ҒАЛЫМ –ЗАҢГЕРДІҢ күйініші мен сүйініші

Қоғам Құқық
1 100 Views

ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАЛАР НЕГІЗІ

Бекет Тұрғараевты ел тағдыры, демократия мәселелері, әсіресе сот билігі жөнінде ұрандатпай келелі пікір айтып жүрген азамат, судья, ғалым ретінде бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп, мақалаларын оқып жүрдім. Әсіресе Парламентте қабылданып жатқан заң жобалары жөніндегі салмақты пікірлері де назар аудартты. Соңғы жылдары «Елім-ай» әні мен дастанының авторы ұмыт бола жаздаған Қожаберген жырау Толыбайұлына байланысты ғылыми конференцияларда, ескерткішін ашуға байланысты, тағы басқа да игі істердің басы-қасында жүрген Бекеңмен жақын араластым. Оған тағы да себеп болған мектептес жолдасым, Бекеңнің ағасы, көп жылдар бойы Жоғары Сот төрағасы болған Тамас Айтмұханбетов еді. «Сіздердің сырттай бір-біріңізді сыйлайтындарыңызды білемін, пікірлерің үйлесіп жатады», – деп Тәкең таныстырған. Бекет Тұрғараев болса судья, ғалым, заңгер, өзім де Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты ретінде сот ісіне, судьяларға байланысты қабылданған заңдарға атсалыстым. Қандай да заң болмасын оның концепциясы философиялық ой-тұжырымдарымен үндесіп жатады. Сондықтан судья Бекеңмен идеялық жақындығымыз қисынды. Ел бірлігі, келісім табу, қарама-қайшылықтарды ымыраға келтіру, берекеге бастау, бөріктірмей біріктіру судьяның да, әр азаматтың да парызы. Кейін Бекет Тұрғараевтың «Заңгердің көзқарасы (мақалалар, ойлар, ұсыныстар, сұхбаттар, Алматы, 2016жыл) атты еңбегі қолыма тиді.

Сөз жоқ, сот реформасының бастауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. 1994 жылы Президент Жарлығымен елімізде тұңғыш рет «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. 2002 және 2010 жылдары «Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы» қабылданды.

1995 жылы «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі» туралы заң күші бар Жарлығы сот тәуелсіздігін қамтамасыз етуге берік қадам жасады. Республиканың сот корпусы принципті түрде жаңа бастамалар негізінде қалыптастырылды. Сот процедурасы сот шешімін қабылдаумен емес, оны орындаумен бітеді. 1997 жылы «Сот приставтары туралы», кейіннен «Қазақ Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» туралы, 2000 жылы «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялар туралы» заң, Елбасының бастамасымен қабылданған тағы басқа да жарлықтар мен заңдар, әр жылдардағы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдаулары мен судьялардың съездерінде жасаған баяндамалары құқықтық реформаларға негіз болды. Судьяларға арналған сөзінде «Мәселені адамдар өздерінің құқықтарын қорғау үшін шенеуніктерге емес, әкімдерге емес, Үкіметке емес, Президентке емес, сіздерге келетіндей етіп қойыңыздар. Мәселені олар Сіздерге сенетіндей, Сіздерге келетіндей етіп, ал Сіздер барлық проблемаларын әділдікпен шешіп беретіндей етіп қойыңыздар. Тек осылай ғана Сіздер біздің халқымыздың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене аласыздар», – деп оларға үлкен үміт артады.

Бекет Тұрғараев Президенттің әр бастамасын сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейтуге, демократияға ізгі қадам деп қабылдаған және жүзеге асыруға ерен еңбек еткен судья. Дегенмен, оның сүйінішінен гөрі өкініші, мұңы басым ба деймін. Ол елдің басынан өткізіп отырған қиыншылықтар мен зардаптарына деген күйініш.

Судья мамандығына ол кездейсоқ келмепті. «Расын айтсам, әу баста заңгер боламын деп ойлаған емеспін….Бірден Түркістандағы педагогикалық училищеге барып түстім. Оны бітіргеннен кейін де Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп оқысам деп жүрдім. Бірақ адам өндірісте бір-екі жыл жұмыс істегеннен кейін өмірге басқаша қарайды екен. Сол кезде маған өмірдегі барлық нәрсе философия мен заңға, құқық дейтін мәселеге келіп тірелетін сияқты көрінді. Біздің бір атамыз: «Философия адамның денесі де, қалған ғылымдар: физика, химия, математика, тағы басқалары қолы, аяғы тәрізді», – деп айтушы еді. Кейін ойлап қарасам, ол кісінің бізге философияның өмірдегі орны мен мәнін өзінше солай түсіндіргісі келген екен. Сөйтіп, бұрынғы талабымнан айнып, ҚазМУ-дің заң факультетіне түстім».

Бекет Тұрғараев кеңестік соттың да судьясы, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің де судьясы болғандықтан, кітабында екі заманның да сот билігін әрі тәжірибелі судья әрі ғалым ретінде ой елегінен өткізеді. «Өзім, –дейді Бекет Тұрғараев, – сот саласында қырық жылға жуық қызмет етіп, зейнеттік демалысқа шыққан судьямын. Кешегі кеңес өкіметінің тұсын айтпағанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сот пен құқықтық салада жүргізіліп келе жатқан барлық реформалық өзгерістердің тікелей куәгерінің бірімін. Бұл саладағы әрбір іс, әрбір жаңа қадам-қарекет жаныма жақын. Жетістігіне қуанамын. Кемшілігіне қынжыламын».

БИЛЕР СОТЫНЫҢ САБАҚТАРЫ

Ол академик Салық Зиманов айтқан қазақтың мәңгілік құндылықтарына айналған Сөз құдіреті мен Заң құдіретін, осы екі құдіреттің иесі – қазақтың билерін жиі көксейді, билер сотынан үйрену қажеттігіне назар аударады. Мысалы, бүгін әлемде, қазақ қоғамында да, әсіресе Парламентте үлкен пікірталас тудыратын мәселенің бірі – өлім жазасы. Біздің Конституциямыздың 15-бабында «Әркімнің өмір сүруге құқы бар», – деп бекіткен. 1960-1970 жылдары кеңес үкіметінде 22 бап бойынша өлім жазасы қолданылған. 1980-жылдардың аяғынан бастап, өлім жазасын қолдану баптары азая бастаған. Тәуелсіз Қазақстанда мораторий жарияланды.

Көпғасырлық тәжірибе көрсеткендей, өлім жазасы қылмысқа тосқауыл қоя алмайды. Өлім жазасын қолдану қоғамның, әлеуметтік ортаның жағымсыз жағдайларына, тұқым қуатын қылмысқа бейімділіктен де болған адамнан өш алу деген де ойлар бар. Ол жаза қоғамда қатігездік туғызады және қылмыспен тек қорқытып, үрейін ұшыру арқылы күресуге болады деген жалған ой туғызады. Егер сот қатігездігінен айыбы жоқ адам өмірінен айырылса, бұл тіпті де қауіпті. «Жауыздықты жауыздарды өлтірумен жеңуге бола ма? Жоқ, ол тек жауыздардың санын көбейтеді!» – деген екен француз ғалымы Блез Паскаль (1623-1662). Бұл пікірді қолдамайтындар да болған. Ағылшын саясаткері әрі жазушы Джордж Галифакс (1633-1695) «Адамды жылқы ұрлағаны үшін аспайды, басқалар жылқы ұрламасын деп асады», –деген.

Біздің еліміз үшін осы өткір мәселеге заңгер Бекет Тұрғараев та айрықша мән береді. «Жалпы өлім жазасы керек пе?» – деп сұрақты төтесінен қоя отырып, өз ойларын өрбіте келіп, «Ол абақтысы болмаған, зындан қазбаған қазақ даласының» тәжірибесіне жүгінеді. «Қанға қан, жанға жан» деген қазақ кейін өлім жазасын құн төлеумен, не айып салумен алмастырған. «Міне, бұны қылмыстық құқықты ізгілендіру емес дей аласыз ба?» – деп қазақ билері өркениеттің ең биігінде тұрғанын көрсетеді.

Кеңес идеологиясы бізді өмірді ұлттық құндылықтар тұрғысынан емес, таптық идея тұрғысынан бай мен жарлы, би мен қара деп, оларды бір-біріне қарсы қойып, тарихты солай қабылдауға тәрбиеледі. Осыдан келіп билердің тарихтағы тұлғасы жағымды болмады, олардың рухани мұралары ұмытыла бастады. Бүгін дара тұлғалар – Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер айтқан шешендік, нақыл сөздерімен сусындай бастадық. Дегенмен, Бекең өз мұңын жасыра алмайды. «Алайда олармен замандас болған қаншама айтулы билер, оның ар жағындағы ықылымнан келе жатқан билік дәстүрді қалыптастырып, шешендік өнердің негізін салған сұңғыла би-бабалар, олар салған билік пен шешендіктің жолы жайлы мағлұмат жоқтың қасы», – деп өкінеді.

Ол рас. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне «Алқабилер соты туралы» заң жобасы келген тұста басқа ұлт өкілдерін айтпағанда, Конституцияның 75-бабында «Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады» дегеніне қарамастан, біздің кейбір қазақ депутаттарымыз билер деген сөздің өзіне үрке қарады. Біраз деректер келтіріп, әріптестерімізді икемдей бастадық. Оларды айыптауға да болмас, себебі қазақ соты ескіліктің қалдығы, билер қанаушы тап өкілдері деп білім алғандар ғой. Дегенмен қазақтың дәстүрлі соты мен билер мәртебесін әлі де толық бағалай алмай жүрміз. Конституциямыздың қазақ тіліндегі мәтінінде алқабилер соты десе, орыс тілінде «Уголовное судопроизводство осуществляется с участием присяжных заседателей» деп аударыпты. Алқабилер соты мен «присяжный заседательдердің» соты (Әлихан Бөкейханов ант берген судьялар дейді) – екі дәстүрлі мәдениеттің екі түрлі көрінісі, үлгісі.

Кеңес үкіметінің билерге деген салқындығы, соттың ұлттық табиғатынан алшақтауы, орысша ойлап, орысша сөйлеп, қазақтың шешендік өнерін менсінбеу билердің мұрасына ғана салқынын тигізіп қана қоймастан, қазақ тілін де сот жүйесінен шеттетіп отыр.

Судья Бекет Тұрғараевтың бір үлкен күйініші – қазақ тілінің сот билігіндегі жетімдігі. Бұл жағдай кеңес заманынан жалғасып келеді, сондықтан, сотқа түсетін бірен-саран арыз-шағымдар ғана мемлекеттік тілде. Ол жиі кездесетін мынадай мысал келтіреді. Ауылдық жерде тұратын қарт адам елге келген оралман адвокаттан арыз жазып беруді өтінеді, ал ол мемлекеттік тілден мақұрым, арызды орыс тілінде жазып береді. Белгіленген талап бойынша арыз-шағым қай тілде берілсе, сот ісі сол тілде жүретіні белгілі. Соған сәйкес сот процесі шағымданушы білмейтін орыс тілінде жүреді, ал оған түсініксіз, енді сотты кінәлайды. Даудың басы адвокаттың қазақ тілін білмейтін де, білетін де адвокаттардың жоқтығында. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді меңгерген тергеушілер де аз. Осыдан сотқа, құқық қорғау органдарына баруға бір тілді қазақ бетінен басады, барса лажсыздан барады, әділдікке сенімсіздік туады. «Міне, біз адам құқын қалай қорғап жүрміз!» – деп күйзеледі судья.

КЕҢЕС СОТЫНАН ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ СОТЫНА БЕТБҰРЫС

Бекет Тұрғараев «Заңгер көзқарасы» еңбегінде тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы заңдылық пен қылмыстылықтың себептерін саралайды. Бұл салада социалистік заманнан қалған кеселдер аз болмады. Кеңес заманында қылмыстықпен күресте барлық амал-әрекеттер тиімді деп есептеді. Мойындату үшін зорлық пен азаптауды да ақтады. «Кінәсіз адамды түрмеге салмайды» деген пікір адамдар санасында терең ұялаған. «Қылмыстылықты бақылау» немесе «адам құқын» қорғау оны шектейтін қатал шаралар арқылы шешілді. Билік қылмыспен, тек жазамен ғана күресуге болады деп сеніп келді. «Бір адамды ақтағанша, он адамды соттаған дұрыс» деген қағида көбіне көп басшылыққа алынды. Осы ақиқат әділеттіліктің негізгі мақсатына айналды.

Социалистік шаруашылық жүргізу принципінде қалыптасқан өктемдік, қатып қалған жоспарлық жүйенің нарықтық жағдайға бейімделе алмауы, жабайы жекешелендіру, құқықтық нигилизм аяққа тұсау болды. Ең бастысы – Конституция мен заңдар арасында қайшылықтар еңсерілмеді, кеңес заманындағы заңдар күшін жойған жоқ, жаңа заңдар өмірге келе алмай жатты. Түсініксіз жағдайлар, былық, басқа елдердің заңдарына құр еліктеу орын алды. Көрші Ресейде мемлекет биліктен айырыла бастап, олигархқа тәуелді болып қалса, олигархтар қылмыстық «авторитеттерге» тәуелді болды. Қазақстанда бопсалаушылар («рекетирлер») шықты. Қылмыстың жаңа түрлері пайда болды, бірақ кодекстер өзгермеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бекітілген. Бірақ адамдар, кешегі кеңес мектебінен өткен судья, педагог, тағы басқалардың санасы бүгіннен ертеңге өзгере салмайды, мәселе адамдық парасатқа тіреледі.

Тегі орыс американдық көрнекті ойшыл-социолог П.Сорокин 1920- жылдардың басында В.И.Ленинмен айтысқа түсіп, әрбір қоғамның тағдыры оны адамдарының қадір-қасиетіне байланысты деген. «Дарынсыз, надан адамдардан тұратын қоғам ешуақытта табысқа жетпейді. Оларға тамаша заң, Конституция дайындап берсеңіз де ойдағыдай қоғам құра алмайды. Сондықтан надан Ресей социализмге дайын емес» деді. Түбі ондай қоғамды күшпен, зорлықпен құрарсыз деп В.Ленинге қуғын-сүргін болатынын ескертеді. Кейін «философский пароходпен» Түркия арқылы АҚШ-қа өтіп, жемісті еңбек етіп, атағы төрткүл әлемге белгілі ғалым болады.

Посткеңестік елдер азаматтары надан болған емес, бірақ саяси мәдениеті төмен болды, әлі де төмен. Осыдан келіп Бекет Тұрғараев өзінің тәжірибелік жұмысында да, ғылыми-публицистикалық мақалаларында да сот тәуелсіздігіне, азаматтардың саяси мәдениетіне аса зор мән берген.

Ол жазғандай, сырт көзге соттар жұмыс жасап жатқандай көрінгенмен, сот жүйесі өзімен өзі, өмір өзімен өзі жүріп жатады. Шешімдер мен үкімдер сотта емес, кейде сыртқы ықпалдың күшімен қабылданады, сотқа бекіту ғана қалады. Сот әділеттіліктен әкімшілік қызметке ауыса бюрократияланып барады. Ф.Достоевскийдің романын еске алсақ, кейде қылмыс бар да жаза жоқ, кейде тіпті жаза бар да қылмыс жоқ. Судья соттың әділ тәуелсіз қазысы емес, ол заңды емес, жоғарыдан келген бұйрықты орындаушы, орындамаса лауазымынан айырылады. Судьяны қорғайтын механизм де жоқ. Осылай өтпелі кезеңнің сот билігін ішінен білетін судья көп мәселені ашық та терең талдаған.

Сонымен қатар автор тек Қазақстан ғана емес, жалпы посткеңестік елдерге қалыптасқан саяси-психологиялық стереотиптерге назар аударады: «Халықтың сот саласына сенімінің төмен болуының тағы бір себебі көпшілік әлі де оған тек жазалаушы орын деп қарайды. Өйткені, бізде ақтаудан гөрі соттау басым», – дейді ол. «Қоғамда бүгін де сот, басқа да құқық қорғау органдарына ғана қылмыстылықпен күресу міндеті жүктелген деген қате пікір тараған. Құқық қорғау органдары қылмыстылықтың әлеуметтік себептеріне, оның материалдық және рухани алғышарттарына ықпал ете алмайды. Қылмыстылықпен күресу тұтастай қоғамның парызы, оның жай-күйі, көбеюі немесе азаюы құқық қорғау органдарына ғана байланысты емес», деген автордың пікірі бүгін терроризммен күресте де тиімді ізденістерге жетелейді.

Соттар төңірегінде қоғамдық пікірде жағымды психологиялық ахуал қалыптаспаған. «Құдай күніңді сотқа қаратпасын!», «Сотқа ісін түспесін!» деген ел арасында жиі айтылатын сөздер тілек пе, тіпті қарғыс па, әйтеуір, тегін емес. Біздің азаматтар бұрын сот мәжілістерінде болмаған, болса да сирек көруші ретінде болған, сондықтан да мәліметі тайыз, негізінен кинолардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан, теледидардан. Сотта іс қарауында куәгер, жауапкер ретінде амалсыздан, мәжбүрліктен барғандар да бар. Соңғы жылдар да сот қызметіне кәсіпкерлер қызыға бастағаны белгілі, олар көбіне көп өз әріптестерінен сот ісі туралы мәлімет алып отырған. Өз құқын қорғау үшін біздің азаматтар туысқандарына, достарына, атқарушы билікке, тіпті партия өкілдеріне шағымданады. Сотқа шағымдану, адвокат жалдауға дағдыланбаған, енді-енді әдеттеніп келеді.

Қысым көрсету, жөнсіз күштеу, озбырлық, өктемдік адам табиғатына тән деген ой бар. Неміс ақыны Генрих Гейне (1791-1856) айтқан екен: «Біз өзімізден күшті, ерекше артықшылығы барлар мен бізді кемсіткендерді жек көреміз. Бірақ өзімізден төменгілерді қатар тең көру ойымызға да келмейді, тіпті олар теңдікке ұмтылса, ашуланып бастарынан ұрамыз», – деп айтқан екен. Осыдан келіп мемлекетті басқарудың конституциялық принципі біртұтас билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу енгізілді. Ол демократиялық қалыптасуының рухани сауықтыруының басты жолы – тәуелсіз сот деп біледі.

Бірақ сот тәуелсіздігін қалай түсінеміз? Конституцияда «Судья сот төрелігін асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға бағынады» делінген. Екінші жағынан соттар қоғамнан қол үзе алмайды, жан-жақты байланыста.

Сондықтан, Бекет Тұрғараевты, басқа да заңгерлерді ойландыратын мәселелер баршылық. Сот билігінің тәуелсіздігі — ол басқа мемлекеттік және қоғамдық органдардан тәуелсіздік пе, соттың басқа хұқық органдармен қарым-қатынасы ма, сот процесі жүргізуде судьяның тәуелсіздігі ме, бұлардың бәрін былай қойып, заң шығару және атқарушы органдардан тәуелсізді ме?

Сот тәуелсіздігін қамтамасыз ететін кепілдіктер мен судьяға қоятын талаптар өз алдына бір бөлек мәселе. Сот билігінің дербес мәртебесі болса, сол дербестікті жүзеге асыратын ресурстары, мүмкіндіктері де болуы қажет. Сол күнде ғана сот сапалы қызмет жасайтын, басқа органдармен жүйелі қарым-қатынаста болатын тәуелсіз орган болады. Соттар саясаттанудан аулақ тәуелсіз судьяларды іріктеуге, оларды басқа жерге ауыстыруға да мүдделі. Бір сөзбен айтқанда, шынайы сот билігі болу үшін атқарушы билік те өз «тәбетін» шектеп, билеп төстемей, тәуелсіз сотқа жүгінуді мойындауға және мойындатуға тиісті. Себебі, сот билігі мемлекет қызметінің бір жай саласы ғана емес, әділ сот елдегі тұрақтылықтың, келісімнің негізі. Наполеон айтқандай, судьялардың қоғамдық келісім үшін игілік істері соншалықты құнды, оларға қандай да награда көптік етпейді», – деп айтқан. 1997 жылы «Сот билігі тәуелсіз бе?» деген мақаласында прокуратураның қадағалау қызметі алғашқы жылдары әділдіктен гөрі ведомствалық мүдделікке қарай ойысатын, енді әділеттілікті заңның дұрыс қолдануын қорғайтын, қадағалайтын, органға айналады деп сенсе, сот органдарының Әділет министрлігіне тәуелді екенін айта келіп: «Заңда сот тәуелсіз делінеді, ал іс жүзінде… ол қалай тәуелсіз бола алады?» – деп қынжылады. Осылай заңгер Бекет Тұрғараевтың «Бір кем дүние» дегендей, бір қуанып, бір мұңайып, әділдікті көздеп қынжылатын тұстары көп.

«Заң түзелді, судья, сен де түзел!», «Тура биде туған жоқ», «Судья – сот жүйесіндегі басты тұлға», тағы басқа да материалдар судьяның әлеуметтік абыройы, беделі, кәсібилігі, талап билігінде болуы жөнінде ой-толғаулар. Жазушы, тарихшы Н.Карамзин (1766-1826) «Мемлекетте заңдар жазылады ма деп сұрамаңдар….бірақ судьяларың қалай деп сұраңдар», – депті. Заңгер Бекет Тұрғараевтың өз айтары бар. «Сырт көзге, – деп жазады ол, – судьяның міндеті адамның кінәсін заңмен салыстырып, оның жазасын анықтаудан ғана тұратын сияқты. Алайда ақиқат мүлде басқаша. Сотталушы кінәлі ме, әлде жоқ па? – міне, осы сұрақтың жауабын табу ең қиыны. Сот төрелігінің мынадай қағидасы бар: «Әділетсіз соттау – кешірімсіз, кінәсізді соттау – қылмыс». Сот төрелігінің тағы бір принципі: «Айғағы жоқтың кінәсі жоқ».

Судьялар – бүгін ең көп жалақы алатын мемлекеттік қызметшілер. Бұл орасан зор жауапкершілік дейді Бекең. Екінші жағынан олар сыбайлас жемқорлықтан арыла алмады. Ол тағы да: «Дертті қоғамнан дені сау сот құру мүмкін емес» деп күйінеді. Дұрыс, ағаштың тамыры шірісе, барлық бұтақтары да солады ғой. Тіпті, материалдық жағдайлары жақсарып, зейнетақылары жоғары болған сайын жылы орынды сақтау үшін судьялар «жоғарыдағыларға» тәуелді, тіл алғыш бола берулері де мүмкін деген күдік бәрімізде де бар. Президент те судьялардың VІІ съезінде сөйлеген сөзінде «Сот төрелігін жүзеге асыруға кез келген лауазымды тұлғаның араласуын болдырмау қағидатты түрде маңызды», – деуі тегін емес.

Әрине, заңгер Бекет Тұрғараев сот ісінің адалдыққа, кәсібилікке, әділдікке жету жолдарын саралайды. Бір жағынан біраз нәрселер жасалды, көп жұмыстар атқарылып жатыр. Екінші жағынан қоғамның сот жүйесіне беретін бағасы жоғары емес. Елбасы тек 2016 жылы ғана 32 судья тәртіптік жазаға тартылса, тағы екеуі келеңсіз себептерге байланысты лауазымнан босатылғаны жайлы айтты. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, судьялар корпусын қалыптастыру, тағым басқа да мәселелер судьялардың алдында тұрған жоғары мақсаттар мен міндеттер екенін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев баса айтты.

Тек Оңтүстік пен Солтүстік аймақтары ғана емес, есімі елге танымал, талай адамдардың тағдырына байланысты әділ шешім мен келісім айтқан судья Бекет Тұрғараев – қарапайым азамат, өзі туралы сөзге сараң. Ал оның заңдылық пен демократия туралы пікірлері өз алдына маңызды.

Амангелді АЙТАЛЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің профессоры,

философия ғылымының докторы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *