СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ САЛМАҒАН САҚШЫЛАР

Қоғам Құқық
913 Views

Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Тәртіп сақшылары – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздіктісақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Полиция қызметкері болу үшінбілім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет.Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілетіполицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болу, азаматтармен тілтабыса білу, сыпайы болу да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын мекемелердің бірі – полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы ДӘЛБЕКОВ басшылық жасайтын Түркістан облысы Полициядепартаменті. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің мінездемесі, кәсібибіліктілігі, сыртқы сымбаты назарға алынған. Полиция департаментіндеқызметкерлердің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыстаратқарылуда. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүргізіледі. Асқан қырағылық пен табандылықтыталап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Бізхалықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген Түркістаноблысы полиция департаменті қызметкерлерінің 2019 жылғы бірқатар елеуліістерімен оқырмандарымызды етене таныстырып өтсек дейміз.

«Ер ерлігі – ел есінде» демекші, киелі өңір – Түркістан облысында ерлік және батырлық әрекеттерімен халықтың алғысына бөленіп жүрген тәртіп сақшылары қаншама десеңізші. Солардың бірі бүгінде Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Отырар аудандық полиция бөлімінде қызмет етіп келеді. Ол – полиция аға сержанты Рақымжан Ниязбекұлы. Рақымжан осы жылдың Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Ақорданың төрінде «Ерлігі үшін» медалін алып, кеудесіне алғашқы төсбелгі тақты. Бұл – нағыз ерлік көрсеткендерге ғана берілетін мемлекеттік марапат. Сондықтан ерлігімен көзге түскен жас полицей Рақымжан осылайша өз қатарластарына үлгі-өнеге көрсетті.

Сіздерге түсінікті болу үшін батыр полицейдің оқиғасын баяндайық. Ағымдағы жылдың сәуір айының соңында Отырар ауданын кесіп өтетін Арыс өзенінен суға батып бара жатқан қыз туралы хабарлама аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне таңғы сағат алтылар шамасында түседі. Хабарлама түскен кезде полицейлер жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабар береді. Хабарды естіген Рақымжан Ниязбекұлы бірінші жетіп, ойланбастан суық суға секіреді. Бойжеткен ағысқа төтеп берер емес. Өзен өз еркіне көндіріп әкетпекші. Қыз да барынша жанталасуда. Сол кезде Рақымжан бар күшімен қызға қарай жүзіп барады. Шошып қалған бойжеткен полицейдің иығына жабыса кетеді. Тереңге бойлаған сумен екеулеп күреседі. Ағын су екеуін жағаға жеткізер емес. Алланың қолдауы да болар, ақыры Рақымжанның қолы судың шетінде өсіп тұрған кәрі жыңғылдың бұтасына ілінеді. Тездетіп ұсталған бұтадан ары қарай тартқылап, ақыры жуан жеріне жармасады. Осылайша жас қызметкердің өжеттілігінің арқасында екеуі де аман қалады. Сол маңға жеткен «жедел жәрдем» мәшинесі бірден қызды орталық емханаға жеткізіп, жан сақтау бөліміне жатқызады.

«Қыстың ызғары әлі де басыла қоймаған кез. Су суық. Өзен арнасына толып, ағысы да жоғары болатын. Қызды судың алып кетіп бара жатқанын көріп, есім шықты. Киім шешіп тұруға уақыт тапшы болып, үстімдегі нысанды киіміммен бірге суға секіріп кеттім. Бар ойым бойжеткенді өзеннің еркіне бермеу. Алланың қолдауы шығар, екеуміз де сумен жанталасып жүріп жағаға әзер шықтық. Сумен арпалысып жүргенімде жағада біраз адам жиналып қалыпты. Судан шыққанда олардың иығымнан қағып, айтып жатқан алғыстарын естісеңіз. Маған мүлде бейтаныс адамдар. Бірақ бірінен соң бірі жылы сөздерін айтып, жөнімді сұрауда»,– дейді басынан өткен сол бір сәтті тебіреніспен баяндаған полицей.

Жалпы, киелі облысымызда Рақымжаннан бөлек өзге де көптеген полицейлер күнделікті қауіпті қызметінде түрлі оқиғаларға тап болып, кейбірі қызмет бабында қаза болып та жатады. Ал кейбірінің осы Рақымжан секілді еңбегі еленеді. Қызметтің қиын екенін білсе де ант берген полицейлер ешқашан қауіптен қашқан емес. Кез келген адамның басына қауіп төнсе, көмектесе кетуге әзір! Рақымжанның Мемлекеттік награданы иемденуі – оның еңбегінің ерендігі. Отырар ауданында аға сержант дәрежесінде жүріп-ақ жас полицейдің жасаған бұл ерлігі баршаға үлгі. Осылайша ерлік жасаған түркістандық полицей – Ақорданың төрінде марапатталды.

Тастай суға түсіп, болашағына балта шабылғалы тұрған қызды аман алып шығу кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс екені анық.

ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕНДЕР

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған полицейлердің кең ауқымды мерекелік іс-шарасы киелі өңірде Мәдениет үйінің төрінде өтті. Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлеріне Тәуелсіздік мерекесіне орай түрлі дәрежедегі Алғыс хаттар мен Дипломдар табысталды. Жалпы, марапаттың қай-қайсысы болмасын, барлығы да қошеметке лайық. Алайда, айтулы мерекеде ерліктері еленген полицейлердің кеудесіне тағылған медаль облыс тәртіп сақшылары үшін орны бөлек болғандай…

Мәселен, қызметіне адал және еңбекқор полицейлеріміз Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Олар – Түркістан облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Тұрғынұлы Мылтықов, Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Мәмбетұлы Тастанбеков, Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Бақытжан Адырбекұлы Набиев.

Естеріңізге сала кетсек, көпшілікке белгілі 24 маусым күні Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, елімізде сын сағаттар орын алған еді. Сол кезде нағыз жүрек жұтқандар мен батылдар ғана көмекке мұқтаж халықты аман алып қалып, эвакуациялаған болатын. Бүгінде сол азаматтардың еңбегі еленіп, марапатталды.

Мерекенің тосын сыйлары мұнымен аяқталған жоқ. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен қызмет бабында қаза тапқан Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Жетісай аудандық полиция бөлімінің полицейі Нұржан Қауасбекұлы Алтынбеков те мадақталды. Марқұмның медалі оның отбасына табысталды.

Сондай-ақ, Келестік тәртіп сақшылары мерекеде өздерінің қайырымдылық істерімен де көзге түсті. Олар Келес аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып, 2002 жылы қызмет бабында қаза тапқан Биғара Елемесұлы Айдосовтың отбасына барып, арнайы сый-сияпаттар табыстады. Марқұмның шаңырағында жайылған ақ дастарқан басына жиналып, Құран бағыштады.

Ерекше күшейтілген тәртіппен халқының амандығын ойлап, тілеуін тілеп: «Қылмыс болмаса екен, елге тыныштық бергей» деп кірпік қақпай күзетіп отыратын полицейлердің қызмет жолын біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Кейбіреуі олардың қадіріне жетсе, үстірт бағалайтындар да кездесіп жатады. Міне, осылай қаланың тұрғындары демалып жатқанда полиция құрамының 30 пайызы күшейтілген режиммен күндіз-түні көз ілмей, демалыс күндері де, мереке күндері де қызмет атқаратынын көпшілік аңғара бермейді. Облыс орталығы, оған қарасты Полиция басқармалары мен бөлімдеріндегі болған төтенше оқиғалардың барлығы департамент жанындағы кезекшілерге хабарланады да сол төтенше оқиғаларды жедел түрде тиісті бөлімдерге жеткізіп отыру міндеті жүктеледі. Бұл – жауапкершілігі зор міндет. Өткен жылғы жаңа жылдық кезекшілікте өз міндетін жауапты атқарып, талай төтенше оқиғаның алдын алуды ұйымдастырған кезекші бөлім бастығының орынбасары Асанхан Андасбекұлы Шымырбаев пен кезекші инспектор, полиция капитаны Индира Орынбайқызы Әріпбаеваға биыл да жаңа жылдық мерекедегі кезекшілік міндеті жүктеліп отыр екен. Мерекелік кезекшілік сенімді қолда екен деп ризашылығымызды білдірдік.

ҚЫРАҒЫЛЫҚ – ТӘРТІПКЕ ТӘН

Тәуелсіздікті ұстап тұру, сақтау және дамыту бізді бұрынғыдан да бірге болуды, мықты болуды, жігерлі болуды қажет етеді. Еліміздің барлық азаматтарына қажет осы талап, әсіресе жастарымызға үлкен міндет, таудай талап жүктейді. Өйткені, елдің болашағы – жастар, Абай айтқандай: «Кейінгі толқындар» да осылар. Биылғы Жастар жылы бұл саладағы игі бастамалар мен жобаларды іске асыруға жол ашты. Сондықтан да Президенттік кадрлар резервінің жастар арасынан қабылдануы, іріктелуі, жасақталуына ерекше мән берілуі бекер емес. Жастар еліміздің қоғамдық өмірінде мемлекеттік қызметтің барлық саласында аға ұрпақтың орнын ауыстырып, жаңаша қайратпен қызмет атқаруда. Осындай қызмет түрінің бірі – ішкі істер саласы қызметі. Жаңадан құрылған Түркістан облыстық Полиция департаментінде де жас полицейлерге ерекше мән беріліп отыр. Бұған 2019 жылдың өзінде облыстық полиция департаментіне қарасты қала, аудандардағы басқармалар мен бөлімдердің қатары 114 жас кадрлармен толығуы дәлел бола алады. Олардың 56-сы Алматы Ішкі істер академиясын, 44-і Қарағанды Ішкі істер академиясын, 11-і Қостанай Ішкі істер академиясын, екеуі Ақтөбе Заң институтын бітіріп келген жас кадрлар екені біліктілік пен сапа көрсеткішін білдірсе керек. Міне, осындай қызметке биыл ғана қабылданған жастардың бірі Түркістан облысы, Мақтарал аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Аят Ғабитұлы Көшербай.

Кез келген жеке тұлғаның қалыптасуына қоғамдық орта әсер етеді, осындай факторларды әлеуметтік зерттеулерде «құндылық бағыты» деп атайды. Аят Ғабитұлы Көшербай 1996 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, Алпамыс батыр ауылында дүниеге келген. Әкесі Ғабит Көшербайұлы – кәсіпкер, анасы – Фарида Қанағатқызы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ағылшын және орыс тілдерінің мұғалімі. 2013 жылы Сарыағаш қаласындағы №141 орта мектепті, 2017 жылы Алматыдағы Н.Есболатов атындағы Ішкі істер академиясын бітіріп, 2017 жылдан бастап Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің криминалистика бөлімшесінің жедел уәкілі болып қызмет атқарып келеді. Ата-анасы мен ұстаздардан алған тәлімін қызметтегі аға буын тәлімгерлерден жалғастыра үйреніп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып қызмет атқаруда. Қызметтегі екі жыл көп нәрсені үйреніп, құндылықтар қалыптастырды. Адам бойындағы құндылықтар: денсаулық, ұқыптылық, мейірімділік, уәдеге беріктілік, бір сөзділік, шыдамдылық, мақсаткерлік сияқты жақсы қасиеттерге ұласа береді. Бұл құндылықтар ата-анадан, достардан, көршілерден, ұстаздардан, қызметке келген соң әріптестері мен тәлімгерлерінен алынады. Халықтың «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деуінің сыры да осында болса керек. Ортадан алған құндылық бағыты жас тәртіп сақшысының бойына салауатты өмір салтын қалыптастырды. Бұл халықта «әдет» деп аталатын қарапайым сөзбен беріледі. «Әдеті жақсының – әдебі жақсы», «Адамның ең жақын туысы – әдеті» дейтіні осыдан шығатынын сөз етпекпіз.

ХАЛЫҚ ҚОРҒАНЫ ҚАПЫДА ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының міндеттерін қойып отырғаны белгілі. «Артқа қараған тозады, алға қараған озады» – дейді халық даналығы. Бұл үшін алдымен сана азаттығы қажет. Ал сана азаттығы тәуелсіздікте туылған еркін ойлы жастарда болады. Сана азаттығы кешегі бодандық кезеңдегі аға буында болған жоқ. Ондай азаматтарды мезгіл-мезгіл «тазалап», сүттің бетінде тұратын қаймақтай сыпырды. Аға ұрпақ жоғарыдан келген даяр бұйрықты орындауға мәжбүр болды. Ал, бүгінгі тәуелсіздік алып, бостандыққа шыққан соң орындайтын да өзің, ойлайтын да өзің болып қалған соң бәріне жауаптысың. Тәуелсіздік елдің еркін ойлы жастарына осындай ел тағдырына қатысты ауыр міндет жүгі артылып отыр.

Күрделі мәселелер барлық салада қашан да болған. Ондай мәселелер тәуелсіздікте туған еркін ойлы жас полицейдің болашақ жолында да кездесері ақиқат. Бұл – өмір заңы. Тәуелсіздікте туған жас тәртіп сақшыларының алда туындаған қиын мәселелердің, күрделі қылмыстардың түйінін шеше беретініне кәміл сенеміз. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, қорғай беруге жастық жігерің мен қажымас қайратыңды қоса бер. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Отан үшін отқа түс, күймейсің», – дегіміз келеді.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Түркістан облысы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің жас жедел іздестірушісі, полиция лейтенанты Демеу Қайратұлы Сансызбайдың қызмет жолы мен өнегелі өмірі – көпке үлгі. Жастық жалыны мен еңбекқорлығы, талапшылдығы, төзімділігі, ізденімпаздығы, тегеурінділігі секілді толып жатқан қатарластары мен замандастарына үлгі болар өзіне тән сипаттары да пендені селт еткізбей қоймайды.

Кейіпкеріміз кезінде «ақ алтын» деп аталатын мақтасымен бүкіл елімізді дүркіреткен Мақтаарал ауданының тумасы, жастықтың жалынымен ұжымға қосылған жас кадрлардың бірі. Ол мектеп жасынан бастап потриотизмнің үлгісін көрсетіп, өзі оқыған мектептің, кейіннен Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясының мерейін көтеріп, абыройын асқақтатты, беделін биіктетті. Мектеп жасынан бастап спорттық үйірмелерге қатысып, қатарластарының алды болды. Қара темірді қайыспай көтерген Қажымұқандай, Қарон балуанның қабырғасын қақыратқан Балуан Шолақтай болуды армандап өсті. Жас кезінен спортқа қатысып, шынығып өскен, еңбекпен есейген, Оңтүстіктің аптап ыстығынан нәр алып, күн нұрын қабылдап өскен жас оқу мен сүйікті спортын қатар алып жүрді. Академия қабырғасында білікті жаттықтырушы, полиция подполковнигі Нұрғаным Теміровтың назарына ілініп, еңбексүйгіштігімен, қайсарлығымен, төзімділігімен көзге түсіп, 2017 жылы академия тыңдаушылары арасында жауынгерлік самбодан бірінші орынды иеленді. 2018 жылы спорттың осы қиын да қауіпті түрінен Жамбыл облысы мен Алматы қалаларының жеке біріншіліктерінде екінші орынды еншіледі. Бірте-бірте жетістіктері жоғарылаған академияның жас курсанты республикалық біріншілікте жүлделі үшінші, содан соң күміс медалды иеленіп, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігінен үміткер атанды. Қажырлы еңбек пен төккен тер заяға кетпеді. Республика жеңімпазы атанып, еліміздің намысын қорғап, Халықаралық жарыста екінші орын иеленіп, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған күні академияның мерейін асқақтатты. Полиция лейтенанты Демеу Қайратұлы Сансызбай 2019 жылдан бастап Түркістан облысы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі ретінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Басшылар тарапынан берілген тапсырмаларды дер кезінде орындап, аз уақыттың ішінде айтарлықтай жетістікке жетіп келеді, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі А.Сапарбеков жас тәртіп сақшысының алғашқы қадамына риза болып. Біз де жас маманның құтты қадамына сәт сапар тілеп қаламыз.

Али Тынянов есімді Кентау қаласының тұрғыны хәл үстінде жатқан әкесіне қолұшын созған Түркістан облысы Полиция департаменті Кентау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция тобының қызметкерлеріне және Қазақстан Республикасы ІІМ басшылығына бейнеүндеу арқылы алғысын айтып, өз ризашылығын білдірді.

Алидің айтуынша, әкесі аяқ астынан сырқаттанып, көз алдында жүрек талмасы ұстап қалады. Сөйтіп, бірден «жедел жәрдем» мәшинесіне және такси жүргізушілеріне қоңырау шалады. Содан соң уақыт жоғалтпастан, әкесін арқасына салып алып, бесінші қабаттан төменге түседі. Содан кейін сыртқа шығып, көмек сұрайды.

«Шақырған «жедел-жәрдем» мәшинесі де, такси де келер емес. Таңғы сағат 4:00-дер шамасы болатын. Көз алдымда есінен танып қалып, демі шықпай қалған әкем арқамда. Көшеде әкемді көтеріп алып, айқайлап жатсам, патрульдік полиция қызметкерлері жолдарды бақылап кетіп бара жатыр екен. Мені көре салысымен бірден қасыма келді. Екеуі де ешқандай сөз айтпастан әкемді көтеріп алып, қызметтік көліктеріне салды да ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер әкемнің жағдайының аса ауыр екенін айтып, жедел түрде ота жасауға кіргізіп алды. Осыдан кейін де полиция қызметкерлері мені жалғыз қалдырмады. Қамқорлықтарын білдіріп, әкемнің отасы сәтті аяқталғанша қасымда болды. Сол кезде олармен жөн сұрасып, таныстым. Бұл әрекеттерін өмірбақи ұмытпаспын. Олардың ата-анасына, ұстаздарына, командирлеріне үлкен рақмет. Қос лейтенантқа ризашылығым шексіз. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне осындай қызметкерлер үшін алғыс айтамын!», – дейді Али.

Алиге дәрігерлер енді бірнеше секундқа кешіккендеріңде әкеңмен мәңгіге қоштасар едің депті. Кентаулық тұрғын ішкі істер органдарының қатарында полиция лейтенанттары – Тимур Жұмабекұлы Инкарбеков пен Сәкен Қалдыкөзұлы Абенов секілді қамқор полицейлердің қызмет атқарып жүргеніне дән риза.

Туған елін, туған жерін, туған тілін, Отанын сүю, сүйіп қана қоймай, сол үшін жанын аямау қасиеті – патриотизмнің негізі. Ата-бабадан ұрпағымызға мұра боп жеткен осынау ұлан-ғайыр, жер асты мен жер үсті табиғат байлығына толы, қазынасы мол, қасиетті жеріміздің ерлік арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткенін жастар ұмытпай, қадіріне жетіп, қастерлей білуі керек. Алпамыс пен Қобыландыдан бастап, Қабанбай мен Бөгенбай, Баян батырдан, Бауыржан мен Мәліктен бізге жеткен. Соғыстан аман қалуды намыс көріп, жалғыз өзі қашқан жаудың соңынан қуып барып, мерт болған Баян батыр мәрттігі ұрпаққа үлгі. Патриотизм соғыспен, ел қорғаумен ғана өлшенбейді. Елі үшін тау бөктерін, бауырындағы бұлтымен қоса көтеріп келіп, елі үшін қуаңшылықта жаңбыр жаудырып, халқын құтқарған Толағай халық арманынан туған патриоттық бейненің үлгісі. Қаталаған елге тау көтеріп, жаңбыр әкелген, өзін тау басып қалса да бүкіл елге қуаныш нәрін сепкен Толағай халық арманынан туған кейіпкер. Толағайдай елі үшін күш-жігері мен қуатын, жанын аямайтын, ел абыройын арттырып, мерейін тасытып жүрген тәртіп сақшылары Түркістан облыстық Полиция департаментінде де аз емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің жастарымыз мақсаткер, еңбексүйгіш, креативті, сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда», – деп кадрларды жастармен толықтыруға зор мән беріп отырғаны бекер емес. Олардан департамент басшылары мен әріптестері зор үміт күтеді.

Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын деп күндіз де, түнде де тыным таппай, қашан да қырағылық көрсетіп жүрген полиция қызметкерлерін әрқашан полиция атағын биік көтеріп, жоғары жетістіктерге жете берулерін және де жанұяларына құт-береке дарып, тек алдыңғы лектен көріне берулеріне тілектеспіз. Біздің мақсатымыз – полиция құрылымы жұмысының тың, жарқын, жасампаз беттерін көрсету еді. Қазақстан да жақсыны қабылдап, озық елдер тәжірибесін өзіне пайдалануды жөн көрді. Осының барлығы қайткен күнде де қылмыстық әрекетке тоқтау саламыз деген ізденістен туған игі қадамдар екені де анық. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз!

Қорыта айтқанда, бүкіл саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап келе жатқан білімді де білікті басшы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков басшылық жасайтын Түркістан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері өздерінің жақсы жұмыстарымен қалың жұртшылықтың алғысына кенелуде. Орын алған қылмыстық және азаматтық істерді уақыт өткізбей жедел түрде ашу жолында ерен еңбек етіп келеді. Олардың алды Ақорда төрінде егемен еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталуда. Жергілікті билік тарапынан да сый-құрметке бөленіп жүргендер аз емес. Міне, осылайша 2019 жылды жемісті нәтижелермен аяқтап отырған аталмыш Департамент қызметкерлеріне жаңа 2020 жылда да толағай табыстар тілеп қаламыз.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *