Қайыс белбеу – ХІХ ғасырдағы ер кісілердің бел тұсына тағатын зергерлік бұйымы. Материалы: металл, мыс, тері былғары. Техникасы: қалыптама және оймыш тәсілі қолданылған, металл, мыс, былғары. Өлшемі: 143 х 21 х 18 сантиметр; 7 х 9 сантиметр. Қазақтың ұлттық киімінің өте ертеден келе жатқан дәстүрлі құрамы. Халқымыздың ұлттық сырт киімдеріне түйме қадамай-ақ шалғайларын айқара қаусырынып, белге белбеу (белдік) буынып алады. Белбеулердің: күдері белбеу, былғары белбеу, кісе белбеу, қаралы белбеу, кемер белбеу, өрмелі белбеу сияқты көптеген түрлері бар. Осылардың ішінде халық арасына кең тарағандары: ерлердің кісе белбеуі және қыз-келіншектер буынатын кемер белбеу екен. Кісе белбеуді буынғанда оң жақ мықынының тұсында әшекейлі салпыншақ қалтасы болады. Осы қалтасы «кісе» деп аталады. «Кісі болмас кісіні мүшесінен танимын, Кісі болар кісіні кісесінен танимын», – деген халық даналығы бекер айтылмаған шығар.
Жүзік, сақина – XIX ғасырда қазақ халқының әйелдердің саусақтарына тағатын зергерлік бұйымдардың бір түрі – жүзік немесе сақина деп аталады. Зергерлер алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, шекімелеп, қара ала жүргізіп шиыршық темірден торлап, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып, алуан түрлі жүзіктер жасаған. Олар жасалу түрі мен қолдану ретіне қарай отау жүзік,құс мұрын жүзік, тасбақа жүзік, тағы басқа деп аталған.
Шолпы, шаш теңге – XIX ғасырда қазақ халқының қыз-келіншектері шаштарының ұшына таққан. Шаш теңгелер мен шолпылар әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген тоғыз теңгеден тұрады. Тоғыз – қазақ ұғымында киелі сандардың бірі. Олар бір-бірімен ұзыннан ұзақ жалғасып, шаштың ұшына бірге өріледі.
Шашбау – XIX ғасырда қазақ халқының қыз-келіншектерінің зергерлік бұйымы. Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіледі. Ортасына асыл тастардан көз қондырылған теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен, күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады.
Білезік – XIX ғасырда қазақ халқының қыз-келіншектердің қолына таққан. Білезік сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Бірнеше бөлшектен құралған, ашпалы-жаппалы, сом темірден тұтас құйылған жұмыр түрлері болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, бес білезік, тағы басқа деп әртүрлі атайды. Оларға неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, сіркелеп, бұрала ширатып әсемдеген. Олар көбіне күмістен соғылады.
Сырға – XIX ғасырда қазақ халқының қыз-келіншектердің аса сүйіп тағатын әсемдік бұйымдарының бірі. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға,салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға деп әр өңірде алуантүрлі аталатын сырғалардың түрлері өте көп.
Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді.
Гүлжан БЕРКІНБАЕВА,
Хакім Абай музейінің қызметкері.