ҚАҒАЗДАҒЫ ҚАНТТАЙ ТІРЛІКТЕРДІҢ ІС ЖҮЗІНДЕ БАСҚАША БОЛАТЫНЫ ҚАЛАЙ?

Билік
1 125 Views

Шымкенттегі «Түркістан» сарайында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев 2017 жылы атқарған жұмыстары жайында есеп берді. Есепті кездесуге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Қазақстан Республикасы Премьер-министр Кеңсесінің бас инспекторы Марат Жексембин, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов, «Нұр Отан» партиясының жауапты хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Жиынды өңір жұртшылығы интернет арқылы тікелей эфирден көру мүмкіндігіне ие болды . Кездесу облыс әкімдігінің ресми сайты мен әкімдіктің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы тікелей эфирге трансляцияланды. Сонымен қатар облыс әкімінің есебіне барлық аудан, қалалардың тұрғындары тікелей бейнебайланыс арқылы қатысып, өздерінің сұрақтарын жолдады. Алдын ала жарыссөзге жазылғандардың арасынан тек Шымкент қаласындағы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Бәшенов қана сөз сөйледі. Неге екені қайдам, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары А. Жұмағалиев сөзге шықпай қалды. Есесіне өңір басшысына сауал қоюшылар мен арыз-шағым айтушылардың қатары көп болды. Жайшылықта қарапайым жұртшылықтың облыс, қала басшылары түгіл, аудан әкімдерінің қабылдауына кірудің өзі мұң екені баршаға белгілі. Сол себепті мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өздерінің өтініш, талап-тілек, ұсыныс-пікірін білдіргісі келетіндердің де жағдаяттарын әбден түсінуге болады.

Өңір басшысының тезистері алдын ала «Жыл есебі» атты айдармен «Жаңғырудан – жарқын болашаққа» тақырыбында баспасөз бетінде жарияланғандықтан, оған толыққанды тоқталуды жөн көрмедік. 2017 жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 522,4 миллиард теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 42 миллиард теңгеге артқан. Өндірілген өнім көлемі бойынша облысымыз республикада екінші орынды еншілеп тұр. Инвестиция тарту жөнінен елімізде көш бастап келеді. Былтыр 482 миллиард теңге инвестиция құйылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға артқан. Шетелдік инвесторлармен 40-тан астам кездесу өткізілген. Нәтижесінде Ресей компанияларымен бірнеше шағын су электр стансаларының құрылысы, Қытай компаниялармен биоэтанол және фосфор тыңайтқыштары зауыттары, сондай-ақ күн сәулесінен электр қуатын өндіретін электр стансасының құрылыстарын жүргізу жөнінде келісімдер жасалған. Түбі бір түрік халқымен қарым-қатынасымыз күн санап нығая түсуде. Өкінішке орай, облысымыздағы 11 индустриялық аймақтың қазіргі таңда екеуі неліктен жұмыс істемей тұрғанын біле алмадық.

Республикадағы барлық жылыжайлардың 80 пайызы біздің өңірімізде орналасқанымен қызанақ пен қиярдың бағасы қымбат. Мал шаруашылығын дамытуды көздейтін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының орындалуы бойынша республикада бірінші орынды иеленгенімізбен, біздегі ет пен сүттің бағасы да удай.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 пайызға өсіп, 721,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстағы 7482 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.

Денсаулық сақтау саласында 38 нысанның құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде 33 нысан, соның ішінде жеті дәрігерлік амбулатория, бір ауылдық емхана, 17 фельдшерлік-акушерлік пункт, бес медициналық пункт және тағы басқа да үш денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Медицина мамандарын қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша 7567 маман, соның ішінде 80 маман шетелдерде өз білімін жоғарылатқан. Атап айтар болсақ, Ресейде – 32, Оңтүстік Кореяда – 19, Түркияда – 15, Беларусьта – 8, Монғолияда 6 дәрігер біліктілігін жетілдіріп қайтқан.

Облыста жаңадан 133 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылып, онда 14 мыңға тарта орын пайдалануға берілген. Жалпы алғанда, 29,8 миллиард теңгеге 82 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 32 нысанның құрылысы аяқталған. Соның ішінде сегіз апатты және 13 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілген. Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес педагог кадрларды қайта даярлаудан өткізу мақсатында 7197 педагог қайта даярлаудан өтіп, 11131 педагог біліктілігін арттырған. Жаңартылған ғылымның жекелеген пәндерін ағылшын тілінде оқытуға көшіру бағытында информатика, физика, химия, биология пәндері мұғалімдерінен 2579 педагог ағылшын тілі бойынша біліктілігін арттырған. Бүгінде облысымыздағы үш лицей-интернатында аталмыш пәндер ағылшын тілінде оқытылуда. «Цифрлы Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығында Smart Ontustik Bilim жобасы жүзеге асырылуда. Соның арқасында педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдау автоматтандыру үрдісімен жүргізілуде. Қазіргі күнге дейін педагог қызметкерлерден 718 өтініш беріліп, 495 педагог жұмысқа қабылданған. Білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру бойынша мектепке дейінгі білім ұйымдарына балаларды орналастыру үшін balabaksha.shymkent. edu.kz жүйесі арқылы 67756 өтініш қабылданып, 27500 жолдама электронды түрде берілген. Қала мектептеріне енгізілген mektep.shymkent.edu. kz жүйесі арқылы 21945 өтініш түсіп, қала мектептерінің бірінші сыныбына барлық оқушылар электронды түрде қабылданған. Білім беру ұйымдарын онлайн режимде басқару бойынша kundelik.kz жүйесінің функциясы мобильді түрде кеңейтіліп, аталған жүйеге облысымыздың 779 мектебі қосылған. Алдағы уақытта мұғалімнің сынып журналы, сабақ кестесі, күнтізбелік және сабақ жоспарлары, үй тапсырмалары бойынша жұмыс істеудің мобильдік қосымшасы енгізілетін болады.

Техникалық және кәсіптік білім беру жайын сөз еткенде облыста 94 колледжде 74,2 мың оқушы 95 мамандық бойынша білім алуда. Соның ішінде мемлекеттік тапсырыспен оқитындар жалпы оқушылар санының 46,6 пайызын құрайды. Колледждердің бәріне «Баршаға арналған техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы енгізілген. Соның негізінде «Кәсіпкер» холдингінің ұйымдастыруымен облыста 500 педагог жаңа бағдарлама бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтіп қайтқан.

Қазіргі таңда облыста жастардың 62 қоғамдық бірлестігі бар (2016 жылы –56). Сонымен қатар жеті республикалық жастар ұйымдарының филиалы мен этномәдени орталықтардың жанынан құрылған жастар қанаттары жұмыс істеуде.

Мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 92,1 пайызға жетіп, ағылшын тілін білетіндер 15,6 пайызға артса, үш тілге де жетік азаматтар халық санының 10, 5 пайызын қамтыған. Облыста мемлекеттік және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын 15 орталық жұмыс істейді. Былтыр бұл орталықтарда 8176 тыңдаушы (қазақ – 3391, орыс – 1986, ағылшын –2799) тіл оқыту курстарына қатысқан.

Жастар тәжірибесімен 5586 адам еңбекпен қамтылған. Тәжірибеден өткендердің 3424-і тұрақты жұмыс тапқан.

Былтыр 3377 азаматқа оралман мәртебесі берілген. Елбасының тапсырмасына сәйкес еңбек күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге 163 отбасы (686 адам) қоныс аударған.

Облыста мәдениет саласын дамытуға 10,6 миллиард теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда өңірімізде 735 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Олардың тарапынан Халықаралық – 14, облыстық – 30, клубтарда – 12526, 427 кітапханада – 1813, 25 музейде – 902 іс-шара, барлығы 31603 көпшілік іс-шаралары өткізілген. Кітапханалар 148,3 мың жаңа кітаппен толығып, кітап қоры 7,2 миллион данадан асқан. Ал кітапханалардың электрондық кітап қоры 23 мың данаға жеткен. «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Ұмыт қалған 100 кітап», «Кітапханаға сый» акциялары өткізіліп, кітапханалар қорына 10,9 мың кітап сыйға берілген.

Өңір спортшылары былтыр ел чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 400 алтын, 396 күміс, 393 қола медаль еншілеген. Азия чемпионаттары мен кубоктарында 78 алтын, 53 күміс, 42 қола медаль иеленген. Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 34 алтын, 21 күміс, 37 қола медаль жеңіп алған. 34 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сегіз Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, 173 спорт шебері, 794 спорт шеберлігіне үміткер дайындалған.

61521 шетел азаматына жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бюджетке 355 миллион теңге кіріс салығы түскен.

Түрлі лайықсыз әрекеттерге жол берген мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін бір жүйеге түсіру мақсатында облыс әкімі аппаратында облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы құрылды. Аталған комиссия 16 материал қарап, 14 мемлекеттік қызметшіге тиісті тәртіптік шара көрілген.

Биыл да әлеуметтік нысандардың құрылысына айрықша назар аударылатын болады. Атап айтқанда, 41 мектеп, 7 емхана, 2 дәрігерлік амбулатория салынады. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында 730 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. 13 елдімекен таза ауызсумен, 42 елдімекен табиғи газбен қамтылады. Shymkent City қалашығы жобасының аясында тұрғын үйлермен қатар «Шымкент-Арена» спорт кешенінің және «Конгресс-Холл» сарайының құрылысы басталатын болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан Шымкент қаласымен қоса-қабат Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының стратегиялық қажеттіліктерін қамтитын «Шымкент агломерациясының аумақтарын дамытудың өңіраралық схемасы бекітілді. Бұл облыс орталығы мен оның айналасындағы аудандар мен Арыс, Ленгір, Сарыағаш қалаларының қарқынды дамуына серпін беретіні анық.

2018 жылы 20 ақпанда өткен алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясында 304684 тұрғыны бар Мақтаарал ауданын бұрынғыдай Мақтаарал ауданы (әкімшілік орталығы – Мырзакент кенті), Асықата ауданы (Асықата кенті), Жетісай ауданы (Жетісай қаласы) етіп үш ауданға, ал 326915 тұрғыны бар Сарыағаш ауданын Сарыағаш ауданы (Сарыағаш қаласы), Келес ауданы (Абай ауылы) деп екі бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылып отыр. Осылайша Келес ауданы төртінші рет қайта құрылмақшы. Аталмыш аудан 1928 жылы 17 қаңтарда шаңырақ көтерген. 1939 жылы бұл ауданнан Сарыағаш ауданы (орталығы – Сарыағаш ауылы) бөлініп шығады. 1963 жылы 2 қаңтарда Келес ауданы алғаш рет таратылып, оның біраз бөлігі Сарыағаш ауданына берілді. 1964 жылдың желтоқсан айында түгелімен жаңадан құрылған Шардара ауданына (орталығы – Абай ауылы) қосылған. 1969 жылы 13 қаңтарда Келес ауданы қайта құрылды. 1988 жылы 9 шілдеде екінші рет қайтадан Сарыағаш ауданының құрамына берілді. 1989 жылы 13 қазанда Келес ауданы қайта құрылды. 1997 жылы 24 сәуірде үшінші рет таратылғанда тағы да Сарыағаш ауданына қосылған. Облыстық мәслихаттың депутаттары осы үшін Ж. Қ. Түймебаевқа сессияда «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс жасап та үлгерген. Бірақ бұл мәселенің көптен бері көтеріліп жүргені баршаға белгілі. Талай рет айтылып та, жазылып та әбден пісіп-жетілген шаруаның бәрін облыстың қазіргі әкіміне тели салғанымыз орынсыз болмақ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 50 жоба әзірленіп отыр. «Ақсу-Жабағылының алқызыл қызғалдағы» атты қызғалдақ, «Қымызмұрындық» атты қымыз қымыран, «Қауын fest» атты қауын-қарбыз, «Агро fest» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің фестивальдерін, «Туған жерге тағзым» деп аталатын ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған. Облысымыздың туристік әлеуетін көтеру мақсатында «Open Saryagash» атты гольф жарысы, «Safari Shardarа» атты туристік форум өткізілмек. Жалпы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы іріктеп алған 100 нысанның 25-і, яғни әрбір төртіншісі біздің өңірімізге тиесілі болғандықтан, Ұлы Жібек жолындағы өңірдің туристік әлеуeтін тиімді пайдалану міндеті тұр.

Алайда, облысымызда шешімін таппастан қордаланып отырған өткір де өзекті мәселелер аз емес. Мұны басқосу барысында қойылған сұрақтардан айқын аңғардық. Мәселен, арыстық тұрғындарды газдандыру, түркістандық шаруаларды ағын судың азабы, сайрамдықтарды Ханқорғанның қазіргі хал-жағдайы, сарыағаштықтар мен созақтықтарды жұмыспен қамту, шымкенттіктерді көпбалалы аналар мен жастарды қолдау, жол жөндеу және қоғамдық көлік қызметіндегі орашолақ мәселелер мазалайды екен. Сөз орайы келгенде облысымыздағы 844 елді мекеннің 244-і ғана «көгілдір отынмен» қамтылғанымен тілге тиек етейік. Шымкенттегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқитын 100 мыңға жуық студенттің небәрі алты мыңдайы ғана жатақханамен қамтылған. Осы орайда студент және жұмысшы жастарға арнап Жастар үйлерін салу қажеттігі тілге тиек етілді. Өңір басшысы жиналғандарды ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу сияқты сауапты іске шақырды. Облыс орталығының ұлғайғаны соншалық оны Шымқала деп пе, әлде Шымдала деп атауымызды білмей қалдық.

Кездесу барысында өздерін толғандырып жүрген сауалдарға жауап ала алмаған жұртшылық біраз дүрлікті. Сөйтіп, олардың уәжін тыңдаған Жансейіт Қансейітұлы қайтадан мінбеге көтеріліп, өзінің жеке қабылдауына шақырды. Облыс әкімінің қабылдауына келген 34 азаматтың да айтары аз емес екен. Мәселен, шымкенттік Н. Смирнова жалпы қолданыстағы жерді көршісі өзінің атына аударып алып қойғаны жайында шағымданған. Төрт жылдан бері айтысып-тартысып, соттасып, әділдік таппай жүргеніне қынжылыс білдірген. Ақтас ауылының тұрғыны К. Жайнованы су, газ, жарықпен қоса мектепте интернеттің жоқтығы мен медициналық тірек мәселесі мазалайды. Шымкенттік Д. Кемелбекова тұрғын үйінің құжаттарын рәсімдеуде қиналып жүргеніне шенеуніктерді кінәлайды. Өзгелерді құқық қорғау қызметінің сапасыздығы, мал ұрлығы, қоғамдық көлік мәселелері толғандырады екен.

Өкінішке орай жыл өткен сайын отбасы мен қоғамда әлеуметтік індет – суицид, яғни жасөспірімдердің өзіне өзі қол жұмсау оқиғалары қаулап, өршіп келеді. Облысымызда 2016 жылы осындай 369 оқиға (228-і оқталған, 141-аяқталған), ал өткен жылы 381 оқиға (245-і оқталған, 136-сы аяқталған) тіркелген. Биылғы бір аптаның ішінде Шымкенттің өзінде осындай жантүршігерлік екі оқиға орын алған. Оның себеп салдарына тереңдеп үңіліп жүрген ешкім жоқ. Былайша айтқанда, бүгінде қоғамдық дертке айналған суицид «жабық тақырып» ретінде жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Енді бұған жаңадан отау құрған жас отбасылардың үштен бірінің ажырасып отырғанын қосыңыздар.

Облысымызда кадр саясаты мен идеологиялық жұмыстар жүйелі жүргізілмей келеді. Атап айтқанда, білім басқармасына басшы тағайындау мәселесі ұзақ уақытқа созылып барып шешілді. Ішкі саясат басқармасы, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры талайдан бері бірінші басшысыз отыр. Өңіріміздің идеология саласы ақсап келеді. Ішкі саясат басқармасының жұмысы көңіл көншітпейді. Атап айтқанда, олар өткен жылы өздері жариялаған Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттаушы облыстық «Үздік ақпараттық-насихаттық топ», «Үздік насихатшы» аталымдары бойынша жеңімпаздарды марапаттау конкурсын (оның ережесі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 12 тамыздағы №132-133 (20370-20371) сандарында жарық көрген) аяқсыз қалдырды. «Конкурстың мерзімі ұзартылды» (қараңыздар, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті, 2017 жылғы 21 қазан, №174-175 (20412-20413) деп қосымша хабарландыру да берді. Сөйтіп, 2017 жылғы 15 қарашаға дейін созылған конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жылғы қараша айының үшінші онкүндігінде Шымкент қаласында өтетін болып белгіленді. Ақыр аяғында сиырқұйымшақтанып сағызша созылған бұл конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері әлі күнге дейін анықталмай отыр. Бұған талайдан бері бірінші басшысы жоқ облыстық ішкі саясат басқармасы ма, жоқ әлде аталмыш басқарма тарапынан бе-кітілген конкурстық комиссияның мүшелері кінәлі ме, сол жағын білместен, дал болып отырмыз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары да көңіл көншітпейді. Былтыр облысымызда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен 67 шенеунікке үкім шығарылған. Олардың 37-сіне жаза айыппұл салу түрінде тағайындалған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы – 340 миллион теңгені құрап отыр. Өңір басшысы осындай аса өткір мәселе жайында да сөз қозғаған жоқ.

Көпшілікті «Ел дегенде емініп, жұрт дегенде жұмыла жұмыс істеуге» шақырған өңір басшысы ауылдың өз шебері, диқаны мен шопаны болуға тиіс екенін ескертті. Иә, кешегі министр, елші, бүгінгі әкім, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Ж. Қ. Түймебаев инвестиция тарту арқылы экономика саласын өркендетуге көп күш салып отырғаны орынды-ақ. Түптеп келгенде инвестиция дегеніміздің өзі не? Шетелдік компаниялар мен «Банк Хоум Кредит», «Сбербанк» секілді банктердің бү-йірін томпайтқаннан не пайда табамыз? Жансейіт Қансейітұлы руханият саласына оншалықты көңіл бөлмейтін сыңайлы. Әсіресе, бүгінде тірліктері тым қожырап кеткен шығармашылықпен шұғылданатын қоғамдық ұйымдардың жұмысынан бейхабар көрінеді. Олардың көпшілігінің басы бүтін ғимараты жоқ. Мәселен, Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалына қарасты ғимарат қолды болып кеткен. Ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистерді қолдап-қуаттау, жазған-сызғандарын баспадан шығару, мерейтойларын өткізу, марапаттарға ұсыну, жер те-лімімен, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жаңа есімдерді табу жолындағы ізденістерде іркілушілік сезіледі. Осы орайда кәсіпкерлерге, бай-қуатты азаматтарға, меценаттарға танылмай жүрген зиялы қауым өкілдерін бір-бірлеп бекітіп берсе нұр үстіне нұр болар еді. Абай атындағы саябақтан Қаламгерлер аллеясын ашу – кезек күттірмес шаруа болуы керек. Өңір басшысы биыл өтетін Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай атқарылатын жұмыстар жайында да ауыз ашқан жоқ. Еліміздегі өзбек ұлтының басым бөлігі біздің облысымызда тұратындықтан, өзара туысқан халықтардың достығын дәріптейтін кездесулер мен басқосулардың, фестивальдар мен форумдардың басым бөлігі Оңтүстік өңірінде өткізілетіні белгілі. Сол себепті біздің әрқайсымыз туысқан екі ел арасындағы үзіліп қалған әдеби, мәдени байланыстарды қайта жалғап, ізгілікті де игілікті іс-шараларды көптеп ұйымдастыруға ұйытқы бола білгеніміз жөн.

Өңір басшысының халық алдында берген есебін тыңдаған жұртшылық бейнебір жұмақ пен жәннатта өмір сүргендей керемет күй кешті. Көрсетілген бейнеролик пен жасалған баяндамаға қарап отырсақ, атқарылған шаруа ауқымды сыңайлы. Қысқасы, қағаз жүзінде, жалаң цифрларда бәрі жақсы. Тіпті «Апыр-ай, баяғы, социализм кезінде армандаған коммунизмге біздің облыс жетуге жақын қалыпты-ау» деген ой да қылт етіп, төбе көрсететіндей. Ал сыртқа шықсаң, сол баяғы күйбең күйге қайта кезігесің.

Ж. Қ. Түймебаевтың тындырған тірліктерін таразылағанда ойымызға оралғандар осылар еді. Қағаздағы қанттай тірліктердің өмірде басқаша болуы қалай? Ал Сіздер бұған не дейсіздер…

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *