ҚАРЫНЫҢ САПАРЫН ЕСКЕ АЛҒАНДА…

Өмір-өзен
693 Views

Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең.

М.ЖҰМАБАЕВ.

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деп Абай атамыз айтқандай, бүгін біздің тілге тиек етпекші болған кейіпкеріміз өткен жылы о дүниелік болған Сапар Қарыұлы туралы болмақ. Ұлағатты ұстаз, ұл-қыздарына асқар таудай мәртебелі әке, ағайын-туыс, ел-жұртқа, туған жерге мейірімі мол азамат ретінде өзінің ізгілікті өмір жолын қалдырып кеткен Сапекең 1947 жылы қазанның 25 жұлдызында қазіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Есентай ауылында дүниеге келген. Тереңнен үңілсек, бұл кісінің өмірін үш кезеңге бөліп қарауға әбден болады екен. Біріншісі – сұрапыл соғыстан кейінгі кезең, яғни балалық шағы. Екіншісі – халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуірі. Үшіншісі – сол тұстағы өмірдің жағдайы жақсарып, елдің экономикасы ілгері дамыған кезеңге сәйкес келеді.

Кеңпейілді қазақ басынан не өткермеген халық?! Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар қазақ еліне де оңайға соққан жоқ, әрине. Халықтың қабырғасын қайыстырып, діңкәсін құртып, әбден шаршап-шалдыққан кезеңде дүние есігін ашқан, Қарының ұлдары Сапар және оның ағасы Қауастың балдәурен балалық шағында анау айтқандай есте қаларлық қызықты шақтар жоқтың қасы. Оның есесіне бес жасында әкеден айырылып, төзімді де сабырлы аяулы анасының тәрбиесінде өсіп, қаршадайынан еңбекке шыңдалып, қатігез жоқшылықты жеңіп, маңдай термен ер жетті. Сарыауыз балапандары Қауас пен Сапарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай таң атқаннан кеш батқанша, ер азаматтармен бір иықта ауыр еңбектерді атқарған аяулы анасы Ұлтай апаның ерлігіне сөз жоқ. Ол туралы роман жазсақ та аздық етеді. «Оқып үйренбесең өнерге де, даналыққа да қолың жетпейді», – демекші бала Сапар 1954 жылы сол кездегі төрт жылдық Қарсыбай Спатаев атындағы мектептің бірінші сынып табалдырығын аттайды. Сатылап оқып жүріп, сол кездегі Жамбыл колхозында Ә.Жангелдин атындағы мектептің оныншы сыныбын үздік тәмәмдап, 1966 жылы Сырдария қаласындағы Ғ.Ғұлам атындағы Педагогикалық институттың қазақ филологиясы факультетіне оқуға түседі. Көркем әдебиет, оның ішінде қазақтың әдебиеті Сапекеңе, оның санасына, тектілігіне асыл қасиеттерді толықтай сіңіріп, адами әлеуетін арттырды. Студент шағында-ақ, ол ғылыми-әдебиет адамды надандықтан, ал көркем әдебиет дөрекілік пен көргенсіздіктен құтқаратынына көзі жетіп, әдебиет арқылы рухани өмірінің бояуы мен жемісін жетілдірді. 1972 жылы аталмыш жоғарғы оқу орнын үздік аяқтайды.

Отанның намысы үшін оттан қашпа,

Шын сүйсең мақсатыңнан қия баспа.

Тайсалма, бар, Отанның құрбаны бол

Өлімің орынсыз боп кетпес босқа, – деп ақын жырлағандай, өзінің туып-өскен жеріне деген махаббатын, бойындағы бар асыл қасиетін еліне бағыштауды студенттік кезеңнен-ақ бастаған екен. Қарапайым тілмен айтқанда, оқуда да қызметте де ізденімпаздықпен, тынымсыз күш-жігермен алғы шепте жүрген. Еңбек жолын 1966-1967 жылдары Мақтаарал бастауыш мектебінде ұстаздықтан бастап, 1967-1970 жылдары У.Юсупов атындағы мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болған. 1970-1972 жылдары Ақ-алтын ауданаралық кешкі мектептің директоры, 1973-1992 жылдар аралығында Есентай ауыл мектебінде, 1992-1998 жылдары М.Мақатаев атындағы мектепте, 1998 жылдан 2010 жылға дейін М. Тоқжігітов атындағы білім ордасында ұстаздық етіп, абыроймен зейнетке шығады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – дегендей жүздеген шәкірт даярлап, ұлағатты ұстаз атанады. «Ер жігіттің басы екеу болмай, малы екеу болмайтыны» бесенеден белгілі. Қарының ұлы қыпшақ елінің Сырлыкүлдей ару қызымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Бұл 1967 жылдың жаймашуақ жазы тұғын. Үш ұл, бес қызды дүниеге алып келіп, тәрбиелеп, жоғары білімді етіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады. Алла берген бақты бағалай біліп, бақытты отбасы атанды. Қандай қиын сәт болмасын, Сапекең қаламын тастамай, жан-дүниесін, ішкі сезімін, Отанға деген махаббатын хатқа түсіруден тыс қалған емес. Өйткені, ол әдебиетпен өсті.

Асылы, қазақта «Ол қандай адам еді?!» деген сұрақ жиі-жиі қойылып, дәстүрімізге еніп кеткен. Бұл сұрақты марқұм Сапекеңе қойғанымызда да біз сөз жоқ, оның кейінгіге қалдырған өмір жолын мәңгілікке үлгі-өнеге ретінде тануымызға тура келеді. Бүгінде оның ұрпағы көктеп өсіп келеді. Әке аманатына адал ұл-қыздары мақсат-мұраты мен өсиетін мүлтіксіз жалғастыруда. Сапекеңнің арамыздан кетіп, мәңгілік мекеніне жеткеніне бір жылдың жүзі болды. Осындайда Қадыр ағамыздың мына бір өлеңі еске еріксіз оралады:

Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді.

Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын.

Сапар аға өлімге қимайтын жан еді. Алланың ісіне амал бар ма?! Оның орны қашанда ағайын-жұрты, елі, құда-жекжаттарының арасында мәртебелі еді және мәртебелі болып қала бермек. Біздің өміріміз қас қағым сәт болса да әлемде жақсының аты мәңгі қалады. Халық тек ізгілікті істердің ғана даңқын асқақтатады. Бұл орайда, Қарының ұлы Сапар ағамыздың істеген ізгілікті істері әлі талай жылдарға дейін болашаққа өнеге болып қалары күмәнсіз. Артында қалған ұрпақтарының қасиетті Рамазан айында оқыған құран сауаптары марқұмға тие берсін деп тілейміз. Фәни ғұмырындағы игі істері бақи өмірінде сауабына жазылсын!

Қуанышбек ТАСБОЛАТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сапар Қарыұлының өмірінің соңғы жылдарында жазылған өлеңін назарларыңызға беруді жөн санадық.

ӨМІР ТЕҢІЗ

Өмір теңіз,

Еркін жүзем демеңіз,

Беріктіктен жасалмаса кемеңіз.

Өмір өткелі жоқ өзен,

Өткелсіз өте алмайтынымды сезем.

Тәңір жазса маңдайыма

Одан қалай безем?!

Өмірдің қиындығына

Қанша қиын болса да төзем.

Жастық шақты оймен кеземін,

Кәрілігің белден алғанын сеземін.

Бұл өмір заңы ғой

Сондықтан қалай сенен беземін?!

Қинасаң, қинай бер

Мен сенің қиындығыңа төземін…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *