ТАБАНДЫ ТӘЛІМГЕР

Мерей Қоғам
25 Views

Журналистика теоретигі, профессор Намазалы Омашевпен кездесу өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашұлының қатысуымен тағылымы мол кездесу өтті. Бұл шара белгілі профессордың 75 жасқа толуына және журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің 15 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Кеш басталмай жатып, университеттің бас ғимаратына жиналған студенттер, оқытушылар, зиялы қауым өкілдері – барлығы қазақ журналистикасының ақсақалымен жүздесуге асықты. Бұл кездесу — құрмет пен тағзымға, тағылым мен тәрбиеге толы ерекше рухани сәт болды.
Намазалы Омашұлы — қазақ журналистикасы мен білім беру саласының тарихында өзіндік орны бар, көпке танымал тұлға. Ол — отандық журналистиканың теориясы мен тәжірибесін қатар дамытқан, шәкірт тәрбиелеп, ғылымда да, қоғамдық салада да ауқымды еңбек еткен жан.
Кездесуде университет пен факультет басшылары ғалымның өмір жолына, университеттің дамуына қосқан үлесіне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Намазалы Омашев университет қабырғасында алғаш құрылған Журналистика және саясаттану факультетінің негізін қалауға мұрындық болып, алғашқы декан қызметін атқарған. Сонымен қатар ол журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры ретінде ғылыми бағыттағы кешенді жұмыстарды үйлестірді.
Бүгінгі күні сол факультет «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті» атауымен өз жұмысын сәтті жалғастырып, жаңа буын журналистерді даярлауда үлкен рөл атқарып отыр.
Кездесудің ең маңызды бөлігі – Намазалы Омашұлының студенттермен ашық әңгімесі болды. Ол өз сөзінде журналист болу үшін терең біліммен қатар, қоғамға деген жауапкершілік пен көзқарас қажет екенін қайыра айтты.
– «Мына дүниені ескеріңіздер! Біз көбінде объекті мен проблеманы шатастырамыз. Кейде объектіні ғылыми жұмысқа айналдырғымыз келеді. Ал журналистерге сол объектінің ішінен ақтарып, шешілуі керек мәселелерді қозғай білу керек. Біздің кейбір журналистеріміз ауыл шаруашылығы, экономика, қаржы саласын тақырып етіп алады да, солардың төңірегінде қалып қояды. Ал нағыз журналист — әрбір зерттеу жұмысын журналистік көзқараспен, шешілуі тиіс мәселе тұрғысынан қарауы керек. Тек сонда ғана ол қорғауға тұрарлық тақырып болады. Сонда ғана жол ашылады», – деді профессор. Бұл сөздер болашақ тілшілерге ғана емес, журналистиканың мәнін қайта зерделегісі келетін әр адамға бағытталған бағыт-бағдар іспетті болды.
Кездесуде Намазалы Омашұлы жас журналистерге мамандықтың қадір-қасиеті жайлы да сыр шертті. Ол әділеттіліктің жолы оппозициясыз-ақ мүмкін екенін айтып, сөздің салмағын, қаламның құдіретін тілге тиек етті.
– «Ауруымызды жасырсақ, өлім әшкере болады. Балалар! Қазір журналистер жүгіріп, айғай-сүреңмен ештеңе шеше алмайды. Ол — біздің мамандығымызға жат. Сенің қолыңда қаламсап тұр ғой? Сөйлейтін трибунаң бар ғой? Өзіңнің өтінішіңді неге мамандығыңа сай жеткізбеске? Егер жеткізе алмасаң — мамандығыңның қадірін түсініп, түбіне жетпегенің. Біздің қаруымыз — қалам. Қаншама Алаш қайраткерлері жазумен-ақ өзгерістер енгізіп, жаңалықтар ашқан…», – деп жастарға өз мамандығына адал болуды аманат етті.
Кездесуде сөз сөйлеген филология ғылымдарының докторы, академик, профессор Бауыржан Омаров ғалым жайлы жылы лебізін білдіріп:
– «Қазақстандағы ең ірі факультеттердің екеуін басқарып, біреуінің ізін жалғастырып, біреуінің негізін қалады. Ол кісінің бұл салада жасаған жұмысы, еңбегі — өлшеусіз. Негізін салу деген сөзді балталасаң да бұзылмайды, себебі ол кісі шынында негізгі жолын, іргетасын қалады, алғашқы бағдарламасын жасады. Бұл кісінің жасаған жолымен барлығымыз келе жатырмыз», – деп, профессордың білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегін атап өтті.
Шара соңында “Өнегелі өмір” сериясы аясында жарық көрген, Намазалы Омашұлының өмір жолы мен шығармашылығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл туынды — тұлғаның өмірін жан-жақты баяндайтын, жас ұрпаққа үлгі болатын тағылымды еңбектердің бірі. Бұл – тек құрмет қана емес, өнегені ұрпаққа табыстаудың нышаны.
Кездесу — бір ғана университет қабырғасындағы шара емес, бұл – бірнеше ұрпаққа азық болар, елдің рухани кеңістігінде орын алатын маңызды оқиға. Журналистиканың дара тұлғасымен жүздескен жастар үшін бұл күн — бағыт пен бағдар алған жүздесу болды. Намазалы Омашев сынды ұстаздардың сөзі мен ісі, өмірі мен өнегесі — келешек қаламгерлердің шамшырағы болып қала бермек.

Елдара САҒАДИҚЫЗЫ,
ЕҰУ-нің студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *