ӘР НӘРСЕНІҢ ОРНЫ БАР САҚТАНАТЫН

Әдебиет
1 161 Views

Әжібек ДОСЫБЕКҰЛЫ 1942 жылы Ташкентте дүниеге келген. Ғалым, техника ғылымының докторы (1992), профессор (1996), Қазақстан Республикасы Жаратылыстану Ғылым академиясының академигі. Ташкент мемлекеттік университетін бітірген (1965). Өзінің еңбек жолын 1965 жылы Өзбек КСР Ғылым академиясының Механика институтында стажер-зерттеуші ретінде бастап, кіші, аға ғылыми қызметкер болып істеген. 1974 жылдан бері Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтында (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) аға оқытушы, аға ғылыми қызметкер, доцент, кафедра меңгерушісі болып қызмет істеген. Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырғанына қарамастан, әлі күнге дейін аталмыш жоғары оқу орнында жас ұрпақ тәрбиесімен айналысып келеді. Жүздеген ғылыми еңбегі жарық көрген. Тәжірибелік еңбектерін қазақ тілінде қорғаған. Жетекшілік еткен ғылыми жұмыстары республикалық конференцияларда Дипломмен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мақтау грамотасымен, көптеген Алғыстармен және университет Грамоталарымен марапатталған.

Өмірлік тәжірибесі мол жан ретінде көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін ақ қағазға түсіріп, өлең шумақтарына айналдырады. Оның өлең-жырларының тәрбиелік маңызы зор. Бұған қоса-қабат өлең техникасын да терең меңгергені айқын аңғарылады. 2000 жылы Шымкенттегі «Кітап» баспасынан шыққан «Сезім сарайы» атты үшінші жыр жинағына сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры, айтулы ақын, Физули атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Әбілда Аймақ алғысөз жазып, оны өлеңмен өрнектеген екен:

«…Алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, қолына қалам алып өлең өлкесінде біраз жұмыс тындырған осындай жандар өңірімізде баршылық. Кейбір «ақылгөйлер бұларды тіпті қомсынып, әдебиет ауылына алыс қонғандар деуі мүмкін. Бірақ ешкім де «Әдебиет» дейтін Ұлы да Құдіретті мекеннің қожайыны бола алмас. Тіршіліктің даму процесін еске алсақ, әдебиет дегеніміздің даму жолы да өте күрделі. Ең алдымен әдебиет — халықтікі, сол себепті де әдебиетті жасайтын да халық. Ал, Әжібек көкем болса халықтың бел ортасынан шыққан, өзінің маржан ойларымен халыққа қызмет етіп келе жатқан қаламгер.

Жасы елуден асқан шағында өлең дейтін аламан-тасыр өмір-дің есігін ашып, оның азабынан қорықпай, жыр жолына түсіп кеткеніне бек қуаныштымын. Айналамызда Әжекең секілді академик ағаларымыз көп-ақ қой. Бірақ олардың көпшілігі өлең дегенді ұғына да алмаса керек. Осыған терең үңіліп қарасаңыз, Әжекең әшейін ғана ерігіп жүрген жоқ. Барлық саналы ғұмырын ұстаздықпен өткізіп келе жатқан ол өзінің жырларымен де адамзат баласына ұстаз болып қалатын секілді. Бұл тұста Әжекеңді ұлы ұстаздар Аристотель немесе Әбу Насыр әл-Фарабимен қатар қойып отырғаным жоқ. Әжекеңнің ғұмырлық ұстаздық жолын осы кітапты оқыған оқырманның өзі-ақ бағамдар…».

Ғалым-ақынның «Болашаққа аманат» (Шымкент қаласы, «Кітап» баспасы, 2002 жыл), академик Уәлихан Бишімбаевпен бірге «Ақыл данадан» (Айшықты сөздер, Астана қаласы, «Акрам групп» баспасы, 2009), «Қанатты сөздер әлемі», (Алматы қаласы, НЦ НТИ баспасы, 2015), «Ой дегенің – іліп түсер қаршыға» (Алматы қаласы, НЦ НТИ баспасы, 2015), «Адамға тән – парасат» (Шымкент қаласы, 2018), «Бойыңда болсын қасиет» (Шымкент қа-ласы, 2018), барлығы 14 кітабы жарық көрген. Дидактикалық ой түйіндеулерден тұратын оның өлеңдері қалың көпшіліктің көңілінен шыққан.

Біз бүгін Әбекеңе зор денсаулық, ұзақ та мағыналы ғұмыр тілей отырып, оның бір топ өлеңдерін газетіміздің оқырмандары назарына ұсынуды жөн деп санадық.

ӘР НӘРСЕНІҢ ОРНЫ БАР САҚТАНАТЫН

Құмарлықтың еріп кетіп соңына,

Бәле-жәле төсеп жүрме жолыңа.

Құмарлықтың еріп кетіп соңына,

Тас төсеме жүретін өз жолыңа.

Ақыл оймен оны дер кез шідерлеп,

Енгізе біл ізгі ниет бойыңа.

Дандайсыма, мастанба болмағанға,

Күнің түсіп сол үшін оңбағанға.

Төгіп жүрме күшіңді деген оймен,

Алла берді сілтеуге қол маған да.

Қол сілтеме орынсыз жолыққанға,

Қорғасаң да басыңды қорыққанда.

Өзің түгіл өзгені көтере біл,

Сый-құрметті аямай жолыққанда.

Барың болса аяма кім болса да,

Жан-жағыңа қарай жүр түн болса аға.

Әр нәрсенің орны бар сақтанатын,

Жараспайтын мәселен, шытқа жаға.

АДАМ КӨРКІ АЛДАМШЫ

Көптік етер бір жаман елге, жұртқа, халқыма,

Қалдырмақ болған игілік, ізгілікпен артына.

Кейде жақсы қасиет орға жығар адамды,

Жолдас етсең сақтанбай өркөкірек жаманды.

Көре алмайтын пенделер тұзақ құрар жолыңа,

Жіпке тізіп қайдағы шалыс басқан қадамды.

Көптік етер бір жаман елге, жұртқа, халқыма,

Қалдырмақ болған игілік, ізгілікпен артына.

Тыныштық пен қуаныш, бейбіт өмір тілеймін,

Тисе екен деп халқыма, тек жақсылық талқына.

Ізгі іспен ұштаспай жақсылық сөзбен келмейді,

Аңдыған жауын алмастан кеңімес елге ер пейілі.

Елге, жерге еңбегің таза сіңіп жатпаса,

Ел сыйламас өзіңді, білімді қанша бол мейлі.

Адам көркі алдамшы болмағаны абзал-ды,

Ақыл ғана сақтайды қиындықтан әр жанды.

Арамзалар мейірбан даттаймын деп жақсыны,

Өткізіп алып жүреді онсыз да келте жалғанды.

Ажары әлі кетпеген жолықсаң қартпен келбетті,

Сүйемін десе емеуреп, жатырқамай бер бетті.

Осылар ғой, осылар бар қуатын тауысып,

Біздер үшін тер төккен гүлдендіріп жер-көкті.

МІН ТАҚПАЙМЫН МЕН САҒАН

Мін тақпаймын болсаң да мүлде қатты,

Қонақ болсаң тон жауып, берем атты.

Мін тақпаймын болсаң да мүлде қатты,

Қонақ болсаң тон жауып, берем атты.

Бірақ арақ-шараптың арқасында

Ажырасып кеткенің жанға батты.

Жанға батты, амал жоқ бұл да өмір,

Бірде ауыр болғанмен, бірде жеңіл.

Білдірмейін дегенмен амалым жоқ,

Ауыр болды өзіме қалған көңіл.

Амалым жоқ қайтейін, мен бір пенде,

Көзден ағар жылы жас ол да кейде.

Жақтырмаған адамдай тесірейіп,

Осындайда қарамай кеттің сен де.

Кете бардың шаңдатып соқпақтарды,

Жүрегімді әр қадам тоқпақтады.

Қалайша мен осыны ұмытамын,

Өмірдің іздеп сені жоқтатқаны.

ТАЗА НИЕТ БІЛДІРСЕҢ

Адалдықты ұнатып, зұлымдықты бүге түс,

Бойда қайрат болса егер ұялмайтын белде күш.

Айшылық алыс жерлерге бару қазір түк емес,

Болғанымен бір кезде адамзатқа ол елес.

Енді болса ұзақтан қолын бұлғар сол адам,

Бергеніңше ертелеп үй-жайыңа бір кеңес.

Адалдықты ұнатып, зұлымдықты бүге түс,

Бойда қайрат болса егер ұялмайтын белде күш.

Сонда ғана ойыңдай жұрт мақтайтын таң қалып,

Алға қарап қадамдар тұрып қалған көптен іс.

Ақкөңіл де болма сен, таза ниет білдірсең,

Қолдар халық өзіңді шын пейілмен күлдірсең.

Тапқаныңмен қарассаң, сала бермей ауызға,

Туыс түгіл ел риза қармағыңа ілдірсең.

Келсе ашу орнымен дұрыс көрем оны мен,

Мақтанатын жандар көп үстіндегі тонымен.

Ал соларға алданып қалған сорлы пенделер

Іздеп жүрер аяқпен берген затын қолымен.

Істі ақылға қонбайтын қолқалама жақынға,

Оған қайта өзгедей келсе қолдан жақын да.

Жұмыстарың оң болып аяқталса орнымен,

Таптырмайтын қиял-ой сыйяр сонда ақылға.

ҮЙРЕН, ТЫҢДА, ТАЛАПТАН

Үйрен, тыңда, талаптан,

Білім алып қанаттан.

Ой болғанда жетекшің, ақыл болсын көмекшің,

Сонда сені данышпан, айтшы досым, демес кім?

Тілімді осы алмасаң өкпеге онда орын жоқ,

Өтіп кетер дүние болар-болмас көмескіл.

Бойға біткен сабырлық болсын сенің қорғаның,

Байсалды мінез атадан балаға қонған ол да бір.

Ал оқымай білімді боламын деп жүргеннің

Бұл өмірде көрмедім тірлігінің оңғанын.

Сондықтан да көп оқы, үйрен, тыңда, талаптан,

Білім – байлық, білім – күш, сен сонымен қанаттан.

Тек сол кезде, жас досым, төңірегіңе нұр шашып,

Қайрат беріп өзіңе, тұрар бізді жаратқан.

ОЙЫМНЫҢ МЕНМЕНДІГІ

Шабыт уақыт таңдар,

Кеш өтсе әлі таң бар.

Өркөкірек ойымның менмендігі,

Шабыттың шығар мүмкін келгендігі.

Көсіліп ол кеудемде жатып алса,

Оның да болар маған сенгендігі.

Әр ойдың қанатына сонда ілініп,

Жел қуған кете барам жапырақтай.

Қыс болса өз жырымнан мен жылынып,

Жаз келсе жүрем мүлде дамыл таппай.

Көбелек көкейдегі сезім сонда,

Кернейді тізгін бермей біздің бойда.

Ал өзі тұнығындай таңғы шықтың

Мәңгілік таза болып қалар ойда.

Жойылар сонда бізден үркек үміт,

Талпынып болашаққа әрбір жігіт.

Періште қыздарымның пейілдері

Сағыныш саздарымен тұрар күліп.

Төгілсін күннің күміс күлкісі елге,

Шашылып құт-береке туған жерге.

Күдіктің сонда күрең мен күпісін

Ысырып ән салайын, доспен бірге.

Қиялдың тізгін бермес екпін лебі,

Махаббат қоздыратын көктем желі.

Зердеңіз зерлі болып туған болсаң,

Қоштасын демеу беріп сонда сені.

ҚАБАҒЫҢНАН БІЛІНЕР

Ызалы болса қабағы,

Ол жан кімге жағады?

Қабағынан білінер ниет-пиғыл, көзқарас,

Өткен жұмыс арада, артыс-тартыс, сөз талас.

Әдеп, иба, тереңдік, жеңілтек мінез, асылдық,

Кісіге біткен биіктік, болса да небір бақталас.

Бет-ажары түсіңкі, болмағанға тырысқан,

Бастықтар көп тәкаппар көрінгенмен ұрысқан.

Тырнағыңның астында іздегені жоқ болса

Зәреңді алып қорқытар, айдаймын деп жұмыстан.

Ашық-жарқын, көңілді, сүйкімді жанды іздесең,

Қабағы қалың, суық түс, ызалы жүз кездесер.

Мұндайлармен ашулы, кірпігіне мұз қатқан

Сын сағаты жеткенде амалы жоқ белдесер.

Жүзі сынық, жабырқау кірбің тартса қабағы,

Қуатта, қолда әрқашан құрметтеп қыз баланы.

Жылы сөз бен ықылас дәріден оған артық боп,

Жазарсың мүмкін бойдағы өтіп кеткен жараны.

Ал балтыры жалтырап, кербездер керсе қабағын,

Жүре берме салбырап артына еріп, қарағым.

Ертеңгі күні өзіңе үлкен дерт болып жабысар,

Ойнап-күліп бір ішкен тамағың мен арағың.

ЗӘУЛІМДІГІ АДАМНЫҢ…

Жылы қолтық іздеме,

Салқын түскен күзде де.

Жақсы іс, игі жұмыс, биік мұрат

Адамның зәулімдігін тұрар құрап.

Болмаса өн бойыңда бұл қасиет,

Жатарсың тегіс жерде тайып құлап.

Қыс өтіп, көктем келсе, үйде жатпа,

Болады алтын бұл кез әрбір апта.

Ата-анаң аты шыққан диқан болса,

Сайманды ұмыт болған, ал да сапта.

Жатқанмен мұндай кезде жан жуымас,

Өзге түгіл бір өскен дос пен құрдас.

Одан да бар өкпеңді маған қиып,

Қолға алып домбыраны жыр мен сырды аш.

Көктемнің сонда соқсын керім желі,

Тарқатып барлық мұңды елімдегі.

Онсыз да бір кездегі кердең көңіл

Жарылып бізге көптен берілмеді.

КӨКТЕМ ТҮССЕ ЖЕРІМЕ…

Жас шағыңнан ізден,

Бабалар жүрген ізбен.

Көқтем түссе жеріме, керек нөсер, жаңбырым,

Гүлдендірген даламен қазағымның сай-қырын.

Осы сәтте құлпырған жауқазынды белдегі

Айтыңдаршы, ағайын, көрмедіңдер қайбірің?

Жігер беріп күш-қуат кірді сонда бойыма,

Шабыт кернеп өлең, жыр түйдектеліп ойыма.

Қайрауы жеткен жандаймын шыңдалғандай бабымен,

Берейін бе біразын шашу етіп тойыңа.

Тіресіп табан барынша, көрсеттім қайрат күштіге,

Сырымға сылтау жасамай, сауытты киіп үстіме.

Басталды содан көңілдің ерекше бір шабыты

Зіл қаратас иықтан домалап жерге түсті де.

МАНСАПТАН МАҚСАТ ЖОҒАРЫ

Елдің елегінен өтсең,

Қамын ойла тез сен.

Өмірмен теңдес бағалы,

Дүниеде қымбат жоқ әлі.

Тұру керек одан соң

Мансаптан мақсат жоғары.

Олқылық сонда білдірмей,

Талап қой биік өзіңе.

Орынсыз жұртты күлдірмей,

Берік бол айтқан сөзіңе.

Мінсіз болған бар қыры,

Жігіттің болсаң алғыры.

Қызықтырсын сені онда

Туған елдің тағдыры.

Мұқалмайтын қайсарлық,

От-жалын боп жайнасын.

Бабаңа біткен байсалдық

Өн бойыңды жайласын.

Тайталастың кезінде

Босаңдықты байқатпа.

Беріліп жөнсіз сезімге,

Абыройыңды шайқатпа.

Періште пейіл қиялы,

Зердесі зерлі зиялы.

Көрсетіп қайрат барынша,

Табылып қалып жүр әлі.

Үстімен жүріп ауырдың,

Күлкісі болма ауылдың.

Астымен жүріп жеңілдің,

Құрбаны болма сенімнің.

Жұп-жұмыр, тұтас дүние,

Іліне бермес күніге.

Тілге тиек болардай

Тізгінді сал біріне.

ЕЛІМЕ ЖАҚПАЙ ӨЛЕҢІМ

Еліме жақпай өлеңім,

Сүрініп көптен келемін.

Бойдағы ойды халқыма,

Тарқатып қайтіп беремін?

Сол ойлар мені мазалап,

Өзімді жүрмін жазалап.

Ластанған жерді өзгемен

Кетсем бе деймін тазалап.

Болсам ба деймін қыраны,

Болмастан елдің жыланы.

Жамандық сезген жерге мен,

Көзімді тастап қырағы.

Болса ма деймін данасы,

Қазақтың әбір баласы.

Ісі мен сөзбен жазылса

Бітпейтін елдің жарасы.

Болсам ба деймін ертеңі,

Таңғажайып ертегі.

Отыз елдің сапына

Жететіндей ел тегі.

Тіледім онда халқыма

Жақсылық тисін талқына.

Ұрпақтар үшін қазына,

Мирас етіп кетер артына.

АНАНЫҢ НӘЗІК ҮНІ

Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген Ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең ізгі қасиеттер бізге алдымен Анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуымен аялауы бізді әлдилеп жұбатады. Олай болса:

Ана көркі – бала,

Дала көркі – қала.

Ана баласымен,

Қазақ даласымен.

Ананың алақаны

Емдейді жара кәні?

Ананың қабағын

Айтпай таба біл.

Анаға деген алалық

Жүрмесін елге таралып.

Анадан бәрі

Тарайды әлі.

Ана ақылы

Жеңер ақыры.

Ана сөзін

Тыңда өзің.

Кім жылатса ананы,

Өзі қор боп қалады.

Тыңдамаған ананы,

Кім сүйеді баланы?

Өмірдің иесін

Сыйламасаң күйесің.

Анасыз батыр қайда?

Бірі – майда, бірі – сайда.

Тіршілік иесін

Амалсыз сүйесің.

Келешекке ақ жол,

Тілегенім сол.

Адал ниетті

Бәрі сүйепті.

Адам сәулетшісі – Ана,

Шығарма естен бала.

Ақ сүтінен ананың

Қуаты енер баланың.

Қастерлей біл ананы,

Содан бәрі жарады.

Ананың пейілің

Түсінбей кеттің кейбірің.

Анадағы кәусар бұлақты

Көрмеген оны құлатты.

Сөнбейтін мәңгі шырақты

Көрмеген байғұс жылапты.

Адам болғың келсе,

Анаңды ерт көнсе.

Қамқорлық жаса Анаға,

Ісім деп кетпей далаға.

Ей, батырым,

Ана жақының.

Жанашырың анаң,

Осыны біл, балам.

Ақ сүтін беріп аялаған,

Ана ешнәрсесін аямаған.

ӘКЕ ТУРАЛЫ ОЙ

Әке – асқар тау деп бекер айтылмаған. Басына қиын іс түскенде демеу жасап, әкелік күшқайрат беретін адамың болса қандай жақсы. Қиналған сәттерінде жаның аналық мейірімділікпен қоса әкелік қамқорлықты да іздейді екен. Бірақ, амал қанша, «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, өте қамығамын. Әкем жарықтық өмірінің ақтық демі таусылғанша бейнетпен кетті. Оның балаларына деген қамқорлығы аса биік еді, қызғаншақтық не болмаса басқалармен бақталасатын кезін көрген емеспін, қолы ашық жомарт кісі еді. Қазіргі заманда әке тәрбиесіне мұқтаж, перзентке қорған, жарға сүйеніш болар әкенің жоқтығы жанымды қынжылтады. Олай болса:

Әкенің алсаң күрегін,

Жеңіңді бала түре біл.

Әкенің ақылы

Балаға жақыны.

Әкеден безген

Өзін-өзі езген.

Әке жүрегі

Бәрін біледі.

Әкелі бала

Өсе келе дана.

Әкең жақсы болса,

Мақтанар елің сонша.

Әкенің сөзін

Көтере біл өзің.

Әке қорған,

Әркез болған.

АТА-ӘЖЕ

Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Ендеше:

Сүйген болсаң батаны,

Тастап кетпе атаны.

Сүйген бала батаны,

Атасымен жатады.

Ата – зәулім бәйтерек,

Ол болмаса қайтер ек?

Ата – баланың қорғаны,

Көбейер малға орғаны.

Атадан – өсиет

Тыңдаған оған бас иед.

Ата жолын аттама,

Көңілде ұста сақта да.

Ата мен әже сөздері

Тыныштықты көздеді.

Ата көрген жігіттен

Елі-жұрты үміткер.

Ата менен ананы

Сыйларсың болсаң балалы.

Атаның салған жолын

Ұмытпа тисе қолың.

Атаңа сөз тигізбе,

Бетіңді оған сүйгіз де.

Атаңнан қалса,

Еліңе жарат.

Қарамай алса,

Бәріне тарат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *