НҰРЛЫ БЕЙНЕҢ ТАҢДАЙ ЖАРҚЫН…

Мерей
1 917 Views

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында құрылған «Туған жер» арнайы жобасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласындағы Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназиясында «Ұлы дала тұлғалары» кешенді іс-шарасы өткізілді. Бұл кездесу осы мектептің түлегі, ақын Тұрсынай Оразбаеваны (суретте) еске алуға арналды. Оған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Алдияр, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Қабылбек Төретай, ғалым, физика-математика ғылымының кандидаты Шаруа Пірмат, фантаст жазушы Сарманбай Исақ, ақын Сабырбек Тұрлыбек және Тұрсынайдың құрбысы Хализа Сағынбекова қатысты. Қаламгерлер қазақтың ақын қызы Тұрсынайдың өнегелі өмір жолынан сыр шертетін естеліктер айтып, арнау өлеңдер оқыды. Мектеп оқушылары ақын апамыздың сөзіне жазылған әндерді орындап, сахналық қойылымдармен көркемдеді.

Мәскеу қаласында жоғары әдебиет курсын бітірген Тұрсынай Оразбаева 1997 жылдан өмірінің соңына дейін Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші болып қызмет атқарды. Өлеңдері «Молодые поэты Средней Азии и Казахстана» деп аталатын ұжымдық жинақта жарияланды (1982 жыл). Сондай-ақ «Ты моя весна» (1986 ), «Гүлсезім» (1986), «Хомус и Домбра» (1994), «Огни моей мечты» (2000) атты жыр кітаптары жарық көрген. Әдебиет саласында еткен еңбегі еленген ол Халықаралық Александр Фадеев атындағы және Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты атанған. Сонымен қатар «Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. Тұрсынай Оразбаеваның өнегелі өмірі, артында қалдырған өлең-жырлары ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалары сөзсіз.

Әбдіқадыр ДҮЛДҮЛ,

ақын, республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *