ІНЖУ-МАРЖАН ШАҺАРЫ

Қоғам
1 216 Views

Алматы халықаралық әуежайында отырмыз. Амандық болса, енді екі сағаттан соң, Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы – Дубай қаласына ұшпақпыз. Сыртта жапалақтап қар жауа бастады. Ақпан айы ортасынан ауса да, Алматыда қыс әлі күшінде. Дубайда пысынап жүрмейін деп үстімдегі жылы тонымды жүк сақтау орнына тапсырып, жұқалау күртеше киген болатынмын. Бас-аяғы атшаптырым келетін үлкен әуежайдың іші қанша жылы болғанымен, ептеп тоңа бастағандаймын. Халықаралық Журналистер Ұйымы ұйымдастырып отырған бұл алыс сапарға Қазақстаннан үш журналист жол жүргелі отырмыз.

Болашақ серіктестерімнің екеуі де тепсе темір үзетін жас жігіттер. Сергей өскемендік, ал Михаил Павлодардың тумасы. Естуімізше, Дубай қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы елдерінен тағы да тоғыз журналист қосылып, қатарымыз көбейе түспек. Үлкен ұшақ Алматы әуежайынан өз уақытында көтеріліп, Азияның оңтүстігіндегі Үнді мұхитымен шектесіп жатқан Дубай қаласына бет түзедік. Алты сағат ұшып, Халықаралық Дубай әуежайына қондық. Қыс мезгілі болса да, мұнда жадыраған жаз.

«Мың рет естігенше, бір көрген артық» демекші, қасиетті араб жеріне де табан тіреп тұрмыз. Дубайдың әсем кешкі көріністері онсыз да көрікті сұлу қаланың ажарын аша түскендей. Сұлу көркіне пері қызы қызығатын Дубай – Біріккен Араб Әмірлігіндегі ең үлкен қала, ол Дубай әмірлігінің әкімшілік орталығы, яғни астанасы.

Біз мінген жайлы автобус қонақ үйге бет алысымен, славян нәсілді жол бастаушы келіншек араб әлеміндегі өзіндік тарихи, саяси орны бар алып қаланың тарихын тәптіштеп айта бастады.

– Дубай қаласы – Дубай әмірлігінің әкімшілік орталығы болумен қатар, бүкіл Таяу Шығыс елдерінің іскерлік орталығы. «Қара алтынның» арқасында экономикасы өркендеп, халықтың тұрмысы нағыз жұмаққа айналған бұл өңір Иран, Үндістан, Шығыс Африка, сондай-ақ шеткері Шығыс елдері үшін ену қақпасы болып табылады. Дубай қаланы екі бөлікке бөлетін Хор-Дубай шығанағымен қиылысып жатыр, – дейді өз кәсібіне әбден машықтанып алған гид тақ-тақ етіп.

Біз, қазақстандық журналистер, Үнді мұхитының дәл жағалауына орналасқан еңселі әрі сән-салтанаты мол қонақ үйіне орналастық. Жергілікті уақыт түнгі 1-ге таяп қалса да, әлі жап-жарық. Айнала жап-жасыл, әсем гүлдердің түр-түрі жайқалып өсіп тұр, өмірімізде көрмеген сәнді ағаштарды осында көрдік. Үлкен қауыздардан су атқылағанда керемет музыка әуені естіледі. Бар әлемнің адамдары осында көшіп келгендей: ақ, қара, сары нәсілді ағайындар қаптап жүр.

Өзіме тиісті бөлмеге орналасқанда қатты шаршағанымды сездім, кешкі асқа қарамастан, тез душ қабылдадым да, дайын тұрған төсекке құлай кеттім. Таңертең ерте ояндым, бес сағаттай ұйықтасам да, кәдімгідей тынығып қалыппын. Сергей, Михаил үшеуміз таңғы ас дайындалған мейрамханаға бет алдық. Араб жерінде де бізді «Швед дастарханы» қарсы алды. Тамақтың, жеміс-жидектің, көкөністің, сусынның түр-түрі көз алдымызда жайнап тұр: қалағаныңша же, қалағаныңша іш, қолыңды ешкім қақпайды. Дастархан басында ТМД және бұрынғы Кеңес елдерінен келген әріптестермен таныстық, араларында орыс та, украиндық та, тәжік пен өзбек те, армян мен грузин де бар. Бәріміз орыс тілін жақсы білгендіктен, емін-еркін сөйлесіп, тез танысып, ағайынды жандардай араласып кеттік.

Таңғы астан соң, жұбымызды жазбастан, Дубайдың Солтүстік бөлігі саналатын Дайраға бет алдық. Қаланың бұл бөлігі бизнес пен туризмнің орталығы болып саналады. Бұл екі бөлік Әл-Хор шығанағымен өтетін Әл-Макмут және Әл-Гархуд көпірімен, сонымен қатар, Әл-Шандага Үңгіртауымен байланысып жатыр. Дүниежүзінің төрт бұрышынан келген туристерді қызықтыратын да көпір мен Үңгіртау.

Джебель Али ауданы бүкіл ел үшін өндірістік және сауда-саттық аймағы болып есептеледі. Бұл жалпы Парсы шығанағындағы ең ірі тәуелсіз экономикалық аймақ. Парсы шығанағының жағалауында орналасқан Дубай Таяу Шығыстағы басты саяхат орталығы болып саналады. Ертегідей жағажайлар, демалыс үшін мүмкіндіктің молдығы, спортпен шұғылдану – мұның бәрі демалысыңызды Дубайда өткізуге қолайлы жағдай жасайды. Мұнда жылдың он екі айында да күн ашық болады. Үнді мұхитының жағалауындағы жағажайлардың біріне суға түскенімізде 35 градус ыстық болып тұрды. Дубайдың осы ақпан күнінде мен өзімді шырайлы Шымкентте жүргендей сезіндім.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшы осы ертегі сияқты ғажайып қаладағы дүниежүзі бойынша ең ірі сауда орталығы саналатын «Дубай – Молға» соқпай кетпейді. Өйткені, әлемде теңдесі жоқ сауда орталығы дүниежүзіндегі ең биік ғимарат ретінде саналады. Биіктігі 165 қабат болып келетін мекен-жайда сауда орталықтары ғана емес, демалыс орындары, мейрамханалар көптеп кездеседі. Басқасын айтпағанда, мұнда кәдімгі қар үстімен шаңғы тебуіңізге де, аяғыңызға коньки киіп, айнадай жарқыраған айдынмен сырғанауыңызға болады. Қайықпен үлкен аквариум ішімен жүзіп отырып, акуладан бастап, небір балық түрлерін өз көзіңізбен көресіз.

Дубай сауда орталығының алдында қолдан жасалған үлкен көл бар. Кешкі 6-да көл үстіндегі фонтандардан су атқылап, сан түрлі өрнектер салады. Бұл таңғажайып көрініс жарты сағатқа дейін созылып, әлемнің ең үздік музыкалық шығармалары фонтан арқылы ойналып тұрады. Сондықтан да, мұнда келушілердің саны өте көп.

Атақты сауда орталығының екінші қабатында құстың сүтінен басқаның бәрі сатылады десем, артық айтқандық болмас. Оның о шеті мен бұ шеті атшаптырымдай жерді алып жатыр. Осында Біріккен Араб Әмірліктерінің шейхтері, белгілі тұлғалары сауда жасайды екен.

Дубайда жүрген сапарымда Аркадий деген украиндық журналиспен танысып, екеуміз тез тіл табысып кеттік. Сонау алыстап кеткен 1970 жылдары Киев қаласында 2 жыл әскери борышымды өтегенім бар. Днепр өзенін қақ жарып орналасқан әсем қаламен жақсы таныспын. Украинаның ұлттық батыры Богдан Хмелнискийдің айбынды ескерткіші бой көтерген Крещатик алаңы, талай-талай ғасырлардың куәсі болған Пещерский-Лавр деп аталатын тарихи орын, Днепрдің үстінен салынған әлемдегі ең әсем көпірлердің бірі – Патон көпірі және басқа да тарихи орындар әлі көз алдымда сайрап тұр. Киевте болған екі жылда аңғарғаным: украиндықтар мінез-құлқы жағынан қазақтарға жақын келеді, ашық-жарқын, қонақжай, достыққа берік. Айбынды Кеңес әскерінің қатарында болып, Украинаның суын ішіп, нанын жегеннен болар, осы елге бүйрегім бұрып тұрады. Ресейдің әлімжеттік, басқыншылық саясатына да қарсы журналистің бірімін. Орыс ағайындар өз славян бауырларына күш көрсетіп, Қырымды тартып алса да, соғыс ашып, саяси және экономикалық қысым көрсетсе де, украин халқы өздері таңдап алған бағытынан, жолынан тайған жоқ. Иә, украиндықтар өр халық, батыр халық! Осы туралы Аркадийге айтқанымда, ол шын жүректен риза болып, арқамнан қағып жатты.

Аркадий де Украинаның аңқылдап қалған бір жігіті болып шықты. Әзілдің түбін түсіреді, ақсың ба, қарасың ба, сарысың ба, оған бәрібір, кез келген адамды жайдарлы мінезімен бірден баурап алатын қасиеті бар. Өзі адал да аңғал, Қожанасырлығы да жетіп жатыр. Украинаның жүрегі саналатын Крещатикке байланысты күлкілі оқиғаны есіме алсам, осы күнге дейін езу тартамын. Леси Украинки даңғылындағы Киев технологиялық институтында жамбылдық Алтай Қасымов деген жерлесім оқитын. Егер тәртібің, жүріс-тұрысың дұрыс болса, рота командирі демалыс күндері 5-6 сағатқа қалаға шығып, серуендеп қайтуға рұқсат береді. Елге қайтуға жарты жылдай қалғандықтан, мен біраз киім-кешек сатып алғанмын. Тамыз айының ортасы болатын, қалаға шығуға рұқсат қағаз алып, Алтайдың жатақханасына тартып кеттім. Үстімдегі солдаттың киімдерін жақында ғана алған көйлек пен шалбарға ауыстырып, қол созым жердегі Крещатик алаңына асыға бет алдым. Богдан Хмелницкий ескерткішінің алдында Киевте білім алып жатқан қазақ жастарымен кездесу жөнінде осыдан бір апта бұрын алдын-ала келісіп қойған болатынбыз. Алаңның арғы бетіне өту үшін жер асты жолымен жүруің керек, мен өзімше пысықсынып, ерсілі-қарсылы машиналар ағып жатқан үлкен көшемен жүгіріп өтіп кетпекші болдым. Көздеген жеріме жете бергенімде, қарсы алдымнан ұзын бойлы, қолына ала таяқ ұстаған милиционер шығып, мені тоқтатты.

– Сіз, оқыған-тоқыған сауатты азамат сияқтысыз, – деді тәртіп сақшысы. – Жаяу жүргіншілер арнайы өтетін жер асты жолы бар, сонымен жүрмейсіз бе? Қысқасы, сіз жол тәртібін бұздыңыз, сондықтан да, 3 сом айыппұл төлеуіңізге тура келеді.

Алғашқыда не істерімді білмей, сасқалақтап қалғаным рас. Қатардағы жауынгердің қалтасында артық ақша қайдан болсын. Жолдастарымнан қарызға алған 5 сомның 3 сомын айыппұлға берсем, жағдайым қиын болғалы тұр. Сол кезде Киевте вьетнамдық жастар көп оқитын, оларға шетелдің азаматы ретінде көп жеңілдік жасалатындығынан хабарым бар. Бойымның сәл ұзындығы болмаса, мен вьетнам ағайындардан айнымаймын.

– Я вьетнамец, я вьетнамец, – дедім әдейі тілімді бұра сөйлеп.

Милиция сержанты менің бас-аяғыма мұқият қарап: «Ладно, идите, больше не нарушайте», – деп өз жайына кетті.

Қызылкөз бәледен құтылдым ба, құтылмадым ба деп зыта жөнелдім. Сөйтіп, қалтамдағы 5 сомым аман қалды. Осы оқиғаны айтып бергенімде, Аркадий: «Ну даешь, вьетнамец», – деп мәз-майрам болды.

Дубайдағы сапар кезінде оншақты журналист жұбымызды жазбастан бүкіл әлем бойынша ең ірі саналатын Дубай-Мол сауда орталығына бардық. Біріккен Араб Әмірлігінде қоғамдық жерлерде мұсылман әйелдерінің бетіне тік қарауға, сөйлеуге болмайды, бұл ережені бұзсаң, қомақты айыппұл төлейсің. Бұл жөнінде бізге Дубайға келген күні арнайы ескертілген болатын. Бүкіл әлемге белгілі салтанатты сауда орталығының екінші қабатына көтерілгенімізде таң-тамаша болдық. Әдемі, жылтыр, мрамор тасымен жасалған еден айнадай жарқырап жатыр. Әр жерден фонтан атқылап, әсем өсімдіктер мен гүлдер айналасына ерекше бір сұлулық пен көрік береді. Ұзындығы бір шақырымдай болып қалатын үлкен залдың екі шетіне сауда нүктелері орналасқан. Қалтаңда ақшаң болса, мұнда бәрі табылады. Біздер жан-жағымызға қарап таңырқап тұрғанымызда, үлкен залдың ішімен ерекше сән-салтанатпен келе жатқан топқа еріксіз назар аудардық. Ұзын бойлы, ұлттық киімі өзіне жараса кеткен орта жастағы араб ағайынның бай әрі белгілі тұлға екендігін айтпай-ақ, аңғаруға болады. Оның алдында беттеріне перде киген үш қызметші әйел келеді. Сымбатты, тәкаппар арабтың соңынан ілескен үш әйел үстеріне қымбат матадан ұзын көйлек киіп, беттерін тұмшаласа да, қасы-көзі қиылған хас сұлулар екенін көріп тұрмыз. Әдемілігі мен сұлулығы бір-бірінен өткен бұл келіншектердің бай арабтың заңды әйелдері екендігін аңғару қиын емес. Ерлі-зайыптылардың соңынан ерген үш қызметші әйел де өте көрікті, сұлу жандар.

– Мына сұлтанның өзі де мықты, үш әйелі де мықты екен, – деді жанымда тұрған Аркадий сұқ саусағын шошайтып. – Билетер ме еді, шетінен шіркін, аш белдерін бұраң-бұраң еткізіп.

Сол-ақ екен, украиндық досымның жанына екі арабтық полиция жетіп келіп, дедектетіп сүйрей жөнелді…

Аркадий сауда орталығындағы полиция бөлімшесінен көңілсіз шықты.

– Ойбай-ау, сұмдық қой! – дейді украиндық әріптесім. – Мына араб сұлтанының келіншектеріне қарап нем бар еді, бақандай 700 доллар айыппұл төледім, шайтан алғыр. Киевке барғанда Настя мені өлтіретін болды, алтыннан жасалған әшекей ал деген ақшасы еді, құрыдым, достым…

Дубайдың Оңтүстік бөлігіне жататын Бар – Дубайда негізінен әртүрлі компаниялар мен банктер, сондай-ақ көптеген мекемелердің басқару кеңселері орналасқан. Бізді қызықтырғаны: жануарлар саябағы және теңіз жағалауындағы Әл-Джумейра саябағы болды. Адам үшін, адамның тіршілігі үшін барлық жағдай жасалған әсем саябақта Әли есімді отандасымды кездестіріп қалдым.

– Біріккен Араб Әмірліктерінде 4 миллион халық тұрады. Соның 1 миллионнан сәл астамы ғана арабтар, ал қалғандары дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген мен сияқты адамдар, – дейді Әли әңгімеге тартып. – Араб халқы – иманды халық. Өз ісіңе адал болсаң, мұсылман ағайындар әрқашан да еңбегіңді бағалай біледі, бұл елде кісі ақысын жеу жоқтың-қасы. Халық көп келетін асханада еңбек жолымды қатардағы даяшыдан бастадым, қазір тамақтандыру орнының басшысымын. Түскен пайданы асхананың қожайыны екеуміз тең бөлісіп отырамыз. Жақында өзім жеке-меншік мейрамхана ашқалы отырмын.

Әли бізді шайға шақырды. Қазақстанға бармағанына 2 жылдай болып қалыпты. Өзінің балалық, жастық шағы өткен Алматыны қатты сағынғанын айтып, елдің жағдайын сұрап жатты.

Бүгінде бүкіл әлем танып отырған айтулы Араб мемлекетінде қылмыс атаулы жоқ десе де болады. Сыбайлас жемқорлық, бопсалау, пара, алаяқтық, кісі ұрлау, өлтіру сияқты қылмыстарды олар шет елдік газеттерден оқып, теледидардан көреді екен. Сізді танымаса да амандасып, жүзінен мейірімділіктің лебі есіп тұрады.

Асыл тастар мен алтын мен күмістің түр-түрі көз жауын алатын Алтын базардан шыға берісте машинаның рөлінде отырған орта жастағы араб жол ережесін бұзып, алдында тұрған қымбат «Тойота Ландкрузерді» қағып кетіп, бамперін майыстырып жіберді. Жүргізушісі көлігінен түсіп, отандасынан кешірім сұрап жатты. Машинасы кәдімгідей майып болған араб түк болмағандай басын изеп күле сөйлеп, көлігіне отырды.

Жанымдағы азербайжан журналисті араб тілінде еркін сөйлейтін жігіт ағасы.

– Могамед, екі араб бір-біріне не айтып жатыр, аударып берші! – дедім қызығушылық танытып.

– Арабтар қызық халық, – дейді әріптесім таң қалғанын жасырмай – анау қымбат машинаны қағып кеткен жүргізуші «Мырза, ренжи көрмеңіз, менің абайлауым керек еді, кешіре көріңіз! – деді. Ал екінші дубайлық болса, «Ештеңе етпейді, бауырым», машина деген адам емес, темір ғой, өзіміз аман болайық», – деді ештеңе болмағандай.

Менің таң қалмасқа шарам қалмады. Дәл осындай жағдай Алматыда болып жатса, біздің жүргізуші ағайындардың ауыздарына ақ ит кіріп, қара ит шығып, бір-бірінің жағасынан алып, төбелесіп жатар еді… Имандылық жоқ жерде қиын ғой…

Елге қайтар алдында атақты Джумейра мешітіне бардық. Сейіт патшасының сарайын тамашалау өте әсерлі болды. Арабтар «Доу» деп аталатын кемеге отырып, үлкен шаһарды қақ жаратын канал арқылы Үнді мұхитына шығып, серуен құрдық. Сондай-ақ, жергілікті журналистер біздерді Дубайдан 20 шақырымдай қашықтық жердегі құмы сахараға шақырып, жал-жал болып жатқан құмның үстімен машина айдап, небір тюрктер жасадық. Ал, кешке ашық мейрамханада, кәдімгі ағаштан жасалған нардың үстінде отырып, түйенің етін жеп, араб өнерпаздарының концертін тамашаладық. Мен дубайлық ағайындардың әуезді музыкасын тыңдап отырып, алыстағы Мойынқұмның құмды жоталарын есіме алдым.

«Қалауын тапса, қар жанады» демекші, арабтар туризмді үлкен бизнеске айналдырып, қомақты табыс таба біледі. Түйеге мініп, 50 метрдей жүрсеңіз, 10 доллар төлейсіз. Ал, құм-жоталарымен машина арқылы серуендегіңіз келсе, қалтаңызда 15 доллар болуы тиіс. Егер де ашық мейрамханада түйенің етін жеп, музыка тыңдағыңыз келсе, шытырлатып 25 долларды санап бересіз.

Әрине, шетелде қонақ болған жақсы ғой, бірақ өз еліңе, өз жеріңе не жетсін! Ақпан айының соңғы күндері болса да, жаздай жадырап тұрған інжу-маржанды шаһар Дубаймен қоштасып, қары әлі сіресіп жатқан, жолы көктайғақ Алматымызға жеткенше асықтық…

Алматы – Дубай – Дубай – Алматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *