ӘРБІР ДАҒДАРЫС ЖАҢА МҮМКІНДІККЕ ЖОЛ АШАДЫ

Ақорда
751 Views

Мемлекет басшысы «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумына қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлемнің барлық елі, оның ішінде Қазақстанның да коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқанын айтты. Осыған орай, мемлекет тарапынан қолға алынған аса маңызды шараларға тоқталды.

Форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев індеттен қайтыс болған азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Президент халықты осындай қиын-қыстау кезеңде зор жауапкершілік танытып, өздерінің, туыстарының және жақындарының денсаулықтарына жанашырлықпен қарауға шақырды. Мемлекет басшысы халқымыздың ауызбіршілік, сабырлық, жанашырлық секілді дәстүрлі құндылықтарын атап өтіп, медицина және полиция қызметкерлеріне, әскери және мемлекеттік қызметшілерге, волонтерлер мен журналистерге, сондай-ақ, қайырымдылық жасаған адамдарға ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Төтенше жағдай режимін тоқтатқаннан кейін азаматтарымыз босаңсып кеткен, қауіп-қатерді елемеген, медициналық тәртіп пен ескертулерді сақтамаған, тіпті, кейбір адамдар мұндай ауру жоқ деген қауесетке сенген. Сондықтан Үкімет карантин шараларын қайта күшейтті. Бірақ бұл көңіл-күйді түсіріп, сарыуайымға салынуға себеп емес. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз толыққанды, қалыпты тіршілігін жалғастыра беру керек деп санайды.

– Бүкіл әлемдегі адамдар карантин кезінде отбасыларымен арадағы қарым-қатынасты қалай бекіте түскені, балаларына көп көңіл бөліп, олардың проблемалары мен алаңдаушылығына уақыт арнағаны туралы өз тәжірибелерімен бөлісуде. Суретшілер, музыканттар, ақын-жазушылар карантин уақытында шығармашылықпен өнімді айналысқандарын айтуда. Яғни, әрбір қиындықтың өз қайыры болады. Әрбір дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бұл дағдарысты бірлесе отырып міндетті түрде жеңеміз, одан рухымызды шыңдап, дүниеге деген көзқарасымызды өзгертіп шығамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *