«КӨШЕЛЕР МЕН ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУ КЕРЕК»

Билік Қоғам
322 Views

Түлкібас ауданын дамыту үшін не істеу керек? Қандай салаларға, бағыттарға басымдықберген жөн? Ауданды өркендетуде қандай индикаторлар орындалмай отыр?Мәселелерді шешу жолдары бар ма? Бұл сұрақтарға Түлкібас ауданында өткенкөшпелі отырыста жауап берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібастың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық сала бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Барлық аудан, қаланы аралай келе байқағаным – ортақ және ұқсас мәселелер көп. Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелер де мазмұндас. Рас, көпшілігіне қосымша қолдау, бюджеттен қаржы бөлу керек. Бірақ қолда бар ғимараттарды дұрыс күтіп ұстап отыра алмай жатқан сәттер көп кездесуде. Немқұрайдылықтың салдары тазалық пен тәртіптің нашарлауына әкеліп соғып жатыр. Түлкібас ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен медицина мекемелерінің біразының маңындағы санитарлық тазалық талапқа сай емес. Мектептер де бар. Көшелер мен жолдардың сапасын арттыру керек. Мәдениет және демалыс орындарында да абаттандыру, тазалық жұмыстарын жандандырған жөн. Түлкібас – туризмді, өндірісті дамытуға өте қолайлы аудан. Дәл қасынан халықаралық магистраль өтеді. Мүмкіндікті пайдалану керек. Жұмыс орындарын көбейту, инвестиция тарту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Көшпелі отырыста Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов 2022 жылдың қорытындысы туралы және биылғы 4 айдағы көрсеткіштер бойынша есеп берді.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстар мен индикаторларды зерделеу нәтижесі туралы баяндама жасады. Нақты кемшіліктерді ашық айтып, түйткілдерді тарқатты.

Мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне зерделеу жұмыстары нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою, ауданды дамытуда басқармалармен бірлесе жүйелі жұмыс атқару жөнінде тапсырма берді. Ауданның кіріс көзін ұлғайту, жастарды қолдау, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерді шешу, аудан инфрақұрылымын жақсарту, жаңа кәсіпорындар ашу, «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, тұрғындарды еңбекпен қамту және өзге де мәселелерді қозғап, жұмысты ширату керектігін айтты. Аудан басшылығына жақында келген Нұржан Ізтілеуовке іскерлігін, біліктілігін көрсету керек екенін жеткізді.

Түлкібас ауданында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 18,6 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың жоспары – 23,4 млрд. теңге. Алдағы 3 жылда өнеркәсіп саласы бойынша жалпы құны 322,9 млрд. теңгелік 8 жобаны іске асыру көзделген. 2024 жылы «Beibars Bottlers» ЖШС-нің ауыз су және түрлі-түсті сусындар шығаратын зауытын салу және «Борсықсай» ЖШС-нің балықтарға арналған жем-шөп өндіретін зауытын салу межеленген. Қалған 6 жобаны 2025 жылы жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 1606 жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 84,6 млрд. теңгеге артып, бюджетке қосымша 6,8 млрд. теңге еніп, кіріс көлемі ұлғаяды деген жоспар бар. Өңір басшылығы тарапынан жаңа инвесторлар тарту, жобалар санын көбейту жөнінде міндеттер жүктелді. Бұл бағытта да жұмыстар қолға алынбақ.

ЖЕТІСАЙДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Жетісай ауданындағы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 365,3 шақырымды, ал ішкі көшелердің жалпы ұзындығы 918,4 шақырымды құрайды.

2023 жылға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1, 9 млрд. теңге бағытталған. Нақтырақ айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1,1 млрд. теңгеге 5 елді мекенде жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 61 көшеге орташа жөндеу, жергілікті бюджет және субвенция есебінен 624,2 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайтын 43 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Одан бөлек, ұзындығы 4,85 шақырымды құрайтын 10 көшеге 55,1 млн. теңгеге биыл (тас төсеу) жөндеу жұмыстары жүргізілсе, елді мекендерге кіреберіс 2 көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 20 млн. теңге, аудандық маңызы бар 3 автомобиль жолының жөндеу жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджет есебінен 60,2 млн. теңге бөлінген.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың тікелей тапсырмасымен биылғы жылға қоғамдық көлікті субсидиялау үшін 63 млн. теңге, автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 30 млн. теңге, бағдаршам орнату жұмыстарына 10,9 млн. теңге, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын күтіп ұстау жұмыстарына 6 млн. теңге, бейнебақылау камераларын орнатуға ЖСҚ әзірлеу үшін 3 млн. теңге бөлінген.

Алдағы уақыттарда да тиісті басқармалармен жұмыстар жүргізіліп, өз жалғасын табады.

ҚАЗЫҒҰРТ ПЕН ТӨЛЕБИДІ ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Қазығұрт және Төлеби аудандарын жалғайтын облыстық маңызы бар КХ-29 «Шарапхана – Жаңабазар – 1 Мамыр» автомобиль жолының 42-50,6 шақырымына (Алғабас, 1-Мамыр елді мекені аралығы) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшысы Ролан Ибрагимов аталған нысандағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылау мақсатында арнайы барып, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Мердігер және техникалық қадағалаушы мекеме басшыларына жұмысты сапалы атқаруды және өндірістік кестеге сәйкес уақытылы аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, аталған нысанның жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған. Жол жөндеу жұмыстары 2023 жылға өтпелі. Өткен жылы жолдың ескі асфальт жабыны фрезаланып, тегістегіш қабаты салынған. Бұдан бөлек, елді мекендерде жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салынды.

Биыл өндірістік кестеге сай жол бойына жарықтандыру шамдары орнатылып, асфальт жабындысының екінші қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде.

«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫМЕН 20-ҒА ЖУЫҚ КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

Бәйдібек ауданында өткен жылы жалпы ұзындығы 73,1 шақырым облыстық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елдімекендердегі ішкі көшелердің 6,8 шақырым жолы жөнделді. Сонымен қатар, биыл аталған бағдарламамен 3 елдімекендегі ішкі көшелердің 19,6 шақырымы (18 көше) жөндеуден өтеді. Бұл жайында брифингте Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде аудан аумағындағы 17 елдімекен табиғи газбен қамтылған.

«2021-2023 жылдары аралығында 15 елдімекенді табиғи газбен қамту жоспарланған. Олар: Түйетас, Амансай, Талап, Сарыбұлақ, Жолғабас, Қазата, Ағыбет, Алғабас, Шақпақ, Бәйдібек ата, Кеңестөбе, Жиенқұм, Жоғарғы Боралдай, Тайманов, Теректі елдімекендері. Сондай-ақ, аудандағы 51 елдімекеннің 43-і (84,3 пайызы) орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Үш елдімекенде (Шаян, Сарқырама, Шақпақ) ауызсу жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сегіз елдімекеннің (Ағыбет, Шалдар, Бәйдібек ата, Кеңестөбе, Тайманов, Түйетас, Жамбыл, Мыңбұлақ) ауызсу жүйесін қайта құру жұмыстарына аудан бюджетінен қажетті қаражат қарастырылды», – деді аудан басшысы.

2022 жылы ауданда 55,8 млрд. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,7 млрд. теңгеге өскен. Сондай-ақ, былтыр ауданға 21,6 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 35,6 млрд. теңгеге жетті.

Өткен жылдың қорытындысымен ауданда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 18 806 шаршы метрді құраған. Сондай-ақ, «Ұлттық жоба» аясында былтыр 1 992 азамат уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылса, биыл 3 айда 1067 азамат жұмысқа орналасқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс» тапсырмасына сәйкес жылдық жоспар 301 адамды қамту болса, 366 адам жұмыспен қамтылды. Жаңа бизнес-жобаларды іске асыруға былтыр 80 азаматқа 98 млн. теңге мемлекеттік грант берілген.

БИЫЛ 11 КӨШЕ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті кездесуі Жылы су ауылдық округінде өтті.

Аудандық мәслихат депутаттары мен барлық бөлімдердің, құзырлы органдардың басшылары қатысқан жүздесуде аудан басшысы биылғы жылы Жылы су ауылдық округінің Әл-Фараби елді мекеніндегі 20 гектарға ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуге 54,5 млн. теңгенің, фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысының жобалау сметалық құжаттарына 8,2 млн. теңгенің, С.Сейфуллин елді мекенінен мүгедектер үйі ғимараты құрылысының жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 11,3 млн. теңгенің бөлінгенін, сондай-ақ, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін арық-атыздар қазу жұмыстарын аяқтауға 1,3 млн. теңге, Жылы су елді мекенінде орналасқан №4 жатақхана шатырын ауыстыру жұмыстарына 13,3 млн. теңге, Жылы су елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысына жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге 3 млн. теңге қаржы қаралғанын айтты.

Ал, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сейфуллин, Жылы су, Мырзашоқы елді мекендеріндегі ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын 11 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 158 млн. теңге бөлінген.

Кездесу соңында аудан әкімі округ тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жауапты сала мамандарына заң аясында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, І тоқсанда округ тұрғындарының аудан басшысымен өткен кездесуінде табиғи газ құбыры тартылған Сейфуллин, Әл-Фараби, Байқоныс ауылдарына газ беру, Жылы су, Әл-Фараби, Баққоныс, Байқоныс, Мырзашоқы ауылдарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету, тік дренаждарды іске қосумен қатар Сейфуллин, Әл-Фараби, Баққоныс, Жылы су ауылдарындағы мектепке баратын көшелерді жарықтандыру, аяқ жол салу, Әл-Фараби, Баққоныс ауылдарындағы мектептің ескі ғимаратын тұрғындарға беру мәселелері көтерілген болатын.

ҚОС АУЫЛДЫ ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ

Келес ауданында тозған инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, жөндеуді қажет ететін көшелерге асфальт жабындысы төселуде. Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл және Бозай ауылдық округтерінің инфрақұрылымдары жаңартылуда.

Бұл мәселелерді жергілікті тұрғындар Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевпен кездесуінде сұранған болатын. Нәтижесінде Жамбыл ауылдық округінің Бекбота және Ащыкөл ауылдарын жалғайтын 9,7 шақырымдық аудандық маңызы бар автожолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Өткен жылы Бекбота мен Ащыкөл елді мекендерін жалғайтын аудандық маңызы бар автожолды күрделі жөндеуден өткізу бойынша тиісті жұмыстар басталған болатын. Былтыр 3 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл қалған жол істелуде. Тұрғындар осы мәселені тездетіп шешіп, ел игілігіне тапсырса екен деп сұранған болатын. Сұраныс қанағаттандырылып, жұмыстар таяу арада аяқталады, – деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Талғат Байдуллаев.

Айта кетейік, Келес ауданы 2018 жылы өз алдына жеке аудан мәртебесін алып, кенжелеп қалған инфрақұрылым жұмыстары қарқынды түрде жаңалануда. Өткен 5 жыл ішінде 14 ауылға газ берілсе, жыл соңына дейін тағы 9 ауыл толық газбен қамтылады. Ал ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайы 2018 жылы 22 пайызды құраса, биыл 60 пайыздан асуы көзделген.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округінде болып, белгілінген кестеге сай тұрғындармен кездесті. Онда ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ауылдық округ тұрғындарымен алдыңғы өткізген есептік жиын барысында көтерілген бірқатар мәселенің орындалу барысына тоқталып, ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарын баяндады.

– Біз сіздермен тоқсан сайын кездесіп отырмыз. Алдарыңызға келіп, кездесудегі мақсатымыз халықпен тығыз байланыста болып, өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру. Нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргізу. Бұған дейін айтылған барлық ұсыныстарыңыз назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сұраныстарыңызға орай, Созақ ауылының ішкі көшесіндегі 100 кВА-тық трансформаторлардың төртеуі 250 кВА-қа ауысты. Түркістан көшесіне қосымша 160 кВА-тық трансформатор орнатылды. Көктөбе елді мекенінің орталық көшесіне көше жарықтандыруын жүргізу үшін сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы қарастырылды. Созақ ауылынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 1000 орындық спорт алаңының құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады. Ыбырай елді мекеніндегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы жалғасуда. Бұл құрылыс нысандары тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі болатын. 1-кезеңінің жұмыстары 2022 жылы басталып, 2023 жылға өтпелі болған. Сондай-ақ Созақ, Шақырық елді мекендерін тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Оңтүстік Жарық Транзит ЖШС-нің инвест бағдарламасы арқылы Өткелбаев, Жамбыл, Амангелді, Әуезов, Әлібаев көшелеріндегі электр желілерін СИП кабельге ауыстырып, жаңа трансформатор орнатылатын болады, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер жолданды. Аудан басшысы халықпен кездесудегі басты мақсатымыз халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдап, соның төңірегінде жұмыс жасалатынын айтты. Көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Есептік жиынға Түркістан облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, бірқатар аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Сапар барысында демеушілер есебінен салынып жатқан Созақ ауылдық мешітінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛЕДІ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Қарақұр ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кезекті кездесуін өткізді. Онда халық игілігі үшін жасалатын мәселелерді кеңінен талқылап, биылғы жылда атқарылар жұмыстарды баяндады.

– Бүгін міне сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, шешу жолын қарастыру үшін келіп отырмыз. Бұған дейін де бірнеше мәрте кездесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, қажетті жұмыстарды атқардық. Өткен жолғы кездесуде көтерілген мәселелер жөнінде тиісті жұмыстар атқарылды. Б.Батырбекова көшесіне көше жарықтандыруы жүргізіліп, іске қосылса, Наурыз және Құрманғазы көшелеріне көше жарықтандыруын жүргізу үшін жобалық сметасы әзірленіп, тиісті жұмыстары атқарылуда. Раң елді мекенінің атауы жоқ №1 көшесіне, Шаға елді мекенінің Шаға көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен тиісті қаржысы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек Қарақұр ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа ғимаратын салу үшін жер тілімі анықталып, сұраныстарыңызға орай жобалаушы мекеме тарапынан жобалық сметалық құжаттамаларына түзетулер енгізілуде. Жеке мәселесімен келген тұрғындарға да тиісті көмектер берілуде. Әрине, ауыл округті кешенді дамыту мақсатында басқада жасалу қажет жұмыстар бар. Тек мұндағы емес, жалпы аудан бойынша жасалу керек мәселелер маған етене таныс. Барлығын бір жылда атқара салу мүмкін емес, кезең-кезеңімен шешу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Тұрғындар аудан әкімдігі тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, келелі уақытқа ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бірқатарын жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Ондағы айтылған мәселелерді толықтай назарға алынғанын айтып, жауапты мамандарға шешу жолдарын ұсынып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Есептік жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.

ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ – ӘР АДАМНЫҢ МІНДЕТІ

Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті. Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан әр адам керексіз затты тастар алдында ойлану керек.

Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан орталығындағы 1 мөлтек ауданында (ДСУ) болып, шағын ауданның тазалығын және онда орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің жағдайын бақылады.

Аралау барысында жеке қабылдауда жергілікті тұрғындар көтерген мәселелерге тоқталып, оны шешу жолдарын жауапты мамандармен талқылады.

Мөлтек ауданға қарасты №1 үйдің ауласынан су ағатын науа (лоток) және орындықтар орнатып, кіре берісіндегі кем-кетіктерді реттеу мақсатында жобалық сметалық құжаттар әзірлеуді тиісті маманға жүктеді.

Көп қабатты үйлердің ауласының тазалығы сын көтермейтіндігін айтып, округ әкіміне ретке келтіру бойынша біршама тапсырма берді.

Сонымен қатар, әр тұрғын өзінің тұратын аумағының тазалығына және үйдің қасбетін ретке келтіруге ат салысу керектігін алға тартып, ауыл әкіміне және аралау барысындағы кездескен тұрғындарға осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *