ЖОҒАРЫ САПАЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ БЕТБҰРЫС

Қоғам
820 Views

Еліміз жаңа заманға лайық өркендеп, қарқынды даму үстінде. Адамдар мен көлік құралдарының жүруіне, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауда, барлық жүру және тасымалдаубағыттарында жол қызметінің қоғам үшін маңызы зор. Жылдан-жылға жолдардың да,қоғамдық көліктердің де саны артып, сапасы бекіп келеді.

Осы мәселе бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың қатысуымен баспасөз брифингі өткізілді. Онда қала тұрғындарын жоғары сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамту, қаладағы жол құрылысы мәселелері талқыланды.

Жиында жол-көлік инфрақұрылымы төңірегіндегі атқарылған жұмыстар таныстырылды.

«Қала көшелерінің ұзындығы 2 976,6 шақырымға жетіп отыр. Соның ішінде асфальт-бетонды төселімімен – 1675,3, шағал тас жолы – 1189,8, топырақ жол – 111,5 шақырымды қамтыды.

Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту және қызметін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы бюджеттен 8 072 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып отыр. Мұның 2 032 миллион теңгесі республикалық, 6 039 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. 2014 миллион теңге қаржыға 33 шақырымды құрайтын 11 магистралды көшеде құрылыс, қайта құру және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде Атап айтар болсақ, Арғынбеков көшесі, Әл-Фараби көшесінің жалғасы, Тәуке хан көшесі (Тассай), А-2 автомобиль жолы, Астана даңғылының жалғасы,Төреқұлов, Жібек жолы көшелері, А-2 автомобиль жолын қайта құру (8 кезеңнен тұрады, соның 1,3,8 кезеңінде жұмыстар атқарылуда), Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы (7 кезеңнен тұрады, 1,4,5 кезеңдер жұмыстар жүргізілуде), Адырбеков көшесін қайта құру, Бөгет көшесінің жалғасының құрылысы, «Ақтас» шағынауданындағы №61 жалпы орта мектепке баратын жолдың құрылысы, Байтұрсынов көшесін орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде,– деді сөз бастаған Қуатжан Жұматаев.

Брифинг барысында бір жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің, 5 көпірдің құрылысы және қайта құру жұмыстары, Бадам өзеніндегі көпірді қайта құру, жоспарланып отырған Оңтүстік айналма жолындағы көпірдің құрылысы, А-2 автомобиль жолының бойындағы «Бадам» өзені үстіндегі көпірді қайта құру, Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы, Леңгір тас жолы бойындағы «Сайрам су» өзені үстіндегі көпірді қайта құру,Темірлан тас жолы – Мангельдин көшелері қиылысындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы, 21 шағынауданның 84,3 шақырымды құрайтын ішкі орам 105 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары, 26 шағынауданда 48 шақырымды құрайтын 42 ішкі орам көшелерді орташа жөндеу жұмыстары, 6,6 шақырымды құрайтын 6 көшеде жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары, қала көшелерінде көлік кептелістерінің алдын алу және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 6 көше қиылысында оң жақ өткелдердің құрылысы, 80 шақырымды құрайтын жаңадан құрылып жатқан көшелерге шағал тас төсеу жұмыстарының атқарылуы оңтайлы, орайлы істердің, артылған үміттің ақталғанын, тынымсыз еңбектің жемісін көрсетіп, көңіл қуантарлық жағдайға жеткізді.

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жолдардың қанағаттанарлық индикаторы 3,4 пайызға өседі деп күтілуде.

Бүгінгі таңда 564 көшеде жөндеу жұмыстарын атқаруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Соның ішінде 2 көшеде құрылыс, қайта құру, 429 көшеде күрделі және орташа жөндеу, 92 көшеде аяқ жол салу жұмыстары жоспарланып, бастамасы жасалуда екендігі айтылды.

Шымкент қаласы Түркістан облысынан бөлініп, өз алдына ірі мегаполис мәртебесін алғалы адамзаттың күн сайынғы пайдаланатын қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер орын алуда. Қоғамдық көлік бұл – қаланың тынысы.

Осы орайда Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 27 көлік компаниясы 80 бағытта 1155 көлік құралдарымен жолаушыларға қызмет көрсетуде.

Қоғамдық көлік бағыттарының жұмысын бақылау мақсатында көлік компанияларының өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жыл басынан рейдтік іс-шаралардың қорытындылары бойынша 21 көлік компаниясына кемшіліктерді жою туралы 67 ескерту хаттар жолданды.

2018 жылы әлеуметтік маңызы бар 3 бағыттың, 2019 жылдың ақпан айында 2 бағыттың, сәуір айында 5 бағыттың, жалпы 10 бағыттың жұмыстары ұйымдастырылды. Әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттары қаланың шалғай орналасқан, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарына қатынайды.

Еркін кіріп шығу мақсатында қаланың шет аймақтарындағы тұрғындарға да қоғамдық көліктер бағыты іске қосылды.

Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар №55 автобус бағыты — Ынтымақ шағынауданына, №141 автобус бағыты — Қазығұрт шағынауданының К.Маркс бөлімшесіне, Мирас шағынауданына, №142 автобус бағыты – Текесу, Жалын, Жұлдыз шағынаудандарына, №143 автобус бағыты — Бадам-2, Оңтүстік, Химфарм, №144 автобус бағыты — Елтай, Айнатас, Жыланбұзған, №146 автобус бағыты – Жаңаталап, Көкбұлақ, Алтынтөбе, №147 (№147а) автобус бағыты – Ақжар, Ақтас, №148 (№148б) автобус бағыты — Шапырашты, Өтеміс, Абдулабад, Сайрам Шаңырақ, №149 автобус бағыты – Қайнарбұлақ, Ақжайық, №150 автобус бағыты — Достық, Асар шағынаудандарына қатынап, жолаушыларға сапалы тасымалдау қызметін көрсетуде.

Қуатжан Жұматаев 2019 жылы аталған бағыттардың шығындарын субсидиялауға 200 миллион теңге көлемінде қаржы қалалық бюджеттен бөлінгенін, жалпы ағымдағы жылға қосымша 1,9 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет болатынын нақты айтып өтті.

Сонымен қатар қалалық бағыттардағы автобустарды жаңарту механизмі қолға алынды. Аталған механизмге сәйкес, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оператор болып анықталып, бірінші кезекте отандық 1000 автобус сатып алу көзделуде. Жоба бойынша 300 автобус ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында, қалған 700 автобус 2019 жылдың соңына дейін сатып алу жоспарлануда. «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (ГЧП) негізінде «Shymkent-Bus» автопаркі құрылды. Басқарма тарапынан сатып алынған автобустарды қалалық бағыттармен қамту жоспарлануда. Бірінші кезекте жаңа бағыттар ашып, ашық конкурстар ұйымдастырылғанға дейін қызмет көрсетуге «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы берілетін болады.

Қалалық қоғамдық көлік бағыттарына электронды төлем жүйесін ендіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан әлеуетті инвестор «Оңай» ЖШС (Алматы қаласы) бірлесіп жұмыс атқаруда. Қалалық қоғамдық көлік бағыттарына электронды төлем жүйесін 2019 жылдан бастап, 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында ендіру қолға алынуда. Аталған жобаны енгізу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалады, тасымалдаушылардың табыстарының ашықтығын көрсетеді және бюджетке төленетін салық төлемдері артатын болады.

Осы орайда айта кетеріміз, еліміздегі ірі қалалардың бірінен саналатын мегаполис атанған Шымкент қаласының инфрақұрылымын нығайту, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру – өзекті саланың бірі екені даусыз. Соның ішінде көлік құрылымын, қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру жауапты сала мамандарының ұдайы назарында. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіштерінің жоғарылауы – аталмыш сала қызметін жетілдіруге, тұрғындардың сұранысына сай оңтайландыруға оңды ықпалын тигізуде. Өткізілген брифингте баяндалған мәліметтер осыған нақты мысал болмақ.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *