САКУРА ГҮЛДЕГЕНДЕ (Повесть)

Әдебиет
104 Views

(Жалғасы. Басы газетіміздің №02-03 санында).

Ұйыса өскен көк торғындай шөп өскен сазды жағалауға шығып, ары-бері жүріп, тоңазыған денемізді қыздырдық. Жарқабақтағы тас үстіне жатып алып, иісі бұрқыраған жалбызбен бір-бірімізді қытықтап ойнағанымыз қандай десеңші!

Ол еркелей қылықтана күледі, наздана жымияды. Шіркін-ай, періште бейнесі қандай десеңші! Көз тоймайтын сұлулық әлеміне қарай бергім келеді, қол созымда ғана жатқан хор қызына деген сезімім атойлап, жүрегім дүрсілдеп:

– Жаным! – дедім.

– О, не?..

– Жаным деймін. Жақсы көрген сұлуыңды жаным,– дейді.

– Қызық екен. Жүр, тағы бір-бір сүңгіп шығайық, – деп жүгіріп келіп, суға секірді.

Асыр сап рахаттана, денеміз тоңғанша салқын суда шомылғанымыз-ай!..

Жағада қатарласа қыздырынып отырғанымызда ол ақырын арманын айта бастады.

– Не арманың бар дейсің бе? Бека, енді қатармыз ғой сен деп сөйлесейікші. Жарай ма!..

Әлемнің бар құдырет-күші – суда. Егер су болмаса жер құрғап, бүкіл жанды-жансыз жаратылыс қурап, күйреп жоқ болады. Алғашқы тіршілік көзі мұхит астында пайда болғанын білесің ғой. Қазірдің өзінде жер шарының үштен екі бөлігін су алып жатыр. Миллион, миллиардтаған жылдар бойы мұхиттардың астындағы өсімдіктер қатпар-қатпар шөгіндіге айналды. Мынау тау-тас, аңызақ дала, қызыл құм қойнауларының астында да, сонау тереңде толқыған теңіз, шалқыған көлдер жатыр десе сенесің бе?

Мен болашақта осы су әлемінің астындағы өсімдіктердің, қалың қыртыс-қыртыс болған қат-қабаттарын зерттейтін боламын. Ғажап әлем, құпия дүние, асыл қазына ғой ол дегенің, – деп бойжеткен жүрелей отырып, күнге жылт-жылт етіп бүлкілдей сырғи аққан өзенге сүзіле қарап қалды.

Ақырын жылжып қасына барып, күнге күйген арқасын алақаныммен ақырын ғана сипалай бердім, сипалай бердім. Ай келбетті, күндей нұрлы перизаттың осы бір ойлы бейнесі қандай ғажап!

– Бек, жүр тағы бір сүңгіп шығайық! – деп мені жетектей жөнелді. Екеуміз қатарынан жыбыр-жыбыр аққан өзенге бірге секірдік, толқын-толқын бейнелер тарап барып, күлмең қаққан ағысқа жұтылып жатыр.

Салқын су қандай рақат, денеңді сылап-сипап, майда толқынмен өбектей сүйеді. Екеуміз мәре-сәре, рахаттана шомылып шыққан сәтте көңіл дегенің жеті қат көкке көтеріліп кетті ғой…

Шалаш деп аталатын күркені шал-кемпір маған босатып берді.

– Түскі астан кейін соның ішінде бір сағаттай мызғып ал, – деді.

Тас боп қатып ұйықтап қалыппын. Бірнәрсе бет-аузымда жорғалап жүргендей болады, қағып тастасам да қоймайды. Ояна кетсем қасымда сылқылдай күліп Вера отыр, қолындағы қураймен мені қытықтағанына мәз-мейрам.

Кешке дейін балағымды түріп алып, кетпен ұстап капуста, картошке суардық. Әжесінің кең алабажақ мыж-мыж көйлегін киіп алған Вера көлбең-көлбең етіп жанымда көбелектей ұшып-қонып жүр.

Күн шапағы саңып, ымырт үйірілген шақта деревняға қайттық. Ыстық аптап әлі буып тұр. Мұндағы ата-әжесінің құжырханасының жарты қабырғасы жерге сіңіп кеткен, іші сап-салқын.

– Адам жерге жақын болуы керек. Міне, мен де жерді үңгіп, кертіп қазып осы үйді салып алдық. Жазда салқын, қыста жып-жылы, – деді шал менің таңырқағанымды байқап. Үй ішінен ашыған капуста, жеміс-жидектің иісі шығады. Ал, төбесін жапқан қамыс бумалары сыланбаған, жалбырап тұр.

Вера жуынып шорти, майкі киіп алды. Кешкі асты есік алдындағы жаппада іштік.

– Солдат! – деді шал маған шет-шеті қызарып кеткен кірпіксіз көзін қадап. – Адам біткен жұмыс істеуі керек. Балам Владивостокта, көшіріп аламын дейді. Бармай отырмыз. Осы арадан кете алмаймын. Қара жер мені асырайды. Жапондарда мынандай тәмсіл бар: «Ата-анасы бел шешпей жұмыс істесе балалары рахаттанады. Ал бос белбеу өскен немерелері кейін қайыршы болады». Міне ұқтың ба? Мынау бау-бақшамнан жиналған өнімнің артығын сатамын, Вераның әке-шешесіне жіберемін. Олар маған балық әкеп тастайды.

– Солдат! Міне, соғыс біткеніне жиырма бес жыл болды. Жапон әскері жеңілген соң, тұтқынға түсіп, он жыл Сібірге айдалдым. Кейін осы араға қоныстандым. Топырағынан майы шыққан қандай құнарлы жер! Тек туған елімді сағынамын. Кешке мына жапон жақтан самал соғады. Соған кәрі кеудемді тосып, өскен өлкемді аңсаймын-ай… Мені жиырма бес жылға соттаған ғой! Жапонияға барып топырағынан иіскесем, Тынық мұхиттың шалқар ағысын көрсем ғой шіркін, деп қиялдаймын, армандаймын.

Электр шамының жарығына қысық көздері жылт-жылт ете қалды, жоқ жасаурапты, бізге байқатпаған болып орамалымен бет-аузын сүрткілейді.

Есік алдындағы ағаштардың жапырақтарын билетіп, күбірлей баяу самал есті.

– Бұл жапон жерінің желі ғой. Қарашы Тынық мұхиттың дымқыл иісі келеді мұрныңа! – деп шал түрегеп кетті.

Тымырсық аптапты түре қуалай жөнелген мына желден ешнәрсе байқай қоймадым.

– Солдат! Міне есік алдындағы жалғыз тал мынау ағашты – сакура дейді. Теңізшілерден көшетін арнайы сатып алып, әкеліп отырғызып едім, жерсініп, мәуелеп өсіп кетті. Шіркін, көктемде гүлдеген сәтін көрсең ғой! Жайнап, ақшымылдық қауыздары үлпілдеген, ғажап жұпар иісі қандай!.. Бүкіл жапон жұрты жыл бойы сакура гүлін сағынады, бір көруге, иісін жұтуға құмартады. Қыс кетіп, көк көтеріле бұл киелі ағаш гүлдегенде бүкіл өмірің көз алдыңнан тізбектей өтеді! – деп шал дауысы бұзылып, қырылдап қалды. Кемпірі жапонша бірдеңе деп, орнынан тұрып Вераны ертіп үйге кіріп кетті.

– Солдатқа не болса соны айта берме деп кемпірім ұрсып жатыр, – деп шал жаныма жақын келіп отырды. – Сен ренжіме, ақылың бар бала көрінесің. Мына алжыған қария мыжып басымды ауыртты деме. Туған жерімді тек түсімде ғана көремін. Сакура гүлін жайғанда жұпарын иіскеп, баладай асыр сап бақ ішінде аунап жүремін. Тек түсімде ғана…

Мына жалғыз түп ағаш гүлі мен мына біздің аралдардан келетін кешкі самал ғана сағынышымды басады. Бір көрсем-ау, туған жерімді! Қайтемін-ай! Баруға мүлде рұқсат жоқ, хат алдыртпайды. Онда туған інім бар, ол оқудың түбіне түскен ғалым.

Әжесі бармақтай ғана ыдысқа құйып, жапон шәйін ұсынды. Бір ұрттам ғана оны баппен сыздықтатып әңгімелесіп ішу керектігін Вера маған түсіндіріп жатыр.

– Мынау әжемнің ұлттық киімі ғой, – дейді жапонша киініп алған Вера күлімсіреп.

– Бізде жапондарда ең құрметті мейманға осындай шәй ұсынады. Ал, Вера сен шәй құйып бер қонағыңа, – деп кемпір тіссіз қызыл иегін көрсете иілді. Сұлу бойжеткенім кимано кигенде нағыз жапон болып шыға келді, иіліп, сызылып титтей кесе ұсынғаны қандай!.. Баппен қозғалып қос тізерлеп отырысы, үзіліп тәттілерді алдыма қойғаны, үлбіреп үн қатқаны қандай?..

Назданып, қылықтана қарағаны қандай десеңізші! Бұралып келіп, иығыма қолын салып:

– Бека, шәй ұнады ма? – деп қиыла сұрады.

– Балдай екен, дәмі керемет! – деп қоямын.

Есік алдында жапырақты бұталарды бықсытып, түтіндетіп от жақты.

– Түтінге маса-шіркейлер жоламайды – деді де Артур шал үйге кіріп кетті.

Вера екеуміз костер жанында көкбура түтінге оранып, жылт-жылт жанған шоққа қарап, иық тірестіре қатар отырып, баяу ғана әңгімелесіп отырмыз.

– Бек сен қаншадасың?

– Жиырма жастамын.

– Мен жиырма екідемін. Неге үндемей қалдың? Жапондардың салты бойынша қалыңдығы жігіттен жасы үлкен болуы шарт. Оны білесің бе?

Қыз сыңқ күліп жіберді де қолымды тас қып ұстай алды.

Менің алақаным оның ұлпадай үлбіреген алақанында оттай ысып жатты.

Ол қиялшыл екен, кейін мұхит астын зерттеп, үлкен ғалым болатындығын, әлемді таңдай қақтырып жаңалықтар ашатынын айтып берді. Әкесі – теңізші, шешесі – тігінші, баладан жалғыз өзі. Менің сегіз қарындасым бар екенін білгенде таңқалды. Оларда бір-екі баладан артық отбасында болмайды екен.

Шынында да Тынық мұхиттікі шығар жел күшейіп, дала салқын тартты. Мен гимнастеркамды шешіп, арқасына жаптым. Қыз қарсы болар десем, үндемей маған еркелей, риза кейіппен қарап қойды.

Біз бір-бірімізге сүйене сары таңға дейін отырар едік-ау, әжесі шығып:

– Вера, қонақ бала енді демалсын! – деп үйге шақырды.

Аспан асты мың-сан жапырлаған жұлдыздар.

– Анау Құс жолы – ол тура Жапонияға апарады, – деді Вера көкті нұсқап.

Түпкі бөлмеде шал екеуміз жаттық, ауыз бөлмеде кемпір мен немересі алма турап, қақ жасауға кірісті. Ертесіне қайтуға жиналдым. Менің алақандай қойын блокнотыма Вера өзінің үйі мен телефонын маржандай етіп жазып берді.

Лазо станциясына апаратын жол жағасындағы ағаштардың көлеңкесінде көлік күтіп тұрмыз.

– Үш күннен кейін Владивостокқа қайтамын. Қыркүйекте оқу басталады ғой. Атам мен әжеме ұнап қапсың. Ұстамды, ақылды жігіт екен дейді.

– Рахмет, жаным! Саған ше? Саған ұнаймын ба?

Ол күлімсіреп төмен қарады да, шашын сілке, қапсыра құшақтай алды. Қыздың ып-ыстық денесі өрттей жанып, аймалай бастағанда топ-толық бүлдіргендей ернінен, аппақ жұмыр мойнынан, жұмылған екі көзінен өліп-өшіп сүйе бердім.

– Бека, мен жігітпен тұңғыш рет сүйісіп тұрмын, – деді ол тұншыға сыбырлап.

– Мен де жаным…

– Не дейсің?

– Қазақша жаным деймін. Сен күнімсің, айымсың. Менің бақытымсың!

Ол балаша мәз болды, екі беті алаулап:

– Мен сені іздеп келемін заставаңа.

– Шын ба?

– Иә, сағынамын ғой.

Бауырыма тартып, махаббат буына тербеліп, болып, толып тұрмын. Не деген тәтті әлем, ғажап дүрия дәурен. Осылай балқып, шалқып тұра берсем ғой.

– Бір машина келе жатыр! – деп Вера есін жиып, шашын жөндей бастады.

«Молоковоз» деген жазуы бар сары машинаның кабинасына отырып жатқанда:

– Бек, сені күтемін жаным! – деді ғой бойжеткен сұлуым.

Фуражкемді шешіп ұзағанша бұлғай бердім.

*   *   *

Әскерде хат алған күнің ұлы мереке. Түскі астан кейін заставаға пошта машинасы келді. Іле хат-хабар үлестіріле бастады.

– Нартаев саған хат бар. Қане, бері жақында! – деп кезекші әдет бойынша конвертпен мұрнымды ары-бері ұрып өтті.

Өзен жағасына барып жеке отырып, хатты ашып оқи бастадым. Верадан келіпті, жазуы қандай қаланған кірпіштей бір міні жоқ.

«Бек! Сені ылғи ойлай беретін болдым. Шынымды айтсам күндіз-түн есімнен бір шықпайсың, сағындым, жаным!..

Қаланың шетінде Тынық мұхит бар, дәл біздің үйден оның айдыны көрініп тұрады. Бұл мұхит қыста қатпайды. Жағаға ұрып жататын таудай толқындарын көрсең ғой? Білесің бе, сол толқындардың арасынан сен шыға келетіндей көрінесің. Білесің бе? Мен сені сүйеді екенмін. Шын сүйемін!..».

Уссури өзені ботана лай болып ағады. Жағалауындағы топырақты шайып, әйтеуір ешуақ тазармайды. Осы өзеннің арғы беті – бөтен ел. Арғы беттегілер күрішті суарған қалдық суды өзенге жіберетін көрінеді, одан ішпейміз де, жуынбаймыз да.

Ал, Тынық мұхит қандай болды екен. Қайран Вера, Верам менің мұхитқа іңкәр және мені сүйеді екен ғой. Өзі мойындапты. Ағаштан бал, шөптен сүт аңқыған жаздың соңғы күндерінде бұл хатты қайта-қайта оқимын кеп. Дереу жауап жазып жібергенмін.

Автоматты кесе-көлденең ұстап, шекарада күзетте жүргенде қиял әлеміне тербеліп, аспандап кетемін-ай. Жаным-ау, менің де шығарға жаным жоқ, мен де сені сағынамын, сүйемін, іздеймін!

Автоматымды тазартып казармада отырғанымда застава командирі шақырды. Үсті-басымды тәртіпке келтіріп, құстай ұшып жеттім. Шегір көз шикіл сары майор бастығымның алдында қаздиып тұрып, рапорт бердім. Ол сынай қарап тұрды да:

– Мында отырғын, – деп алдындағы орындықты нұсқады.

Шаңқылдаған қаһарынан өлердей қорқамыз. Қабағы бір ашылмай түнеріп, қай жерден болса да кемшілік тауып, быт-шытыңды шығарады. Ал, бүгін жүзі жайдары, дауысы жұмсақ. Не болды екен?..

– Нартаев, сен университетте оқыдың, ә?

– Иә. Екінші курстан әскерге алып кетті.

– Партияға өзіміз қабылдадық. Білімдісің, спортпен де айналысасың. Жоғары жақтың бұйрығымен саған ерекше сенім артып үш айға командировкаға жіберіп отырмыз. Түсінікті ме? Иә, күзде дембел екеніңді білемін. Қазір жаныңдағыларға дабыра қылмай, тез дайындал.

– Қайда барамын?

– Оны сені замполит пойызға отырғызарда ғана айтады. Сен сенімімізді ақта, түсіндің бе?

– Түсінікті жолдас майор! – деп орнымнан қарғып тұрдым.

Әзірленетін не бар, рюкзагімді ала сала, машинаға міндім. Лазо станциясына жолаушылар пойызы үш-ақ минутқа тоқтайды. Домаланған замполит:

– Владивостокқа барасың да, мынау адресті тауып ал. Мына пакетті сонда барғанда командиріне тапсырасың, – деп таптап-таптап түсіндіріп, қолтығымнан сүйеп вагонға мінгізіп жіберді.

Ура! Владивостокқа барады екенмін ғой. Онда менің ай бейнелі періште ғашығым бар. Жаным Вера, саған құс болып ұшып келемін.

Мен қанша алып-ұшып асыққаныммен пойыз асықпайды. Әр разъезге пышылдай тоқтап, ыңқылдай ауыр қозғалады, Владивосток вокзалына түскенімде алғаш байқағаным аспан асты сірескен қара сұр бұлт, бетіме дымқыл ауа ұрды.

Көрсетілген жерді қиналмай таптым. Сырты биік бетонмен қоршалған әскери бөлімнің командирі жалпақ бет қарынды егде адмирал бірден қабылдады.

– Сен келмей тұрып-ақ өмірбаяныңмен танысып алғанмын. Білімді жауынгер көрінесің. Даманскідегі оқиғаға қатысып, медаль алыпсың. Үш күннен кейін оқуды бастаймыз. Осында үш ай оқып, офицер болып, кіші лейтенант болып шығасың. Бүгіннен бастап курсант деп бұйрық беремін, қазір моншаға түсіріп, түгел курсант киімі беріледі. Бүгін демал. Ертең қаламен танысуға демалыс беремін. Ал, курсант Нартаев, анау үш қабатты көк үй сендердің жатақханаларың. Соған шагом марш! – деп темекісін тұтата бастады.

Үр жаңа курсант киімімді киіп, төсек орнымды белгілеп, ас-суымды ішіп алған соң телефон іздей бастадым. Қала ішіне еркін қоңырау шалуға болады екен.

Трубканы әйел адам көтерді.

– Кім керек еді?

– Вера бар ма екен?

– Ол оқуда. Кешке қарай келеді, – деді жай ғана.

Түс ауа сіркіреп жауын жауып тұрып алды. Ауыр қорғасын бұлттар жерге жабысардай тұмшалап, ымырт тез үйірілді. Телефонды бұл жолы Вераның өзі көтерді.

– Бек, бұл сенсің бе? Бағана звондапсың ғой, мамам айтты. Қайдасың, заставадасың ба? – дейді ол емін-жарқын қуанышын жасыра алмай.

– Жо-жоқ. Владивостоктамын.

– Қойшы, шын айтасың ба?!

– Рас. Ертең қалаға шығуға рұқсат берді, – деп іссапарға келгенімді асығыс айта бастадым.

– Сағат бірге дейін университеттемін. Содан кейін кездесейік жарай ма? – деп Вера аң-таң.

– Онда ертеңге дейін! Қатты сағындым, жаным, – дедім телефонды қыса ұстап.

– Мен де… Мамам қасымда тұр, сәлем айтып жатыр, – деп артық айтпа дегендей ескертіп қойды.

Ертесіне сағат екіде қала орталығындағы мәңгілік алау ескерткіші жанында күтіп тұрдым. Аспан әлі ашуланшақ кемпірдей қабағын түнертіп, салбыраған қарашұбар бұлттар тұмшалап тастаған. Моншаның буындай ыстық дымқыл ауа бетке ұрады.

Оны анандайдан байқадым. Қолында қолшатыр, портфель. Мені көре салысымен жүгіре жөнелді, мен де тұра ұмтылдым. Екеуміз асфальт төселген кең алаңда құшақтаса кеттік, құшырлана сүйіп жатырмын. Үстінен күн иісі, жаңбыр иісі, қымбат жұпар әтір иісі аңқиды.

– Жаным, мен сені шексіз сүйемін! – деймін қазақшалап.

– Бека, қой елден ыңғайсыз ғой, – деп ақмаржан тістерін көрсете құлпырып, жайнаң қаққан қыз қысыла, қымсына үн қатқанда барып ес жидым.

Мен берген бір тал аппақ гүлімді иіскеген күйі қолымнан еркелей ұстап, тротуар бойлап келіп, төмен түсіп келеміз.

Кенет жаздың жұпар жаңбыры құйып берді. Біз ашық тұрған бір дүкенге барып тығылдық. Сол жерден балмұздақ алып, жеп біткенше бура бұлттарын ертіп жаңбыр өте шықты. Бұрқ-сарқ етіп көшені сылдыраған суға толтырып, қаланың бетін жуған нөсерден кейін қала үстінде мың құбылған кемпірқосақ ойнады.

Жол жиегіндегі егілген гүлдерге мөлдіреген тамшылар ілініп, бұлттан кейін шыға келген Күннен ұялып, шыдай алмай жерге тамып-тамып кетеді.

Екеуміз мәз болып секіре басып келеміз.

Ол бірден үйіне шақырды. Мен бас тартып көріп едім:

– Кеше сен телефон соққанда айтып қойғанмын. Шешем тамақ істеп күтіп отыр, – деген соң көнуге тура келді.

– Бек, біртүрлі өсіп кеткен секілдісің. Үстіңдегі жаңа киімдерің қандай жарасады! – деп марқайтып қойды.

Қала бел-белесті жерге орналасыпты, негізгі орталығы үстіртте, біз текпіріштермен құлдилай төмен түсіп келеміз. Кенет, дәл алдымнан ұшы-қиыры жоқ, көлеміне көз жеткісіз алып су шыға келді.

– Міне, Тынық Мұхит деген осы! – деп Вера бұл мұхит жөнінде тамсана айта жөнелді. Жағалауы толған үйлер, әрәдікте үлкен, кіші кеме, қайықтар.

Биік үйдің үшінші қабатындағы пәтерде бізді үстіне сары жібек халат киген әдеміше келген әйел қарсы алды. Табалдырықта қысылып етігімді шеше бастап едім, Вера тәпішке әкеп берді.

Төргі бөлмеде Вера альбомындағы суреттермен таныстыра бастады. Әкесі мұхитта балықшы, айлап балық аулауға кетеді екен. Енді оншақты күннен кейін ғана келетін көрінеді. Кілең энциклопедия, биология, географиялық кітаптар сірескен этажерканы қарап шықтым. Асханаға шақырғанда басқа ақбөрте тәпішке әкеп кигізді. Мамасы жібек сары халатының үстіне алжапқыш киіп алып, бір-бір тарелке пельмен құйып берді.

– Қонаққа арнайы осы асты жасадым, – деп көк-мөк салаттарға стол үстін толтырып тастапты. Анасы көп сұрақ қоймай, сынай қарап қояды.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру

орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *