АҚ ПЕЙІЛДІҢ АТЫ АРЫП, ТОНЫ ТОЗБАЙДЫ…

Білім
1 117 Views

Жамал Айтқалиқызы Манкеева апайдың есімімен небары 12 жасымда таныстым. Ата-анамарман қала – Алматыдағы Ғалымдар үйіне кандидаттық диссертацияларын қорғаужұмыстарымен жиі баратын еді. Баламыз ғой, бірақ «Жамал апай» деп, ұшы-қиырытерең ғылым жолына қадам басқан әкем мен анам жұмыстарын парақтай отырып,дайындалып, қалың ой мен қат-қабат оқулықтардың ортасында көп айтатын,апайымның еңбектерін негізге ала отыра кандидаттық жұмыстарын жазатын. Дәлкешегі күндей есте қалған. Көңілімде жылы сезім, үлкен құрмет ұялап үлгерді.

Қара шаңырақ ҚазҰУ-ті аяқтаған соң Академияға орналастым. Жұмысқа келген алғашқы күнім еді. Терминология бөліміне жүзі жылы, өзі аппақ, қара шашы жиналған күлімдеп Жамал апай кіріп келді. Бірден таныдым, оқуда жүріп апайдың 1997 жылы жарық көрген «Мәдени лексиканың ұлттық сипаты» мен 2008 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» атты еңбектеріне сүйене отырып студенттің өзіндік жұмысы мен оқу семинарларына дайындалдық. ҚазҰУ-дің ғалымдары, ұстаздарымыз, қазақ тіл білімінің майталмандары – Әбдуәли Қайдаров, Рабиға Сыздық, Жүнісбек Әлімхан, Жамал Манкеева, Зейнеп Базарбаева, Қыздархан Рысберген, Ботакөз Сүйірқұл, Қарлығаш Айдарбек, Айман Жаңабекова, Орынай Жұбаеваның еңбектеріне сілтеме жасап отыратын. Мектепте жүріп туған үйімде, студенттік шақта ҚазҰУ-да атын естіп таңсық болған апайымның жүзін өмірде ең алғаш рет көруім еді. Жанымда бір қолымен бесікті, екінші қолымен Қазақ тіл білімін тербетіп отырған апайым тұрды. Іштей жылулық сезімі болғанымен, өзгеше бір қысылып тұрдым. Апайымның жылы жүзі, қарапайымдылығы нағыз – қазақ қызы, қазақ анасының образын жинап алғанын көрсетті. Жақын таныса келе ыстық алақанымен арқамнан қағып «Қош келдің, қызым!» деп қарсы алды.

Алланың берген сыйы болар, дәл осы жылы жүзді, көркем мінезді, ұлы ғалым, өз ортасында сыйлы да, абыройлы ғалымның шәкірті болдым. Бір жағынан қуанып жүрсем, тағы бір жағынан өзіме деген талабымның жүгі еселене ауырлай түсті. Докторлық диссертацияма жетекші болған апайымнан аяқ тартып та жүрдім. Неге дерсіз, ғылымға сүбелі еңбек қосып жүрген тұлғамыздың сенімін ақтай аламын ба, ұятқа қалдырып қоймаймын ба деген алай-дүлей ойлар болды. Дегенмен, ұяңдық, қорқыныш барлығына су сеуіп, жанымды түсініп, маған сенім артып, ғылымдағы еңбегіме ғана емес, өмірлік жолыма да ұстаз болып келеді. Апайымның жанында бір сәт отырып, қазақ әйелінің, анасының үлгісін көріп, іштей «Сіздей болсам» деп ниет етіп қайтамын. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көрсететін сый-құрметі тұнып тұрған мәдениет, тәлім-тәрбие. Табалдырығын аттаған ер азаматты дәм ауыз тигізіп, жас демей төрінен орын беріп «ер азамат» деп сыйлауы, үйіне барған баланы «баланы қуыс үйден құр шығаруға болмайды» деп құр шығармай, баланың көңілін елеп-ескеруі – осының барлығы қазақ даналығының көріністері. Апай өзі дәріс оқитын – лингвомәдениеттану пәнін теория жүзінде оқып ғана қоймай, өз бойынан көрсетіп те жүргенін аңғарасыз.

Жамал апайдың педагогтік қыры өзгеше. Ғылым докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы өз дәрістерінде белгілі бір шекараны сызып алып, жаттанды шаблондармен сабақ бастап, күнделікті бір сценариймен аудиторияда ары-бері жүрмейді. Мұндай жаттандылық жоқ. Керісінше, бізге жақын жерден орын алып жайғасып, амандық сұрасып алатын. Дәрісін сарқырап аққан бұлақтай бастаған ұстаз-ғалымға сұрақ қойсақ, апайымыз сұрақ қойған докторантқа түбегейлі түсіндіріп, жауабын беріп, керек жерін «түртіп алыңдар» деп ойын бір үзбей жалғай түсетін. Жаттанды дәріс емес, сарқырап тұрған бұлақ. Түркітану, тарихи морфология, тарихи лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, көркем мәтін лингвистикасы, лексикография салаларын жаңғақша шағып береді. Теориясы ма, тәжірибелік құндылығы ма, апай кідіріп қалу немесе алдындағы оқулықтарға жалтақтау, келесі дәріске қалдыру, жауапсыз ұмыт етуді білмейді.

Алдына келген шәкіртке берері мол. Еркін отырып, сіздесіп, көркем шығармалардан мысалдарды жаудыра отырып, дәріс тақырыбын ашып, үйге берер тапсырмасын түрткізіп те үлгереді. Мүмкін бұл бір жағы – білім мен ғылымның тереңдігі болса, екінші жағы – әке қанымен, ана сүтімен тұла бойына біткен тума дарындылықтың белгісі болар. Апай сабақ беру кезінде шабыттанады, толықтай өзінің білімі мен ғылым әлемінде еркін жүзіп, ойын ортаға шебер салады. Сонымен қатар аудиториядан кері байланыс сұрақ күтеді, дәріс оқу барысында сұрақ алса, шабыты еселеніп, ым-ишаралары оюланып-өрнектеліп жауабы қоюлана түседі.

Барлық ұстаз – Жамал апайдың үлгісімен дәріс оқып, семинар тапсырмаларын берсе, Қазақстанның оқу жүйесі еуропаланады, еркін, диалогтік үлгіге енеді. Бұл үшін ұстаздың білім деңгейі шарықтау шегіне жетіп, ораторлық қасиетке ие болуы тиіс шығар. Апайдың сабақ өту әдіс-тәсілін Еуропа елдері қолданады. Қысым мен шекара жоқ, еркіндік бар. Алдына келген баланың өз ойын еркін жеткізіп, дамуына жағдай бар. Апайдың сабағында үрей мен ыңғайсыздық сезімі жоқ, керісінше ынта мен қызығушылық арта түсіп, апайдың берер біліміне қанық болсам екен деген ынта-тілек бар. Сабақтың қалай аяқталғанын білмей, келесі топ келгенде бір-ақ тұратынбыз. Бұдан бөлек, Жамал апай топтағы қыз балаларды жанына ерекше жақын тартып, аналық ақылын, өмірден білген-түйгенімен жиі бөлісетін. Аналарымыздың бізден алыста екенін көріп жүргеннен бе, әлде апайымыздың өзі білімді де, білікті, әкесінің еркесі, әрі көп балалы ана – Ақмаралдай әпкемізді тәрбиелеген аналық махаббатының ықпалы ма?!Апайымыздың қыз балаға, анаға берер тәрбиесі керемет болатын. «Қыз мұраты – кету» деп жасы 25-тен асқан қызды еркелетіп, көңіліне қарап, «ана» болу бақытының керемет екенін айтып тұспалдап ой салады, аналық ақылын айтады. Тұрмыстағы қыздарға «Ана» бақытынан асқан бақыттың жоқ екенін, отбасы беріктігі, ер мен әйел арасындағы үндесімді жеткізіп отырады. Апай алдына келген білім алушыға педагог қана емес, психолог та бола біледі.

Жамал апай – Зейнол ағамыздың өмірлік жары, Кенесары ағамыз бен Ақмарал әпкеміздің аяулы анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Қазақ лингвистикасындағы алдындағы буынның еңбегін жалғаушы, өзінің артынан еріп келе жатқан жастардың қамқор жанашыр ұстазы. Қазақ тіл білімі әлемінде ортасына ғылым жолындағы еңбегімен сыйлы, нәзік әйел заты болғанымен, ғылым жолында нағыз майталман. «Досы көппен – сыйлас, досы азбен – сырлас» демекші, апайды танып білген жан сыйласуға асығады. Жамал апай – достыққа берік, нағыз сыйласатын тұлға. Өзімнің қазақ филологиясы кафедрасында бакалавр, магистр дәрежелерін қорғауымда ғылыми жетекшілік жасап, осы күніме дейін қалыптасуыма себепші болған,

Тіл біліміне деген махаббатының дамуына үлесін қосқан, үш бірдей қызғалдақтың анасы, Қазақ тіл біліміне өзіндік үлес қосып, қазіргі әр тілші маманның үйіндегі кітап сөрелеріндегі оқулықтардың шығуына аянбай қызмет етіп жүрген – Ғарифолла ағамыздың өмірлік жары, филология ғылымының докторы, профессор Бағдан апаймен арадағы ыстық та сыйластығы мол достығын көреміз. Бағдан апай мен Жамал апайдың мінездері сабырлы, жүректері жұмсақ, кісі баласына дауыс көтермейтін, жас па, кәрі ме «Сіз» деп сөйлеп, қазақтың әдеби тілімен, мәдени тілін өздерінің сөзжұмсалымдарына жаратып жүрген – еңбекқор, біртабанды, жауапкершілік сезімдері бір бойларынан асатын қатарлас, сырлас құрбылар. Қос бірдей доктор, профессордың мұндай керемет үзеңгі досқа айналуы – апайларымның бойында қызғаншақтық, менмендік, «көштің басы – менікі» деген сезімдерден аулақ болуы деп білеміз. Қазақ ғылымында осындай аналардың жүруі, бүгінгі ұрпақтың, қыз баланың, жас аналардың оң жағынан қалыптасып, отбасы өміріне ұшы-қиыры терең ғылым жолын қоса-қабат алып жүруге болатынын көруінің өзі – үлкен мектеп. Бұл мектептің арнайы класы болмаса да рухани байлығы, мәдени құндылығы теңдессіз. Жамал апайдың бір бойынан тек жағымды образдар, көңілге жылу орнатар ыстық ілтипат қана көрініп тұрады. Ғылым мен өмірдегі достықтың образын сыйлаған – апайларыма мың да бір алғыс.

1.     Қазақ жазушысы Ғабит Мүсіреповтің: «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!.. Дүниеде әйелді құрметтеп, әйелді нұрға бөлейік те. Әйел – Ана, дүниедегі жалғыз күш қой. Оның алдында Азияның айбарлы арыстаны Темір де, Темірді жеңген өлім де басын иеді!.. Бас иейік те, құрметтейік те ұлы адамдар тапқан ананы!.. Ескендір мен соқыр Гомер де ананың баласы. Бәрін де дүниеге жетектеп әкелген ана. Ананың ұлы орны әрқашанда өзінікі!..» – деген кемеңгер сөзіне қалайша тамсанып, қалайша тәнті болмайсың. Қыз баласы өз өмірін – отбасына арнап та өткізеді. Бірақ Жамал апайымыз өмірінің мәнін – отбасы, өзімен сыры да, өмір жолы да бір ұлы әдебиетші, өзіме төрт жыл ҚазҰУ шаңырағында білім берген ұстазым – Зейнолла ағамыз бен ұл-қызымен, немерелерімен қоса-қабат, қазақ ғылымымен толықтырды. Жамал апайымыздың жетекшісі, академик Әбдуәлі Қайдардың «Ғылымдағы ғұмырдың ғибраты» атты кітабында «Шәкірттер туралы бірер сөз» деген бөлімінде: «Қос дәрежелі» – әрі кандидат, әрі доктор, мұның үстіне «қос профильді» – әрі түбір сөз, әрі этнолингвистика проблемасынан бірдей қорғаған шәкірттерімнің бірі – Жамал Манкеева. Жамалдың да ғылымда әлі біраз жерге шабатын мүмкіншілігі бар…» (Қайдар Ә. Ғылымдағы ғұмыр. Алматы: «Атамұра», 2000 ж.) деп, 2000 жылдары өз бағасын беріп, үлкен үміт артқанын білеміз. Ұлттық ғылым академиясының академигі даярлап шығарған шәкірті бүгінде ғалым, ұстаз, педагог. Әбдуәли ағамыздың өзі айтқандай, «бала шәкірттерінен» «немере шәкірттері» түлеп ұшуда. 70 жасына дейін жиырмадан астам ғылым докторы мен кандидаттарын даярлап, қазіргі жаңа үлгідегі PhD докторанттарын да дайындап келеді.

Бір шәкірт ұстазынан тек білім алар, ал тағы бірі – ұстазынан біліммен қоса-қабат тәлім-тәрбие алар. Қазақ ғалымында, соның ішінде тіл білімі саласын өз өмірінің бір бөлшегі етіп жүрген ғалым-аналарымыз санаулы. Ғалым-апамыз Рабиға Сыздықтың өкшесін басып келе жатқан институтымыздың ғалым-анасынан білім, ғылым, өмірлік сабақ алып келемін. Апайдың ең жас шәкіртімін. Мақтанышы мен сүйкімді шәкірті бола аламын ба, жоқ па… ол – уақыт еншісінде. Бірақ, Сізге шәкірт болып, жылы көңіліңізді саялағалы – сабырлық, ұстамдылық, жылулықты үйреніп үлгердім. Көп тыңдап, аз сөйлеу. Әр қадамды аңдап басу. Адам баласына жылу беріп, аялы алақанның жылуымен баулап алуды. Үлкенге деген құрметті, кішіге деген ізетті, ер азаматқа деген сыйластықты, балаға деген махаббатты, өз ортаңа берер ілтипатты Сіздің бойыңыздан көріп келемін, көргенімді жадыма түйіп келемін. Міне, Жамал Айтқалиқызы, менің ұстазым бүгін 70 жасқа толып отыр. Қазақ ғылымына береріңіз таусылмасын, артыңыздан ерген біз, өзіңізден ғылым мен білім нәріне сусындап, сүбелі ойларыңызды жалғаушы ұрпақ бола білейік.

Айнур Абдыжалиловна АККУЗОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

PhD докторанты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *