ЕНШІМІЗДЕ – ЕКІНШІ ОРЫН

Спорт
747 Views

Еуропа футбол қауымдастығының одағы (УЕФА) ұйымдастырған Ұлттар лигасы деп аталатын жаңа турнирдің алғашқы кезеңі мәреге жетті. Оған кәрі құрлықтағы 55 ұлттық құрама команда қатысқан болатын.

D дивиионындағы бірінші топта Грузия, Қазақстан, Латвия, Андорра құрамалары өзара күш сынасты. Жерлестеріміз өз алаңында өткізген алғашқы кездесуде грузиндерге 0:2 есебімен жол берді. Андорраға қонаққа барғанда 1:1 есебімен тең түсті. Бұл есеп сырт алаңда латыштармен өткізген кездесуде де қайталанды. «Астана Аренада» Андорраны 4:0 есебімен қапы қалдырып, жанкүйерлерін бір желпітіп тастаған еді. Алайда, өз алаңында латыштармен өткен жолғыдай 1:1 есебімен тең тарасты. Соңғы турда Тбилисиде грузиндерден тағы да ұтылып қалды (1:2). Осылайша алты ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, үш рет тең ойнап, екі мәрте жеңіліс тапты. Қарсыластар қақпасына сегіз гол соғып, өздері жеті доп өткізіп алды. Төрешілер тарапынан 11 футболшы ескерту алып, бір ойыншы (Серікжан Мұжықов) алаңнан қуылды.

А дивизионында сәтті өнер көрсеткен Голландия, Швейцария, Португалия, Ұлыбритания бас жүлде үшін таласатын болады. Келесі жылы жазда бұл командалар арасында финалдық турнир өтеді. Оны осы төрт елдің бірінде өткізу жоспарланған.

Германия, Исландия, Польша, Хорватия В дивизионына түсіп қалды. Олардың орнын Украина, Швеция, Босния және Герцеговина, Дания құрамалары толықтырып отыр. В дивизионында соңғы орынды місе тұтқан Словакия, Түркия, Солтүстік Ирландия, Ирландия С тобына ауысты. Өз кезегінде Шотландия, Финляндия, Норвегия, Сербия құрамалары В дивизионына көтерілді. С дивизионынан Эстония, Кипр, Словения, Литва D дивизионына төмендеді. Олардың орнын D дивизионындағы Грузия, Беларусь, Косово, Македония басатын болды.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *