Жақсы деген кісінің
Алды-арты бірдей жарық болар.
Жақсы деген ісіңнің
Бас-аяғы бірдей анық болар.
Бөлтірік шешен.
Жамбыл облысында Жуалы деген аудан бар. Аспан таудың етегінде орналасқан. Жер жәннаты. Мыңбұлақтың мөлдір тамшылары осы жерден бастау алады. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Шіркін-ай Жуалы өңіріне жер жетпейді-ау. Қазақ елінің даңқты батыры Бауыржан Момышұлы мен Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған туған ауылы осы жерде. Мен Жуалыға барған сайын жазушы Шерхан Мұртазаның туған інісі Батырхан көкеме сәлем беремін. Мұртаза әулетінің қарашаңырағында отырған осы кісі…
2017 жылдың 17 наурыз күні. Мен, Елікбай, Бағлан, Айдар төртеуміз жолсапармен Таразға бара жаттық. Елікбай сұңғақ бойлы, балуан денелі, ақсары жігіт. Сөзге өте сараң. Мәшине рулінде отыр. Жол бойы көзін бір ноқаттан алмайды. Өзі Шымкент қаласының іргесіндегі Төлеби ауданының тұлғасы. Көктем айы. Күн салқын. Аспанда тырналар қалықтап ұшады. Қаратау қашықтан мұнарланып көзге түседі.
Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылынан астық. Алдымызда «Жамбыл облысы» деген үлкен жазу көрінді.
Сөзді Елікбай бастады.
– Сәке! Сіз өзіңізді жазушымын деп есептейсіз бе? – деді ол.
– Төрт кітап шығардым. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесін 1993 жылдан облыс әкімдерінің Алғыс хаттарын алдым. Шымкент қаласының әкімі де жазушы деп сыйлайды. Одан артық бақыт бар ма? – дедім мен.
– Әй, әй, қуасыздар-ау. Мақтанғанды жақсы көресіздер-ау. Дұрыс қой. Сіздер «Қияли данышпансыздар». Кітаптарыңызды кім оқиды? Кімге керексіздер? Осыны неге ойламайсыздар? Ұялмайсыздар ма? Кітаптарыңызды сатасыздар. Өздеріңіздің руларыңыз бен жүздеріңіздің батырларын жазасыздар. Бәрі өтірік. Ақша табуға әбден даңғыл жол аштыңыздар. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «41-жылғы келіншек» атты кітаптарын қызығып оқыдым. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романын орыс тілінен қазақшаға аударған – Шерхан Мұртаза. Тұрар Рысқұловтың өмір жолы жайында роман жазды! Неге сол кісі туралы айтпайсыздар? Өздеріңді мақтайсыздар. Ұят емес пе? – деді Елікбай.
– Сері-аға өзін мақтағанды жақсы көреді. Ертең облыс әкімі ауысып кетеді. Жағдайыңыз мәз болмай ма? Облыс әкімі мақтаған соң Сер-ағаны құрмет тұтамыз? – деді Айдар.
– Сері-ағаға жабылмаңыздар! Бұл кісі пенде. Тілі майда. Әкімдерді сағалап жазушы атанып жүр. Қазір бәрі солай болып кеткен. Елдің бәрі Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза емес қой. Олар – халықтың пір тұтқан тұлғалары. Ал біздің Сері-аға пәтер алу, орден алу жағын қуалап кетпендер. Күнкөріс! – деді тілші қарындасым Бағлан Байбөбекқызы.
– Жазушымын! – деп айтқанға ұялмай ма? – деп Айдар тілімен тістеп алды.
– Әні..әні Жуалы ауданы! – деді Бағлан.
– Шерхан Мұртазаның ауылына барамыз! – дедім.
– Кім күтіп отыр? – деді Елікбай.
– Інісі Батырхан қарияға жолығамын! – дедім мен.
– Сері ағаның қарны ашты. Ұят болады.
– Танымаймыз? – деді Айдар.
– Барайықшы. Мұртаза әулетін көзімізбен көрейікші! – деді Бағлан Байбөбекқызы.
Бауыржан Момышұлы ауылынан кесіп өтіп, қырдағы бұрынғы «Орақ-Балға» ауылына да жеттік-ау. Мен үшін таныс ауыл еді. Көшедегі бір қария кісіден жөн сұрадық.
– Батырхан Мұртазаның үйі қайсы? – дедік.
– Шерханның інісі ме? Оң жақтағы төртінші үй. Қайдан келесіңдер?
– Шымкент шаhарынан!
– Жөн… жөн… Батырханның жасы сексенде. Шерхан биыл 85 жасқа толады.
Бауыржан Момышұлы, бәріміз осы ауылда туғанбыз. Шерхан Алматыда. Денсаулығы онша емес. Жақында келіп кетті. Өздігінен жүре алмайды. Батырханның үйінде бір күн болды. Ауылды сағынып келіпті. Әкелері Мұртаза көкемді 1938 жылы «халық жауы» деп ұстап әкеткен. Шерхан мен Батырхан жетім өсті. Не көрмеді? – деді ауыл ақсақалы…
Шерхан Мұртазаның інісі Батырхан көкемнің есік ауласына келіп тоқтадық. Үйден апай шықты.
– Армысыз, апай! Көкем үйде ме? – дедім.
– Үйде! Кіріңдер! – деді апай.
Төрт бөлмелі шағын үй. Қалың қабақты, орта бойлы, қою қара мұртты ақсақал кісі орнынан тұрды.
– Шерхан Мұртазадан аумайды! – деп қалды Батырхан.
– Армысыз, көке!
– Әлей болсын!
Ақсакалмен амандастық. Бәріміз төрге жайғастық.
– Жол болсын, азаматтар! – деді үй иесі.
– Шымкент шаhарынан шықтық. Таразға бара жатыр едік. Сізге сәлем бергелі келдік! – дедім мен.
– Өте жақсы. Бұрын Жуалыда болдыңдар ма? – деді ол.
– Осыдан көп жыл бұрын. 2001 жылғы 13 шілде күні Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Қуаныш Төлеметов, аудан әкімі Ермек Үсенбаевпен бірге осы шаңырақтан дәм татқан едім! – дедім мен.
– Қуаныш Төлеметов азамат жігіт еді. Өмірден ерте озды. Арты қайырлы болсын. Ермек Үсенбаев қазір Алматыда тұрады. Ал сен кім болдың, бауырым! – деді үй иесі.
– Атым Серік.
– Серік деген көп қой! Қай Серік?
– Ілиястың поэмасын оқыған Серікпін! – дедім мен.
– Ей, енді есіме түсті. Содан бері қанша жыл өтті.
– Он алты жыл!
– Сенің жаныңда бұйра бас ақын бар еді ғой!
– Сатыбалды Дулати.
– Иә, иә… тілі майда еді. Данышпан Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысып, жүлде алдым деп айтып еді. Қуаныш екеуі дос болатын.
– Ол қазір қайда жүр? – деді Батырхан көкем.
– Төлеби ауданында тұрады.
– Сәлем айтшы! Жақсы жігіт еді. Өмір деген осы. Жақында Алматыдан Шерхан ағаң келіп кетті. Жедел жәрдем автокөлігімен. Үйге бір күн қонды. Науқас. Біз Бауыржан Момышұлы бәріміз осы ауылдан едік. Туысқан адамбыз. Мінезіміз Бәукеңе тартқан. Шер-аға науқас. Биыл 85 жасқа толады. Мен 80 жастамын.
Шер-аға 60 жасқа толғанда Алматыдан келген Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов, Оралхан Бөкеевтер дәл осы бөлмеде қонақ болды. Олар өмірден өтті. Енді сендер келіп отырсыңдар.
– Берекелі болса ел,
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел! –
деп данышпан Абай атамыз айтқан екен.
Абай атамыз «Қарадан хан болған Құнанбай сұлтанның баласы ғой!» – деді үй иесі.
Үй иесі газет-журналдардан «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Жұлдыз», «Жалынға» жазылады екен. Бұл басылымдарды бір кездері Шерхан Мұртаза басқарғанын Батырхан аға мақтанышпен айтып отырды.
– «Жұлдыз» журналындағы Мұхтар Мағауиннің Шыңғысхан туралы жазғандарын қызығып оқимын. Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» деген кітабы үйде бар. Өзі шетелге кетіп қалыпты! – деді үй иесі. Осы сөздерді айтып бір күрсініп алды…
– Мен сендерге ауылдағы Шер-ағаның мұрағатын көрсетейін! – деді Батырхан ақсақал. Елекбай, Бағлан, Айдар төртеумізді ертіп ауыл шетіндегі әсем салынған үйге ертіп әкелді.
– Бұл Шер-ағаның үйі. Өз қаражатымен салдырды! – деді.
Екі қабатты үй екен. Мұражайдың ішін араладық. Әлем жазушыларының кітаптары. Абай, Әуезов еңбектері. Шер-ағаның өз шығармалары. Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкеев үшеуі түскен суреттері.
Өзі басқарған кездегі «Егемен Қазақстан», «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», бәрі тұр. Камалға жазған хаттары…
– Қандай ғажап! – деп Бағлан Байбөбекқызы тамсана сөйлейді.
– Шер-ағаның өзі неге келіп тұрмайды? – дедім мен.
– Науқас. 85жаста! – деді Батырхан.
– Шер-ағаға Қазақстанның Еңбек Ері атағы бұйырмады! – дедім мен.
– Әй, Жанәбіл Шер-аға онсыз да баспасөздің Еңбек Ері ғой! Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова, Сағат Әшімбаевтар – оның шәкірттері.
Тұрар Рысқұлов туралы тарихи роман жазды. «Сталинге хат» деген пьесасы қойылды. Сен тарихты оқы. Ислам діні қанат жайғанда Әзірет Әли мен Жәнәбіл жекпе-жекке шығады. Әли жеңеді. Жәнәбіл Ислам дінін қабылдайды. Жәнәбіл – киелі есім. Шер-ағаның туған жеріне іздеп келгеніңе ризамын Жәнәбіл! – деді Батырхан ақсақал.
– Атым Серік! Фамилиям Жәнәбіл! – дедім мен. Мен үшін Жәнәбіл болып қаласың! – деді ақсақал.
Аспанға қараймын. Маңайды биік-биік таулар қоршаған. «Манас шоқысы» қарауытып көрінеді…
Өткен шақ ойыма орала береді. Бет-ауызын әжім торлаған Батырхан ақсақалға қарай беремін. Өткен шақ мазамды алды… Бұл Шерхан Мұртазамен кездескен кезім еді.
– Жәнәбіл! – деді үй иесі.
Ойым бөлініп кетті.
– Балам Әлижан телефон соқты. Қой сойыпты. Бүгін мейман боласың. Астан үлкен емессіңдер ғой. Әңгіме айтамыз. Шер-ағаның, Бауыржан батырдың ауылынан дәм татыңдар! – деді Батырхан ақсақал.
Бәріміз үйге оралдық. Әлижан қарсы алды. Екеуміз құшақтасып амандастық.
– Бұдан он бес жыл бұрын Ақсай мен Көксайдың жағасында кездескен едік! – деді Әлижан.
Дала суық. Үй іші жылы. Батырхан ақсақал әңгіме айтты. Қалтасынан мәлімет алды.
– Жамбыл облысы 1939 жылы құрылған. Орталығы – Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы. Қалада 31952 орыс, 10404 қазақ, 5496 өзбек, 1854 татар, 9197 украин, тағы басқа ұлт пен ұлыс өкілдері тұрыпты. Ол кезде облыста Жамбыл, Қордай, Красногорск, Көктерек, Луговой, Мерке, Свердлов, Сарысу, Шу аудандары болыпты! – деді.
– Жуалы ауданы жоқ қой! – деді Бағлан.
– Шымкент облысына қарайтын. Түлкібас пен Жуалы – егіз. Түбі бір. Елуінші жылдары Жамбыл облысына қосылды. Тұрар Рысқұловтың туысқандары осы екі ауданда ғұмыр кешті.Тұрар бізге туысқан адам болып келеді. Бір атаның ұрпағымыз. Тұрардың әкесі Рысқұл Талас ауданында Бөлтірік шешеннің елінде жерленген. Олар нағашылары.
Біз білмейтін тарих көп. Әлі ашылған жоқ. Бөлтірік шешен 1771 жылы Шу өзеннің жағасындағы Шоқпар деген жерде дүниеге келген. Ата жұрты Талас ауданының Ойық ауылы. 1853 жылы Ойықта жерленеді.
Атақты Ноғайбай би: «Ақын деп Шөжені айт, шешен деп Бөлтірікті айт, Батыр деп Сыпатайды айт», – деген. Бөлтірік шешен Құнанбаймен Жетісудағы Алтын Емел деген жердегі дауды шешкен екен! – деп Батырхан ақсақал қызықты әңгімелер айтты.
– Мені шеткі елдерге шыққанда Шерханмен шатыстырып алады. Бірде Тараздағы бір дәмханадан тамақ іштім. Төрт-бес жігіт келіп;
– Шер-аға! Сізді көргенімізге қуаныштымыз. Теледидардан көрдім. Өзбекәлі Жәнібеков, Смағұл Елубаев үшеуіңіз тамаша ойлар айттыңыз! – деді. Бұл 1993 жыл болатын. Бірде жол күтіп тұр едім. Автокөлік тоқтады.
– Шер-аға! Қайда барамыз? –деді.
– Таразға!
– Мініңіз. Сіз ғажап жазушысыз? – деп мақтады.
Мені Шер-ағамен көп шатастырады! – деп Батырхан ақсақал күліп алды…
– Серік, мен Сені Шерхан Мұртазамен таныстырамын.
Ертең Жуалы ауданына қарай жолға шығамыз. Жанымызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерғали Сарманов пен ақын Сатыбалды Қосалиев болады. Сен Шер-аға туралы мақала жаз. Өзіңе керек болады. Әңгімесін өз аузынан тыңдайсың. Қартайғаныңда естелік болады! – деген Қуаныш Төлеметов көкемнің даусы естілгендей болды.
– Көке! Мен далаға шығып келейінші! – дедім.
– Бара ғой! Таза ауамен демал! Қазір тамақ та дайын болады! – деген жеңгей. Батырхан көкем басын изеді. Аумаған Шерхан Мұртазаның өзі…
Далаға шықтым. Жалғыз өзім есік алдындағы көшемен жүрдім. Есіме Қуаныш аға мен Ерғали бауырым түсті. Көңілім босады. Екеуі де мәңгілік ұйқы құшағында жатыр.
Ол кезде Шерхан Мұртаза, Қуаныш Төлеметов, Ерғали Сарманов Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары болатын еді. Үшеуі дәл осы жерде әңгімелесіп жүретін. Мен тыңдаушы болатынмын. Ал қазір жалғыз өзім жүрмін… Ауыл иттері шуылдап үріп тыныштықты бұзады…
– Жамбыл облысы Қырғыз Алатауы мен Қаратаудың қойнауындағы Шу мен Талас өзендерінің, Мойынқұм мен Бетпақдаланың шөл және шөлейт аумақтарымен шектеседі. Қысы қатты суық болғанымен, ұзақ емес. Көктем ерте келеді. Көктем айы жаңбырлы болады. Жаз айы керісінше құрғақ болып келеді! – деп үй иесі Батырхан Мұртаза ел тарихын да айтып отырды.
– Жамбыл облысы батысында Оңтүстік Қазақстан облысымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен, шығысында Алматы облысымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен шектеседі. 2019 жылы облыстың құрылғанына 90 жыл толады.
– Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне көркемдеп аударуда зор еңбек сіңірген Шерхан Мұртаза екенін исі қазақ оқырманы жақсы біледі. Шыңғыс пен Шерханның өмір жолдары өте ұқсас. Екеуінің де әкелері «халық жауы» атанды. Екеуі де «Манас шоқысы» маңында ғұмыр кешті. Көксай мен Ақсай өзендері де екеуіне ортақ болды.Шыңғыс пен Шерхан екеуі де Жамбылда білім алды. Шекарамыз бөлек болғанымен, Шерхан мен Шыңғысқа Шекер ауылы ортақ болатын. Шерхан қырғызша, татарша, орысша еркін сөйлеп, еркін жаза алады, – деп Батырхан ақсақал тыңнан бір әңгіме айтып берді…
Батырхан ақсақал аздан кейін ащы қызыл шайды асықпай ішіп отырып өткенді есіне түсірді.
– Шерхан екеуміздің балалық шағымыз баянсыз болды. «Халық жауының» баласы атандық. Бізді көрсе ауыл балалары қашатын. Ауыл қариялары сырт айналады. Сенеріміз жалғыз анамыз ғана еді. Ол азапты өмір сүрді. Ол ауырса Шерхан екеуміз қосылып жылайтынбыз. Шерханды өмір өжет етті. Қайсар болып қасқайып тұрды. Бірақ жүрегі жұмсақ болатын. Мәскеуге оқуға кетті. Мен ғұмыр бойы ауылда есепші болдым. Шерханның тілеуін тіледім. Ол билікке келгенде ағайын-туған көбейіп кетті. Ру мен жүзін, жерлестігін айтып Шерханға жақындай түсті. Шерхан өзіне ғана сенді. Ол өмірмен жалғыз күресіп келеді. Аллаға ғана сенеді. Биыл бір өзі елге келеді. 85 жасқа толады. Үйге бір күн түнеді. Әкем мен анама Құран бағыштады. Тағы да жалғыз өзі Алматыға кетті. Бар шындық осы! – деді Батырхан Мұртаза.
* * *
Ой… Ойлар… Жуалы жеріне көктем ерте келді. Аспанға қараймын. Тырналар қалықтап ұшады. Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза туған ауыл маған өте ыстық көрінеді. Александр Бектің «Арпалыс» деген кітабы Батырхан көкемнің төргі бөлмесінде тұрды.
* * *
Мұртазаның шаңырағында отырып көп ойға берілдім. Мұртаза «халық жауы» атанып өмірден ерте кеткенімен артында Шерхан мен Батырхан есімді қос құлыны қалды.
– «Бақыт деген – өз жүрегіңді өзгеге ұсыну!» – депті Тагор.
Шерхан Мұртаза қазақ журналистикасы мен Қазақстан Жазушылар одағына зор еңбек сіңірген қайраткер қаламгер.
– «Еңбегің үшін марапат күтудің қажеті жоқ, бірақ кез келген игі іс ақырында өз жемісін береді», – деген екен Ганди.
– «Біз Шерханның шекпенінен шықтық», – деп жазыпты Оралхан Бөкеев.
– «Жұлдыз» журналын Шерхан Мұртаза басқарған жылдары оның таралымы жоғары көрсеткішке жеткен. Журналдың проза бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеев, сын бөлімінің меңгерушісі Сағат Әшімбаев болған. Қос талант иесін де Шерхан Мұртаза тәрбиелепті.
* * *
Шерхан Мұртаза өз ұлтының тілін, мәдениетін, әдебиетін қызғыштай қорғаған қоғам қайраткері. «Ұлт тағдырына қауіп төніп тұрғанда соғыс – әрі қажет, әрі өмірлік маңызы бар іс», – депті Ататүрік.
* * *
Батырхан ақсақал ауыз әдебиетін терең меңгерген адам екен. Бір күліп алды да:
– Шер-аға екеуміз жас кезімізде Біржан мен Сара айтысын қызыға оқушы едік.
«Ортаңнан оқшау тұрған дара тұлғаң,
Құр емес қыз екенсің ар-ақылдан.
Жұлдыз ба деп те қалам жарқыраған,
Бар қазақ аспаны үшін жаратылған!» –
деген Біржан сөзін әлі ұмыта алмай жүрмін. Қисса «Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен 1900 жылы Қазан баспасынан Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы бастырып шығарыпты. Жүсіпбек қожа Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс өзенінің жағасындағы «Қожа-тоғай» деген жерінде өмірге келген. 1937 жылы Қытай еліндегі Шәуешек деген жерде қайтыс болған екен, – деді Батырхан аға.
Ол өткенді айтып отырды. Шер-ағаның 60, 70, 80 жасқа толған мерейтойларында бұл үйде қазақтың атақты жазушысы Әбіш Кекілбаев қонақ болған екен. Жуалы жеріндегі Шерхан ауылында оның туған інісі Батырханның айтқан әңгімелері маған көп ой салды. Қоштасатын сәт те жақындады. Журналист қарындасым Бағлан Байбөбекқызы екеумізді құшақтап, мейірімді көңілімен жолға шығарып салды.
Биыл Шер-аға 85 жасқа толады. Алладан оның денсаулығын сұраймын. Мұртазадан қалған тұяқтар едік. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдік. Сендер келген осы ауылда Кеңес Одағының Батыры, полковник, жазушы Бауыржан Момышұлы өмірге келген, – деді Батырхан аға.
Аспанға қараймын. Тырналар қалықтайды. Көктем иісі мұрынға келеді. Жуалы жері мені бір жұмаққа бөлегендей болды. Батырхан ағамен қимай қоштасып, жолға шықтық.
* * *
Өткен шақ ойыма оралады. 2001 жыл көз алдыма елес береді. Қуаныш Төлеметов, Ерғали Сармановтар мен ілесіп Шерхан Мұртазаға тұңғыш рет жолыққаным ойыма оралады.
Жуалының жерінен сан мәрте жолаушы болып өттім. Биік-биік құздар мен шыңдар қоршаған көгілдір тауларға көз саламын. Тау ішіндегі Көксайдың жағасындағы жалғыз киіз үй ойыма түседі.
2001 жыл болатын. Әлі есімде. Ұмыта алмаймын. 14 шілде күні Шымкент шаhарынан төрт-бес азамат Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарай жолға шықтық. Шымкенттік ақын Сатыбалды Қосалыұлы және сол кездегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Қуаныш Төлеметов пен Ерғали Сарманов бар болатын.
– Серік, Шерхан Мұртаза да Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты. Бәріміз Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) тұрамыз. Туған жері Жуалыға бізді қонаққа шақырды. Сатыбалды екеуіңді өзім арнайы ертіп алып бара жатырмын. Шерхан сендерді танымауы да мүмкін. Өте мәдениетті болыңдар, мінезі бар адам ғой, байқап сөйлеңдер. Сендер тұрмақ, біз өзіміз де Шер-ағаға ойланып барып сұрақ қоямыз. Сен лажы болса Шер ағаның өз аузынан өмірбаяндық сұхбатын жазып ал. Мен бұл мүмкіндікті қарастырамын. Сені талантты жігіт деп мақтаймын. Басқа амал жоқ. Уақыт өте өмір өзгереді. Шерхан Мұртазамен кездесуің өзің үшін тарих болып қалады.
«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп данышпан Абай айтпақшы, Шер-аға да қазақ журналистикасының ірі тұлғасы ғой – деді Қуаныш Төлеметов. Сол сөз осы күнге дейін менің есімнен кетпейді.
Жол… Жолдар… Түлкібас ауданынан өтіп, атақты Ақбиік асуынан астық. Мыңбұлақ… Шақпақ Атаның салқын желі бізді қарсы алды. Жуалы жеріне де жеттік. Қос қабатты аудан әкімшілігіне бас сұқтық. Күн салқын еді. Аспанды қара бұлттар торлап, жаңбыр жауа бастады. Биік таулар түнеріп тұрғандай болды. Қалың қабақтарын ашпайтын сияқты. Жылы жел суыққа айналды. Денеміз тоңазыды.
Жуалы ауданының әкімі Ермек Үсенбаев орта бойлы, қою қара мұртты, қалың қабақты, кең жауырынды жігіт екен. Шымкент шаhарынан барған бізді жылы жүзбен қарсы алғанына риза болып қалдық. Мінезі аспандай ашық екен. Нағыз облыс басқаратын азаматтын өзі. Ел билейтін адамның бойында өзіндік бір ерекшелік болады. Ермектің бойынан сондай асыл қасиеттердің ұшқынын сезінгендей болдым.
– Шер-аға қайда? – деді Қуаныш Төлеметов.
– Көксайда, – деп жауап берді Ермек.
Біз жолға шықтық, мәшине рулінде аудан әкімі Ермек Үсенбаевтың өзі отырды.
Мен механизатор болып Көксайда еңбек еттім.
– Мына ауыл «Орақ-Балға» ұжымшары деп аталған. Бауыржан атамыз осы жерде дүниеге келген. Жолдың арғы шетіндегі көрініп тұрған ауыл Талапты деп аталады. Ол жерде Шерхан Мұртаза өмірге келген. Шер ағаның туған інісі Батырхан сол ауылда тұрады. Ұжымшарда еңбек етті, қарапайым адам. Алдымызда Мыңбұлақ, одан соң Майдантал анау көрініп тұрған биік шоқы «Манас шоқысы» деп аталады. Қырғыздың атақты манасшысы осы жерде дүниеге келген сияқты. Қазақта Манас жырын зерттеген екі адам бар. Оның бірі Шоқан Уалиханов, екіншісі Мұхтар Әуезов. Біз Қырғызстанның Талас ауданымен шектесеміз. Атақты Шыңғыс Айтматов туған Шекер ауылы да онша қашық жер емес. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романын қазақ тіліне аударған Шерхан Мұртаза. Маған Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» хикаясы ұнайды. Жәмиләға ғашық болдық. Бірақ ондай қызды Қырғызстаннан да, Қазақстаннан да, Өзбекстаннан да кезіктіре алмадым. Жәмилә өмірде болған ба? – осы сұрақ мені көп мазалайды. Реті келгенде Бішкекке барып, Шыңғыс Айтматовқа жолығып, осы мәселені сұрағым келеді, – деді Жуалы ауданының әкімі Ермек Үсенбаев.
Қуаныш аға, Ерғали, Сатыбалды төртеуміз бір күрсініп алдық. Бәріміздің көз алдымызға Шыңғыс Айтматов жазған Жәмилә қыз елес бергендей болды. Ол қайда жүр екен деген ой бізді мазалай берді. Ақсай мен Көксайда Шыңғыс Айтматов пен Шерхан Мұртазаның балдәурен балалық шағы өтіпті. Мен соның куәсі болдым.
Ақырындап жүріп Көксай өзенінің жағасындағы жалғыз отырған киіз үйге жеттік. Мәшине тоқтады.
– Уh! – деп Сатыбалды тершіген маңдайын орамалымен сүртіп орнынан әзер қозғалды. Жаңбыр басылды. Мәшине дауысын естіп, киіз үйден басына қалпақ киген қалың қабақты, орта бойлы, түсі суықтау, қара мұртты бір кісі шықты.
– Шер-аға, – дедім мен.
– Жоқ, бұл кісі Шер ағаның туған інісі Батырхан болады, – деді Ермек.
Ол кісімен амандастық. Шерханның аумаған өзі. Бізге қарап күлімсіреп сөйледі. Киіз үйдің есігі ашылды. Басына қалпақ киген қалың қабақты, қою қара мұртты, орта бойлы, түсі суықтау бір адам шықты.
– Шерхан Мұртаза осы? – деді Сатыбалды Қосалиев.
Шер-аға барлығымызбен құшақтасып амандасты. Киіз үйдің ішіне кірдік. Кең дастарқан жайылып тұр. Әдемі келген бір келіншек жылы жүзбен қарсы алды. Бұл кісі Шер-ағаның жан жары Ақбілек екен. Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың қызы.
– Шер-аға, Сіз Бауыржан батырды бала күніңізден танитын шығарсыз? – деп мен сұрақ қойдым.
Шер-аға қалың қабағын түйіп, ойланып отырып қалды.
– Жоқ, – деп күрсініп сөйледі.
– Бір ауылдан емессіз бе? – дедім мен.
– Інім жүрекке салмақ салдың ғой. Бұл үлкен әңгіме.
Мен 1950 жылы Тараздағы орта мектепті бітірдім. Мәскеуге барып Ломоносов атындағы мемлекеттік университетке оқуға түстім. 1954 жылы Максим Горький көшесімен жалғыз келе жаттым. Кенет менің қарсы алдымнан әскери киім киген бір кісі жолықты. Түрі қазаққа ұқсайды. Менің жанымнан өтіп кетті. Өз-өзіммен тұла бойыма бір жалын пайда болғандай болды. Бұрылып артыма қарадым. Әлгі адам да маған қарап бұрылды, өз-өзіммен тұрып қалдым. Маған оның жүзі таныс сияқты болып көрінді. Ол мені өзіне шақырды, жанына бардым.
– Қай жақтансың? – деді маған.
– Қазақпын, Қазақстаннанмын, – дедім.
– Қай облыстансың?
– Жамбыл облысы.
– Қай ауданы?
– Жуалы ауданы.
– Қай ауыл?
– «Орақ-Балға» ұжымшары.
– Кімнің баласысың?
– Мұртазаның.
– Сен, Мұртаза көкемнің баласысың ба? – деп әлгі адам мені құшақтап бауырына басты. «Халық жауы» атанған әкемнің атын айтып, жылы сөзді естігенде шер басқан жүрегім жылып өксіп жібердім.
– Жылама, мен Бауыржан Момышұлы ағаң боламын. Біз туысқан адамбыз, – деп маған жылы сөйледі.
– Сіз Бауыржан көкемсіз бе? – деді.
– Иә, сол Бауыржан көкең мен боламын, – деді.
Сол бір Мәскеудің Максим Горький көшесіндегі қазақ елінің даңқты батыры Бауыржан Момышұлымен кездескен сәтім осы күнге дейін бір есімнен кетпейді, – деп Шерхан Мұртаза әңгімесін аяқтады.
Батырхан аға әкесі Мұртаза мен Халық батыры Бауыржан Момышұлының әруақтарына бағыштап Құран оқыды.
Артымнан ерген жалғыз інім осы Батырхан, – деді Шерхан Мұртаза.
Шер-аға Сіздің «Ақсай мен Көксай» деген әңгімеңізді оқыған едім. Сондағы Барысқан өмірде болған ба дедім мен.
Шер-аға үндемеді. Тіл қатпады.
Барысқан алдарыңызда отырған Шер-ағаның өзі, – деді Батырхан. Шер-аға Батырханға қарап, мейірленіп, күлімсіреді.
* * *
Содан бері көп уақыт өтті. Менің көз алдымнан Көксайдағы тігілген сол жалғыз үй кетпей-ақ қойды. Ол үйде отырып, шерін шығарып әңгіме айтқан Шерхан Мұртаза әңгімелері ойыма орала береді. Жуалы жеріндегі кездесулер менің есімде мәңгілік қалды. Шерхан Мұртаза, Қуаныш Төлеметов, Ермек Үсенбаев, Сатыбалды Қосалиев, Батырхан ағалар айтқан әңгімелер менің есімде ұзақ сақталады.
Түс көремін. Түсімде «Манас шоқысы» елес береді. Ақсай мен Көксайды аралап жүрген Шерхан Мұртазаны көремін. Киіз үй тым қашықтан мұнарланып тұрғандай болады.
Серік ЖӘНӘБІЛ,
жазушы, Шымкент қаласының Құрметті азаматы.
2017 жыл.