ЕР ЕДІ-АУ, ЕРЕКЕҢ!
Дәрігер-психотерапевт, жазушы, драматург, Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының мүшесі, А. А. Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың және Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Ерсінбек Қойбағарұлы бақилық болғанына да үш жылдың жүзі толып қалыпты. Осыған орай ол туып-өскен Сайрам ауданының Көмешбұлақ ауылдық әкімдігіне қарасты Құрлық ауылындағы жалпы орта мектепте қарымды қаламгер, емі шипа дәрігерді еске алуға арналған «Ақсудан ұшқан ақ шағала» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Алдымен көпшілік назарына Ерсінбек Қойбағарұлы жайында слайд ұсынылды. Мектептің ұстаздары мен шәкірттері дәрігер-жазушының туындыларынан сахналық көрініс қойып, өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
Басқосу барысында қаламгерлер – Еркінбек Тұрысов, Мархабат Байғұт, Әбдірахым Пратов, режиссер Әскер Құлданов, досы Өсетіллә Жабағиев, жан жары Бағдагүл жеңгей әсерлі естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, Астанадан ат терлетіп келген әріптес досы Есқара Тоқтасынның сөзі тыңдармандарда ерекше әсер қалдырды. Өзінің сөзін «Ер еді-ау, Ерекең!» – деп бастаған ол қаламгер өмірі мен шығармашылық жолы ерен ерлікке толы екенін байыпты баяндап берді. Ол алдымен оқушы ретінде Төлеби ауданының орталығы – Леңгір қаласындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген екен.
Алматы мемлекеттік медицина институты педиатрия факультетінің түлегі. Еңбек жолын қалалық «жедел жәрдем» стансасынан бастаған ол Сайрам аудандық орталық аурухананың балалар бөлімшесінің меңгерушісіне дейін өскен. Карелияда әскери дәрігерлік қызмет атқарған оның әскери шені капитан болатын. «Манкент» шипажайында терапевт-курортолог, медициналық психолог, психотерапевт болып қызмет істеді. Шырайлы Шымкенттегі «Содби» ғимаратынан арнайы кабинет ашып, дертіне шипа іздеп алыс-жақыннан келген жандарға бар көмегін аямады. Олардың арасында қаншама қаламгерлер, мәдениет майталмандары, өнердің өкілдері болды десеңіздерші. Халқының қамын ойлаған ақ желеңді абзал жан жұрттың бәріне бірдей қарап, жүрек жылуын арнап, медициналық қызметті мінсіз атқаруымен ерекшеленген болатын.
Журналист ретінде сан алуан тақырыпта мақалалар жазды. Республикалық «Денсаулық», Халықаралық «Дала» журналдарының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды.
Жазушы ретінде әскерилер өмірінен «Қараша», «Терістік шұғыласы», «Доктор Арсений» атты кітаптардың авторы атанған. Әңгімелері мен хикаяттары «Арман қанатында», «Қисық шеге», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Қанат қақты», «Шабыт шашуы» атты ұжымдық жинақтарға енген. Үлкенді-кішілі 14 кітабы, үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрген. Олардың арасынан «Мың бірінші құпия», «Махаббатым менің – Ғайып Еренім», «Мен күткен қыз», «Суицид» кітаптарын бөле-жара атауға болады. «Ешлигим, бебошлигим» кітабы өзбек, ал «Адам асырайтуған арза» кітабы қарақалпақ тілінде жарық көрген.
Ақын ретінде бірқатар өлеңдер жазған. Белгілі сазгерлер оның оннан астам өлеңіне ән шығарған.
Драматург ретінде «Қасірет қақпаны» трагедиясы Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясында, «Бала мен қайыршы» пьесасы Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театрында, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында, Тараздағы Абай атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, «Тырна ұлпалары» пьесасы Шымкенттегі Шанин театрында, «Аңқаудан алданған айлакер», Костанскийден аударған «Тосын сыйы» Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрында қойылған. 2008 жылы өткен «Қазіргі пьеса» атты республикалық конкурста «Қызғалдақты жұлмаңдар!» пьесасы жүлделі үшінші орынды жеңіп алған.
Ерен еңбегі еленген Ерекең Ресей әскери-теңіз флотына қарасты Мәскеудегі Словецк мектебінің «Адмирал Нахимов» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Грамотасымен, Елбасының Алғыс хатымен марапатталған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің стипендиясын екі рет еншілеген.
Сайрам ауданының орталығы – Ақсу ауылындағы дәрігер-жазушы тұрған үй-ге ескерткіш мемориалдық тақта орнатылған. Құрлық ауылындағы жаңадан салынған жалпы орта мектептің кітапханасы оның аяулы есімімен аталады. Осы орайда,
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, Ерсінбек Қойбағарұлының әдеби мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Еске алу кешіне келген Ерекеңнің қаламдас, замандастары жұбын жазбастан дәрігер-жазушының үйіне ат басын бұрып, дастарқанынан дәм татты. Оның асқақ рухына арнап Құран бағыштады.