ЗАҢДЫ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Құқық
1 543 Views

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қастерлеу – баршамызға міндет. Алайда олжайында бекітілген заң туралы не білеміз? Құқықтық сауатсыздық салдарынан артықетемін, тыртық етіп, жауапкершілікке тартылып жататын азаматтар бар. Мәселен,туды балконға іліп қойған «нұрсұлтандыққа» 400 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласыАбай аудандық заң кеңесінің адвокаты Насиба Пернебайқызы РОЗИКУЛОВА ханымменМемлекеттік рәміздер аясындағы құқықтық сауаттылық жөнінде сұхбаттасып қайттық.

– Мемлекет үшін, ұлт үшін рәміздердің рөлі қандай?

– Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Олар белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады. Мұндай бейнелер үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс береді. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан да мемлекет адамдарға Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында немесе конституциялық заңда белгіленеді және заңмен қорғалады. Бұл Мемлекеттік рәміздерге берілетін биік мәртебе көрсеткіші. Оны қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.

Сайып келгенде, Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран – мемлекеттік рәміздер саналады.

– Рәміздерді құрметтеу деген не? Азаматтар рәміздер туралы заңнан ең алдымен қандай ақпарат білу керек?

– «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданған. Оған сәйкес жыл сайын бұл күн Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Рәміздер туралы заңнан ең алдымен әрине оны пайдалану тәртібі жайлы білу керек. Алты бөлімнен тұратын заңның негізгі үш бөлімінде рәміздерге бөлек-бөлек тоқталынған. Сол жерде оларды пайдалану туралы ережелер де бекітілген.

Мысалы, туды пайдалану тәртібінің негізгі 12 бөлімі көрсетілген соң, төмендегідей ережелермен толықтырылған:

· Ғимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруға тиіс.

· Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін.

· Мемлекеттік туды және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындау тәртібі туралы ереже тәртібі де егжей-тегжейлі нақты түсіндірмелермен бекітілген:

1. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік әнұран осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен хаттамалық тәжірибесінде және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік әнұран орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.

2. Мемлекеттік әнұран оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын ықшамдап орындауға жол беріледі.

3. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады.

4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.

– Жастар мен ересектер арасында рәміздерге деген құрметті дәріптеу мақсатында қандай шаралар ұйымдастыру керек деп ойлайсыз?

– Рәміздерге деген құрметті қалыптастыру үшін ең алдымен оның Мемлекет үшін және оның қоғамы үшін маңызын жіті түсіну қажет. Мұндай іс-шараны әрине ең алдымен мектептер мен балабақшалардан бастау алып, мемлекеттік мекемелерде тіпті, жеке ұйымдарда да жалғасын табуын қарастыру керек. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңында көрсетілген. Аталмыш заңның 13-бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды қалыптастыру туралы айтылған.

1. Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.

2. Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оларды оқыту жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізіледі. Жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады.

Осы ережелер сақталып, жүзеге асқан жағдайда дәріптеу жұмыстары жақсы жолға қойылып, халықтың рәміздер жайлы құқықтық санасы да артады. Сонда өрескел заңбұзушылықтар орын алмай, рухани үш тірегіміз өз деңгейіндегі құрметке ие болуын жалғастыра береді деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Г. ҒАНИҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *