағалейкум», – деп сәлем берсе, қалғандары оған: «Уағалейкум ассалам», – деп жауап берген. Содан кейін киіз үйдің ішіндегі текеметтің үстіне төселген көрпелерге қыз бен жігіт болып араласып отырған. Қыздар үйге сәлемдеспей кірген. Басында, жұрттың бәрі жиналғанша салыстырмалы түрде тыныш болады: әзілдері естілмейді, қызу әңгіме де жоқ, кейбіреулері жаңа таныса бастаған, қыздар бір-біріне тақала береді, жігіттерден қашықтау жайғасып, беттерін кең жеңдерімен қалқалап көрсетпеуге әрекет жасайды. Бір- бірімен сыбырласып қана сөйлеседі. Бірақ жастар өзара танысқаннан кейін олардың арасындағы әңгіменің де қыза бастағаны байқалады. Осы кезде жігіттердің арасынан «ойынды» бастап, оны жүргізетін басшы іріктеліп алынады. Жігіттердің арасынан жұрттың көпшілігін білетін, әзілкеш, сөзге шебер біреуі таңдап алынып, кешті жүргізуші болып тағайындалады. Жүргізуші өзінің міндетін орындауға кіріскеннен кейін қыздар мен жігіттерді олардың бір-біріне деген ықыластарына қарай жұптап отырғызуға әрекет жасайды. Ақылы мол жүргізушіге қыздар мен жігіттердің бір-біріне деген ықыласына қарай отырғызу үшін олар жөнінде білу көп қиындық туғызбайды. Себебі ол кімнің кімді ұнататынын олардың қас қабағынан бірден байқайды. Мұның үстіне даланың тез тарайтын хабарынан да ол алдын ала бәрін біліп отырады. Өзі ұнататын қыздың қасына ойын кезінде қасына отыру – ол жігіт үшін «ойын» кезіндегі басты сыйлық болып есептеледі. Бұл «бақытқа» жігіттердің бәрінің бірдей қолдары жете бермейді. Мұндай «сыйлық» бай-қуатты жігітке немесе жүргізушіге бірдеңені алдына ала «жалатқан» жігітке ғана бұйырады.
Бәрі отырып болғаннан кейін қонақасы беріледі: дүкендерден алыс тылсым далада үй тағамдары: бауырсақтар, түрлі нан түрлері, құрт, тағы басқа тағамдар, ал дүкендері жақын (5-10 шақырым) жерде конфеттер, жүзімдер, дәндер, тағы басқалар ұсынылады. Тағамдар жұптардың алдына жайпақ ыдыстарға салынып беріледі. Әрбір жігіт алдына қойылған тағамды жесін-жемесін бәрібір үйдің иесі мен жүргізушіге ақы төлеуге міндетті. Жұптармен отырғандар, тамақ ішіп болғасын жартылай шеңбер құрып, «ойынға» кірісуге дайындалады. Жартылай шеңбердің алдындағы бос жерде «ойынға» арнайы шақырылған өнерпаздар: домбырашы, әнші, мақал-мәтел айтушы және үйдің иесі мен кешті жүргізуші отырып, өздерінің міндетін орындауға кіріседі. Бұл жерге «ойын» қызығын көруге жиналған ауыл жұртшылығы жиналып, жастарды қолпаштауға дайын тұрады. Кеш өлең айтумен басталады. Өлеңді әдетте өлеңші бастайды. Қазақтардың өлеңі – әдетте суырып салып айту әдісі арқылы қолданылады. Олар бастарына, ойларына не келсе сол бойда өлең шығарып айта жөнеледі. Көздеріне сиыр түссе сиыр туралы, киіз үйді көрсе киіз үй туралы, не болса ол болсын қазақтар суырып салып өлең шығаруға аса шебер халық. Өлеңдерінің мәні өте қарапайым, қайғылы, адамның көңіл күйін түсіреді.
Бұл жерде орыс зерттеушісі қазақ тілін түсінбегендіктен, қазақ өлеңінің жақсы жақтарын аша алмағанын көрсетіп тұр. Ал мына айтқандарымен толық келісуге болады: Қазақтардың өлеңдері мен әндерінің олардың даласы сияқты шегі мен шеті жоқ. Міне, сондай қазақ өлеңінің үлгісі:
Үйімнен шығып, қайыққа міндім,
Сол қайықпен базарға бардым.
Базарда кісілерді көп көрдім,
Базарда нәрселерді мен сатып алдым.
Тағы да өзімнің қайығыма міндім,
Сол қайықпен мен үйіме қайттым.
«Ойында» өлеңші былай бастайды: басындағы бөрігін оң қолына алады да өзінің ауызына тақап, оны бір алып, бір тақап өлеңін қатты жоғары дауыспен айта бастаған кезде оның қолындағы бөрігін пайдалануы, дауысының қатты шығуына әсер етеді. Сондай-ақ өлеңші ауызына тақаған бөрігін өлеңін жұртқа қаратып айтқан кезде оның әні жан-жаққа тарайды екен. Бұл әдісті өздерінің дауысын қатты естірткісі келген қазақтардың бәрі қолданатын болып шықты. Домбырашы өзінің құралымен өлеңшіні сүйемелдеп отырады, кей жағдайда өзі де қосылып ән айтады. Енді сол домбырашы жөнінде. Бұл өз алдына теңдесі жоқ шебер орындаушы. Өз басым дейді зерттеуші, осынау бір қарағанда өте қарапайым болып көрінетін музыка аспабын домбырашының қалай құбылтып сайратқанын көрген адаммын. Домбыраны ойнаған кездегі оның саусақтарының қимылын суреттеп жеткізе алмаймын. Оны тек адамның өзі көруі керек. Осы қарапайым музыка аспабында Бөкейлік қазақтар өздерінің тамаша күйлерімен қатар, орыстың халық әндерінің әуенін нәшіне келтіріп талай рет ойнағанының куәсі болдым. Жақсы домбырашы – қашанда әр қазақтың сүйікті қонағы. Ал енді «ойынның» өзіне келейік. Өлеңшінің айтқан әрбір өлеңін көрермендер дауыстарын көтеріп қостап отырады. Әдетте, әнші өзінің тамаша дауысымен әнді сорғалатып шырқаған кезде «ойынды» көруге келгендердің қатты риза болғандары сондай, «ой дейт, деген-ай» деп қошеметтеп отырады. Шын мәнісінде көрермендердің осылайша қошемет көрсеткені әншіге жағымды әсер еткендіктен, ол өзінің әнін бұрынғыдан да жақсы айтуға әрекет жасап, барын салады. Қазақтарда, олардың ішінде Бөкейліктердің арасында неғұрлым дауысын жоғары нотаға созып, қатты айтқандарды жақсы әнші деп есептейді. Орыс журналисі бұл жерде әншіні кімнің әндерін орындағаны туралы мәлімет келтірмесе де сол ойында халықтың көңілінен шығып, оның ыстық ықыласына ие болған әнші-композитор Мұхиттың әндерін айтқан жоқ па екен деген ойға келдім, өз басым.
Ән салынып жатқан кезде жастардың арасында әңгімелер, « келісулер» тағы басқа әрекеттер болып тұрады. Жастар бір құлағымен әншіні тыңдаса да, олардың бар ықыласы өздерінің қасындағы көршісіне арналады. Ән аяқталғасын, «ойынның» ең қызықты бөлігі – сөзбен жарысу басталады. Оған екі адам – қыз бен жігіт қатысады. Олар өз істерінің нағыз шеберлері болып саналады. «Сөз жарыстыру» бір сағаттың үстіне созылып, егер екеуі тең түскен жағдайда жеңіс қыздың пайдасына шешіледі. Себебі қазақ әйелдері ер адамдарға қарағанда пысықтау әрі тапқыштау болып келеді. Сөз жарыстырудың негізгі мазмұнын келекелеу құрайды. Кейде келекелеу мен мысқылдаудың қызғылықты болатыны соншалықты, естіп алып, апырау, мынадай сөздерді қайдан табады екен деп ойлайсың. Осындай жарыстың кезінде қатысушылардың өнеріне тәнті болған көрермендер арасында қызу талқылау басталып, олар бір-бірімен неше түрлі сайыстарға түседі. Жарысқа түскен жұптарды қолдауларын қатты дауыстау, қолдарын шапалақтау арқылы, тағы басқа іс-әрекеттермен білдіруге әрекет жасайды. Жарыс жеңімпазына жирен деген ат беріледі. Ал сөзбен айтысудың өзін дауласу деп атайды.
Бұл жерде зерттеуші қателескен болуы керек. Жастардың көңілді «ойын» сияқты іс-шарасында дауласудың орын алуы мүмкін емес. Ол ру аралық қарым-қатынастың кезінде болатын құбылыс. Өзінің аты айтып тұрғандай, ойынды жастар от шығарып дауласу үшін ұйымдастырмаған.
Сөзбен жарысудан кейін айтысқа қатысқан жұптар келесі ойындарға кіріседі. Олар жұп-тақ, орамал тастау, жүзік салу, көз байламақ, тағы басқа болып бөлінеді.
Орыс зерттеушісі Н. Иванов Бөкейлік жастар қолданған ойын түрлерін атап өтумен шектелген екен. Оған да рақмет! Біз зерттеуші атаған өзіміз білетін ойын түрлерін қазіргі оқырман назарына ұсынбақшымыз. Жастардың сүйіп ойнаған ойындарының бірі — «Орамал тастау». Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызық болады. Ойнаушылар теңдей болып екі топқа бөлінеді де, арасы он адымдай екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарласа тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да: «қа» деп дауыстайды. Ол қағып «ғаз», дейді, болмаса «ла» дейді. Сонда «қағаз», «қала», тағы басқа сөздер шығады. Айтатын сөз екі буыннан ғана тұруы керек. Мысалы, «са» деп дауыстаса, «са-дақ», «са-қа», «са-бын», «са-қал», «са-рын», тағы басқа сияқты сөздер айтылуы керек. Орамалды қағып алған ойыншы сол бірінші буынның сөзі шығатындай етіп айтуы керек. Егер ол екі буынға арналған сөздің алғашқы буынын тез, дұрыс тауып айта алмаса, онда ортаға шығып, өнер көрсетеді. Енді орамалды қарсыластар тобына өзі лақтырады. Лақтырған кезде жаңағыдай сөздердің бірінші буынын айтуы керек. Жазаны жауап бере алмаған ойыншы да тартып, ортаға шығып өнер көрсетеді. Осылайша екі топтың ойыншылары орамалды бір-біріне лақтыра отырып ойынды жалғастыра береді.Бұл ойын жастардың ойын дамытып, ана тілін жетік білуге, тапқырлық қасиеттерге үйретеді.
Жүзік тастау — қыздар мен бозбалалар ойыны. Үйде де, далада да, көбінесе кешке қарай ойнала береді. Қатысушылар саны шектелмейді. Ойынға қатысушылар дөңгелене отырып, жаюлы алақандарын тізелерінің үстіне қояды. Алақанында сақинасы бар бастаушы ортаға шығып, әркімге: қол беріп амандасқан бола жүріп, сақинаны білдірмей біреудің алақанына салып кетеді. Қолына сақина киген кici өзін-өзі сабырлы ұстап, ешкімге білдірмеуге әрекет жасайды. Сосын бастаушы ортадағы өз орнына барып: «Жүзігімді бер!» – деп дауыстайды. Сол сәтте жүзігі бар кici: «Менде!» —ден үн қатып, екi жағында отырған көршілеріне ұстатпастан, шапшаң атып тұрып, ортаға жетіп баруға тиіс. Егер көршілері оны ұстай алмай қалса бастаушы айыпқа тартады, ал ұсталып қалса, оның өзі айып жазасын өтейді.
«Ойындар» кезінде ертегі айтушылар да аз болмаған. Жақсы ертегі айтушылар тыңдаушыларын жәй қызықтырып қана қоймай, сонымен қатар шебер әңгімелеу әдістерімен де баурап алады. Талай тамаша ертегі айтушыларды тыңдаған кезде байқағаным, олар жерлестерін ғана емес, тіпті биік өнерімен сауатты деген адамдардың өздерін баурап алғанын көрдім. Әңгімешілердің арасында оны майын тамызып айтатын қыздар да кездеседі. Бұл жерде ерекше айтылуға тиісті нәрсе – қазақ қыздары өздерін өте еркін ұстайды. Олар өжет, сөз тапқыш, айтатындарын ешкімнен қысылмай айта алады. Себебі көшпенділердің қыздары үлкендерден қысылып қымтырылмайды, ата-анасының қасында еркін өседі. Отбасында қыздардың дауысы жанұяның басқа мүшелерімен бірдей есепке алынады. Соңғы кездерде қыз балалар күйеуге шығу мәселесінде де өздерінің пікірлерімен санасуға талпыныс білдіріп, бұл мәселеде де өздері үшін оңды шешімдерге қол жеткізіп жүргені Бөкейліктердің арасында белгілі болды.
Бай-бағландардың ауылдарында жай ғана дәстүрлі тағамдардан бөлек, «ойынға» қатысушыларды қымызды тойғанша ұсынады екен. Мұны шараға қатысушылар аса көп мөлшерде пайдаланып, сылқия тойғанша ішетін көрінеді.Аса көп мөлшерде ішілген қымыз өз дегенін істеп, ойынға қатысушы жастар бір-бірімен бұрынғыдан да етене араласып, әңгімені бұрынғыдан да қыздырып, әнмен домбыраның даусы бұрынғыдан да күшті дауыспен естіліп, жұрттың мәре-сәре болуы шегіне жеткен кезде енді бәрі жаппай билеуге құлшына кіріседі. Қазақтардың биі де қызық, қорбаңдап билегендері өздеріне жарасады. Бір қарағанда бұлардың биі қалмақтардың билеріне ұқсайды. Сондықтан бұлардың қайсысы бір-бірінен билерін қабылдап алды екен деген ой келеді Әдетте, бұлар былай билейді. Ортаға екеуі шығады. Бір жігіт, бір қыз. Домбырашы би музыкасын біздің «чижикке» ұқсас әуенді ойнай бастайды. Бишілер осы музыкаға ілесіп, өздерінің аяқ-қолдарын қимылдатып, билей бастайды. Құйындай үйірілген орыстың биіндей болмағанымен бұл жастардың биі де айнала қоршаған көрермендерінің көңілінен шығып, көпшіліктің ризашылығының белгісіндей ду қол шапалақтауға ұласып жатады. Бара-бара би билеу үшін ортаға жаңа жұптар шығып, жастардың сауығының сәнін асырып жібереді.
Мына орыс зерттеушісінің жазбаларынан біз ата-бабаларымыздың өнердің қазақ даласында кенжелеу қалған түрі – бимен де айналысқанын көріп отырмыз.
«Ойын» болып жатқан кезде «Ебін тапқан, екі асайды», – дегендей, жұптар жұрттың көзіне түспеуге әрекет жасайды. Үйден сытылып шығып, жігіт қызбен оңашада өзінің көңіліне түйген бір-екі жақсы сөзін ғана жеткізіп қоймай, қасындағы хас сұлудың бетінен де сүйіп алады. Бұл аздай жастар екінші рет қашан кездесу мәселесін де шешіп үлгереді. «Ойынның» соңы барлық қатысушылардың жалпы биімен аяқталады. Таңсәріде түні бойы кірпіктерін ілместен ауылдың іргесінде байлаулы тұрған ат-көліктеріне мініп, өздерінің үйлеріне қарай тарқасады…
Ш. НАҒЫМОВ,
педагогика ғылымының кандидаты,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры.