ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ ӘКІМ

Тұлға
15 Views


Абай облысына Берік Уәли әкім болып тағайындалғаннан бастап елмен етене араласып жүруді әдетке айналдырғаны туралы аңызға бергісіз әңгімелер жиі естіліп жатады. 20-30 жыл жөндеу көрмеген жолдар асфальтталып, Семейдегі үлкен көпір заманауи форматта қалпына келтірілді. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Аудандардың ажары ашылып, ірі жобалар жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығында өзгеше серпіліс пайда болды. Облыс әкімі алыс аудандарға сапарға жиі шығып, көзден таса, көңілден жырақ дүниелерді өз көзімен көріп, оны шұғыл шешуге мұрындық болды.

Ал жақында Берік Уәли Жаңасемей ауданының Қайнар ауылында аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы баяндадым. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жаңасемей – мал және егін шаруашылығына бейім аудан. Биыл аудан шаруалары 14,9 мың гектар алқапта егін жинады. Ауданда 46,7 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуге, жұмыс орындарын ашуға және өңдеу саласын дамытуға ықпал етеді. Сонымен бірге ауданда қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна ет өндіретін ірі ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Инвестор 5000 басқа арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлауда.
Биыл Жаңасемейдің Приречный және Түрксіб мектептері күрделі жөндеуден өтті. 13 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қайнар ауылындағы Абыралы ауруханасына стоматологиялық құрал-жабдық алынады. Жаңасемей ауданында 14 медициналық пункт салуға жобалық сметалық құжаттама әзірленуде.
Әкім кездесу барысында бұрын аудан орталығы болған Қайнар ауылындағы Мәдениет үйінің материалдық-техникалық жағдайының төмен екенін ескеріп, жақында музыкалық аппарат пен лед-экран берілетінін айтты.
Тұрғындармен кездесуден кейін Қайнар ауылындағы бірқатар нысандарды аралады.
Сәуір айында Қайнар ауылына келгенде бірнеше әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етіп отырған Сапарғали Бегалин атындағы
мектептің жылу қазандығының тозығы жеткені айтылған еді. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, қысқа мерзімде екі жаңа қазандық қойылды. Сондай-ақ, ауылдағы «Айриза» балабақшасының жұмысына назар аударылды. Бұл шағын орталық 50 орынға арналған және 2 топтан тұрады.
Осы ауылдың тумасы Перизат Бағдатқызының бастамасымен ашылғалы отырған «Айриза» балабақшасы елді мекендегі 1996 жылдан бері бой көтеріп отырған алғашқы балабақша екен. Іші жарық, кең, әдемі. Бүлдіршіндер үшін барлық жағдай қарастырылыпты. Мемлекеттік тапсырыс аясында әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.
Сонымен қатар ауылдағы биыл қайта жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бекетінде болдым. Өрт сөндіру постының қызмет көрсету аумағына Қайнар ауылы, Қараөлең бөлімшесі және 30-дан астам шаруа қожалығы кіреді. Жалпы 350 үй, 1398 тұрғын осы посттың қорғауында болады. Мұнда қазіргі таңда 5 адам жұмыс істейді. Нысан электрлендірілген, жеке қазандық арқылы жылытылады. Бүгінде Қайнар ауылының аумағында су алуға арналған 4 өрт гидранты орнатылған.
Сондай-ақ облыс әкімі Жаңасемей ауданының ең шалғайдағы, облыс орталығынан 360 шақырым жерде орналасқан елді мекендердің бірі Алғабас ауылына арнайы барды. Жақында ауылдағы 1974 жылы пайдалануға берілген, әбден тозығы жеткен су құбырлары толық ауыстырылып, елді мекенге таза ауыз су берілді. Ауыл ішінде 73 сақиналы құдық, 25 гидрант орнатылды. Бұл Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды.
Сәуір айында Алғабас ауылына барғанында бірнеше нысанды жылумен қамтамасыз етіп отырған Быхин атындағы мектептің жылу қазандығының да мәселесі айтылған еді. Әкімдік тарапынан тиісті қаржы бөлініп, үш пеш толық ауыстырылып, ұзындығы 90 метр жылу трассасы жөнделді.
Сондай-ақ, осы сапарында ол Алғабас ауылындағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Офф-тейк келісімімен салынған спорттық нысанның құрылысы 2024 жылы басталып, биыл аяқталды. Ғимарат бір уақытта 110 адамды қабылдай алады. Салтанатты шара барысында береке-бірлігі жарасқан Алғабас ауылына Газель көлігінің кілтін табыс етті.
Бұл – Абыралы өңіріндегі Қайнар, Алғабас ауылдарына 7 айда екінші рет баруы. Аграрлық әлеуеті зор, жаңадан құрылған Жаңасемей ауданының өзекті мәселелерін жақсы біледі. Жол, ауыз су, жарықтандыру сияқты проблемалар кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешіліп жатыр. Алдағы уақытта да ауданның дамуы жеке бақылауында болатындығын ескертіп өтті.
Бұл әкім Берік Уәлидің тынымсыз жұмыс күндерінің бір ғана үзігі деуге болады. Қайбір жылдары: «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ұран баспасөзде жиі көрініс беріп жататын еді. Осы сөз тіркестері Бекеңе арналғандай. Күнделікті өмірінде Семей қаласы ғана емес, аудандардың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатқан Берік Уәлидің жұмысына сәттілік серік болғай.

М.ТӘУКЕБАЙ,
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *