СЕНАТОРМЕН СӨЙЛЕСІП, ТӨРАҒАМЕН ТАНЫСТЫҚ

Қоғам
1 036 Views

Өткен жұма күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Шымкентқалалық филиалының ғимаратында журналистер қауымының алқалы жиыны өтті. Шымкентқаласындағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Жарылқасынқызы Қапбаровамен жүздесті.Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының жаңа төрағасымен танысты.

Сенатор сөз сөйлеп, өзіне көрсетілген зор сенім үшін шымкенттіктерге, қалалық мәслихаттың депутаттарына, журналист әріптестеріне өзінің ризашылығынбілдірді. Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет.Рухани жаңғыру»газеті ұжымының, тағы басқа да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойғансауалдарына жауап қайырды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты А.Ж. Қапбароваға қойылатын сұрақтар:

1. Айгүл Жарылқасынқызы, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің атынан сенатор болып сайлануыңызбен құттықтаймыз! Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде журналистердің мәртебесін көтеру жолында қандай жоба-жоспарларды жүзеге асыруды ойластырып отырғаныңызды білуге бола ма? Төртінші билік иелерінің әлеуметтік жағдайын ескере отырып, олардың деңгейін бюджеттік сала қызметкерлеріне теңестіру мүмкіндігін қарастырып, баспанамен, тым болмаса үйіргелік жер телімімен қамтамасыз етуге ықпал жасасаңыз екен. Бүгінде қағаз газетке қарағанда сайттағылар мен блогерлердің жұмысы жоғары бағаланып жүргені жасырын емес. Машақаты көп газет шығарушылардың, әсіресе жекеменшік газет шығарушылардың жұмысын қалай жеңілдетудің жолдарын іздестіресіз бе? Тендер бөлуде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты қалай жоюға болады? Бұл салада қашан жариялылық, ашықтық орнайды?

2. Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының жетекшілігіне кім лайықты деп есептейсіз?

3. Шығармашылық одақтың облыстық және қалалық филиалдары бұған дейін журналистерді жік-жікке бөлумен, спартакиада өткізумен ғана шектеліп келгені жасырын емес. Жаңа филиалдың жетекшісінен қандай жаңалық, іскерлік қарым-қабілет күтесіз?

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясы ұжымының қойған сауалдарына орай сенатор:

– Журналистердің мәртебесін өсіріп, оларды баспанамен, үйіргелік жер телімімен қамтамасыз ету – өткір мәселе екені рас. Барлық газеттер, соның ішінде мемлекет қаржысына шығарылатын және жекеменшік басылымдар еліміздің саясатын қолдауға атсалысады. Қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, олардың бәрі тендерге, конкурсқа қатысады. Газеттің сапасы мен таралымын көтеру, сан алуан ақпараттармен түрлендіру тікелей бас редакторға байланысты. Газетті жұрт іздеп жүріп оқитындай қызықты да мазмұнды етіп шығару журналистерден кәсіби шеберлікті талап етеді. Интернет, сайт, әлеуметтік желілерге қарағанда газет бәрібір қасиетті. Сол үшін газет, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Мәселен, Интернетте көзің жан-жаққа кетіп қалады. Ал газеттің құндылығын оны қолыңа ұстап, баспахана бояуының иісінен бастап айрықша сезіне бастайсың. Бүгінгі бәсекелестік заманында кез келген ақпаратты қайдан оқығаның маңызды емес. Оны Интернеттен, сайттан, ұялы телефоннан, тіпті қол сағатының өзінен де оқуға болады. Мән-мағына ақпаратты қалай бере білуде. Өзекті мәселе көтерген газетті кез келген оқырман таптырып алып оқитыны ақиқат. Жекеменшік газеттердің басшылары да кәсіпкерлер болып саналады. Олар да мемлекеттік саясатты жүргізіп, руханиятқа үлес қосып отыр. Сол себепті жекеменшік газеттерді қолдау қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарына тендер бөлуде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлы кесіп айтуға болмайды. Оған нақты мысал, дәйек-дәлел керек. Бүкіл еліміз сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізуде. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ашықтық, жариялылық туралы да осылай деп айтуға болады, – деді.

Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы журналистер қауымының төбе биі Байдулла Қонысбек сөз сөйлеп, Айгүл ханымды жаңа қызметімен құттықтап, оған табыс тіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін татулық пен бірлікке үндеді. Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағалығына «Ońtústіk» телевидениесінің директоры Уәли Қыдырдың кандидатурасын ұсынып, оны қолдауға шақырды.

Журналист пен газеттің абырой-беделі жайлы әңгіме өрбіткен Байекең:

– Билік ешуақытта журналиске «былай жаз, былай істе» деп бұйыра алмайды. Журналистердің жағдайын ойламайды да. Ойлауға міндетті де емес. Әркім өзінің жағдайын өзі жасауы керек. Журналист – Президенттен бастап Парламент, Үкімет, министрлер мен әкімдерге дейін сынап, олардың жұмыстарындағы кемшіліктерді реттеуге көмектесе алатын мәртебелі мамандық. Әрбір журналист, редакция ұжымы абыройын асқақтатып, беделін биіктету жолында өздері жұмыс істеу керек.

Менің алдымда «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті жатыр. Таралымы үш мың дана екен. Мұндай таралыммен қалай күн көруге болады? Айлық жалақыны қалай көтеруге болады? Газеттің абырой-беделін көтеру – бас редактордан бастап, сондағы шығармашылық қызметкерлер, тіпті еден жуушыға дейін ойлануы тиіс мәселе. Билік пен халықтың жағдайы жайлы мәселелерді дұрыс көтеретін болса, таралымы да өсетін болады. Шығарылатын өнімнің сапасы артқан сайын қызметкерлердің де жағдайы жақсара түсетіні белгілі жәйт. Газет таралымы 30-40 мыңға жеткен кезде қызметкерлердің айлық жалақысы да 100-120 мың теңгеге дейін өсетін болады. Сол себепті Сіздердің бәріңізді сапалы жұмыс істеуге шақырғым келеді, – деді.

Сөз сөйлеген Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, журналистер – Қалдыбек Құрманәлі, Ертай Бекқұлов, Атанбек Наурыз, Талғат Орманов, тағы басқалар Айгүл Қапбарова мен Уәли Қыдырдың жұмысына сәттілік тіледі. Қалалық «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Асқанкүл Майлыбаеваға «Қазақстанның Құрметті журналисі» куәлігі мен төсбелгісі тапсырылды. Уәли Қыдыр Мәслихаттар қауымдастығының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының су жаңа төрағасы сөз сөйлеп, өзіне көрсетілген зор құрмет үшін әріптестеріне алғыс айтты.

Халқымызда «Жүздің бірі Қыдыр, мыңның бірі Уәли» деген даналық сөз бар. Міне, өзінің аты-жөні мен тегінде осы сөздер кезігетін жаңа төраға да тегін адам емес сыңайлы. Қазақ – ырымшыл халық қой. Олай дейтініміз, Қыдырдан туған Сағындық көке ұлына Уәли деген атты бостан-босқа қоймаса керек.

Уәли Сағындықұлы Қыдыр 1975 жылы 21 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Отырар ауданында дүниеге келген. 1998 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Ұлттық университет) журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Заң» акционерлік қоғамының басылымдарын шығарушы редактор болып бастаған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы лауазымын атқарған. 2002-2004 жылдары республикалық «Заң» газетінің тілшісі, бөлім редакторы болған. 2008-2009 жылдар аралығында республикалық «Нұр Астана» газетінің Алматы бөлімшесін басқарған. 2009-2012 жылдары еліміздегі көптеген газет-журналдардың басын біріктіретін «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас директорының орынбасары, 2012 жылдан бері Қазақ радиоcы директорының орынбасары қызметін атқарған.

2013 жылдан «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы акционерлік қоғамы Ұлттық телеарнасының Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысындағы филиалы – «Ońtústіk» телеарнасының бас директоры лауазымында. Арада біраз уақыт Астана (қазіргі (Нұр-Сұлтан) қаласында қызмет істеп, Шымкенттегі лауазымдық қызметіне қайта келді.

Біз Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы УәлиҚыдырды су жаңа қоғамдық қызметімен құттықтап, оған мол шығармашылық табыс тілейміз!

Ә. ҚАҢТАРБЕК.
Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *