Ақселеу Сейдімбек – қазақ әдебиеті мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, төл тарихымызға жарқын қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Қазақ күй аңыздарын зерттеп, этнография саласына, соның ішіндегі қазақты тану, ұлттық руханиятты білу әлемін терең зерттеді. Ондаған монография мен ғылыми еңбектердің авторы. Ақселеу атамыздың ұлт руханиятына мол мұра қалдырғаны күмәнсіз. Оны Шымкент қаласы №80 мектеп-лицейінде өткен арнайы шара барысында айтылған естеліктерден айқын аңғардық. Мектеп ұжымы Ақселеудей арда азаматты ерекше қадір тұтып, әспеттеуді өздеріне парыз санап, көрнекті тұлғаға арнап апталық ұйымдастырған.
Туған халқының кем-кетігін түгендеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан азаматты ардақтаған рухани жиынды жастар қауымы Алаштықтарды еске алу бағытындағы театрландырылған көрініспен ашты. Иә, Алаш десе – Ақселеу, Ақселеу десе – Алаштың абадан жаратылысы келеді көз алдымызға. Егер, болашақта біртұтас ұлт боламыз десек, азаттық аспанынан кеңістікке көз салатын кейінгі ұрпақ осы көзқараста тәрбиеленуі тиіс. Алаш, Әлихан, Ахмет, Ақселеу! Бұлар – ұлттық діңгек, алтын арқау.
Кеш қонақтары Ақселеудей дара болмыс иесінің есімін ұрпақ жадында жаңғыртып отыру мақсатындағы шараның мән-маңызына тоқталды.
Ақселеу Сейдімбек – туған елінің игілігі үшін бар күш-жігерін аямай сарқа жұмсаған ерекше дарын иесі. Қарымды қаламгердің шоқтығы биік туындыларын терең зерттеп, кеңінен насихаттау – бүгінгі ұрпаққа аманат.
Жазушы-ғалымның үзеңгілес жолдасы Мекемтас Мырзахметов замандасының ешкімге ұқсамайтын ерекше бітім-болмысы мен адамгершілік тұлғасы туралы сөз қозғады. Қоғам қайраткері Алаш зиялыларының әлемін зерттегеннен кейін шығармашылығын ұлттық мүддеге біржола бұрғанын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде Ақселеу Сланұлының қандай күрделі кезеңдерде де ұлтының сөзін сөйлеген, ұлт мүддесіне қызмет еткен ардақты азамат болғанын айтты. Оның ел руханиятын дамытуға қосқан еңбегін, артына қалдырған өлшеусіз мұраларын дәріптеу ешқашан толастамау керектігін жеткізді.
Жалпы Ақселеу Сейдімбектің көп ерекшелігінің бірі – шешендігі. Оның алдын көрген шәкірттері текті тұлғаның шешендігіне, телегей теңіз біліміне тәнті болып, әлі күнге дейін құрметпен еске алып отырады. Жиында сөз сөйлеген жазушы-ғалым Зылиха Жантасова қаламгер Мырзагелді Кемелдің өтініші бойынша авторлық кітабын мектеп кітапханасына сыйға тарту етті.
Ақселеу Сейдімбек ел ішіне кең тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай» сынды көптеген әндердің авторы екені белгілі. Шығармашылық жиында сол әндердің бірқатары әуелеп, жұртшылықты Ақселеу әлеміне жетелей түсті.
Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі Әбіш Кекілбай: «Мен қазақ халқына Ақселеуді бергені үшін ризамын. Қазақ қандай болды десе, мынадай болды деп Ақселеуді көрсетер едім, қазақ ұлты келешекте қандай болуы керек десе, мынадай болады деп, тағы сол Ақселеуді көрсетер едім. Ақселеу Сейдімбекті бүгінде әрбір қазақ баласы ұмтылатын эталоны, әрбір қазақ баласы пір тұтатын идеалы деп түсінемін»,– дегені есімізде. Ендеше, осындай шаралар арқылы әр қазақтың жадында Ақселеудей арда азамат мәңгі сақталары сөзсіз.
«Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағали МАҚАТАЕВ бар мұнда» деп МҰҚАҒАЛИ «Автопoртрет» өлеңінде өзін МАХАМБЕТТІҢ сарқытына балайды. Сол секілді өзі айтып кетпесе де, «Ұлт ұстазы атанған алғашқы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов болса, екінші Ахаң ол – Ақселеу СЕЙДІМБЕК», – деп Елбасы жоғары бағалапты. Бүгінде Махаңдардың да, Ахаңдардың да жоғы өкінішті. Десе де, күллі саналы ғұмырын Алаш жоғын түгендеу жолында сарп еткен Ахаңдардың мәңгілік мұрасын насихаттап жүрген ұрпағы бар.
Айя АСЫЛЖАН.