Ақерке АБЫЛАЙХАНҚЫЗЫ, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: САПА – БАСТЫ БАҒЫТ

Білім
1 535 Views

Соңғы жылдары елімізде білім мен тәрбие беру саласына тұрақты көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені үнемі өз бақылауында ұстап, білім саласының заман талабына сай болуы үшін қаржыны да, қамқорлығын да аямай, мектептер мен балабақшаларға барынша жағдай жасалуда. Биылғы жылы да жалпы ұстаздар қауымының беделін көтеретін, әлеуметтік жағдайын жақсартатын нақты міндеттер белгіленді. Біз осыған орай, Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелердің қалай шешіліп жатқанын білу үшін Шымкент қалалық білім басқармасының басшысына арнайы жолығып едік.

– Ақерке Абылайханқызы, кеше ғана Елбасымыз халыққа жолдаған Жолдауында ұстазар қауымына ерекше тоқталып, жалпы мектеп формасы туралы айтып өтті. Сол жөнінде Сіз не айтар едіңіз?

– Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында білім беру саласы жөнінде ерекше айтып өтті. Соның ішінде мектептер, арнайы білім беретін орындар жайына, сонымен қатар ұстаз мәртебесіне де тоқталды. Бұл Жолдауды ұстаздар қауымы ерекше ықыласпен тыңдады. Бүгінгі таңдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттары біздің негізгі бағытымыз болып табылады. Ол барлық мектептерге енгізіледі. Яғни қоғамда бір ой бар, ол: «жалпы білім беру саласындағы реформалау қашан тоқталады?» деген. Осы сауалдың жауабын биылғы Жолдаудан таптық. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шымкентке келіп, біздің қала әкімімен меморандумға қол қойды. Бұл меморандумды тек қағаз жүзінде қалдырмай, іске асыру үшін, яғни осы мектептің бағдарламаларын барлық мектептердің ұстаздарына оқытып, бірігіп жұмыс жасауды өзімізге мақсат етіп отырмыз.

Бүгінгі таңда министрлік тарапынан орта білімді жаңғырту бойынша жұмыстар өте белсенді түрде жүргізіліп отыр. Үш тілде білім беру, бағалау жүйесі, критериялық бағалау жүйесі бойынша ауқымды істер жасалуда.

Балабақша мәселесі де қазіргі таңдағы ең бір өзекті тақырып болып отыр. Сондықтан, Жолдауда балабақшада жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысын көтеруге, біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Шымкент қаласында 476 балабақша бар, оның 88-і ғана мемлекеттік. Қалғаны жекеменшік. Бұл жерде қызмет жасайтын 3000-дай педагог бар.

Жекеменшік сектордың көмегімен бала қамтуды жақсарттық. Қалада демографиялық өсім жақсы. Елбасы өз Жолдауында айтқандай, азамат бала жастан қалыптасады. Қалыптастыруға негіз болатын педагогтардың білімін шыңдау мақсатында министрлікте арнайы жол картасы дайындалуда. Шымкент қаласы да бұл жұмысты бастап кетті. Арнайы білім сапа орындарының мамандары қараша айынан бастап балабақша тәрбиешілерін арнайы оқытып, жүйелі мониторинг жасайды. Бүгінгі күнге дейін қордаланып қалған мәселелерді жалпы шешу мәселесіне стратегиялық тұрғыда мән берілуде. Бұл енді біз үшін маңызды. Барлығы Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр. Жолдауда айтып өткендей, бейнекамералар орнату мәселесі бойынша да жұмыстар атқарылады. 476 балабақшаның 70-інде ғана бейнекамера орнатылған. Ондағы мақсат – баланың қауіпсіздігі. Келешекте осы камераларды құқықтық органдардың базасымен интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Жолдаудағы көңілге дем беретін мәселелер ерекше аталып өтілді.

– Жалпы, Жолдауда ұстаздар қауымының жалақысын көтеру жайында ерекше айтылды. Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз…

– Жалақыны көтерген уақытта міндетті түрде ұлттық квалификациялық тест тапсырылады. 5 қараша күні біздің ұстаздарымыз да тапсырды. Тестілеуден 67 пайызы ғана өтті. Жалпы, бұл жаман көрсеткіш емес. Жалақы автоматты түрде көтерілмейді. Жалақыңды көтергің келсе, біліміңді шыңда. Біліміңді көрсет. Соған сәйкес жалақыңа қосымша үстемақы ал. Бұл жерде ынталандыру болу керек. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда уақыт бізді күтпейді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне ену үшін ұстаздарымыз балаға білім бере алатындай деңгейде болуы тиіс. Себебі, өзінің ой елегінен өткізбеген материалды ұстаз баланың санасына жеткізе алмайды. Өйткені, интернеттің заманы, қазіргі балалар кез келген терминді ғаламтордан қарап, біліп алады. Ең керегі – білімнің сапасы. Оны қалыптастыратын – ұстаздар.

– Бәрімізге белгілі, Шымкент қаласы қазір үшінші мегаполиске айналды. Яғни біршама ауыл мектептері қалаға қосылып, сіздердің қарамақтарыңызға қосылды. Осыған сәйкес, тасымалдау бойынша да мәселелер туындаса керек. Бұл жағы шешімін қалай тауып жатыр?

– Кез келген мектептің алға қойған стратегиясы болады. Бәрімізге жасырын емес, Шымкент қаласында үш ауысымда, бір сыныпта көп баладан отыратын мектептер де бар. Осылардың бәрі білім сапасына кері әсер ететін факторлар болып табылады. Шымкент қаласының ауа райы барынша жанға жайлы болғанымен, егер де баланың баратын мектебі 3 шақырымнан асатын болса, автобустар берілуі тиіс. №97 мектепті қазір автобуспен қамтыдық. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балаларын ыстық тамақпен қамту да біздің назарымызда.

– Ақерке Абылайханқызы, жалпы білім саласында, білім ғана емес, барлық мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың бар екендігі жасырын емес. Редакциямызға хабарласқан оқырмандардың мәлімдеуінше, осы бір келеңсіз жәйт аздап саябырсыған секілді. Барлығы да белгілі бір талаптарға сәйкес жұмысқа қабылданып, директор болу үшін керекті санаттардың барлығы алынуы керек екен. Бұл көңілге қуаныш ұялатады. Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз…

– Біз заңды құрметтейтін азаматтармыз. Барлығы ережеге сай өткізіледі. Жуырда мектеп басшыларын сайлау конкурсы өткізілді. Сол ауданға сайланатын мектеп басшылары міндетті түрде сол шағынауданда тұруы қажет емес. Қай кандидаттың құрған стратегиясы анық – сол ұстаз ғана басшы етіп сайланады. Міндетті түрде арнайы тесттен кезең-кезеңімен өтіп, талапқа сай барлық ереже бойынша сайлануы тиіс. Бүкіл БАҚ өкілдері де қатыстырылды. Ата-аналар комитетінің өкілдері де келді. Комиссия ашық отырды. Барлық сұраққа толық жауап бергендер конкурстан өтті. Конкурстың нәтижесі жазбаша жауап беру арқылы жинақталып, сол жерде бірден жария етілді. Білім ордасы таза ұрпақты тәрбиелейтін орын болуы керек. Бар әрекет сөз жүзінде емес, іс жүзінде болуы тиіс. Біз көбінесе акцентті мектепке жасаймыз да, балабақшалар сырт қалып жатады. Адал ұрпақ тәрбиелеу үшін білім саласы таза болуы және әр ұстаздың бойында балаға деген махаббат, тазалыққа деген ұмтылыс болуы қажет. Білім басқармасында «колл-орталық» орналастырылды. Әрбір азамат тек фактімен сөйлеуі керек. Кейде артық кететініміз де бар, сол үшін арнайы аудиожазба жүргізіледі. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлерімен бірлесіп семинарлар өткізіп отырамыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандарымен де тығыз жұмыс жасау дәстүрге еніп келеді. Білім саласында атқарған жұмыстарымыз бір күнде нәтиже бермейді. Уақытты талап ететін жұмыстар көп. Қолға алған тірліктерді соңына дейін жеткіземіз деген үміттеміз.

– Осы сәтті пайдаланып, жалпы ұстаздар қауымына, ата-аналарға, оқушыларға айтар сөзіңіз болса…

– Жалпы, Шымкент қаласы инабатты, ибалы ұрпақты тәрбиелеп отырған қала ғой. Шымкенттің халқы өте жайдары. Мен шетелде оқып жүргенімде байқағаным, Жапонияда мектеп оқушылары әр сабақ аяқталғанда мұғалімге барып, ерекше ілтипатпен рақмет айтады екен. Яғни сол күні алған білімі үшін. Біздің де оқушыларымыз ұстаздарға ерекше ықыласпен бас иіп, үлгі тұтса, ұстаздар мен оқушылар арасында ерекше бір алтын көпір орнар еді. Сонымен қатар ата-аналар да ұстаздарға ерекше құрметпен қарап, үйде балаларын ерекше қадағалап отырса, нұр үстіне нұр болмас па?! Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де тырнақ астынан кір іздемей, қоғамда туындап жатқан келеңсіз мәселелерді жарияға жар салмай, дипломатиялық жолмен шешіп жатса, бұл да жақсы. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірігіп жұмыс жасасақ, өз нәтижесін беретіні анық. «Алтын ұя – мектебім» дегенді сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетсек, біздің алдағы алар асуымыз бүгінгіден де биік болары сөзсіз.

Қ. ТАСБОЛАТҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *