«ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА 100 ПАЙЫЗ ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК»

Қоғам
120 Views


Түркістан облысы әкімдігі аппаратының апталық мәжілісінде жылыту маусымына дайындық барысы және жылыжайларды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға, аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты сапалы жүргізуді тапсырды.

– Әлеуметтік нысандар, әсіресе, мектептер, денсаулық сақтау мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы керек. Әрбір ғимаратты тексеріп, жұмыс жүргізіңіздер. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласына жауапты басқармалары бюджеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізсін. Бюджеттік мекемелер қажетті қатты отын қорымен қамтамасыз етілсін. Аудан, қала әкімдері, барлық нысандардың, жылу қазандықтардың жылыту маусымына дайындығын пысықтаңыздар. Жылыжай бойынша былтырғы кемшіліктер қайталанбауы тиіс. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сариеваның айтуынша, Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста 1733 көпқабатты тұрғын үй бар. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 686 көпқабатты тұрғын үйдің 574-і жылыту маусымына дайын.

2448 бюджеттік мекеменің жылыту маусымына дайындалғаны – 515. Өңірде196 білім мекемесі, 245 денсаулық сақтау мекемесі, 12 спорт нысаны, 58 мәдениет нысаны қысқа дайын. Жұмыстар жалғасуда.

Облыс бойынша көмір отынының қажеттілігі 1 млн. 154 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде коммуналдық – тұрмыстық қажеттілігі – 245,1 мың. тонна. Тұрғындар мен жылыжайларға қажетті көмір – 908,9 мың тонна. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, бюджеттік мекемелер көмір сатып алуды 2023 жылдың 15 тамызына дейін аяқтауы тиіс. Бүгінгі таңға облысқа тасымалданғаны – 121,5 мың тонна (11%).

Жиында жылыжайларды көмірмен қамту мәселесі де сараланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың хабарлауынша, Түркістан облысында 1517 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш ауданында – 812 га (54 %).

Өткен жылы ауа райының күрт суытуы салдарынан жылыжайларда бірқатар мәселе туындаған. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен біраз жұмыс атқарылды. Нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы мен газ шығындары ішінара субсидиялау Қағидасы әзірленуде. Бюджеттік бағдарлама 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ұсынысына сәйкес, көмір отынын өндірушілерден тауарлық биржа арқылы жылыжай шаруашылықтарына тікелей сатып алу механизмі пысықталуда. Осы биржа арқылы жылыжай шаруашылықтарын бір қолдан көмір отынмен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш ауданында «Zhylyzhai otyn» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.

Жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, облыс аумағында көмір отынымен жылытылатын 575,4 гектар жылыжайға 282,9 мың тонна көмір қажет екені анықталып отыр.

Мәжілісте басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындық және жылыжайларды көмірмен қамту бойынша тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ КЕНТАУДА БОЛДЫ

2023 жылғы 7 шілдеде алдағы жылыту маусымына дайындық жөніндегі үйлестіру штабының жұмысы шеңберінде ҚР энергетика министрі «Кентаусервис» МКК №5 Кентау ЖЭО-ға барды.

Онда энергетикалық жабдықтың ағымдағы жай-күйімен, жөндеу науқанының барысымен танысты. Энергия кәсіпорнының басшылығымен кездесу барысында жылу маусымы өтуінің өзекті мәселелері, оның ішінде қазандықтардың апатты тоқтап қалуының алдын алу, алдағы жылыту маусымына дайындық, жөндеу жұмыстарын уақтылы, сапалы жүргізу тәуекелдері талқыланды.

2023 жылы №5, 6, 7, 12 қазандықтарда ағымдағы жөндеу, №8, 9, 11 қазандықтарда газ тығыздағыш оттыққа ауыстыра отырып қайта жаңарту, ал №10 қазандық бойынша 2024 жылы аяқталуы жоспарланған жұмыстардың ұқсас көлемі жоспарланған. Сметалық құны 13,7 млрд. теңге құрайды, оның ішінде облыстық бюджеттен бұл жұмысқа 1 млрд. теңге бөлінді.

Бүгінгі күні қайта құру бойынша № 9, 10 қазандықтардың қаптамасын демонтаж жұмыстары басталды. Сондай-ақ «КентауСервис» МКК мен «ЭМ-Холдинг» ЖШС арасында № 5, 6 қазандықтарды ағымдағы жөндеу жұмыстарына меморандум жасалды.

№5, 6 қазандықтарды ағымдағы жөндеу жөніндегі меморандум шеңберінде бүгінгі күні түтін сорғышының броньдарын, ыстық ауа қорабының оқшауламаларын, су шығару құбырлары мен газ құбырларын бөлшектеу, сондай-ақ диірмендердің броньдарын бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде.

Станция жұмысының тұрақтылығын жақсарту үшін №7, 12 қазандықтарды ағымдағы жөндеуге меморандум жасалды.

№7, 12 қазандықтарды ағымдағы жөндеу жөніндегі меморандум шеңберінде диірмендердің броньдарын, түтін сорғышты, төменгі коллектордан төменгі бекітуге дейінгі экрандық құбырларды, ЖҚП бөлшектеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жүргізілген реконструктивтік жұмыстарды ескере отырып, ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуы 87%-ды құрайды.

Қазіргі уақытта кәсіпорында орташа жалақы 166 мың теңгені құрайды, жалақыны 200 мың теңгеге дейін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, жақын арада ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Риддер, Екібастұз, Алматы және облыс, қалада жұмыс сапарымен келіп, ЖЭО-ның алдағы жылу маусымына дайындығын тексереді және өңірлердің тұрғындарымен кездесулер өткізеді.

«ТАРИФТІ ИНВЕСТИЦИЯҒА АЙЫРБАСТАУ» ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру шеңберінде Түркістан облысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.

Шілде айынан бастап елімізде коммуналдық қызметтердің бағасы өзгеріп, 2029 жылға дейін инженерлік желілердің тозу деңгейін 15 пайызға дейін азайту жоспарланған. Ал жаңа тариф саясатына көшу-коммуналдық желілердің тозуын азайтып, жұмысшылар жалақысының өсуіне мүмкіндік береді деп көзделіп отыр. Бұл туралы брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ақтілеу Бекмұратов мәлім етті.

«Тұрғындардың тұрмысына да, көңіл күйіне де әсер ететін жайттың бірі осы – тариф. Сол себептен «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы айтарлықтай маңызға ие. Биылғы мамыр айында департаментке «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты шеңберінде қызыл аймақта тұрған «Кентау Сервис» МКК мен «Түркістан-Су» МКК табиғи монополия субъектісі өтінімдерімен жүгінген. Инвестициялық бағдарлама жобасында «Кентау Сервис» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуын 35-40%-ға төмендетуді жоспарлап отыр. Ұсынылған инвестициялық бағдарламада ұзындығы 6,6 км магистральдық жылу желілерін және ұзындығы 87 км ішкі орам желілерді реконструкциялау жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Сондай-ақ, Кентау қаласының тұрғындары үшін тарифке үлкен жүктемені болдырмау мақсатында жергілікті бюджет есебінен инженерлік желілер мен жабдықтарды жаңғыртуға, реконструкциялауға және жаңартуға бағытталған жекелеген іс-шараларды жүргізуге қаражат бөлінеді», – деді Ақтілеу Балғабекұлы.

Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама жобасында «Түркістан-Су» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуын 15-20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Ұсынылған инвестициялық бағдарламада ұзындығы 12,2 км су құбыры желілері мен ұзындығы 13,95 км кәріз желілері қайта жаңартылады. Сондай-ақ, 17 кәріз-сорғы станциялары мен тазарту құрылыстары қайта жаңартылмақ. Сондай-ақ, алдыңғы инвестициялық бағдарламаларда негізгі қорларды жұмыс жағдайында ұстау үшін «Түркістан-Су» МКК 19 928 мың теңге және «Кентау Сервис» МКК 67 630 мың теңге тартылды.

Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлеповтың айтуынша, «Кентау сервис» МКК-ның басты мәселесі – станцияның негізгі құрылғыларының тозу деңгейі 85%-дан асып, республика бойынша қауіпті қызыл аймаққа енуі.

«Бүгінгі таңда Кентау қаласындағы магистральдық жылу желісінің тозуы 58 пайызды құрап отыр. Магистральдық жылу желілерінің тозығы жеткен 6,6 шақырымы және 4 ОНС қайта жаңғырту 2023-2024 жылғы жылу маусымында ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 2024 жылы тозығы жеткен ішкі орам құбырларының 81 шақырымын ауыстыру жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру қала халқын тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз етуге, қаланың абаттандыру дәрежесін арттыруға және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға септігін тигізетіні анық. Нәтижеге сәйкес, жылу шығынын 7,5 мың Гкал/жылға азайту, 347 тұрғын үйді, 2295 жеке тұрғын үй жылумен жабдықтау сапасын жақсарту көзделіп отыр. Облыстық және республикалық маңызы бар 106 нысан 15 мыңға жуық тұтынушыны үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ғалымжан Әнуарұлы.

Айта кетсек, «Кентау сервис» МКК-ның ұсынған тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламаның өтінімі қаралып, бекітілген жағдайда «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын іске асыруға зор үлес қоспақ. Бұл мақсатта жылу энергиясынан түскен қаражаттар жылу желілерінің және қазандық қондырғыларын жөндеу жұмыстарына және апатты жағдайларды болдырмауға, жылудың сапасын жоғарылатуға бағытталады.

«ҮЙЛЕРДІҢ САПАСЫ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУДА ТҰР»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы ең биік екі нысанның құрылыс барысымен танысты. Өңір басшысы алдымен паркингі бар 20 қабатты тұрғын үйде болды.

Аталған үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Жалпы құрылыстың ауданы – 7461,15 шаршы метр. Үйдің құрылысы тамыз айында аяқталады деп көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 80%-ға аяқталған. Сыртқы фасад – 100%, ішкі әрлеу жұмыстары – 30%, инженерлік желілер – 100%, монолит жұмыстары толығымен аяқталған. Материалдар 100 пайыз жеткілікті.

Дархан Сатыбалды одан кейін әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысын көрді. Жалпы құрылыстың ауданы – 14 127,75 шаршы метр. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 70%-ға аяқталған, инженерлік желілерді тарту – 80%-ға аяқталған. Техникалық қабатта монолиттік және 19 қабатта қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшысы қос мердігерге де жұмысты ширатуды және жылдамдатуды тапсырды.

– Қандай мәселелер бар? Әкімшілік тарапынан қандай көмек керек? Ұсыныстарды тыңдауға дайынбыз. Сіздер өз тараптарыңыздан жобаны сапалы әрі уақтылы аяқтаңыздар. Үйлердің сапасы қатаң қадағалауда тұр. Абыройға жұмыс істеңіздер, – деді облыс әкімі.

20 қабатты қос үйдің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.

ЖЫЛУ ЭНЕРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Биыл Кентаудағы №5 жылу орталығы жылыту маусымын жаңа деңгейде қарсы алады. Аталған орталыққа мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында кезекті рет пысықталып, жауаптыларға тапсырмалар берілді.

– №5-ші жылу энергия орталығының дайындығын жылу беру маусымына дейін қамтамасыз ету – ең өзекті мәселелердің бірі. Жөндеу, қайта құру жұмыстары күнделікті бақылауға алынсын. Ай сайын осы мәселе бойынша мәжіліс ұйымдастыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Аталған мәселе туралы Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Кентау қаласындағы № 5 жылу энергия орталығын қайта құру жұмыстарын 3 кезеңге бөліп жүргізу жоспарлануда.

Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құны – 4 431,8 млн. теңге, бөлінгені – 2 105,6 млн. теңге. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарлануда.

Екіншіден, Кентау қаласы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары басталады. Облыстық бюджеттен 1,0 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 1-шілдеде мердігер мекеме болып «ЭМ-Холдинг» ЖШС анықталды. Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды, сметалық құны – 1 553 млн. теңге. Бұл газ құбыры бірнеше күрделі мәселелерді шешеді. Атап айтқанда, ЖЭО мен Хантағы ауылын газбен қамтамасыз ету, 10 үйге қосымша газ қысымы, Индустриалды аймақ, Кентау байыту комбинаты мен Кентау эксковатор зауыттырына арнайы қосылу нүктелері қарастырылған.

Қала аумағында 75 бюджеттік мекеме бар. Бюджеттік мекемелерге қажетті 1394 тонна қатты отын (көмір) мен 390 175 тонна сұйық отын (дизель) сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда жеке жылу қазандықтарымен жылытылатын бюджеттік мекемелер отын сатып алуға келісімшарттарға тұрды. Бюджеттік мекемелерге көмір жеткізілуі тамыз айына жоспарланған.

Кентау қаласы және оған қарасты ауылдардағы жеке тұрғын үйлерге 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында 25600 тонна қатты отын (көмір) сатып алу жоспарланған. Қалада көмір сатумен айналысуға 4 кәсіпкер тіркелген.

№ 5 ЖЭО-на қажетті қатты отын – 110 мың тонна, сұйық отын (мазут) –700 тонна, сұйық отын (дизель) – 20 тонна. Кентау қаласы әкімдігі мен «Керемет Энерджи» ЖШС арасында нормативке сәйкес, 20 күндік отын қоры (21,3 мың тонна көмір) 2023 жылдың тамыз айында жеткізілмек. Қосымша 90 000 тонна көмір, 700 тонна мазут, 20 тонна дизель отынын сатып алуға бюджеттік өтінім беріліп, қаржы бөлінген.

“КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУ КЕРЕК”

 Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауданның апталық жиналысы болып өтті. Мәжілісті аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

 Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап өтсек, аудан бюджетінің 1-шілдеге атқарылуы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, тазалық және көгалдандыру жұмыстарының барысы және жылыту маусымына дайындық туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асылбек Қанағат баяндама жасады.

 Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметовтің мәлімдеуінше Сауран ауданы бойынша 2023 жылдың 1 шілдедегі жағдайға кірістер бойынша жоспар 110,0%-ға орындалып, 214 437,0 мың теңге артық түскен. Есепті кезеңге кірістер жоспары барлық ауылдық округтерде толық орындалған.

 Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асылбек Қанағаттың хабарлауынша Түркістан облысы әкімінің 14 сәуір 2023 жылғы №48 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, аудан аумағына кіре-беріс автомобиль жолдарымен ауылдық округтардың орталықтарын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен қасбеттерді ретке келтіру тапсырылған болатын. Сонымен қатар, бір ай мерзім ішінде (10 шілдеге дейін), Түркістан – Шорнақ автомобиль жол бойындағы қураған ағаштарды қырқу, әктеу, шөптерді шабу, қасбеттерді сырлау жұмыстары жүргізілуі тиіс болған. Түркістан – Шорнақ бағыты бойынша Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы, Үшқайық, Шорнақ, Қарашық, Жүйнек, Оранғай ауылдық округтері тиісті жұмыстарды атқаруда.

 Қазіргі таңда, Майдантал, Жібек Жолы, Үшқайық, Қарашық, Шорнақ, Жүйнек ауылдық округтері бекітілген тапсырма бойынша өз аумақтарын аяқтап, қосымша Сүлейменов – Шаяхметов 6 шақырымдық көше бойынан қосымша аумақтар бөлініп, тазалық жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде тиісті жұмыстарды атқармай жатқан ауылдық округтерді де атап өтті.

 Бұдан соң аудан бойынша 2023-2024 жылдарға жылу беру маусымына жалпы 70357 тонна қатты отын қажет болса, қазіргі таңда ауылдық округтер бойынша қатты отын тасымалдау жұмыстары жүргізілмегенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауданның барлық бюджеттік мекемелер жылу маусымына дайындық бойынша жылу жүйелерін ауамен сығымдау жұмыстарын ағымдағы жылдың 1 тамызға дейін аяқтауы қажеттігін жеткізді.

 Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *