ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША БҰЙРЫҚТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ

Заң
1 251 Views

Елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық процесте жаңа институт – бұйрықтық іс жүргізу енгізілді. Ол Қылмыстық-процестік кодексінің 13-1 бөлімінде 629-1 бабы мен 629-8 баптары аралығында, яғни барлығы 8 бабында көзделген.

Бұйрықтық іс жүргізу сотқа дейінгі және сотта істерді жеделдетілген тәртіппен қарауға, іс жүргізуге байланысты шығындарды азайтуға, іске қатысушылардың уақытын үнемдеуге бағытталған.

Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс санатына жататын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға қолдануға жатады.

Сотталушы кінәсін және өзіне қойылған талапты толық көлемінде мойындаса, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге дау туғызбаса және оларды зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбірленуші, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер бұған келісім білдірсе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.

Оңтүстік Қазақстан облысы соттарына жыл басынан бері 2,5 айда бұйрықтық өндіріс бойынша барлығы 26 іс түскен, оның ішінде 25 іс қылмыстық теріс қылыққа және 1 іс онша ауыр емес қылмыс санатына жатады.

Аудандық соттарға түскен қылмыстық теріс қылық санатындағы 25 істің 2 іс кері қайтарылған, 3 іс әлі қаралмаған, 19 іс үкім шығару арқылы қаралған және 5 іс бойынша үкімдерге сотталғандардан шағым түсіп, қаулымен 5 үкім бұзылған.

Облыс соттары арасында бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қылмыстық істерді ең көп қараған аудандық және оған теңестірілген соттар бойынша Кентау қалалық соты — 6 іс қараған, Мақтаарал аудандық соты — 6 іс, оның ішінде 2 іс әлі қаралмаған және 4 іс қараған Түркістан қалалық сотын атап өтуге болады.

Шымкент қаласының соттары және бірқатар аудандық соттар бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен істерді қарау артықшылықтарын тұрғындар арасында түсіндіру дұрыс жолға қойылмаған деп білеміз.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 41 бабына сай қылмыстық теріс қылық үшін айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 25 – 500 дейінгі еселенген шегінде тағайындалады, ал қылмыстар үшін айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 500 – 10 000 дейінгі шегінде айқындалған.

Қазығұрт аудандық сотына түскен онша ауыр емес қылмыс санатына жататын 1 іс қаралмай кері қайтарылған, өйткені 2018 жылғы айлық есептік көрсеткіш – 2405 теңге белгіленген. Бұл санаттағы қылмысқа ең төменгі айыппұл мөлшері 500 айлық есептік көрсеткіш – 1 202 500 теңге құрайды, ондай көлемде айыппұл төлеуге сотталғандардың көпшілігінің мүмкіншілігі жоқ.

ҚПК-нің 629-4 бабына сай сотқа бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен түскен істерді 3 тәулікке дейін мерзімде қарау көзделген.

Аудандық соттарда мұндай санаттағы істерді қарау мерзімі бұзылмаған.

Сарыағаш аудандық сотының 2018 жылғы 11 қаңтардағы үкімімен С.К. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 389 бабының 1 бөлігімен (өзінше билік ету) кінәлі деп танылып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 56 725 теңге айыппұл тағайындалған. Сотталған С.К. үкіммен келісіп, 56 725 теңге айыппұлды 2018 жылы 15-қаңтарында төлеген.

Кентау қалалық сотының 2018 жылғы 19 қаңтардағы үкімімен Т.Г. ҚК-нің 389 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 60 125 теңге айыппұл тағайындалған. Сотталған үкіммен келісіп, айыппұлды 2018 жылы 31 қаңтарда өз еркімен төлеген.

Үкім заңды күшіне енген істер орындауға жолданып, сотталғандарға салынған айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіруге, тиісті орындарға жолданып, шаралар қолданылып жатыр.

ҚПК-нің 629-6 бабына сай сотталған адам айыптау үкімінің көшірмесін алған күннен бастап 7 тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен үкім шығарған сотқа, айыппұл мөлшерін қоспағанда, үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат жіберуге құқылы.

Түркістан қалалық сотының 2018 жылғы 18 қаңтардағы үкімімен А.Ж. ҚК-нің 340 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 60 125 теңге айыппұл тағайындалған. Сотталған үкіммен келіспей шағым келтірген. Түркістан қалалық сотының 2018 жылғы 29-қаңтарындағы қаулымен үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс Түркістан ҚІІБ жолданған.

Түркістан қалалық сотының 2018 жылғы 15-қаңтардағы үкімімен Ш.Х. ҚК-нің 340 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 60 125 теңге айыппұл тағайындалған. Сотталған үкіммен келіспей шағым келтірген. Түркістан қалалық сотының 2018 жылғы 22 қаңтардағы қаулымен үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс Түркістан ҚІІБ жолданған.

Мақтаарал аудандық сотында бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған 4 үкімнің, сотталғандардың шағымы бойынша 3 үкімнің күші жойылып, істер сотқа дейінгі іс жүргізу органына жалпы тәртіппен іс жүргізу үшін қайтарылған.

Облыстық соттың апелляциялық сатысында бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралған істер қаралмаған.

Бірінші сатыдағы соттардың үкімімен тағайындалған айыппұл мөлшерін төмендетуге немесе жазаның басқа түріне ауыстыру туралы сотталғандардан шағымдар түспеген.

Сонымен қатар, сот орындаушылардан айыппұл салынған сотталғандарға үкімнің орындалмауына байланысты жазаның басқа түріне ауыстыру туралы материалдар түспеген.

Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын орындар мен тұрғындарға кеңінен түсіндіруді қолға алу қажет.

Онша ауыр емес қылмыстар үшін айыппұл мөлшерінің төменгі шегін айлық есептік көрсеткіштің 50 есеге дейін төмендету туралы ұсыныс келтірілді. Мұндай айыппұл көлемі онша ауыр емес санатындағы қылмыстарға қолдануға мүмкіндік береді.

Наурызбай ӘУЕЗОВ,

ОҚО сотының судьясы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *