ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫ

Тұлға
4 695 Views

Өткен жылы «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен «Абай», «Нұрсұлтан Назарбаев», «Шоқан Уәлиханов» атты кітаптар кіретін «Қазақстанның ұлы адамдары» үштомдығы Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне сыйға тартылған болатын. Эксклюзивті кәдесый түрінде безендіріліп басылған жинақтың бір данасы Мемлекет басшысына үштомдық туындыға енген авторлардың бірі, Төтенше және Өкілетті Елші , саяси ғылымдар докторы Тайыр Мансұровтың атынан ұсынылған еді. Бұл кітаптардың әрқайсысы кезінде «Тамаша адамдар өмірі» деректі-библиографиялық сериясымен баспа бетін көрген болатын. Олардың біртұтас жинақ ретінде қайта жарық көруін жаңарған, жаңғырған замандағы ұлттық деңгейдегі Ұлы тұлғаларға деген құрмет белгісі деп бағалауымызға болады.

Республикалық «Казахстанская правда» газетінде жарияланған бұл ақжолтай хабар туралы мақаланың авторы Асыл Сагимбеков «Великие люди Казахстана» деген тақырып қойған. Неге екенін қайдам, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Самат Мұса өзінің мақаласын «Қазақстанның танымал тұлғалары» тақырыбымен шығарыпты. (Қараңыздар, қос газеттің де 2018 жылғы 21 желтоқсан күнгі сандары). Сонда «Егемендегілер» «Ұлы» мен «танымал» сөздерінің аражігін ажырата алмағаны ма деп таң қалдық?!

Енді үштомдық туралы әңгіме өрбітіп көрелік. Ресейлік әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Николай Анастасьевтің «Абай» кітабында баяндалған қазақтың Ұлы ақынын Шығыс пен Батыстың Хафиз, Низами, Авиценна, Гете, Пушкин, Джон Милль сынды классик қаламгерлері, ғибратты ғалымдары мен ойшыл философтарының қатарына қосуымызға әбден болады. Абай табиғатты, жыл мезгілдерін, махаббатты маздата жырлаумен қатар қазақтың мұң-зарын да шынайы суреттей білді. Халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін дәріптеді. Орыс әдебиетінің озық үлгілерін оқырман қауымға қазақы нақышта өрнектей білді. Оның Пушкиннен аударған «Татьянаның хаты» қазақ жастарына көп ой салғаны белгілі.

Тайыр Мансұров пен Валерий Михайловтың «Нұрсұлтан Назарбаев» кітабының кейіпкері – сарабдал саясаткер, мықты стратег, көреген Көшбасшы, Ұлы тұлға екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Осыдан төрт жыл бұрын «Тамаша адамдар өмірі. Өмірбаян жалғасуда …» сериясымен жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев» кітабының заңды жалғасы іспеттес дүние. Алғашқы кітап орыс Биография институты, «Литературная газета», Ресей Мемлекеттік кітапханасы, «Орден» мәдени-ағарту орталығы тағайындаған «Үздік кітап және баспа» ұлттық сыйлығын иеленген болатын.

Жаңа туындыда Қазақстан мемлекетін құрып, оны отыз жылға жуық абыроймен басқарған Елбасының ерен еңбегі ерекше атап өтілген. Оның көшбасшылық, көрегендік, араағайындық, бітімгершілік қасиеттері мен ізгілікті де игілікті бастамалары жайлы сөз етілген. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары, тағы басқа да аса маңызды құжаттарын айтпағанның өзінде Оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбектерінің өзі не тұрады.

Тайыр Мансұров өзінің «Шоқан Уәлиханов» кітабында қысқа ғұмырында сан түрлі салада тындырымды тірлік атқарған Ұлы ғалым, саяхатшының еңбегі туралы тебірене толғаған. Оның Қазақстан географиясы, тарихы, этнографиясы, социологиясы салаларына қосқан сүбелі үлесі жайында сөз етеді. Қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін қағаз бетіне түсірумен қоса-қабат қырғыз фольклорының інжу-маржаны іспеттес «Манас» эпостық жырын да ғылыми айналымға түсірген.

Сөз орайы келгенде тілге тиек ететін тағы бір жайт – кезінде, дәлірегі осыдан 36 жыл бұрын «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен «Шоқан Уәлиханов» кітабы баспа бетін көрген. Оның авторы, жазушы Ирина Стрелкова сол еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанғанын да айта кетейік.

2008 жылы Алматыдағы «Дайк-Пресс» баспасынан «Қазақ сөздіктері» сериясымен жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» кітабына 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енген. Сол кітаптың 858 бетінде «Ұлы» сөзіне берілген түсіндірмелердің бірінде: «Асқан кемеңгер, данышпан, озық ойлы» деп жазылған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің Халықаралық аренада тиімді көтерілуіне септігін тигізіп отыр», – деп жазған болатын. Біз Н.Ә. Назарбаевты тек Қазақстанның, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ғана емес, әлемдік деңгейдегі Ұлы тұлғалардың қатарына бек сеніммен қоса аламыз. Оны бүкіл әлем де мойындап отыр. Елбасыға «Ұлы» сөзін қимай отырған «Егемендегі» әріптестеріміздің іс-әрекетін түсінбей қалдық. Бұл – төрткүл дүние мойындап, тән алып отырған аса көрнекті Мемлекет басшысының атын ардақтамау, құрметтемеу, елі мен халқына сіңірген ерен еңбегін елемеу болып табылады.

Ал «танымал» сөзі бүгінде екі адамның біріне арналып айтылып жүргені жасырын емес. Мәселен, «танымал әнші», «танымал тележүргізуші», «танымал футболшы» деген секілді сөздерді жиі еститін, тіпті оған оншалықты таңырқамайтын болдық. Былайша айтқанда, қазақта Ұлыларға қарағанда танымал тұлғалар көп екені даусыз. Мұны қалың көпшілік, әсіресе қаламгер қауым жадында ұстағаны жөн.

Қорыта айтқанда, «Қазақстанның ұлы адамдары» үштомдығы рухани қазынамызға қосылған сүбелі еңбек деп тілге тиек етеміз. Бұл кітаптар әрбір отбасы шаңырағының төрінен орын алатын тамаша туындылар болуы тиіс деп ойлаймыз. Оларды оқыған жастар рухтанып өсіп, халқымыздың осындай Ұлы тұлғаларын мақтаныш етіп жүретін болады.

«Әділет — ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *