АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛЫП, ҚАУІПСІЗДІГІ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Қоғам Құқық
866 Views

Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудыңжәне олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін жариялағаннан жүзеге асырыла бастаған саяси, әлеуметтік және құқықтық өзгерістер ұлттық құқықтық жүйенің, соның ішінде сот жүйесі мен сот ісін жүргізудің қалыптасуына жол ашты. Сол уақыттан бастап сот саласында мемлекеттік биліктің өз алдына дербес бір тармағы ретінде – сот жүйесі қалыптасты.

Сот жүйесінің ең негізгі мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және Қазақстан Республикасы Конституциясының, өзге де заңдарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл еліміздің тұрғындарының құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе кез келген органның заңсыз шешімдері мен іс-қимылдарына сот арқылы қорғауға кепілдік беретін орган екенін ұмытпауымыз қажет.

Шымкент қаласы сотының коммуникациялық орталығында сот жүйесінің жаңа форматтағы жұмысымен таныстыру, халықты жаңа заңдар жүйесімен ақпараттандыру мақсатында «Сот жүйесі мен заңнаманы реформалау негіздерін түсіндіру» тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Жиынға Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Ербол Жанғазин, судья Виталий Мирошников және қалалық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбі қатысты.

Сот жүйесі мен заңнаманы реформалау бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру екені айқын. Осы ретте соттардың жұмысын оңтайландыру, жүктемесін азайту, сонымен қатар азаматтардың әуре-сарсаңға салынуын жою басты назарға алынып отыр.

Ағымдағы жыл Сот төрелігінің сапасын арттыру жылы болып бекітілді. Төраға тарапынан халыққа сот төрелігін түсінікті жеткізуге Үндеу жарияланды. Халықтың ашу-ызасын тудырмас үшін әр істі түсіндіру мәселесі басты назарға алынған болатын. Мұндай бастамалар мен игі істер бізге көптік етпейді. Әрбір жаңашылдыққа бетбұрыс жасағанымыз дұрыс.

Тағы бір айта кететін жайт бүгінде республикамыздағы барлық сот отырысы залдары аудио-бейнетіркеу жүйесімен 100 пайызға жабдықталған. Нәтижесінде, судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар екі есеге қысқарды. Судьялыққа кандидаттар үшін жұмыс өтіліне қойылатын талаптар қатаңдатылды. Елімізде сот төрелігінің мәртебесі күн санап артып келеді. Тіпті, шығарылған үкімінің 95 пайызы дау тудырмайтыны – соның айғағы.

Биыл қалалық сотқа 2900 тұлғаға қатысты жалпы саны 1918 қылмыстық іс түскен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 426-ға кем. Сондай-ақ, жыл басынан бері ақтау үкімі көбейгенімен, кінәлі деп танылған 2184 адам сотталған. Апелляциялық алқаға түсетін шағымдар саны да еселеп қысқарып келеді.

Кезіндегі ел арасын дауласудан сақтап, бітімгершілікке үндеп, өткір сөздің құдіретімен бітіспес дауларды шешіп отырған билеріміз сынды қазіргі таңда татуластыру мәселесі де қолға алынған. Атап айтсақ, Қазақстанның 17 аймағында 47 татуластыру орталығы, 308 татуластыру кабинеті бар. Онда 118 судья өз қызметін жемісті атқаруда. Машықтанған, мамандандырылған судьялар халықпен тығыз, етене байланыс жасауда. Ажырасуға арыз берген отбасылардың 46 пайызы бітімгершілік пен татуласу арқылы келісімге келген. Бұл – әрине, көңіл қуантарлық көрсеткіш.

Қазіргі таңда 198 іс қаралуда. Арасында аумақтық, күрделі істер де бар. 1252 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған. Оның ішінде айыпталғандармен қоса ақталғаны да бар. Қоғам, прокуратура, тергеушілер жұмыла жұмыс жасауда. 2019 жылдың өткен 11 айында 321 қылмыстық іс қаралып, соның 300-ге жуығы аяқталды. Сонымен қатар апелляциялық шағым бойынша 23 тұлғаға қатысты 11 үкім шығып, 84 тұлғаға қатысты 66 сот үкімі өзгертілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов биыл енгізілген жүйе бойынша судьялардың ішінде кездейсоқ мамандар болмайтынын, алдағы 2,5 жылдың ішінде сот жүйесі лайық емес кадрлардан толық тазартылатынын мәлімдеген болатын.

«Жаңа реформаға дейін судья боламын деген төрт үміткердің біреуі қызметіне кірісетін еді. Ал қазір судья болуға ниетті 100 кандидаттың төртеуі ғана жұмысқа қабылданады. Онда да іріктеудің тоғыз түрінен мүдірмей өтуі тиіс», – деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Ербол Жанғазин.

– Қазақстан соттары бойынша 3,5 миллион іс қаралған. Былтыр 4,5 миллион болған. Мұның басты себебі – сот жүктемесі мен қылмыстық істердің азаюы.

Жалпы соттың жұмысын, біліктілігін қалай арттыру үшін кадр мәселесін қолға алған жөн. Әрбір сот қызметкері білімді, тәжірибелі болуы керек. 231 судья аттестациядан өткен. Нәтижесінде, 9 судья қызметінен босатылып, 9 судья басқа сотқа жұмысқа ауысқан. Келер жылы судьялардың 80 пайызы аттестациядан өтеді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 2-ші қыркүйекте жолдаған алғашқы Жолдауында «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша сот жүйесіне бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес арнайы жоспар әзірленіп, сол бойынша жұмыстар атқарылды. Заңды және жеке тұлғалар талап-арыздарын «Сот кабинеті» сервисінде орналастырылған электронды нысандарды толтыру арқылы беруге мүмкіндігі іске қосылды. Бұл өз кезегінде соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақыты мен жұмысын азайтады, – деді Шымкент қалалық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбі.

– Апелляциялық және кассациялық инстанциялар бұрынғысынша қала береді. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар Соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтіледі. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады. Бұл қадам арқылы қарапайым халық сот процесінің әділ өтетінін байқайды. Сот саласына қатысты осындай түйткілді жаңартулар адам және оның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді көздейді. Ел тәуелсіздік алғалы мемлекетте, экономика мен қоғамды дамыту үшін жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енген. 2018-2019 жылдары 15 заң жобасы әзірленіп, соның алтауы күшіне енген. «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, «Қылмыстық процесуалдық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстерге бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл өзгерістер судьялар жүктемесін азайтуға себеп болды, – деп судья Виталий Мирошников ақпаратты толықтырып өтті.

Біз – Мәңгілік ел, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс немесе құрылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек.

Сот төрелігі алдында тұрған жоғары әрі жауапты міндеттер судьялардың өзінің кәсіби қызметін халыққа ерен еңбегімен жеткізе отырып, Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындау арқылы адалдықты, сатылмаушылықты, әділдікті, халық арасындағы шүбәсіз беделділікті көрсете келе қызметте және тұрмыста адамгершілік пен мораль нормаларын, мінез-құлықтың әдеп қағидаларын сақтау негізінде атқарылатын аса жауапты қызмет. Қорыта келе айтарымыз, бүгінгі бәсекелестік заманның талабына сай жоғары деңгейлі соттың кәсіби біліктілігінің бірден-бір шарты ретінде қарқынды қадам басып келе жатқан электрондық жүйе мен реформалардың халыққа тиімділігі және еліміздегі сот істерінің озық жетістіктерімен етене таныстыру – халық игілігіне бастар жол деп бағамдадық.

Балшекер ЕЛЕУХАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *