ШЕКАРАЛЫҚ ӨТКЕЛДЕРДІҢ МҮМКІНДІГІН АРТТЫРУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУҒА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕТІН ФАКТОР

Экономика
13 Views

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен төртінші отырысында Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының фракциясы «Шекаралық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуге бастамашы болғанын айтқан болатын. Заң жобасын әзірлеу барысында Қазақстан Республикасының 14 облысы көршілес 5 мемлекетпен шектесетіні, шекаралық аймақтарда барлығы 65 аудан бар екені, онда 3,5 млн. адам тұратыны айқындалды. Ал шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн халық тұратын 1 283 елді мекен бар деп зерделеніп, осы ауылдарға тән өзекті мәселелерді оңтайлы шешудің құқықтық негіздері тізбектелді.

Заң жобасына сәйкес, Түркістан облысында 9 аудан шекаралық аймақ санатына жатқызылып, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі аталған заң нормаларымен реттелетін болады. Парламент депутаттарының заң шығарушылық бастамасын, аталған аймақтардың тұрғындарына түсіндіру, заң жобасына ұсыныстар енгізу мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарының атқарушы және өкілді билік тармақтарымен, қоғамдастық өкілдерімен және белсенді азаматтарымен кездесулер өткізіп, заң жобасына қатысты жергілікті тұрғындар білдіріп жатқан ұсыныстарды жинақтады. Бұл ұсыныстар партияның Орталық аппараты арқылы Парламент Мәжілісіндегі фракцияның қарауына жолданды.
Мемлекеттің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін қамтитын арнайы заң жобасы қазір толықтырылды, оның мазмұны Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентіне сәйкес қаралатын болады.
Аумақтық тұтастықтың мызғымас шебі болып табылатын мемлекеттік шекарадағы бақылау-өткізу пункттерін жаңғырту және заман талабына сай дамыту – ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. Шекаралық аймақтардың тұрақты дамуы мен өркендеуі, осы өткізу-бақылау бекеттерінің орнықты жұмыс істеуіне байланысты және бұл бағыттағы жұмыстарды Түркістан облыстық мәслихатының депутаттық корпусы тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Шекаралық өткелдердің техникалық дайындығын зерделеуде Түркістан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысты. Комиссия құрамына енген мәслихат депутаттары шекарадағы бақылау-өткізу пункттерінің қазіргі жай-күйін зерделеп, сала мамандарымен инфрақұрылымдық байланыстарды жетілдіру мәселелерін қарастырды. Депутаттар шекаралық өткелдердің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін арттыру, осы аумақтарды инженерлік желілермен, жолдармен, байланыс және цифрлық жүйелермен толық қамтамасыз ету – шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін фактор деп бағалады.
Уақытша депутаттық комиссияның мүшелері Сарыағаш ауданындағы «Қазығұрт», «Қапланбек», Келес ауданындағы «Б.Қонысбаев» кеден бекеттерін аралап көрді. Соның ішінде қайта жасақталып, заманауи талаптарға сай жабдықталған «Қазығұрт» кеден бекеті 2025 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Төкешұлы Такиевтің және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтың қатысуымен ашылған болатын.
Кең ауқымды реконструкциядан өткен бекетте көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, сканерлеу жабдықтары, салмақ габаритті жүйелер, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар және радиациялық бақылау құралдары енгізілді. Қауіпсіздік пен жайлы қозғалысты арттыруда қозғалыс ағындары жаяу жүргіншілерге, жеңіл және жүк көліктері үшін бөлінді. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылды. Кеден бекеті қазіргі заманға сай техникалық құралдармен және цифрлық сервистермен жабдықталып, өткізу қабілеті айтарлықтай артқан.
Бұған дейін кеден бекетінің тәулігіне екі бағытта 250 жүк көлігін өткізуге мүмкіндігі болса, бүгінде тәулігіне 1 000 жүк көлігін өткізу мүмкіндігін алған. Ал бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейтіліп, өткізу пунктіндегі жүк көліктеріне арналған көлік жолақтары екі жолақтан алты жолаққа дейін артқан.
«Қапланбек» кеден бекетінде жолаушылар мен жеңіл көліктер шекаралық бақылаудан өтеді. Жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін, мұнда тәулігіне 50 мың адамға дейін жолаушы қабылдай алатын заманауи хаб қалыптасқан. Бұған дейін бұл бекеттің өткізу көрсеткіші тәулігіне небәрі 10 мың адам болатын. Бақылау-өткізу пунктіндегі барлық рәсімдер толық цифрлық форматқа көшіп, «Бір терезе» қағидасы енгізілген. Қазір жеке тұлғалар үшін шекарадан өту уақыты 5 минуттан, ал жеңіл көліктер үшін 10 минуттан аспайды.
Транзиттік бағыттағы маңызы зор «Б. Қонысбаев» кеден бекеті де ауқымды реконструкциядан өтіп, автомобиль жолақтарының саны 2- ден 6 жолаққа дейін ұлғайтылған. Бақылау-өткізу жұмыстары жеделдетіліп, шекаралық бақылаудан өткізілетін техникалық құралдар саны тәулігіне 1 мың көлікке дейін жеткен.
Шекара бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстары бақылау-өткізу пункттерінің заманауи сервистік әрі логистикалық орталыққа айналуын көздейді. Кедендік және шекаралық рәсімдерді цифрландыру, өткізу қабілетін арттыру, жүк және жолаушылар ағынын реттеу мәселелері халықаралық сауда мен транзиттік әлеуетті күшейтуге серпін беретінін айтқан депутаттар, жаңғырту жобаларының белгіленген мерзімдерінде орындалуына, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына, қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына және азаматтар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуына баса мән берді.
Шекарадағы бақылау-өткізу пункттерін шекаралық аймақтармен байланыстыру өңірлік дамудың кешенді саясатын белгілейді. Осы орайда, жол, байланыс, инженерлік желілердің жаңаруы жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді деген ойдамыз. Осы мәселеге назар аударған облыстық мәслихат депутаттары, шекара маңындағы елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашу, қызмет көрсету саласын дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін де көтерді.
Шекаралық аумақтар елдің шетінде орналасқан аймақтар болуымен қатар, мемлекеттің экономикалық және геосаяси мүддесі тоғысатын стратегиялық кеңістік ретінде қарастырылады. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуы депутаттық корпустың тұрақты бақылауында қала береді.
Облыстық мәслихат депутаттарының уақытша комиссиясының жұмысы одан әрі Мақтаарал ауданында жалкасып, Атакент кенті мен Шаттық, Игілік, Әл-Фараби елді мекендерінде газ қуатын арттыру бойынша жаңа газ жүйелерінің құрылысын жүргізу, Атакент кенті мен Өркениет елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерін қайта құру, аудандағы екі жалпы білім беретін мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары, жергілікті өндірістік кооперативті инфрақұрылыммен қамту мәселелері зерделенді.
Уақытша комиссияның шекаралық бекеттер мәселесі және Мақтаарал ауданы бойынша жасаған жұмыс қорытындысы Түркістан облыстық мәслихатының алдағы сессиясының күн тәртібіне шығарылады.

ЭКОНОМИКА САЛАСЫНА ЖОҒАРЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СТАНДАРТТАРДЫ ЕНГІЗУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚТЫҢ БІРІ

«AMANAT» партиясы экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, экономиканың барлық саласына жоғары экологиялық стандарттарды енгізуді басты басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, су көздерін сақтау және агроөнеркәсіптік кешенде ылғал үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды міндет ретінде бекітілген. Оның орындалуын партия құрылымдары мен депутаттық корпус тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Мемлекет басшысы су ресурстарын үнемдеу – бүкіл ел деңгейінде қалыптасуы тиіс жаңа мәдениет екенін айрықша атап өтті. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Түркістан облысында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңір су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша республикада көшбасшы аймақтардың біріне айналды.
Экономикасы ауыл шаруашылығы саласына бейімделген Түркістан облысында су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыруда жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде 90 мың гектарға арналған жаңбырлатып суару жүйелері өндірілсе, оған қосымша 73 мың гектарға арналған тамшылатып суару технологияларын шығару жолға қойылған. Сонымен қатар биыл жылдық қуаттылығы 30 мың гектарды құрайтын тағы 2 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс орындары шығарған өнімдер облыс дихандарының сұраныстарымен қатар көршілес өңірлердің де қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Берілген тапсырмалардың аясында ылғал сүйгіш дақылдарды өсіруде жаңа технологияларды енгізу ауқымы кеңейтілуде. 2026 жылға қарай мақта дақылын дәстүрлі әдіспен 82,8 мың гектарға, ал жаңа технологиямен 79,6 мың гектарға егу жоспарланып отыр.
Осы саладағы маңызды жаңалықтардың бірі – елімізде алғаш рет күріш дақылы пилоттық режимде тамшылатып суару технологиясымен егілді. Егер дәстүрлі тәсілде күріш өсіруде бір гектарға 26 мың текше метрге дейін су жұмсалса, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш 15 мың текше метрге дейін төмендеп, су шығыны екі есеге қысқарды.
Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында белгіленген индикаторлар мерзімінен бұрын орындалып келеді. Мәселен, 2025 жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған болса, нақтысында 59 мың гектар алқап қамтылып, жоспар екі еседен астам орындалды.
Қазіргі таңда облыс бойынша 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, нәтижесінде 195 млн текше метр су үнемделді. Ал жыл сайын қосымша 50 мың гектарға жаңа технология енгізу арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн текше метр су үнемдеу көзделіп отыр.
Үнемді су жұмсау технологияларының тиімділігі мақта шаруашылығында да айқын байқалады. Өңірімізде 2025 жылы жаңа технологиямен егілген мақта алқаптары 52,2 мың гектарға дейін ұлғайып, дәстүрлі әдіспен егілген алқаптар 92,3 мың гектарға дейін қысқарды. Нәтижесінде өнімділік гектарына 60 центнерге жетіп, 89,3 млн текше метр су үнемделді.
Облыс басшылығы трансшекаралық өзендерге тәуелді оңтүстік өңірі үшін су үнемдеуді стратегиялық міндет деп қарастырады. Осыған байланысты, алдағы жылдары су үнемдеу технологиялары жыл сайын қосымша 50 мың гектарға енгізу жұмыстары жалғасады. Атап өтуіміз қажет, Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде маңызды орын алады. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы біздің өңірге тиесілі. Жыл сайын облыста 1 триллион теңгеден астам өнім өндіріледі. Сонымен қатар еліміздегі суармалы жерлердің төрттен бірі, яғни, 575 мың гектар алқап Түркістан облысының үлесінде.
Ылғал үнемдеу технологияларын енгізу бағытында «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды бағдарламаны іске асыруды үйлестіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады. Жол картасында белгіленген көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуы, су ресурстарын тиімді пайдалану және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету партия құрылымдары мен депутаттық корпустың тұрақты бақылауында болады.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» – АУЫЛДЫ ҚОЛДАУДЫҢ ЖОБАСЫ

«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін бірегей бастама екені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен партия бастамасы мемлекеттік бағдарлама болып түзіліп, оның аясында 2,5% жылдық мөлшерлемемен 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беру механизмі қалыптасты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы Келес ауданында тұрақты түрде іске асырылып, ауыл шаруашылығының дамуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына нақты ықпалын тигізіп отыр. Жоба ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын көбейтуге бағытталып, өз нәтижесін беруде. 2023-2025 жылдар аралығында бағдарлама шеңберінде Келес ауданында 339 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 750 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл тұрғындары қолға алған жобалар негізінен мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға, жылыжай шаруашылығын кеңейтуге, балық және құс өсіруді жолға қоюға бағытталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтері қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың жеке кәсібін бастауына мүмкіндік жасалды. Осы кезеңде аймақта бірнеше шағын өндіріс орындары да іске қосылды.
2025 жылы жүзеге асырылған бастамалар қатарында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, жүзім шаруашылығын дамыту, сондай-ақ тігін бағытында шағын өндіріс орындарын ашу жұмыстары бар. Бұл жобалар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде.
2026 жылға өңдеу саласына басымдық беріліп, кемінде төрт кооператив құру жоспарланып отыр. Осы мақсатта Абай ауылында сүт өндіру кооперативін, ал Бірлесу ауылдық округінде құлпынай өсіру кооперативін құру бойынша қажетті құжаттар тиісті мекемелерге жолданды.
Қазіргі кезде Бірлік ауылдық округінде өндірістік парк ашу үшін арнайы жер учаскесі белгіленді. Мұнда «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша жем-шөп дайындайтын цех салу және мал бордақылау алаңдарын бірыңғай үлгіде орналастыру көзделуде. Ал Ақтөбе ауылдық округінде балық шаруашылығын дамыту жөнінде ұсыныстар беріліп, алдағы уақытта балық өнімдерін сататын шағын сауда нүктесін ашу жоспарлануда.
Бағдарлама аясында тұрғындарға кәсіп ашу мүмкіндіктерін түсіндіру бағытындағы ақпараттық-кеңес беру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда ауылдық округтер бойынша жобаға қатысуға ниетті азаматтардың тізімі жасақталып, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бірқатар жобалардың құжаттарын әзірлеу жұмыстары атқарылуда.
«Ауыл аманаты» жобасының тиімді жүзеге асырылуы ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттырып, халықтың табысын көбейтуге және өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді дейді сала мамандары, Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бастамаларының жүзеге асуы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының және жергілікті партия құрылымының тұрақты бақылауында болады.

БҰЛ БАСТАМА ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРАҚТЫ ТАБЫСҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУІНЕ ТІКЕЛЕЙ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

«AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының ұйымдастыруымен Аққұм ауылдық округіндегі «Аққұм» бастауыш партия ұйымында фермерлер мен шаруа қожалықтарының құрылтайшыларына арналған маңызды кездесу болып өтті. Іс-шараға аудан әкімдігінің сала жетекшілері, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдерінің жауапты өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, микроқаржы ұйымдарының басшылары, ауыл кәсіпкерлері мен белсенді тұрғындар қатысты.
Бұл басқосу Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың өңірлік деңгейде нақты түсіндіріліп, іске асырылуына бағытталды. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын қолдау тетіктерімен қатар, еліміздің болашағын айқындайтын жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары кеңінен сөз болды.
Жиында жаңа Конституцияның жобасы Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының берік құқықтық тірегі екені айтылды. Онда азаматтардың еңбек етуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, мемлекеттік қолдауға қол жеткізу құқықтары нақты әрі айқын бекітіліп отырғаны жеткізілді. Партия өкілдері Конституциялық реформаның басты мәні билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту, өңірлердің, соның ішінде ауылдық аумақтардың экономикалық дербестігін арттыру екенін атап өтті.
Осы тұрғыда «Ауыл аманаты» бағдарламасы әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарының орнығуына жәрдемші болатыны атап өтілді. Жиында партияның басты мақсаты мемлекеттік қолдау тетіктерін ауыл тұрғындарына нақты, түсінікті әрі қолжетімді форматта жеткізу, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға жол ашу екені түсіндіріліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылды. Кездесу барысында ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселесі стратегиялық басымдық ретінде қарастырылатыны, ауылдың әлеуетін арттыру ел экономикасын нығайтудың, халықтың әл-ауқатын көтерудің ең тиімді жолы екеніне баса мән берілді.
Осы тұрғыда «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жұмыссыздықты азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін көтеруге бағытталған кешенді жоба ретінде ұсынылды. Кездесу барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының VI бағыты аясында Отырар ауданы аумағында жүзеге асырылатын кәсіпкерлік бастамаларға ерекше назар аударылды.
Бұл бағыт ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға нақты мүмкіндіктер ашып бергені айтылды. Атап айтқанда, бағдарлама аясында қызмет көрсету саласына қатысты кәсіп түрлеріне – шаштараз, автожөндеу, тұрмыстық қызмет көрсету жобаларын төменгі пайызбен несиелеу мүмкіндіктері жөнінде мағлұмат берілді. Шағын өндірісті дамыту саласында тігін цехтары, наубайханалар, қолөнер бұйымдарын өндіру жобалары басымдыққа ие екені түсіндірілді. Туризм және демалыс қызметтері саласында агротуризм, экскурсиялық бағыттар, ұлттық тағамдар орталықтары, атпен серуендеу, балық аулау сынды жобаларға қаржы бөлу қарастырылып отырғаны туралы ақпарат берілді.
Кездесуге қатысқан микроқаржы ұйымдарының өкілдері қаржыландыру шарттарын жан-жақты түсіндіріп берді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтыны, несие мерзімі – 5 жылға дейін, қаржыландыру көлемі АШӨК-ке құрал-жабдық алу үшін – 34,6 млн теңгеге дейін, АШӨК мүшелеріне – 10,8 млн теңгеге дейін, басты артықшылық – алғашқы 1 жыл жеңілдік кезең ретінде қарастырылып, несие төлемеу мүмкіндігі бар екені жеткізілді. Бұл шарттар ауыл кәсіпкерлеріне бизнесін аяққа тұрғызуға, өндірісті жолға қоюға және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында ауданда алғашқы нақты нәтиже бар екені мысал ретінде таныстырылды. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Күләй Байбатшаева сублимациялық әдіспен кептірілген жемістерді қаптау өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 8 млн. теңге көлемінде қаржыландырылған. Бұл жоба ауылдағы азық-түлік өңдеу саласының дамуына серпін беріп отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда тағы 3 жоба бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, құжаттары жинақталу сатысында екені айтылды. Осы жобалардың қатарында пластик есік-терезелер өндірісі, макарон өнімдерін шығару, ағаш және темір бұйымдарын өңдеу бастамалары бар. Аталған жобалар жеңілдетілген 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылуы жоспарлануда.
«AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалы бұл бағыттағы жұмысты тұрақты бақылауында ұстап отыр. Барлық ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен түсіндіру жиындары өткізілген. Алдағы кезеңде әрбір ауылдық округ бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасының VI бағыты аясында кемінде 10 жобадан ұсыну міндеті қойылып отыр.
Партияның ауыл кәсіпкерлігін жүйелі түрде дамытуға деген нақты ұстанымы алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады. Бұл бастама аудандағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, жұмыссыздықтың азаюына және халықтың тұрақты табысқа қол жеткізуіне тікелей ықпал етеді деп білеміз.

Бет «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы баспасөз қызметінің материалдары бойынша дайындалды