ЕЛЕС (Әңгіме)

Әдебиет
1 256 Views

Курстас досым Миятхан өзі қыз-қырқынға өтімді, реңді, шашы да бұйра-бұйра, өзіне жарасып тұратын қияқ сұлу мұрты бар бойшаң жігіт.

Анда-санда маған:

– Сен тым момынсың. Өмірің, жастығың тез зыр етіп өте шығады.

Әйдә, жас кезіңде қыз-келіншектермен дәурендетіп ойнап-күліп қал. Немене үйіңнен аттап шықпайсың, – деп ақыл айтатын. Ылғи қасында бір қыз, не сылқым келіншек еріп жүретін.

Ауыл жаққа той-томалаққа ертіп апарғанда да біреуін алып түседі. Үйінде бір ұлы мен екі қызы, жазығы орысша сөйлейді демесең, әп-әдемі келіншегі бола тұра қыз көрсе жұтынып, жұлқынып кетеді. Өзі әйелінен жасырып жүрген сұлуларымен әрі кетсе алты ай, әйтпесе екі-үш ай қыдырыстайды да тастап кете береді. Оған басы ауырып, қайғырмайды. Жаңа қыз тапса дос-жарандарына көрсетіп, мақтанғысы кеп жүргені.

Өзі тәп-тәуір жерде қызметте, тәп-тәуір айлық алады. Бірақ сол тапқан-таянғанын қыз-қырқынға жарата сап, жұмсап тастайтынын қайтерсіз?

Біз кездескеннен:

– Кеңес өкіметі құлағаннан еркіндік тиді ғой. Мына Алматының батыс жағы, – қыз-қырқынға кеңінен толып кетті. Қасқайып шетінен шертіп жүріп таңда да, ертіп кете бер. Бірге барып көрсеңші бір рет,– деді мені бүйірімнен түртіп, әдемі күлкісіне салып. Ол күлгенде мұрты бірге жыбырлап тұрады.

– Ой, құрысын, керегі жоқ.

– Ана Саин көшесінде сап түзеп сан түрлі сұлулар тізіліп тұр. Тіпті малолеткалар да көп, – деп таңдайын қақты. Жұмыстың соңына таман ол телефон шалды:

– Нариман ұйғыр кафесіне келе қалшы. Бір періштемді көрсетейін, – деп Миятхан кеңк-кеңк мәз болып күлді.

Бір көше төмен ұйғыр кафесінде анда-санда кездесіп, шай-пай ішіп, өткен-кеткенді әңгімелейтінбіз. Кофенің дәмі тіл үйіреді. Жаздық алаңындағы үстелде Миятхан бір қызбен отыр. Бірден сөз тізгінін өзі алды.

– Мынау Нариман деген досым, екеуміз университетте бес жыл бірге оқыдық. Бұл жігіт тек беске бітірген оқу озаты, – деп мені мақтай жөнелді.

– Мына қыз Жамал деген періште. Қарашы, қандай перизат, ғажап, сұлу. Сен екеуміз суретшіміз ғой, мынандай сұлулықты көрдің бе? Қазақ қызы осындай болсын. Жамалдың портретін салуға кірістім, – деп қызға сұқтана қарады.

Жамал өңді, бірақ бетіне, қас-көзіне опа-далапты көп жағатын және үстіне арзан иіссуды аямай себетіні сезіліп тұр. Мынандай шыжыған аптапта бұлай боянуы тым артық сияқты.

Апта өтпей Миятхан тағы шақырды. Бұл жолы атақты «Есік» мейрамханасына орын-жай ұйымдастырыпты. Бұл жер удай қымбат. Көрінгеннің қолы жете бермейді, ол кезде Алматыда мейрамханалар жоқтың қасы.

Қоңыр салқын бұрыштағы үстелде үшеуміз түскі ас іштік. Миятхан

әлгі ернін қып-қызылға бояп алған Жамалдың асты-үстіне түсіп әлек.

– Нариман шыныңды айтшы, Жамалдың сұлулығына жан жетпейді, ә?

Жамалдың тұтас бейнесін салмақшымын. Талай-талай натурщицаларды көрдім ғой, мына періштемнің дене-бітімінің бәрі қандай ғажап сурет, галерея, ән салып тұрған симфония, мөлдіреген поэзия, бүкіл қазақ қыздарының бітім-болмысының символы!.. Қарашы, мүсінінде бір мін жоқ, мойнында, омырауында және кіндік тұсында әдемі түйме қалы қандай ғажап!

Міне, суретшісің ғой, қарашы… Көзі, тұнғиық жанары, әдемі кішкентай қауырсындай құлағы, дір-дір еткен әнтек бүрілген ерні… Міне, мұндай сұлулық қалай ғанабір жанның бойына біткен десеңші! Хор қызы ғой, періште ғой! – деп тамсанып, қызыл ерін қызға үзіліп, үздігіп қарап қойып, таңғалып сымбат көркін айта жөнелді.

Миятханның сөзінен кейін Жамалға зер салып, бажайлап қарасам: ешқандай асып-тасып жатқан әдемілігі жоқ, сыры кете бастаған сурет секілді. Қайта-қайта ішкен қымбат коньяктан кейін Миятхан екеуінің де беттері қызарып, жанарлары от шаша бастаған жалындай шырайланды.

Жігіт мақтап, мадақтап суреттеген сайын қыз керіліп, тіпті міне, көріңдер дегендей шалқайып сылқ-сылқ күліп, мәз. Миятханға көзін төңкере қарап:

– Миятхан да нағыз жігіттің төресі. Мынандай бұйра шаш ешкімде жоқ! – деп еркелей наздана шашынан сипап қойғанда Миятхан алты қат олжаға кезіккендей езуі жиылмай ыржалақтай берді.

– Ішпейсің, ә? Өмірі арақ ішпейді, әйелінен басқаға бармайды, қалай тұншығып кетпейсің,ә?

– Әкем арақ ішетін, содан іштей өзіме-өзім ешуақытта арақты аузыма алмаймын деп серт бергенмін.

– Нешеуа – деді досым мұрты жыбырлап. – Нешеуа біздің де әкелеріміз өкіртіп ішкен…

– Папам көп ішеді, – деді қуыршақтай боп отырған қып-қызыл ерін қыз үн қатып. Көзіндегі жас сол сәтте мөлт-мөлт ете қапты.

Екеуі бір бөтелке армян коньягін ішіп тауысып, суретші досым әңгімесін сұлулыққа әкеп тірей берді.

– Бар сұлулық әйел денесінде. Әйел затын көрікті, мүсінді етіп әдейі жаратқан. Ал, сол тұлғасына мінез-құлқы сай қыз өте аз. Міне, өмір бойы армандап жүрген кейіпкер періштені таптым. Осы қыздың суретін салып біткенде бүкіл адамзат тамсанып аузын ашып қалады… Жамалдың бейнесін сала бастадым. Бұл қыз шешініп, натурщицаның орнына барып тұрғанда сұлулығына сұқтанып, басың айналып, бес-он минут ес-түссіз қарап қаласың. Ол мүсін емес, әппақ көркем періштенің елесі.

– Ой, қойыңызшы ағай… – деп Жамал ақырын күбір етті.

– Жаным ғой, бұл қыз. Іздедім, таптым. Шедевр картина болады, – деп Миятхан қыздың бетінен шөп еткізіп сүйіп алды.

– Қайтайын, – деп жинала бастадым.

– Рахатстан, ғажайыпстан деген осы болар, – деп досым сұқтанып, қызға мейірлене қарап өліп-өшіп барады. – Отыра тұрмадың ба? Мейлі. Бара ғой. Даяшы тағы екі жүз грамм армян коньягін әкелші!

Ақырын тұрып, басымды изеп қоштасып, шығып кеттім. Олар бір-біріне қарап қолдарын айқастыра ұстасып, көзбен аймаласып, дуылдай қызарған күйі отырған орындарында қала берді.

Көп ұзамай Павлодар облысына жаңа қызметке ауысып, көшіп кеттім. Арада жыл өтті, демалысымды алып, Алматыма сағынып құстай ұшып жеттім-ау.

Шілде айындағы Алматының көркі қандай ғажайып десеңізші. Қол созымда сәукелелері күнге шағылысқан абыз Алатау асқақтайды. Анда-санда таулардан соғатын қоңыр салқын самал кеуде сарайыңды кернеп, көңіл-күйіңді көтеріп, пыраққа мінгендей әсерлендіріп жіберетіні-ай! Кездескен жанға танымаса да бас изеп, сәлемдесіп, күлімдеп жүретін Алматының ажарлы, инабатты адамдары қандай!

Екі-үш күн балаларымды анда-мұнда ертіп апарып, ойнатып жүргенде Миятхан досыма қайта-қайта телефон соқсам көтермейді.

Бір жұмадан кейін ғана Миятхан досым табылды-ау.

– Әлло, – үні түс болып қалса да ұйқылы-ояу досым – Әллө, бұл кім?

– Ой, бұл мен Нариман…

– Імм… Қайдасың, Павлодардасың ба?

– Жоқ, осындамын. Қазір саған барайын деп едім, – десем, тұтқаны тастай салды. Оның шеберханасы қаланың орталығындағы тоғыз қабат үйдің бесінші қабатында, қиналмай таптым.

Темір есігін тықылдатып көп тосып қалдым, қоңырауы істемейді.

Есікті мәйкішең Миятхан ашты. Шеберхана терезелерін тұмшалап жауып тастапты, қап-қара қараңғы.

– Оу, досым, қалың қалай, әрең таптым ғой, – деп қаусара құшақтағанымда одан арақ иісі мүңк ете қалды. Электр жарығын жағып жіберіп едім, бөлме іші ыбырсыған қоқыс, шашылған киім-кешек, шеттегі үстел үсті тола бос шишалар, жиналмаған ыдыс-аяқ…

– Түске шейін ұйықтап жатқаның қалай? – деп абажадай үлкен терезенің қақпағын аштым. Бұрыштағы төсектен әлдебір әйелдің ыңырсып:

– Митя, – ол кім? Пиво алдыршы, – деген дауысы естілді.

– Қазір, қазір, – деп Миятхан досым қипақтап қалды. – Жүрші, – деп сыртқа алып шықты. Пушкин көшесіндегі аллеядағы сәкіге келіп отырдық.

– Нариман, сен ренжімеші. Көк тиыным болмай тұр. Бас сынып барады. Түсін. Сыра алайын, бірдене бере тұршы, – деді.

Миятханның түрі суға салған ешкінің терісіндей жидіген бет-аузы сиырдың солған желініндей быт-шыт, көз алды көгеріп, салым-салымы шыққан. Екі иығы қушиған, дауысы жарқышақтанған, жанары өшкен, адамға тура қарай алмайтын жасқаншақ мүсәпір пішін. Үсті-басы кір-кір, шашы ұйпа-тұйпа, баяғы досымды танымай қалдым.Қарсы алдымда күні бітіп бара жатқан маскүнем бейшара, бөтен біреу тұрғандай көңілім қатты жүдеді.

– Саған не болған? – дедім сасқанымнан.

– Кейін айтам… Кейін. – Ол біраз ақша ала салып, дүкенге жүгіре басып кете берді…

Бір жыл ішінде жүнжіп, араққа жығылған досымның түр-әлпетінен әбден шошындым.

Ол бір сетка сыраны сыңғырлатып алып жетті. Үйге жүр деп ишарат жасап, алға түсіп емпеңдей жөнелді.

– Жанка, мә, іше ғой, – деп кірген бойда сыра бөтелкесінің тығынын тіспен ашып, бұрыштағы әйелге ұсынды. Төсекте отырған күйі әлгі әйел бөтелкені басына көтере қылқылдата ішіп алды.

Қысылмай-қымтырылмай ішкі тәні көрініп тұрған ішкөйлекшең қалпы қасымызға жайғасты. Сонда ғана оның баяғы қызыл ерін Жамал екенін таныдым.

– Жамал, сәлеметсіз бе?

– Сәлем, сәлем!.. Митя, тағы біреуін берші, – деп әйел екінші бөтелкені әп-сәтте тауысып, үстел үстіндегі сигаретті тұтатып, түтінін ширатып тарта бастады.

Досым да апыл-ғұпыл сыраны сіңгітіп жатыр. Өсіп кеткен мұртына жағылған сыра көбігіне де қарамай аһлай-уһілеп:

– Жанка, қалай, басыңның ауырғаны қайтты ма? – деп жаутаң-жаутаң етеді.

– Кушать хочу, – деді Жамал сол көк түтінді сыздықтатқан күйі үшінші бөтелкені ашып жатып.

– Қазір, қазір, – деп баяғы арқар тұлғалы досым бүгежектеп қалтырап газ плитаны тұтатып, шәугіммен шәй қойды.

Жамалдың баяғы кербез сиқы жоқ, сап-сарыға бояған шашы ұйпа-тұйпа сойған тауықтың жүніндей үрпиіп, арақ пен темекі сасыған денесінен сыра толы бөшкедей жаман иіс шығады. Ашық-шашық ішкөйлегінен болбыраған буылтық-буылтық денесі көзге ұрады. Опа-далапты көп жаққаннан ма, жоқ заһар суды көп ішкеннен бе, бет-аузы мыж-мыж қаптаған құмырсқаның ізіндей әжімдер. Шұбар бет, қайқы төс, түрік ернін шүршитіп, ар-ұяттан құрдым жұрдай қатын бөгде адам барсың-ау деп те қарамады.

Үстел үсті ыбырсыған қоқым. Қатқан нан, кесілген колбаса, ашылған консерві, шеті тістелген тұздалған балық, темекенің тұқылдары. Босаған бөтелкелер бөлменің әр-әр жерінде домалап жатыр.

– Жанка, іш, ішесің бе? – деп бәйек болған досым үстелдің бір шетін қолымен сыпырып, шақырып еді:

– Не хочу… Басым жазылмай тұр, – деп қайта төсегін сықырлатып шіріген бөренедей ары қарап жата кетті. Бөлме іші қапырық, көк түтін, борсыған ащы иіс.

– Жүрші, Жанкаға бірдемелер алып келейікші, – деп Миятхан маған мөлие қарады. Қу жапырақша дірілдеген, құр сүлдесін сүйретіп, ине жеген иттей сүмеңдеп қалған оның мына түр-әлпетін көріп іштей қатты шошындым әрі қорықтым.

Осыдан бір жыл бұрынғы арқардай арқыраған айбынды да адуынды керемет келбетті досымнан жұрнақ та қалмапты.

– Жүр кеттік, – дедім сыртқа шыққанша асығып.

– Нариман, мына бұрышта сырахана бар, соған барайықшы, – деп өзі солай бұрылып, жетелеп алды.

Сырахана іші гуілге толы, өңкей реңі тайған, бет-ауыздары дөңкиіп, өңі тозған мыжырайған жандар қалқайып-қалқайып тік тұрып, саптаяқтарын көтеріп сыралатып тұр.

Миятхан екі күрешке сыраны қылқылдатып бірақ тартты да маңдайына тізіліп шыға келген шып-шып терін сүрткіледі…

– Болмай тұр, – деді темекісін қайта-қайта құшырланып, үсті-үстіне тартып көк түтінді бұрқыратқан досым жәутеңдеп мүсәпірлене қарады.

– Бас әлі шытынап сынып тұр. Бір құмыра ақ шекушка алшы?!

Маскүнемдердің ежелгі әдеті – арақтың атын тура атамай «шиша, құмыра» – деп атайтынын білемін. Қайран асыл текті қыз-қырқынның көз құрты болған алпамсадай алып тұлғалы, сұңқардай самғаған сері досым әбден тозған керзі етіктің қонышындай мыжырайып бітіпті. Есіл азамат бордай езіліп, өшіп бара жатқанын көріп, өзегім өртенді.

Шекушка арақты стаканға екі бөліп құйып алып, тартып алды. Көз жанары тұтанып, әңгімесін гөйітті.

– Нариман, мына досыма не болды деп сұрай алмай тұрсың ғой. Енді сыра ішуге болады, – деп саптаяқтағы сыраны анда-санда ұрттап қойып, соңғы бір жылда болған жағдайды айта бастады. – Жамалға қалай жақындадым, темірге жабысқан магниттей айырылмай қалдым. Өзің білесің қыз-қырқынның бірін икемдеп алып, келесісіне секіріп кете беретінмін. Ешқайсына көңіл бөлмейтінмін, шаруаны бітіремін де басқа қызығымды іздеймін. Жыласада, соңымнан қалмаса да, бұрылып қарамай, шорт кесіп тастаймын. Қыздар осы қызық, қызыл сөзіме, суша сыпырған уәдеме құлай сеніп қалады. Тілегіме жеткенше уәдені үйіп-төгіп бере беремін. Қалай төсекте дегеніме жеткен соң, жемтігіне тойған бөрідей жеріп шыға келемін. Қанша қыздың сорына қалдым. Қаншасы маған үйленеді екен деп сеніп, барынан айрылды. Мүмкін солардың көз жасы, қарғысы тиді ме екен маған? Сен таңданба. Жыланға арбалған торғайдай – осы Жанкаға, осы Жамалға қалай байланып қалғанымды түсінбеймін. Қақпанға түскен арландай қанша мәрте қашып кетейін-ақ деп осы пәледен құтылайыншы деп ойласам да кете алмадым. Арқандаулымын, тіпті темір шынжырмен кісендеулімін. Бұйырғанын орындайтын құл зәңгіге айналдым ғой. Сенесің бе, Жамалдан кете алмайтын кеселге ұшырадым. Соны көрмесем тұра алмаймын. Сорлымын ғой.

– Бұл Жамалды қайдан таптың? – дедім ішімдегі қыжылды білдірмекке.

– Бүгін саған бар сырымды, бар құпиямды айтайын. Сенен басқа кімім

бар? Бәрінен айрылдым ғой мен бейбақ. Түп-түгел айрылдым. Жамалды қайдан таптың дейсің бе? Қайдан болушы еді, Саин көшесінен. Анда-мұнда сол көшедегі қаздай тізіліп, көзін сүзіп тұрған көбелек-қыздарды қарап өтетінмін. Саған өтірік, маған шын, кешкі апақ-сапақта сол көшені бойлай ақырын мәшинеммен қарап, кетіп бара жатсам: жол жиегіндегі ағаш түбінде бір әдемі перизат тұр. Тұп-тура періште! Қайта бұрылып келіп, әдейілеп қарадым. Қарадым да таң қалдым. «Қарағым, қаншаға?» – деп мәшине есігін аштым. – «Аға, қатты қысылып тұрмын. Бүгін тұңғыш рет шықтым бұл көшеге. Ұялып тұрмын. Маған 100 мың теңге керек, әйтпесе жағдайым қиын. Әкем қатты науқас, әл үстінде. Дәрі алуға ақшамыз жоқ», – деді.

– «Жүр, онда демалайық» – деген едім. «Аға, ағатай, алдымен ақша беріп қойыңызшы», – деп қиылғанда қалтамнан айтқан 100 мыңды суырып бере салдым. Міне, содан басталды ғой біздің хикая. Алғашқы күндері өзіңмен таныстырдым ғой. Басқа облысқа жұмысқа ауысып кеттің. Сен жоқта бұл нақұрыс досың не көрмеді десеңші? Жамал маған алғашқы кезде бәрін өтірік айтып жүріпті. Ақымақ басым соның бәріне сеніп, айтқанына көніп, құстай ұшып жүрмедім бе? Ақыры матап-байлап алды, төңіректеп кете алмаймын. Бұл Жамал мыстан қатын болып шықты. Бұрын байы болған, бала алдырамын деп біржола тумайтын бедеу болып қалған. Екі-үш күйеуімен де тез ажырасқан. Әкесі ауылда алқаш, оларға да әбден көмектестім ғой. Бұл жүзіқара маған не істесе де көтере беремін, шыдаймын. Бірдеңе десең шаптығып, қай-қайдағы бейәдеп сөздермен ұрысқанда қара жерге кіргізіп жібереді. Алты айдан кейін әйеліммен ажырастым. Үйімді сатып, жартысын алып Жамалға әкеп бердім. Мәшинені де пұлдағанбыз. Күнде жиын – күнде той, арақ-шарап ішпесек тұра алмайтын халге жеттік. Жұмыстан да, қызметімнен де қуылдым, әзер жарты айлықпен істегенсіп жүрмін.

– Е-е, қалай күн көріп, жан бағып жүрдіңдер?

– Бағанағы шеберхана үкіметтікі ғой, соған көшіп алғанбыз біржола. Біттім ғой, біттім! Қолым дірілдейді, сурет те сала алмайтын болдым.

– Жамал періштеңнің картинасын бітірдің бе?

– Қайдағы?.. Күмп етіп тұңғиыққа түсіп кеттім де өң мен түстің арасында елес болып, құр сүлдем жүр ғой. Кезінде салған суреттерімді көшеге шығарып сатып, тиын-тебен етемін. Құрдымға біржола түсіп кеттім ғой…

Ол қос қолдай шекесін қысып, еңкілдеп жылап жіберді. Қайран асыл текті айбынды досым-ай… мынау мүсәпір, кісәпір мүскін түрге қалай тап болдың? Қалай ғана маскүнем болып, тез арада алжа-алжаң шығып, кәужіреген шірік бөренедей қауқарсыз жанға айналып кеткенсің? Қайран, досым-ай?..

Ол өксіп-өксіп алып, әңгімесін әрмен қарай жалғастырды… Оған тағы бір саптаяқ сыра әкеп алдына қойдым.

– Заман бұзыларда әуелі әйел бұзылады. Бір ақын айтыпты ғой.

«Ақырзаман боларда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз асылар», – деп. Арын сатып, өзіндегі бар қазына – бәрін сатып көшеге шығып, тізіліп тұратын жезөкшелер қаптап кетті. Міне, Жамал да сол көп салдақының біреуі, сырты – адам, іші шаян. Тірідей жұтты, тірідей көмді. Біттім ғой, біттім…

– Миятхан-ау, оған енді қалай шыдап жүрсің? Біржола кетіп қалмайсың ба?

– Талай мәрте кеткім келді, кете алмадым. Шыр айналып бұдан шыға

алмаймын. Білмеймін, бұл нағыз сайқал мыстан жіпсіз байлап-матап алды. Кетейін деп қашсам жүрегім тарсылдап, іздеп, алаңдап, ойымнан бір шықпайды, дедектеп отырып қайта келемін. Өзі де талай мәрте былапыт ұрсып, «Кет, көзіме көрінбе», – деп қолына түскен нәрсемен ұрып-соғып қуып шыққанда да бір түннен артық шыдай алмай, жалынып-жалбарынып қайта келдім ғой. Тізерлеп тұрғызып қояды. Сенесің бе, бедірейіп, безбүйректеніп жолатпай қойғанда қайтейін, талай-талай боздатып, жылатты ғой. Айтқанын істететін өркөкірек, шаншып қойған қурай құрлы көзіне ілуді қойды. Адам бар-ау деп менен ұялмай, қызармай не бәлелерді істемеді десеңші. Саған айтуға аузым бармай тұр.

– Бәрін жасырмай айт, Миятхан. Маған айтпасаң шерменде болып

өлерсің, байғұс… – дегенімде ол өксіп-өксіп, көзін жеңімен сүртті.

– Балаларымды ойлап қан жұтамын, әйелім басқа жаққа көшіп кеткен.

Адам терісін жамылған бұралқы ит болдым ғой. Нақұрыспын. Қарадай басым шақшадай болып, адам боп сезінуден қалып барамын. Шынымды айтсам тірі өлікпін… Баяғы Саин көшесіндегі подружкаларын ертіп келіп Жамал үйде арақ ішіп, темекі тартып, жынойнақ жасайды. Олармен бірге ай-шай жоқ опаланып, боянып киініп кетіп қалады. Алғашқыда түнде кештетіп болса да оралып жүрді, кейін екі-үш күн жоқ болып кететінді шығарды. Келгенде арақ сасып, мас болып, гүрс етіп төсекке құлайды. Құрбыларымен келсе арақ ішіп, билеп, түні бойы маған ұйқы жоқ. Дастарқан дайындап, күтушіге айналдым. Бір-екі рет «Мұның не?» деп көрім едім, кетемін деп шаңқылдап – омырауына тыққан бір бума ақшаны маған лақтырып жіберді. «Сүмелек, пұл тауып, сені асырап жүрмін. Қураған қайыршы, арағыңды ішіп шалқып жүрген бұл күніңе зар болып қаларсың», – дегенде жігерім құм болып үндей алмай отырып қалдым. Ақыры өзімді адам демей-ақ жігіттермен еркін саудаласып сөйлесе беретін болды. Бірде олардың барып жүрген саунасын барып көрмек болдым. Қаланың қақ ортасындағы мекен-жайын өзі телефонмен айтып қойған. Түнделетіп жетіп барсам, есіктегі еңгезердей күзетші божбан қара жібергісі келмеп еді, қолына бес мың теңге ұстаттым. «Жамалдан кілт алуым керек», – деп әзер ішке кірдім. Сауна іші әлем-жәлем, ұзын көкпеңбек бассейнде анадан жаңа туғандай үстерінде лыпа жоқ қыз-келіншектер тірі пендеңді байқамайды. Бұрыштағы үстел басында төрт-бес жалаңаш еркек. Біреуінің тізесінде отырған Жамал көре сала атып тұрып: «Миша, саған не болған? Келме мұнда. Жоғалт көзіңді», – деп итермелеп сыртқа шығарып жіберді. Өзі шала қызу, арақтың әсері ме, саунаның ыстығы ма, Жамал құлпырып, жайнап кеткендей көрінді. Қуып шыққанда бөксесін ойнатып келе жатқанда бұрыштағы еркектер сұқтана қарағанын көріп ішім әлем-жәлем. «Жанка, бір бөтелкеге ақша берші», – дедім. Ол халатының қалтасынан ақша алып бетіме лақтырды. Ұстай алмай жерге түскендерін ала бергенімде арқамнан дүк еткізіп ұрып жіберді. «Сволоч, өлексе,жолама енді мұнда. Келсең, аналарға айтып, тұншықтырып өлтіремін де, көлге тас байлатып лақтыртып жіберемін. Түсіндің бе, оңбаған!» – деп далаға итеріп, қуып шықты. Берген ақшасына бір тәулік арақ іштім. Жанка қайтпады, жоқ. Ішім өртеніп, күйіп барамын, арақ ішем, сыра сіміремін, кәйіп болып құлаймын. Тірілемін де қайта шөлмекке жармасамын. Ішіп-ішіп өліп қалар ма едім, Жанкам үшінші күні келді. Түк болмағандай бір сөмке азық-түлігі бар, арақ-шарабы бар, жымия келіп, жанаса қасыма отырып: «Миша, саған не болған, тамақ ішейік, адам құсап, міне, бәрін әкелдім. Тұра ғой, жаным», –деп киізденіп кеткен басымнан сипап еді, тәлтіректеп атып тұрдым. «Жанка-Жамалым, кешірші, кешірші, жаным!» – деп құшақтай жыладым. Сөйтіп, арағын ішіп, кәйіп болып түк болмағандай жүре беретін болдым. Ол түнге қарай жуынып-шәйініп, әтірін себініп, бет-аузын бояп, барынша киініп шығып кетеді. Екі көзім төрт болып, темекіні сорып, арақты стаканға құйып, қайта-қайта көтеріп, қызғанышымды баспақ боламын. Ол шала мас болып келгенде өлердей қуанам. Кешіксе өзім оның өзіндей құрбы-қыздары жалдап алған пәтерлерінен өліп мас болып ұйықтап жатқан жерінен тауып, есін жиғызып әкелемін. Сондай сорлы болдым…

Миятхан үн-түнсіз төмен қарап отырып қалды. Жүйкесі – жүн, жігері – құм досым бір жыл ішінде жабысқан шерін тарқатып айтып беріп, енді есеңгіреп отыр. Өрттің өзінен бұрын түтіні көрінеді. Алғаш бүгін мұның ұсқынын көріп, шошып кетіп едім. Аңқылдаған қара нардай қайран досым-ай. Екеуміз де арманшыл едік. Болашақта үлкен ғажайып суретші болсақ деп тәтті қиялдарға шомылатынбыз. Қызметтің соңынан кеттім, сен қыз-қырқынның буына мас болып жүрдің. Ақыры міне, өзің қақпанға түсіп, қансыраған қасқырдай бұратылып бітіп барасың.

Сен талантты, туа біткен дарынды екеніңді мойындайтынмын. Кезінде салған суреттеріңе таңқалатынмын. Тура жол таппасаң мына қым-қуыт тіршілік қор да етеді, суға да батырады. Жүрегім шаншып, жаман күйзелдім. Опына берсең опырылып кетерсің. Бір амал табуым керек. Су ішпеген ағаш тез қурайды.

– Миятхан! Тұр қане? Кеттік! – дедім. Маужырап отырған ол селк ете қалды.

– Қайда? Қайда барамыз?

– Біздің үйге кеттік.

Ол алақтап, сасқалақтап ілби басып соңымнан ерді.

– Алақаным бөртіп қызарып, екі білегім қышиды, – деп ол қасына бастады.

– Бұл маскүнемдіктің белгісі. Бауырың іріп кетпесін, – дедім қатты сөйлеп.

* * *

Айбатынан бүкіл аң-құс айбынған Арыстан сұлу қыз Түлкіге үйленіпті:

– Аңдардың бәрін айбынымен алған, қаһарланса орман дірілдеп кететін Арыстанға қалай қорықпай күйеуге шықтың? – деп Түлкіден сұрайды.

Сонда сұлу түлкі қызыл құйрығын бұлғаң қақтырып, жымысқы көзін аударып-төңкеріп:

– Арыстан бұрын арыстан болатын. Маған үйленген соң ол мысық болып қалды ғой, – депті.

Шынында да Арыстанда баяғы күш-қуат жоқ, күн санап кәужіреп, ешкім қорықпайтын жуас мысық секілді мәнжубасқа айналыпты. Жасына жетпей өліпті. Бүкіл билігі мен байлығы сұлу қызыл сайқал түлкіде қалыпты.

* * *

Шұғыл шешімге келдім. Дереу қала шетіндегі әкемнің үйіне ертіп әкеліп, монша жағып, бұлаулап үш қайта шомылдырып, дембіл-дембіл ыстық шәй беріп, борша-борша терлеттім. Жаңа іш киім, жеңіл киімді сатып әперіп кигізіп, жаңа туған сәбидей жатқызып қойдым. Әке-шешем қалбақтап ет асты. Қатық қатқан сорпаны зорлап ішкіздім.

Түні бойы елегізіп, аласұрып шықты. Бала кезіміздегідей екеуміз бақ ішіндегі тапшанға төсек салдырып жатқанбыз. Түні бойы досым жайлы ой қаумалап шала ұйықтап тұрдым.

Шеберханаға келсек, теріс қарап бөшкедей боп теңкиіп Жамал әлі ұйықтап жатыр екен. Түнде біреулер болған-ау, үстел үстінде бос бөтелкелер сап түзеген солдаттардай көбейіп қалыпты.

Миятхан ақырын барып Жамалдың шашынан дайындап әкелген қайшысымен кішкене қырқып алып, қалтасына сала салды. Сөмкесінен беторамалын алды.

Айдап отырып Алматының тау жағына шығып кеттік. Өзім талай-талай келіп жүрген Есентай өзенін жағалай мәшинем жеткен жеріне шейін барып, тоқтадық.

Төменде аспан айналып жерге түсердей қапырық буып, төбеңнен ыстық күйдіріп өрттей болып тұрса да, Бутаковкада қоңыр салқын. Таңғажайып табиғатты рәсуа етіп сан түрлі ағаш, тоғайды талқандап, қырқа-қырқаны қарс-қарс тілімдеп, үйлер, жолдар салына бастапты. Баяғыда бұл уақта ұшып-қонып жүретін сан түрлі құстар да көрінбейді. Қайран ақ басты абыз Алатауым, жер жетпегендей сенің көркем бет-жүзіңді айғыз-айғыз тілгілей бастағаны ма?! Сәнің мен салтанатың іспеттес тау бөктеріндегі таңғажайып орман тоғайың емес пе еді?!

Төменде газ бен смолаға, түтінге тұншыққан Алматыдан қашқан жұрт өзен жағалап,осы арада рахат табатын. Енді бұрын қалың жыныс тоғай болған тұрған тау баурайын отап, өртеп, тақырлай бастапты. Тек сай табанында Алатау мен Алматы осындай халге жетті дегендей көз жасына көміліп мөлдірей аққан өзен суы да баяғыдай емес, тартылып, жағалауы құрғап, топырағы ашылып, көрініп қалыпты…

Су жағасы көкпеңбек майса шөп, суға жабыса жалбыз бен бүлдірген өскен. Бүлдіргені әлі піспесе де ұстап көріп, балалығымды еске алдым.

Миятхан екеуміз долана ағашының көлеңкесіне келіп шешініп, алып шыққан заттарымызды ортаға қойдық.

– Миятхан, жақсылап тыңдап ал. Айтқанымның бәрін істейсің. Өзің білесің Күйік әулиенің ұрпағы, Түктібай бақсының жиенімін. Сені Жамал әбден дуалаған, бойыңа түгел дуа жайылып кеткен. Сол дуасын қайтарамын, әйтпесе үзіліп, құрып кетуге аз қалыпсың.

– Жадылаған ба сонда? – деп досым аузын аша таңдана қарады.

– Иә, оның сұмдық сұмпайы, мүләйім жәдігөй, әбден азып-тозған жезөкше екенін біле тұра неге айрылмай, жабысып қалғансың? Неге? Бір қатынның қырсығы қырық есекке жүк болыпты деген осы. Сені дуалап, жартыесті, есуастандырып, жіпсіз байлап-матап тастаған.

– Шынында да, – деп міңгірлеп тасқа отыра кетті.

– Иә, әруақтар қолдай гөр. Қорқыт баба, Күйік, Түктібай аталарым ісімді оң қылып, Миятхан пендеңді дуадан тазарта гөр, жын-шайтаннан ажырата гөр! – деп қол жайып бата тіледім. Кезінде шешем осылай айтатын.

Дайындап әкелген консерві қалбырына бір уыс қорғасын салдым да от жағып, еріте бастадым.

– Ал, Миятхан, қара, – деп балқыған қорғасынды жылтыр қағаздың бетіне шашып төге салдым. – Жақсылап қара. Міне, көрдің бе, шашы жайылған албасты бейнесі шықты. Сені сол қатын дуалаған. Енді дуаны қайтарамын. Ғұмыры арақ ішпеймін, темекі тартпаймын, өйткені мен бақсы, әулиелердің ұрпағымын, әсте болмайды. Досым болған соң ғана амал жоқ осы іске кірістім.

– Жанка оңбаған екен ғой,ә? – деп Миятхан көзі шарасынан шыға шашылған қорғасынға қарап, басын шайқай берді.

– Ал, енді ең қасиетті тұзбен аластаймын, – деп бір шөкім тұзды алып төбесінен жеті рет айналдырып, «Жабысқан бәле-дуа мына қасиетті тұзбен кет, мына ағып жатқан сумен кет», – деп суға лақтырып жібердім.

Шешемнен, ауыл қарияларынан, бақсы-балгер, тәуіптерден көргендерімді, оқыған, білгенімді істеп, айтып жатырмын.

– Мына қарақошқыл түтінді қара, – деп кепкен адыраспанды тұтатып, түтінімен аластай бастадым. Бүкіл буын-буыныңды, алпыс екі тамырыңды түгел буып тастапты. Адыраспан қасиеті денеңе жабысқан жын-пәлекеттерді қуып шығады, – деп үсті-басын көк түтінмен ыстап, аластап шықтым.

– Енді міне, Жамал албастының шашын қара, – деп жайпақ тастың үстіне қойып, оны сіріңкемен жағып жібердім. – Пәлекет-сәлекет осымен кет, кет, – деп күлін жинап беторамалға салып түйдім. Екінші шетіне жеті қиыршық тасты салып жоғарырақ барып, жер қазып көмдірдім.

– Үстіне секіріп, тапта. – Бәлекет-сәлекет осымен кет, біржола кет! – деп қайтала, – дедім. Есі шыққан жартылай жалаңаш досым жаңағы көмілген жерді тепкілеп, өкшесімен тығыздай берді.

– Енді костюміңді алып кел. Мына түйреуішті ешуақытта алма, – деп түйреуішті жүрек тұсындағы ішкі жағына төмен қаратып түйредім.

– Мына албасты пішінді енді өзің үгіт, таспен ұрып бөлшекте, – деп бағанағы қорғасынды бердім. Ол құшырлана тістене қорғасынды бөліп-бөліп үгіте бастады.

Қайта балқытып үстіне күкірт тастап едім түтіндеп жаман иіс шықты. Жылтырақ қағазға қорғасынды қайта шашып кеп жібердім.

– О-о, мынаны қара Миятхан. Дуаң кетіпті, тазарыпсың. Қарашы, жақсылап қарашы. Мұнда не тұр?

Аң-таң болған досым шөкелеп отыра қалып, үңіліп қарады да:

– Гүл! Гүл ғой мынау, – деді таңқалып.

– Албасты дуа кетіп, гүл өміріңе қайта оралдың, – деп денесін, арқасын қағып, күбірлеп дұға оқыдым.

Ол сол сәтте атып тұрды да ағашқа сүйене бере еңкейіп, лоқсып-лоқсып құса бастады. Ұзақ лоқсыды, екі көзінен парлап жас шығып, іші-бауыры солқылдап, бүгіліп тұра алмады.

– Сен көкжасыл запыран құстың. Болды, міне, ішіңдегі дуа сыртқа шықты. Біржола тазардың, ағардың, досым! Енді мына шапшып аққан суға бойыңды тазарт! – Ол суға секіріп сүңгіп кетті. Айқайлап баяғы бала кезіміздегідей өзенге рахаттана шомыла бастады.

Алатаудың сілем-сілем баурайларындағы киіз үй тігіп, малдарын жайлауға бағып жүрген ағайын-туғандарыма барып, сәлем беріп, аралап, бір апта жүріп қайттық.

Есін жиып, әл жинап, қымыз ішіп, ет жеп бетіне қан жүгірген досым екеуміз Сарыбай бидің бейітіне Құран оқып, Әулиебұлақ басындағы ағашқа беторамал жыртып байлап, демалып отырғанымызда:

– Нариман, әйеліммен табыстыршы. Бала-шағамды әбден сағындым, – деді қиыла. – Баруға бет жоқ. Балаларым нағашыларына сыйыса алмай жүрген болар.

– Жарайды, кеттік онда Қарағандыға, – дедім.

– О-о, әулием! – Сен нағыз әулиесің. Қыдырымсың! Сенің ғана қолыңнан келеді бұл жағдай, – деп мені қапсыра құшақтады.

– Кеттік! – дедім досымның ниетіне риза болып.

Алатаудың баурайы көкмайсаға малынып тұнып тұр. Баяғы мыңғырған қалың қой-ешкі, ірі қара мал жоқ. Тотияндай көкпеңбек аспанда дәл біздің төбемізде алып құс айналып ұшып жүр…

Тау қыраны – бүркіт пе, әлде өлексе аңдыған тазқара ма? Қанша тесіліп қарасам да ажырата алмадым.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

қоғам қайраткері, жазушы, «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының алқа төрағасы.

2019 жылғы, қазан айы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *