КӨЗ (ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛЫ ҚЫЛМЫС ХИКАЯСЫ)

Әдебиет
582 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Кафеден тыңқия тойып шыққан соң жанындағы көшеде екеуі ары-бері сейілдеп жүрді.

– Жаңа саған келген кім?

– Шегір, сенің де көрмейтінің жоқ. Бұл Барон ғой, курстасым. Мені бір істерге шақырады, ақшаның астында қаласың дейді.

– Қандай жұмыс ол?

– Мүмкін Шегір сен барасың ба? Екі түрлі ұсыныс айтады: Біріншісі осы жерден наркотиктерді алып, Петропавловскіге жеткізу керек. Ол жерден біреулер Ресейге алып кетеді. Екіншісі тіпті қиын, сонау Якутиядан ұрланған алмазды әкеліп, Баронның қолына ұстату қажет. Екеуі де ауыр қылмыс, не атып өлтіреді, ұсталсаң өмір бойы түрмеде шірисің. Менің екі балам бар, әйелім тағы екіқабат. Қарыз ақша бермей, осы істің біреуін істесең ғана аласың дейді. Ал, мен қатты қиналып жүрмін. Шегір, екеуміз де детдомда өстік, жетімдіктің не екенін әбден білеміз. Біз жетіспеушіліктің неше түрін білеміз, енді балаларыма соны көрсетпей өсірейін деп едім. Шегір, сен маған қарызға ақша тауып бер, мен үй алайын. Қазір жатақханада тұрып жатырмыз, – деп өз гөй-гөйін айта бастады

– Боксшы, саған керек пұлды тауып беремін. Тек бір он-он бес минуттық қана бір іске сенің көмегің керек болып тұр.

Майдан қыл суырғандай тігісін жатқызып, ой-жоспарын айтып көріп еді, анау шошып, шоршып түсті.

– Мұның түк қиындығы жоқ, банктен шыға бергенде қапшығын ала қашамыз.

– Қасында күзетшісі болса ше?

– Оны бір ұрып талдырасың. Бітті. Сен миллионерсің. Былай шыға сен сұраған қарызды өз қалтамнан беремін.

Боксшы ары-бері көп толқыды.

– Сен Петропавловскіге, не Якутияға кетсең айлап жүресің, аман-сау қайта аласың ба, жоқ басыңды біреу кесіп ала ма? Белгісіз, өте қауіпті. Ал, мұнда ұзаса он бес минутта ісіміз бітіп, қапшықты арқалап, ізім-қайым жоқ болып кетеміз. Бәрін-бәрін әбден ойластырып, пісіріп қойдым.

– Шегір, сен он күн ішінде тауып берші, мен банкпен келісіп, келісім-шартқа отырып қойып едім. Анау Барон беремін деп бөсіп еді, енді қылмысқа итеріп, қашып тұр.

Шегірдің көздері қылиланып, шоқтай жылтылдап, іштей қуанып кетті.

– Уәде Құдайдың ісі. Он күннің ішінде тауып беремін, – деді нық сенімді үнмен.

– Баронның жанында жүргендерді біреулер атып кетеді, не түрмеге түседі. Әйтеуір өзі дін аман былшиып семіріп, керемет байып барады.

– Оны жаныңа жолата берме, қармаққа іліп ұстап, бірдеңеге ұшыратады. Аулақ жүр, кесірі тиеді, – деп Шегір де нықтап қойды.

– Мен оның жанына алтынмен аптаса да бармаймын. Наркобизнес соңы – өлім-жітім, абақты боп бітеді, оны аңдушылар көп. Шәлтік қорқақтың қорқағы еді, қалай ғана келісті?

– Ақша ашпайтын есік те, тесік те жоқ. Ол бізге клиент тауып береді. Біз оны қақтап, сауып аламыз.

Қалта телефонына қайта-қайта жылт-жылт еткізіп Гуля хабарласуды өтініп, жазып жатты.

Қоштасарда Боксшыға он мың доллар қолына ұстатты. «Қалғанын жақын күндері тауып беремін» – деп біржола байлап қойды.

Гуля сыңқ-сыңқ етіп:

– Жаным-ау, кешелі бері түк хабарласпадың ғой. Бүгін жексенбі мен бір пәтер тауып, ас дайындап, соған Сізді шақырамын. Тез келіңізші! – деп өтініп тұрып алды.

Бұл келіншек әлі талай іске керек боларын ішіне бүгіп, Шегір «Жигулиін» тастап, таксилетіп солай тартты.

Кең екі бөлмелі пәтердің ішінде мықыны ойнап, толқи басып, үстіне торғын ақ жібектен халат кигенімен жұп-жұмыр келіншектің сымбатты мүсіні менмұндалап көзге ұрып, көзқұмарын қандыра қаны басына шауып, жүйкесі күншуақтанып жүре берді. Хор қызындай үлбірек-желеңге оранған сылқым да сұлу бейне жарқ ете түскенде күндей жарқырап, буын-буынына ыстық ағыс жүгіріп, ол ұсынған бокал толы вискиді келіншекпен «брундешафт» ішіп, арақ жұғыны жұққан бүртиген қызыл ернінен қадала сүйді. Сүт пісірім уақыт жатынжайда болып, үсті қайысқан тамаққа толы үстел басына ентігін баса алмай келіп отырды.

Қарпып-қарпып аш бөріше Гуляның салып берген, алып берген тамақтарын жей отырып, екі мәрте тост көтерді. Қылымсыған келіншек үйінде де сөйте ме, үстінде лыпа жоқ қайта-қайта құшақтап сүйе береді.

– Жанна деген бірге істейтін подругам бар, күйеуі – қалада полицияда УБОП-тың бастығы подполковник. Полковник шенін аламын деп күндіз-түн шапқылап, жұмыстан қолы тимейді екен. Бүгін сол да ере келіп, бірге ас әзірлеп, стол дайындап, жаңа сен келемін дегенде әзер кетті. Келіншек еркелей сенге көшті:

– Одан қызғанбайсың ба? Таныспай-ақ қояйын, – деп Шегірдің ойына әлденелер оралып, көзі қылиланып, темекісін рахаттана сорып, шалқайып отырды.

– Жаным, сол Жанна Анталияға демалуға бармақшы, маған да жүр дейді, ыстық екі жолдама тауып қойыпты. Қарызға маған ақша бере тұрасың ба, барып келуге… – деп еркелей мойнын сипап, сылап массаж жасай бастады.

– Жарайды жаным – деп оған да екі мың доллар беріп еді, анау көбелекше ұшып кете жаздады.

Ертесіне екі келіншек асығыс жиналып, Түркияға ұшып кетті.

Шәлтіктің үйі – ақылдасатын кеңсеге айналды, кешке ар жақтан май иісі сіңген Боксшы келеді. Үшеуі отырып алып күбір-сыбырмен қағаз алып, шимайлап банк және оның айналасы, қиылысатын көшелер, күзет тұратын орын жайлы сұрап, біліп алысты.

«Жұма күні инвестор банкідегі ақшасын алатын болды» – деп Шәлтік көзі жыпылықтап сүйінші хабарын айтқанда Боксшы добалдай алақанын ысқылап:

– Қатырамыз! – деді құлшынып.

– Инвесторының түрі қандай, жасы қаншада, алуға қай уақытта келеді. Осылардың бәрін анықтап, нақтылап бізге айт, әлі үш күн бар, – деп Шегір ызбарлана тесіле қарап еді:

– Әрине, бәрін түгел біліп беремін – деп Шәлтіктің берекесі қашып, көзі өшетін шамдай жыпылықтап кетті.

*   *   *

Бейсенбі күні Шегір таксиден такси ұстап мініп, қаланы шарлап, банктің сыртын торуылдап, бажайлап көріп шықты. Түс ауа бір иномаркіні тоқтатып мініп алып, бұйра бас шикіл сары шофермен бірден келісті.

– Атың кім, қарағым?

– Асқар.

– Біз екі адам Атыраудан келген бизнесмендер едік, мұнай саласында істейміз. Бүгін-ертең бізді осы қалада алып жүрсең күніне екі жүз доллар береміз, – дегенде:

– Екі жүз доллар? Келісемін аға, келістік.

– Мынау өзіңнің көлігің бе?

– Жоқ, бастығымдыкі. Бастығым музей директоры мен шоферімін. Ол кісі Астанаға іссапармен кетіп, мен таксовать етіп қалайын дегенім ғой, – деп үрпек бас жігіт сұрағанның бәріне сапылдай жауап беріп, мәз болды.

Екі баласы, келіншегі бәрі пәтер жалдап тұрады. Сонау Қалқаманда «Алты Алаш» көшесінде бір байдың есік алдында шошаласында тұрып, келіншегі үйін жуып, тамағын істеп береді. Өзі мына жұмысты сол бай кісі арқылы әзер тапты. Алакөл жанындағы ауылдан үйленген соң осында көшіп келген.

– Мен жөнді білмеймін. Екеуміз жақсылап тамақтанып алатын кафе-асхана тап, – деп еді сарғыштанып кеткен тісін көрсете ыржиған ол:

– Аға, өзбек, түрік, ұйғыр асханасының қайсысына апарайын? – деп елпек қақты.

«Киш-Миш» деген өзбек кафесінің сыртқы алаңындағы бөлек-бөлек бөліп қойған үйшігінің бірінде екеуі палау, манты жеп, көк шәй ішіп отырды. Өзбекше киінген, тақиялы қыз тәтті жымиып:

– Киш-миш, курагу әкелейін, – деп жеміс-жидек толы табақтар тартты.

Артынан артық ауыс молынан алған тағамдарды оратып, Асқар шоферге берді.

– Қасымдағы досым осындағы құдасынікіне кеткен, жібермей қойған ғой. Онда «Опера балет театрын» білесің бе?

– Білемін, біздің жұмыстың жанында ғой.

– Сағат тоғызда ертең сол жерде күтеміз. Кешікпей келетін бол, – деп жүз доллардан екеуін ұстатты.

Анау мәз болып, ернін жия алмай жайыла күліп:

– Аға, сегіз жарымда келемін, – деп басын изей берді.

*   *   *

Ақ жауын себелеп, күн көзін алашұбар ауыр бұлттар тұмшалап, ауа сыз тартып тұрса да Асқар тағатсыздана сыртқа қайта-қайта шығып, кешегі жолаушыларды тосып, мазасызданды.

Алдыңғы әйнек булана берген соң сүртіп жатқанда – Ассалаумағалейкум, – деп кешегі ағасы қасындағы орынға, ал арт жағына екінші кісі лып кіріп отыра кетті.

– Ағалар, қалай жақсы демалдыңыздар ма?

– Асқар, өзің қалайсың?

– Аға, машинаның іші-сыртын жуғызып, бензинді шылқылдата құйып қойдым. Қайда апар десеңіздер де мен дайын!

– Қазір бір-екі жерге кіріп шығамыз, содан кейін Талғардағы жерлесімізге апарып келесің.

– Құп болады, ағатай.

– Онда былай жүр -деп барар жерлерін айтты.

– Бізде Атырауда жазда жаңбыр деген тамбайды ғой. Алматы қандай ғажап қала. Асқар, қолың бос болса ертең Медеуді көрсек…

– Айтсаңыз болды аға. Бастығым жексенбі күні келетін болыпты.

Арт жағындағы кісі үн-түнсіз, тұнжырап отыр. Ал, Шегір саржағал бұйра бас жігітті әңгімеге ұйытып, машинаны керемет жүргізетін шофер екенсің деп мақтап қойды.

– Сен мына әндерді тыңдай отыр, кеше сатып алып едім, – деп шоферға кассета берді. Асқар ыржалаңдап магнитофонына салып еді, ән асқақтай жөнелді.

Қалта телефоны зың-зың ете түскенде Шегір:

– Асқаржан, осынан қозғалма, біз көп ұзамай келеміз, – деп Боксшы екеуі шығып кетті.

Жауын себелеп тұр, көшеде ешкім көрінбейді. Бұлар автотұрақ жаққа жақындағанда банктен екі адам шықты. Біреуі ірі денелі сөмкені иығына іліп алған, екіншісі ши шләпілі зонтигін ашып, төбесіне көтеріп тура бері келе жатты.

«Тас жұтқан тәуекелшіл, ал тәуекел тау жығады». От ішінде туған өрттен қорықпайды. Шегір беті бүлк етпей, сабырлы үнмен «Жүр» деп ысылдай сыбырлады. Тар тротуарда бетпе-бет қатарласа бергенде Боксшы жойқын әрекет жасап, екеуін де тырапай асырып, әп-сәтте апай-топай қылды, құтырынып ішіне тығып алған білеу темірмен оққағардың арқасынан періп-періп жіберіп еді, анау күлге аунаған түйедей былжыраған су жерге аунап түсті.

Әне-міне дегенше бұрыштағы айналмада ән тыңдап басын қисаңдатып мәз болып отырған шоферге кіре сала:

– Айда тез! – деп жылан көздене зәрлене бұйрық беріп, финка пышағын тамағына тақағанда безгек қаққандай дірдек қақты. Арт жағында отырған Боксшы қара былғары тоқ сөмкені ашып, үңіле қарап: «Бәрі орнында. Қатырамыз» деп қырылдады.

Бұйра бас шофер есі шығып, ана екеуіне қарауға дәті бармай тұғжиып, тотяин ішкендей іші іріп, санасы сансырап, рулді қыса ұстап, қол-аяғы дірілдеп, иномарканы безілдете айдап, алға тесірейе қарап, тілін жұтқандай үн шығара алмады.

Ана екеуі түсіп кеткен соң да бұралаң жолдармен жүріп отырып өзі жұмыс істейтін музейге келгенде екі ГАИ машинасы қабат келіп, ішінен төрт полицей атып шығып, әп-деуге келтірмей кабинадан суырып алып, үсті-басын тінте бастады. Қалтасынан төрт жүз доллардан артық ештеңе табылмаған соң, машинаны түгел асты-үстін сүзіп, қарап, мұның қолына кісен салып, алды да кетті.

Әп-сәтте алқам-салқамы шыққан Асқарды біреуі бүйірінен түйіп жіберіп:

– Ақша қайда? – деді.

– Қандай ақша?

– Қасыңдағы екі қарақшы кімдер?

– Білмеймін.

– Қазір көк шыбынды көзіңе үймелетіп, бәрін сайратады, – деп

Наурызбай көшесіндегі қалалық полицияға дедектетіп әкеп, жеке бөлмеге желкелеп кіргізгенде әдеміше келген қияқ мұртты подполковник сұрақтан-сұрақ жаудырды. Не айтып, не қойғанын білмей меңірейіп, суға салған терідей дода-додасы шықты.

– Сен Асқар әскерге де бармапсың, өмірді түк көрмей, сонша құныққаның қалай? Ештеңе айтпасаң, сол алты миллион евроны сен ұрлады деп соттатып, түрмеде шірисің.

– Алты миллион евро?

– Ал, жасырмай қасындағылардың қайда екенін айтып берсең, ауыр қылмыстан құтыласың.

Тергеушілер бірінен соң бірі келіп, түрлі-түрлі сан сұрақ беріп, бұл шатасып, көзі мөлиіп, қасында болған екеудің түр-сипатын өзгертіп әзер айтты.

Түнде сағат бірлерде алғаш сұрақ алған дембелше мұртты подполковник келіп:

– Асқар, сенде екі жол бар. Біреуі ұрлаған қаржыны тауып бересің. Ал, екінші жол – түрме. Оған да сау жібермейміз, – деп мұздатқыштан бөтелке су алып ішті. – Мына мұздай екі бөтелкені мұздатқыштан қайта-қайта алып, екі жалаңаш бүйіріңе таңып қоямыз. Екі күннен кейін суық тиіп, екі айдан кейін күп болып ісіп, екі бүйрегің жұмыс істемей қалады. Өмір бойы мүгедек болып, операция жасатып, екі бүйрегіңді кесіп алдырып тастап, әйеліңе де жарамай, коляскада отырып қаласың. Сол саған керек пе? Біз ұрып-соқпаймыз. Ал түрмедегілер сені әтеш қып жібереді, жалмауыз оларға да ақша керек.

Асқарды ертеңгісін кісендеулі қалпы банкіге жетектеп алып келіп еді дәу бұқа мойын іркілдеген банк бастығы айқайлады, көзілдірігі мұрнынан ұшып кете жаздаған шілпиген шетелдік шәңкілдеді. Бүкіл банк қызметкерлерімен кездестіріп, ішінде сыбайласы бар ма деп аралатып шықты. Әсіресе кредит бөлімінде келгенде Шәлтік көздерін жыпылықтатып тура қарай алмай компьютеріне үңіле берді.

– Тұрыңыз, – деді полицей оған. Ол аяғы дірілдей орнынан тұрды.

– Танисың ба? – деп еді шофер басын шайқаған соң, ары өтіп кетті.

Бойындағы дірілі басылып қайта отырғанда кісендеулі саржағал шофер жігіт:

– Күләнда әпке, Сіз бе? – деп жылап жібергені. Бұрыштағы шеткі жерде отырған кексе әйел:

– Оу, сен Көкімнің баласы Асқар емеспісің? – деп қалды. – Апыр-ай, сен де сондай ма едің? – деп таңданғандай таңдайын қақты. Банктегі сыбайласы осы әйел болғаны ғой – деп олар Күләнданы да машинаға салып, алды да кетті.

Қалада у-шу, өсек-аяң лаулады. Қылмыскердің біреуі ұсталды, банктегі сыбайласы анықталды, – деген ақпар тарап жатты.

Шетел инвесторы қаржыны тауып бермесеңдер зауытты мүлде тоқтатып, еліме қайтамын деп қала әкіміне шәңкілдеді.

Вокзалдағы қызметкерлер, кассирлерге фотороботтарды көрсетіп, күні-түні іздеу жүргізді. Түрмеден жаңа шыққандарды тексеріп, Қанжардың осында болып, зым-зия жоғалғанынан күдіктеніп еді, ол Петропавловскіден табылып, сыртынан аңду қойылды. Өсектің өртінен дерті жаман, әуелі банк бастығы мен орынбасарларынан да күдіктеніп, телефондарын тыңдай бастады. Келіншегі Жанна Анта-лияда бір апта демалып, тотыдай құлпы-рып жайнап, сағынып келсе де мұртты подполковник екі тәулік бойы үйіне бармай осы іспен астаң-кестең айналысып, қолы босамай соққан телефонына жауап беруге де мұршасы болмады.

Сұлулық салонындағы жұмысқа келісімен Жанна бастығына:

– Менің күйеуім маған келуге де мұршасы болмай жүр. Банк тоналған дей ме, көмекшісі былдырлап, өте үлкен қылмыс, күзетші өлген дей ме, бірдеңелерді айтты, – деп еді Гуля:

– Жорж, түнде бәрін айтты. Банк емес инвесторды тонапты, оның оққағары тірі, ауруханада дейді. Жүрек жұтқандар екен – десті.

Кешке денелері иленген былғарыдай күнге тотыққан еріккен екі келіншек ресторанға барып, терлеп-тепшіп рахаттана билеп, үйлеріне жай қайтты.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *