ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ ҚАҒБАСЫ

Мерей
1 340 Views

Биылғы 25 қазан күні Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жыл толу мерекесі салтанатты жағдайда атап өтілді.

Таңертеңнен аудан тұрғындары мен алыс-жақыннан келген қадірменді қонақтар Темірлан ауылындағы күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға қарай ағыла бастады. Алдымен эстафеталық марафон өтті. Спорт шебері Абзал Арыстанбек мерекелік жалауды көтеріп жүрді.

Мұнда «Алтын күз» атты мерекелік іс-шарасы өткізілді. Ән-күйден шашу шашылып, сахналық қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Аудан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Баймахан Қожатайұлы Сәдуақасов құттықтау сөз сөйлеп, ерен еңбектері еленген бір топ азаматтарға Алғыс хаттар табыс етті.

Мерекелік шаралар автошерумен жалғасын тапты. Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойындағы қарауылтөбе маңында эстафетаны арғымақтар мен сәйгүліктерге мінген марафоншылар жалғастырды. Қырқаға көтерілген олар 55 жас домбырашының сүйемелдеуімен жалауды салтанатты түрде көкке көтерді.

Аудандық мәдениет үйінде «Тарихқа тұнған Ордабасы» ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Оны осы ауданның тумасы, аудандық «Ордабасы оттары» газетінің редакторы Нүридін Шәмшіұлы қысқаша құттықтау сөз сөйлеп ашты. Осы ауданның тағы бір тумасы, айтулы ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, «Көші-қон туралы» заңның авторы, Парламенттің жауапты қызметкері Әкім Ысқақ жүрекжарды ақ тілек, пәк ниетке толы сөз сөйледі.

Алдымен аудан әкімі Ә.Ш. Өсербаев байыпты баяндама жасады:

– Республика көлемінде гүлденген өңір, шұрайлы аймақ, құнарлы өлке Ордабасы ауданын білмейтін жан жоқ. Оның аңызға айналған аты ертеден-ақ әспеттеліп жырға қосылған, әннің арқауына айналған. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ халқының басын біріктіріп, бір тудың астына жинаған да осы Ордабасы еді. Сонысымен де аты қастерлі, жері киелі.

Ордабасы тауының ел тарихында алар орны ерекше. Осы таудың қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған. Халық құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар мен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылары мен батырлары қатысты. Сол жолы қазақтың басы Ордабасы болып бірікті де қазақ тарихындағы 1723-1727 жылдардағы нәубетті кезеңнің қара бұлтын аспанынан біржолата ығыстырды. Тарихқа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған жоңғар шапқыншылығына тоқтау салды. Осылайша берекелі ауыздан шыққан берік байламның арқасында қазақтар жеңіске жетіп, жоңғарлардан азат етілді. Ордабасы тауының қасиеті осында жатыр.

Кешегі кеңес заманында Ордабасы тауының қадір-қасиетіне көлеңке түсіп, аты да ұмытыла бастағаны жасырын емес. Біздің ауданымыз 1964 жылы 3 наурызда Бөген деген атаумен құрылған болатын. 1988 жылы 25 шілдеде Арыс ауданының құрамына кірді. 1989 жылы 13 қазанда Бөген ауданы қайта құрылды. 1993 жылы 4 мамырда Ордабасы ауданы деп аталды. Бізден Қарсыбай Сыпатаев, Берген Исаханов, Сыдық Ысмайылов, Бейсен Оңтаев секілді Кеңес Одағының Батырлары және үш Социалистік Еңбек Ері шыққан. Бүгінде аудан халқының саны 120 мыңнан асады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ел жүрегі, жер кіндігіне», классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев «Қазақ халқының қағбасына» балаған Ордабасыда 1993 жылы сол кездегі үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Ислам Абдуғаниевич Каримов, Асқар Ақаевпен бірге жиырма елдің делегациясы қатысқан басқосу нағыз бірлікке үндеген аса маңызды тарихи оқиға болғаны даусыз. Осылайша бұл аймақты түрлендірудің амал-әрекеті жасала бастағаны белгілі. Бұған негіз қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Ордабасы ұлттық, тарихи-мәдени қорығы құру жөніндегі Жарлығы еді. Нәтижесінде қазіргі таңда бұл киелі орын қалың жұртшылық тәу етер, тарихи-танымдық құндылығы бар нысанға айналып отыр.

Қасиетті Ордабасы атауын иеленген ауданымыздың жұртшылығы осы жоғары мәртебені абыроймен алға асырудың мақсатында күш жұмылдырып келеді. Бүгінде ауданымыз республика көлеміндегі шаруасы шалқыған, экономикасы өркендеген,, өнерінің өресі биік өңірден саналады. Қай саланы алып қарасақ та заман талабына сай өсіп, өркендеуде. Бұған айқын мысалдар жетіп артылады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2014 жылы бізде өнеркәсіп өнімінің көлемі 12,1 миллиард теңгені құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 15,3 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі де арта түскен. Ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жыл өткен сайын көбейіп, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Тек соңғы жылдары іске қосылған өнеркәсіп нысандары көптеп саналады. Бұларда халық шаруашылығына қажетті өнімдер өндіріліп қана қоймастан, сан мыңдаған адам жұмыспен қамтылған.

Ауданымыздағы басты салалардың бірі – ауыл шаруашылығын ойдағыдай өркендетудің берік негізі қаланған. Мұны соңғы бес жылда саладағы жалпы өнімнің 11 миллиард 576 миллион 600 мың теңгеге артқанынан аңғару қиын емес. Ал 2019 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 40 миллиард 157 миллион теңгеге жеткізу көзделуде.

Мал шаруашылығындағы табыстар да көңіл тоғайтарлықтай. Аталған мерзімде шаруашылықтың барлық санатында ет өндірісі – 5,1, сүттің түрлерін өндіру – 10,3, жұмыртқа өндіру – 1,5 пайызға артты. Ірі қара мал өсімі 18,3, қой мен ешкі – 35,3, түйе – 29,7 пайызға өсті. Жылқы 1,8-ге еселенді. «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің тауарлық-сүт фермасы, «Бөрте Милка», «Ордабасы құс», «Инфрастрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, тағы басқа құрылымдар аса маңызды өнім өндірісін серпінді дамытып, кеңінен қанат жаюда.

Білім, медицина, спорт, тағы басқа салаларда да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз аз емес. Төрткүл әлемге танымал атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың музейі мен бейіті де бізде. Оның атындағы Халықаралық жарыс сан мыңдаған жас талантты спортшылар мен бапкерлерді баулып шығаруда.

Біздің ауданымыздың жарты ғасырлық мерейтойына орай «Ордабасы – Тәуелсіздік тұғыры» атты кітап жарық көргенін бәріңіз жақсы білесіздер. Биыл «Ордабасы» деп аталатын фотокітапта ауданымыздың соңғы бес жылдағы тыныс-тіршілігі, тарихи орындары мен табиғат көріністері кеңінен қамтылып отыр. Сонымен қатар барлық сала бойынша жетістіктер жайлы жазылған бұл туындыдан Сіздер өздеріңізге қажетті мол мағлұмат ала аласыздар деген үміттеміз.

Сайып келгенде, мақтан етер табыстар мен қуаныштар жеткілікті. Осы берекені еселей беру – алғы күндердің межесі ретінде айқындалған. Сол асқақ межелердің бағындырылатынын баршамыз куә бола берейік дегім келеді, – деді ол.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры болып қызмет атқаратын осы ауданның тумасы Баршагүл Қашқынқызы Исабекова «Тарихқа тұнған, тағылымы мол Ордабасы» тақырыбында баяндама жасады. Ол Ордабасы тауының тарихы, қадір-қасиеті жайлы айта келе аталмыш университет ұжымы ұстаздары мен студенттерінің археологиялық қазба жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырғанын тілге тиек етті. Осында табылған аса құнды жәдігерлер Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы Орталық музейлерге қойылғанын, өздерінің университетінде де арнайы бұрыш ұйымдастырылғанын айтып өтті.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бір кездері осы ауданда еңбек еткені жайлы тоқталды. Сөйтіп мұнда еңбексүйгіш, ақжарқын жандардың көп екені жайлы ойларын ортаға салды.

Қажымұқан ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Ілесбек Жүсіп те өзінің жүрекжарды ізгі ниетін жеткізді.

Түркістан қаласынан келген Жарылқасын Әзіретбергенұлының мына бір бағалы ұсынысы көптің көңілінен шықты. Қазыналы қария Жапонияның Фудзиама тауының ұшар шыңында сан алуан шендегі шенеуніктер еліне, халқына адал қызмет ету жөнінде ант береді екен. Үш бидің, бауырлас үш ел Президенттерінің, жиырма елдің делегациясы бас қосқан қасиетті Ордабасы тауында да болашақ әкім, министр, депутат, басшылар ант қабылдаса қандай керемет болатынын тілге тиек етті. Несі бар, мұндай құнды ұсынысты тек қолдауымыз ғана қажет.

Конференция соңында аудан әкімі Ә. Ш. Өсербаев бір топ азаматтарға «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Олардың арасында Әбілқасым Досболов, Әділхан Исабаев, Қайнар Абасов, Жеңісбек Мәуленқұлов, Нармахан Бегалыұлы, Жолдыбай Ендібаев, Оразәлі Омаров, Данияр Тілеубергенов, Мұрат Тағаев, тағы басқалар бар.

«Мирас» мейрамханасында алыстан-жақыннан келген қадірменді қонақтарға арнап түскі ас берілді. Онда да ыстық ықыласқа толы ізгі тілек айтушылар көп болды.

Түс қайта «Құт дарыған Ордабасы» атты Халықаралық ақындар бастау алды. Онда Кәрима Оралова, Анар Жаппарқұлова, Бекарыс Шойбеков, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұқан Абзалов, Нұрлыбек Мейірманов (бәрі де – Қазақстан), Құлмахан Дүйсенов, Талғат Орынбеков (екеуі де – Өзбекстан), Слмахан Мұхамедхан (Қытай Халық Республикасы) секілді от ауызды, орақ тілді айтыскерлер сөз сайысына түсіп, Ордабасыны жырға қосты.

Орталық стадионда «Күш атасын танымас» деп аталатын ұлттық спорт ойындары өтті.

Ауыл шаруашылығы және ұлттық мәдени орталықтар көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты.

Кешкілік «Қазақ рухының қағбасы – Ордабасы» деп аталатын салтанатты шараға ұласты. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев құттықтау сөз сөйледі. Көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға аудан орталығы – Темірлан ауылында бой көтерген 20 отбасылық пәтер кілті салтанатты жағдайда табыс етілді. «Ән мен әнші» концерттік бағдарламасы ұсынылды. Қазақ эстрадасының жұлдыздары – Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуәлиева, Мөлдір Әуелбекова, Айгүл Иманбаева, Ғаділбек Жанай, Саят Медеуов, Әбдіжаппар Әлқожа, «Қоңыр» тобы, тағы басқалар өнер көрсетті. Ауданның торқалы тойы мерекелік отшашумен өзінің мәресіне жетті.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Түркістан облысы,

Ордабасы ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *