ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖОСПАРҒА САЙ АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР

Билік Жастар Заң Мәселе Саясат Уақыт Экономика Қоғам
31 Views

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісі өтіп, өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстар сараланды.

Өңір басшысы жауапты басқарма мен инспекция басшылығына, аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды.

– Ветеринария саласындағы жоспарланған жұмысты жүйелі атқарыңыздар. Мәжілісте айтылған мәселелер назарға алынып, шұғыл реттелуге тиіс. Ауыл шаруашылығы үшін ветеринарияның маңызы зор. Экспорттық әлеуетке де тікелей ықпал етеді, – деген Нұралхан Көшеров ветеринария саласы бойынша жүктелген міндеттерді сапалы атқару керектігін ескертті.

Жиында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар мен өзекті мәселелер туралы баяндады.

2026 жылға аса қауіпті бес түрлі ауруға қарсы 16,6 млн доза вакцина егу жоспарланып отыр. Бүгінде 9 млн доза вакцина аудан-қалалардың уақытша сақтау қоймаларына жеткізілген. Оның ішінде құтыру, аусыл, сібір жарасы, туберкулез және эхинококкоз ауруларына қарсы препараттар бар.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мақсатында қаржы бөлініп, ірі қара, ұсақ мал және түйеге арналған құлақ жапсырмаларын сатып алу жоспарланған. Қоймада қажетті қор қалыптастырылған. Ресей федерациясында аса қауіпті жұқпалы аурулардың тіркелуіне байланысты облыста жұмысшы топ құрылып, заңсыз мал тасымалының жолын кесу және аурулардың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген.

Құтырудың алдын алу мақсатында 30 634 бас бұралқы ит-мысықты аулау, 1000 бас жануарды уақытша ұстау, егу және зарарсыздандыру көзделген. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жұмыстары аудан-қала әкімдіктерінің құзыретіне берілген. Облыстық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылғанымен, кейбір өңірлерде бұл бағыттағы жұмыстардың баяу жүргізіліп отырғаны айтылды.

Энзоотиялық аурулардың алдын алу үшін қажетті дәрі-дәрмек сатып алу жоспарланған. Биыл 3,2 млн бас ірі қараны бүрку, 9,9 млн бас ұсақ малды тоғыту, сондай-ақ мал қоралары мен суат аумақтарын кең көлемде залалсыздандыру жұмыстары атқарылады. Іс-шараларға 1 538 қызметкер, арнайы техника мен қорғаныс құралдары жұмылдырылады.
Сонымен қатар жалпы трансферт есебінен 5 ветеринариялық станция, 108 ветеринариялық бекет және 21 мал өлексесін тастайтын орын салу жоспарланған. Қазіргі таңда нысандардың басым бөлігі бойынша жер телімдері табысталған, алайда бірқатар аудандарда рәсімдеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Жыл соңына дейін қосымша беккери шұңқырлары мен мал тоғыту орындарын салу көзделіп отыр.

Қазіргі таңда ветеринариялық іс-шараларды «Ветеринариялық қызмет» кәсіпорны жүзеге асыруда. Кәсіпорында 1967 маман жұмыс істейді, оның 37-сі орталық аппаратта, 1930-ы аудан-қала филиалдарында қызмет атқарады.

Мәжілісте өңірдегі идеология саласы мен орындаушылық тәртіп мәселелері де талқыланып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берілді.