Қоғамның дамуына кедергі келтіретін теріс және аса қауіпті құбылыстардың бірі – сыбайлас жемқорлық болып табылады. Сыбайлас жемқорлық – мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қауіп тудырады, Халықаралық аренада еліміздің жағымсыз имиджін қалыптастырып, жүргізіліп отырған экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасайды. Жалпы, сыртқы және ішкі нарықтардағы бәсекелестікке нұқсан келтіріп, ұлттық экономикаға жағымсыз әсер етеді. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күресу – Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – Қазақстанның және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік саясатының аса маңызды стратегиялық басымдығы болып табылады. Осыған байланысты елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ел алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың белсенді саясатын жалғастыру міндеті тұр.
Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күреске мемлекеттік саясат мәртебесі берілген. Оны жүзеге асыру бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шаралар жалпы жүйелік және кешенді сипатқа ие болып отыр.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу, яғни себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жоюға бағытталып отыр. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап айтқандай, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес қылмыскерлерді жазалау жөніндегі табанды шаралар ғана емес. Бұл – мемлекет пен қоғамның күнделікті жұмысының тұтас кешені» болып табылады. Сол себепті Қазақстан Республикасының әрбір азаматы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге міндетті. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру да маңызы зор.
Жалпы, бүгінгі қоғам тым жылдам даму үстінде. Біз күткен де, күтпеген де өзгерістер қас-қағым сәтте көрініс беріп отыр. Сол себепті Мемлекет басшысы бүгінгідей дағдарыс жағдайында әрдайым нақты іс-қимылдар жасаудың бағыт-бағдарын айқындап, күрделі кезеңде жедел қимыл жасап, елеулі табыстарға қол жеткізуді ұсынып отырады. Мәселен, Елбасы биылғы жыл басындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретінін айтып, мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңыздылығын алға тартса, ағымдағы жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру Жолдауында «…Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс», – деп Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізуді көздеп отыр. Пайымдауымша, бұл нәтижелі шара ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы жұмыстың жедел жүруіне көп септігін тигізеді. Бұл Президентіміздің саяси жүйені демократияландыру жолындағы тарихи шешімі деп білемін. Бұл – еліміз үшін, болашақ үшін өте маңызды қадам.