ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН!

Қоғам
1 517 Views

Биыл 1418 күн мен түнге созылған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ресми мәліметтерге қарағанда, Екінші дүниежүзілік соғыста 20 миллионнан астам, кей деректерде 27 миллионнан астам кеңес жауынгері, 9 миллион 700 мың неміс-фашист, сонымен қатар 6 миллион 28 мың поляк, 1 миллион 600 мың югослав, 520 мың француз, 400 мың итальян, 364 мың чех пен словак, 325 мың американдық, 320 мың ағылшын әскері қаза тапқан делінеді.

Соғыс уақытында қанды майданға аттанған 1 366 164 қазақстандықтың 630 мыңдайы қаза тапқан, жараланып, аурудан қайтыс болған, жоғалып кеткен немесе тұтқыннан оралмаған. Соғыс уақытында жиырмадан астам атқыштар дивизиясы, тағы басқа да әскери құрылымдар жасақталған. Әскери еңбегі үшін мыңдаған қазақстандық орден-медальдармен марапатталған. 500-ге жуық адам, соның ішінде 100-ден астам қандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанған. Олардың ішінде төрт қазақстандық (Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов, Леонид Игнатьевич Беда, Сергей Данилович Луганский, Иван Петрович Павлов) екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. 110 қазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Қолына қару алған әрбір екінші отандасымыз Жеңіс үшін басын құрбандыққа тіккен. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Кеңес Одағының Батыры атағы 1946 жылы Құдайберген Сұрағановқа, 1965 жылы Сабыр Рахимовқа, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына берілген.

Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезі жанында асқан ерлік көрсеткен 28 панфиловшылар, партизан Қасым Қайсенов, Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш болып тіккен Рақымжан Қошқарбаев, капитан Гастеллоның ерен ерлігін қайталаған ұшқыштар – Нүркен Әбдіров, Михаил Янко, Александр Матросов сияқты өз денесімен жау дзоттарының амбразурасын жапқан жауынгерлер – Ақеділ Суқанбаев, Сұлтан Баймағамбетов, Иван Бабин, қазақ халқының даңқты қыздары – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова, тағы басқалардың ерен ерліктері ел жадында.

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 1025 ардагері, 123 мыңнан астам соғыс мүгедектері мен Жеңіске үлес қосқан басқа азамат тіркелген.

Биыл Ұлы Отан соғысына қатысқан 1025 адамға бір миллион теңгеден, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылға қатысушы 21 729 ардагерге 17 196 теңгеден және 10 248 адамға 13 335 теңгеден төленуде. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген 16 175 ардагерге 20 974 теңгеден және 21 729 адамға 17 196 теңгеден, еңбек ардагерлеріне 385 115 теңгеден төленуде.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай осы мақсатқа 7,6 миллиард теңге бөлінген. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға (1025 адам), блокадалық қоршаудағы Ленинград тұрғындарына (87 адам), бұрынғы концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұрғындарына (289 адам), соғыс мүгедектерінің қайтыс болған әйелдеріне, күйеулеріне (4866 адам), соғыс жылдарында қайтыс болған қатысушылардың жесірлеріне (15 адам), тыл еңбеккерлері (109040 адам), соғыс ардагерлеріне теңестірілген басқа да адамдарға (8920 адам) төлемдер үлестіріледі.

Күншуақты Оңтүстік өңірінен сұрапыл соғысқа аттанған 130 мыңнан астам жауынгердің 97 мыңдайы майдан даласында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен. 47 оңтүстікқазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Оншақтысы «Даңқ» орденінің толық иегері, 120 мыңнан астам жерлестеріміз ерен ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған. Олардың есімдері Шымкенттегі Абай атындағы саябақта Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай ашылған Даңқ мемориалына алтын әріптермен қашалып жазылған.

Шымкент қаласындағы 40 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне бір миллион теңгеден беріледі. Ақшалай төлем ардагерлердің әйелдеріне, тыл еңбеккерлеріне, тағы басқа да бірқатар санаттарға қарастырылған. Атап айтқанда, соғыс ардагеріне теңестірілген 1490 адамға 100 000 теңгеден, 3851 тыл ардагеріне 33 336 теңгеден, 31 қызметтік міндеттерін атқару кезінде жараланып, мүгедек болып қалған бұрынғы КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының басқа некеге тұрмаған әйелдеріне 33 336 теңге, қайтыс болған 224 Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) 33 336 теңгеден берілді. Бұдан бөлек Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласын блокадалық қоршау кезеңінде қаланың мекеме, ұйым, кәсіпорындарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» төсбелгісімен марапатталған бес азаматқа 63 894 теңгеден, КСРО-ны қорғау кезінде жаралануына, контузия, жарақат алуына немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығу салдарынан мүгедек болып қалған 346 әскери қызметшіге 105 564 теңгеден біржолғы ақшалай төлем қарастырылған.

Түркістан облысындағы Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер саны – 8293. Оның 40-ы соғыс ардагері, 256-сы соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер. Бұдан бөлек өңірде 7997 тыл еңбеккерлері есепке алынған. Өңірде тұратын соғыс ардагерлеріне, яғни 40 адамға 1 миллион теңге бір реттік материалдық көмек берілетін болады. Тиісті министрлік тарапынан 8251 тыл еңбеккері, қаза болған жауынгерлердің жесірлеріне 30 мың теңгеден, ал блокадалық Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) тұрғыны мен концлагерьлердің бұрынғы тұтқынына (екі адам) 60 мың теңгеден қаржылай көмек беру жөнінде шешім қабылданған. Берілетін қаржының жалпы сомасы 40247,8 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және тұрғын үймен қамтамасыз ету немесе тұрғын үйлерін жөндеу мәселелері де қарастырылуда.

Ә. ДОСЫБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *