ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫН АРАЛАП ШЫҚТЫ

Қоғам
557 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы құрылыс алаңдарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмысбарысын бақылады. Салынып жатқан демалыс орындарының мән-жайымен танысып,жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді. Облыс басшысы «Түркі бағы» менЯссауи көшесі бойынан салынып жатқан желілік саябақтың құрылысымен танысты.Бүгінгі таңда жерді тегістеу жұмыстарының 30 пайызы аяқталып, су сақтауқоймасын (резервуар) орнатуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңір басшысы «Керуен сарай» тұрғын үйлер кешенінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің іргетасы қаланып, құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауқымды жоба алдағы қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Өмірзақ Естайұлы ғылыми-әмбебап кітапханасында болды. Нысанның сыртқы және ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау және құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Кітапхана алдағы ақпан айында ел игілігіне берілмек.

Мұнан соң өңір басшысы Халықаралық туризм және меймандостық университетін аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, Түркістандағы көмекші мектеп-интернаты жатақхананың құрылыс алаңын аралап көрді. Жатақхананың құрылысы аяқталған. Ғимарат инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілген.

Аймақ басшысы рухани-мәдени орталықтағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын абаттандыру 4 кезеңмен жүзеге асуда. Жоспарланған істің жартысынан астамы аяқталған. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағындағы 9 гектар аумақ абаттандырылуда. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүріп жатыр. Көпжылдық көшеттер егіліп, инженерлік желілер тартылған, аяқжолдар төселген.

«Тұңғыш Президент саябағының» аумағындағы құрылыс та облыс әкімінің басты бақылауында. 38 гектар аумақ тұтастай жасыл желекке оранады. Көгалдандырылып, жасанды көлдің тіреу қабырғаларының бетон жұмыстары аяқталып, габионмен қапталған. Бас қақпасы орнатылып, мәрмәр таспен қапталуда.

ТҮРКІСТАН: ОТТЕГІ НҮКТЕЛЕРІНІҢ САНЫ 10 ЕСЕ АРТТЫ

Түркістан облысындағы эпид жағдай қалыпты, өңір «жасыл» аймақта.

Түркістан облысында оттегі нүктелерінің саны 10 есе көбейген. Өңірдегі өкпені жасанды желдету қондырғыларының саны 50 пайызға дейін өсті. Оттегі станциясының саны үш есеге артты. Сонымен қатар, жаңадан 80 оттегі құралы (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 95 пайызға өсті. Оттегі нүктелерінің саны 10 есеге өсіп, 205-тен 2095-ке дейін көбейді. Түркістан облысында короновирус жұқтырған 114 науқас ем қабылдап жатыр. Пандемия басталғалы 3837 короновирус инфекциясы тіркелді, оның 2393-і симптомсыз, 1642-сі стационарлық ем қабылдады. Жалпы Түркістан облысындағы эпид жағдай қалыпты, өңір «жасыл» аймақта.

Қазіргі таңда елімізде короновирус жұқтырғандардың арасында клиникалық белгілері жоқ науқастар саны артқан. Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының инфекционист дәрігері Зарипа Амангелдіқызы коронавирус белгілері жоқ, алайда диагнозы расталған тұрғындарға жедел жәрдем шақырмай, call-орталыққа хабарласуды ұсынды.

«COVID-19»-ды жұқтырған уақыттан бастап, клиникалық белгілердің пайда болуы арасындағы кезеңнің ұзақтығы 5-6 күн, бірақ 1 күннен 14 күнге дейінгі аралықта болуы ықтимал. Талдау нәтижесі оң болып, аурудың ешқандай белгісі байқалмаса, үйден шықпай-ақ тіркелген жер бойынша емханаға қоңырау шалу қажет. Нәтижесі оң болған жағдайда және аурудың ешқандай белгісі болмаса, тіркелген жері бойынша емханаға үйден шықпай-ақ қоңырау шалуы қажет. Сонымен қатар, 103 нөміріне Сall-орталыққа жүгінуге болады. Науқасты ауруханаға жатқызу емхана деңгейінде шешіледі», – деді инфекционист дәрігер.

Оның айтуынша, науқас амбулаториялық жағдайда бақылауға алынса, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бригадасы күн сайын екі рет телефон арқылы хабарласып, жай-күйін біліп, дене қызуын бақылап, сырқат бойынша шағымын анықтайды. Қажет болған жағдайда үш күнде бір рет видео консультация жүргізіледі. Аурудың белгілері жоқ науқастарды бақылау өзін-өзі оқшаулаудың 10-күнінде ПТР тексерісінен кейін немесе ПТР тексеруінсіз 14-күні аяқталады. Түркістан облысында тұрақты негізде облыста коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдеуге жатқызу үшін мыңға жуық инфекциялық және карантиндік төсек ұйымдастырылды. Мемлекеттік ПЦР зертханаларының саны 3 есеге көбейтілді. Пандемия басталғаннан бері 400 мыңға жуық адам ПТР зертханаларында тексерілді. Аймақта орта есеппен күніне 3000 сынақ жүргізіледі.

ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДИҚАНДАР ҚЫРЫҚҚАБАТ ЕГУДІ БАСТАДЫ

Түркістан облысы Жетісай ауданының диқандары егістік алқаптарындағы жұмыстарын бастап кетті. Егін егуді ерте бастаған Атамекен, Ералиев ауыл округтерінің диқандары қазірдің өзінде жалпы 12 гектар жерге қырыққабат отырғызып үлгерген.

«Ұлман ата» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Қорғанбаев қырыққабат көшетін егуді желтоқсан айында бастап кеткен.

«Біздің аудан ерте көктем шығатын аймаққа жатады. Жылда ауа райының осындай қолайлылығын тиімді пайдаланып, егістік жұмыстарын ерте бастауға қамданамыз. Қазіргі таңда 2 гектар аумаққа қырыққабат отырғыздық. Өткен жылы осы жерден 70 тонна өнім алғанбыз, биыл 100 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді қожалық иесі.

Ал, Ералиев ауылдық округінің диқаны Нұрбол Әметов қырыққабатты тамшылатып суғару технологиясымен егуді биыл да қолға алып отыр. Ол бұл әдіс өнім көлемін 2 есеге арттыратынын айтады. Диқандар негізінен қырыққабаттың 65 күнде пісетін «Заказ» және «Валикор» сорттарын егіп жатыр.

Айта кетейік, жалпы ауданда биыл 78 500 гектар аумаққа егіс егіледі деп жоспарланып отыр. Соның 1000 гектары ерте пісетін қырыққабатқа арналған. Өткен жылы 1007 гектарға қырыққабат егіліп, одан 36 мың тонна өнім жиналған.

ЖЕТІ ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН САЛЫНУДА

Медициналық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Түркістан облысында 78,5 млрд. теңгеге 7 жаңа нысан салынып жатыр. Өңірдегі 8 емдеу нысандары күрделі жөндеуден өтуде. Оның 6-ы пайдалануға берілді. Бұл жайлы денсаулық сақтау саласының кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың қатысуымен өткен алқа отырысында Қоғамдық денсаулық басқармасы 2020 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, перспективалары талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Басқарманың қызметіне оң баға беріп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

«Статистикалық деректерге сүйенсек, халық санының өсуі бірінші кезекте туу көрсеткішіне және ана мен бала денсаулығына тікелей тәуелді. Облыста ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзету бағытында біршама істер атқарылды. Бүгінде Түркістан облысы ана өлімі бойынша республикада 16.3 көрсеткішімен ең соңғы орында. Сәби өлімі бойынша еліміздегі көрсеткіш 7.1. Бұл дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, облыс бойынша негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өткен жөн. Осылайша, соңғы жылдары өңірде өмір сүру ұзақтығы артып, жалпы өлім-жітім, туберкулез 26.5 пайыз төмендеген. Қатерлі ісік аурулары, қан айналымы жүйесі аурулары да едәуір азайды», – деді өз алқа отырысында сөз алған Қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов.

Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тұрақты негізде облыста коронавирустық инфекциясы бар науқастарды (COVID-19) емдеуге жатқызу үшін мыңға жуық инфекциялық және карантиндік төсек ұйымдастырылған. Мемлекеттік ПТР зертханаларының саны үш есеге көбейтілді.

Сонымен қатар, жылжымалы медициналық кешеннің 12 жиынтығы сатып алынды, нәтижесінде өңірлерді жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрады. Жедел жәрдем қызметі 77 көлікпен толықты. Осылайша жедел жәрдем паркі 96 пайызға жаңарды.

Жиын қатысушыларына жақын болашақта жүзеге асырылуы тиіс жоспарлар мен міндеттер айқындалды. Бұл – пандемияның екінші толқынына дәрілік заттарға қолжетімділік, төсек орын мәселелерін толық шешу.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА СПОРТТЫҚ НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРЕДІ

Төлеби ауданында Көксәйек және Мәдени елді мекенінен спорт кешендері бой көтеретін болады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарының оң қорытындысы алынып, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ұсынылған. Сонымен қатар, Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенін және футбол алаңшасын салу үшін 2,50 га. жер телімін бөлу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Момынай және Киелітас елді мекендерінен ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысын салу үшін демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Айта кетерлігі, жыл сайынғы «Үздік елді мекен», «Үздік көше» және «Үздік аула» номинациясы бойынша жүлделі орын иеленген Киелітас, Қоғалы, Зертас және Тасарық ауылдық округтеріне балалар ойын алаңшасын орнатуға 30 млн. теңге қаржы қаралған. Аталған ауылдық округтерде балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылатын болады.

ТҮРКІСТАНДА 1510 ЖЕР ҚАУЛЫСЫ ШЫҚТЫ

2020 жылы Түркістан қаласында 1510 жер қаулысы шыққан.

Өткен 2020 жылы Түркістан қаласында жалпы саны 1510 Қаулы шығып, иелеріне берілген. Қараша айының ортасында қала әкімі Рашид Аюпов жер Қаулысын шығару процедурасын оңтайландырып, 11 адамнан орындаушыны қосқанда 4 адамға қысқартуды тапсырған болатын. Тапсырма дер кезінде орындалып, әр аптаның дүйсенбісінде Рашид Абатұлының төрағалығымен, жауапты азаматтардың қатысуымен әкімдік мәжілісі өтіп келеді. Қаулының қараша-желтоқсан айлары аралығында, яғни оңтайландырылған жүйеден соң шыққаны 405-ті құрайды. Нәтижесінде, жер учаскесіне жеке меншік құқығы, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы, нысаналы мақсатын өзгерту және бас тарту бойынша дауыс беру арқылы Қаулылар бірауыздан қабылданып, Түркістан қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсесі» тарапынан иелеріне тапсырылды.

1500 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛДІ

Түркістан облысында 828 нысан жөндеуден өтті. Түркістан облысында 2020 жылдың қорытындысымен 828 нысан, оның ішінде 1525,4 шақырым жол мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жылдық жоспар бойынша қалған 40 нысан, 449,4 шақырым жол келесі жылдарға өтпелі. Ал 2021 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 155 нысан қамтылып, 608,7 шақырым жол мен елді мекен көшелері жөнделетін болады.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 2020 жылдың қорытындысымен 79 пайызға қол жеткізілді. 2021 жылдың жоспары ретінде 81,4 пайызға жеткізу межеленген. Аталған индикатор көрсеткішін 2025 жылға дейін 89,8 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Облыс орталығы Түркістан қаласы бойынша көшелердің жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Асфальт жабындысы бар көшелер – 300,8 шақырымды (35,6%), тас және топырақ жабынды көшелер – 544,2 шақырымды (64,4%) құрап отыр. 2020 жылы 166,4 шақырым көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.

Жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы көшелердің үлесі 23,7 пайыздан 35,6 пайызға артқан. 2021 жылы Түркістан қаласының автомобиль жолдары саласын дамытуға 3,4 млрд.теңге қаралып, 40,4 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп жоспарлануда.

294 ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде ерекше мұқтаждығы бар қала тұрғындарына оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетілуде.⠀

Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтің: «инватакси» қызметі, жүріп тұруы қиын азаматтарға жеке көмекші тағайындау, азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету үшін міндетті гигиеналық құралдармен жабдықтау сынды көмек түрлері ұсынылған. Сауықтыру орындарында 787 ерекше қажеттілігі бар азамат санаторий-курорттық еммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 135 ерекше қажеттілігі бар адамды жұмыс орынына орналастыру жоспары жасалып, нәтижесінде 294 азамат жұмысқа орналасқан.⠀

Онымен қоса, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылуда.

Жалпы, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 25 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасауда. Олардың үйде әлеуметтік көмек көрсету секторындағы 6 қызметкері жеке басты қарттарды күтушілер, 17-і ерекше қажеттілігі бар балаларды күтушілер. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 1 үкіметтік емес ұйым ( 62 ерекше қажеттілігі бар балаға) күндізгі бөлімшеге арнаулы әлеуметтік қызметтер алу үшін жолдама берілді. Қазіргі уақытта әлеуметтік көмектің жұмысы арттырылып, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шексіз жандарға жаңа мүмкіндіктер қарастырылмақ.

Бетті дайындаған

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *