АБАЙ МЕН АЛАШ

Мерей Әдебиет
917 Views

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көргенінен жұртшылық жаппай хабардар деп ойлаймын. Прези­дент мақаласында Абай әлемін бүгінгі күнмен, мемлекет құрылысымен, ел дамуымен байланыстыра отырып кеңінен талдау жасады. Бұл баршамызға Абай мұрасына жаңаша қарау керектігін аңғартты. Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш айналымға түсіп отырған «парасатты патриотизм» ұғымының басты шартын да осы мақаласында көрсетті. Оны «Біз енді ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтын қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» деген тұжырымнан анық байқаймыз.

Абай мұралары екі ғасырға таяу уақытта көп зерттелді. Абайтанудың бастауы ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихының оқшау құбылысы Алаш қозғалысы тұсынан басталады. Дегенмен, Абай мұраларына саяси философия тұрғысынан қарау – оның жаңаша қырларын аша түспек. Президенттің «Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы, оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хәкім Абай ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларына үндеседі» дейтіні сондықтан. Осы арада Президенттің сайлауалды бағдарламасының негізгі тұғыры да «Әділдік» екенін еске салу артық болмас еді.

Абай Құнанбайұлы қазақтың ой ағынының тарихи бұрылысын жасады. Ол қазақ әдебиетін ғана емес, өзінен кейінгі тұтастай ойлау жүйесін жаңа арнаға бұрған данышпан. Ендеше, Абайдың ізін баса алаштың тууы заңдылық еді. Олар Абай аңсаған «әділетті қоғам» ғана емес, Абай жүйелеген күллі адамдық, кісілік құндылықтарды тұтас елдік мінезге айналдыруды мұрат тұтты. Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының Абай туралы толғамдарынан осы аңсар көрінеді.

Абай айналасына үлгі шашып, сәуле түсіріп отырған. Заманында Абайдың айналасында жүріп, өнегесін көрген белгілі ақындар көп. Бұл турасында Қайым Мұхаммедханов ақсақал арнайы зерттеу де жасаған. «Абайдан соңғы ақындар» кемеңгердің ыңғайымен бағдар алып, бағыт тауып отырғаны белгілі. Сондай ақынның бірі – Көкбай. Ол хәкім туралы естелігінде өзіне Абайдың арнайы тапсырма беріп, Кенесары-Наурызбай тарихынан дастан жазуды жүктегенін айтады. Тіпті Көкбай өзінің Наурызбайдың Ағыбайдан сыйға алған атақты «Ағауыз» аты туралы шумақтарын Абай жақтырмай, «Мынауың Наурызбай мінетін ат емес» деп сынап, ертесі «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» атты өлеңін жазып, оны да ұнатпай, «Бұл да мес болып кетті» деп өкінгенін де жазады.

Бұл жерде мәселе ат туралы емес, бүгінде жұрт тамсанып, ат сынының үлгісіне айналдырған «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» Наурызбай мінген «Ағауыздың» шеніне келмесе, Наурызбай мінген ат қандай болғаны? Ал ол атты мінген Наурызбай ше? Оның ағасы хан Кене мінген «Көкбурыл» қандай? Меніңше, Абай сөзінде, сол ерлерге деген шексіз құрмет пен сүйініш жатса керек. Ол рухты баһадүрлерге деген құрметін осылай аңғартқандай әсер қалдырады. «Жапырағы қураған ескі үмітпен» елдің еңсесін көтеретін намысты аңсайтын көңілінің зарығын солай білдірсе керек.

Абай Құнанбайұлы да өз заманының перзенті. Тұтастай алғанда Азиялық, берісін айтсақ, түркі-қазақтық ойлау жүйесі жеке тұлғалардың жетекшілігіне көбірек сенеді. Біздің фольклорымыздың қаһармандары да осыны аңғартады. Аңдап қарасақ, жырларымыздың бәрінде жалғыз атты ерлер елді теңдікке жеткізіп жатады. Эпостың ортасында туған, батырлар жырының сарынымен өскен Абайдың да осындай рухпен тәрбиеленгені даусыз. Абылай хан дәуірінің асқақ дауысы әлі құлағынан кете қоймаған заман үшін Кенесарының қайғылы уақиғасы сондай тосын әрі жан тебірентерлік еді. Отарлықтың да қос өкпеден қысқан шеңгелі енді батып келе жатқан уақыттың тумасы осы үш үлкен ағынның құйғанында, дәуір сапарының бұрылысында, тарихи кезеңнің өларасында есейді.

Тақсыз хан, тақталы би Құнанбайдың ауылы қандай данышпан ойлар мен даңсалы аңсарлардың тоғысатын жері болғаны онсыз да түсінікті болса керек. Бірақ Абай толыса келе:

«Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,

Ер табылса жарайды қылса сұхбат…» – дейді. Абайдың ері кім? Жақсысы қандай? Осы сұрақтардың жауабы бізге Абай тұлғасын ғана емес, кешегі заман суретін, бүгінгі күннің келбетін, болашақтың сұлбасын көруге септесерлік анық бағдар болар еді.

«Туғызған ата-ана жоқ,

Туғызарлық бала жоқ.

Туысқан, туған, құрбылас,

Қызығымен және жоқ…», – деп және налиды. Тағы да сұрақ. Абай аңсаған «Туғызарлық бала» кім? Ол қандай азамат болмақ?

Хәкімнің сөздерін сараласақ, бұл сұрақтардың жауабы алдымыздан шығады. Абайдың шығармаларын зерделеп оқысақ «Әділдік, арлылық, махаббат» ұғымы сайрап тұр.

«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харакет қыл, пайдасы көпке тисін.

Ежелден көптің қамын тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін».

«Пайдасы көпке тиетін» харекет ғылым мен білім. Абайдың тұтас мұрасында теңдікке жетудің, елді қатарға қосудың жалғыз жолы – білімді ерлер екені өзекке айналған. Президент мақаласында да «Абай қазақтың дамылсыз оқып, үйренгенін жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болу үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударады», – деген пайым бар.

Абай осы жолда өзі де, Құнанбай әулеті ұрпақтарын да жетелейді. Інісі Халиолланы өз қаражатымен оқытты. Тіпті қыздарына дейін Семейге әкеліп заманның оқуына кіргізді. Десе де, ең үміт күткен баласы Әбіш еді. Бірақ ғұмыры қысқа болғаны баршаңызға белгілі. Бұл қаза Абайға өте ауыр соқты. «Кешегі өткен ер Әбіш» деп күңіренді. Осы күңіреніс тұсында біз жоғарыда айтқан «Абайдың ері кім?» деген сұраққа жауап шығады. Абайдың ері – заманының ғылымы мен білімін игеріп, білімнің шыңына шыққан Әбіш сияқты азаматтар. Әбіш сияқты азаматта Кенесарының рухын, Абайдың білімін тұтастай тұла бойына жинақтаған жаңа заманның өр ұландары болатын. Ендігі заман білектің емес, білімнің заманы екенін қапысыз ұққан, қайраусыз жанылған тұтас буын келе жатыр еді.

Сол үлкен қазаның үстінде хәкім:

«Жаңа жылдың басшысы ол,

Мен ескінің арты едім.

Қайғы деген ащы сол,

Сүйекке тиді қарт едім», – деп толғанады. Иә, Жаңа жылдың басшысы Әбіштер еді. Бірақ жалғыз Әбіш қана ма? Данышпан Абайдың өзі айтқан «Кім жаман болса замандасы кінәлі». Енді мұның келесі жағы бар. Егер жақсы болса…

Әбіштің замандастары Әлихандар мен Ахметтер еді. Қара ормандай қаулап келе жатқан Алаш қозғалысының боздақтары болатын. Олар қазақтың «Қайта өрлеу» дәуірін туғызуға келе жатқан тұтас буын. «Жаңа жылдың жаршысы» болған олар қазақтың алғашқы газетін шығарып, тұтас терминологиясын қалыптастырды. Қазақ ғылымы тұтастай сол Алаш қозғалысы тұсында қалыпқа түсті. Қазақтың әдебиет теориясы, лингвистикасы, тұтастай жаратылыстық ғылымы, шығыстану, тұтас академиялық ғылымының саласында Алаш арыстары тұр. Қазақтың алғашқы партиясын құрып, Еуропалық үлгідегі жаңа мемлекеттің іргесін қалаған да солар.

Данышпан Абай осыны сезген. Хәкім оны ғана емес, олардың қайғылы тағдырын да сезген сияқты. «Көк тұман келеді айдап көп суретті», – дейді. Әулиелік дерсіз…

Алаш азаматтары да енді тек ғылым мен білім ғана жеңетін заман келгенін қапысыз ұқты. Ғылымға шөліркей ұмтылды. Біздің де заманымыз солай. Ғылым мен білімнің заманы. Ал ғылым мен білім маңдай терлемей келмек емес. ХХІ ғасырдағы Қазақстанға хәкім Абай ХІХ ғасырдан осындай өсиет айтады. Ол өсиет ескірмейді. Алаш азаматтары сияқты өсиетке адал болу біздің де міндетіміз. Президент «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары деңгейде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз», – деді мақаласында. Бұл да біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағыты екені даусыз. Ендігі міндет – Алашты әлемге Абай арқылы таныту, жаңа ғасырдағы Қазақстанның, жас ұрпақтың кескін-келбетін, бағыт-бағдарын Абай мұрасы мен өнегесінің негізінде қалыптастыру. Бұл жолда тұтас қоғам бірігіп, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып жұмыс істеуі керек деген ойдамыз. Өйткені біз осы арқылы өз болашағымыздың, ел келешегінің керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктей түсеміз.

Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *