Өкпе туберкулезі – осы күнге дейін дүние жүзінде ең көп тараған жұқпалы аурулардың бірі. Туберкулез салдарынан жер шарында жылына 3 миллиондай адам сырқаттанып, дерті асқынғандар көз жұмады.
Туберкулез ауруларының саны Қазақстан бойынша да азаяр емес. Соңғы жылдардағы деректер бойынша, республикада жылына 10 мыңнан аса адам туберкулезбен ауырып, 50 мыңдай сырқат диспансерлік тіркеуге тұрған. Бұндай көрсеткіш денсаулық сақтау саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған келелі мәселе екенін көрсетеді. Туберкулезбен ауырған адамдардың шамамен 80-90 пайыздайы өкпе туберкулезіне шалдығады.
Өкпе туберкулезінің алғашқы симптомы тек жөтеліп қана қоймай, дене салмағы да азаяды. Оны көбінесе науқас жандар елей бермейді.
Қазақстан Республикасында өкпе туберкулезі әлеуметтік аурулар қатарына жатады және емделуі тегін. Өкпе туберкулезінің дәрілерге сезімталдығына қарай емделу курсы ең кемінде 6 ай, ұзағы 37 айға дейін созылады. Ем қабылдау барысында көптеген науқастар әртүрлі майларды қабылдауы мүмкін, бірақ қабылдаған майлардың пайдасынан зияны басым болады. Өзімнің тәжірибемнен байқағаным, науқастың ем қабылдау курсын жүргізу кезінде дәрігерін ауыстыруға болмайды, себебі науқас пен дәрігердің бірін-бірі түсініп, науқас өз дәрігеріне сенім білдіру үшін бірнеше ай қажет.
Өкпе туберкулезі диагнозы қойылған кезде кез-келген науқаста қорқыныш сезімі пайда болып, ертеңгі күнін ойлап, қайғырып, стресске ұшырайды. Әр туберкулез ауруымен ауырған науқастың туған-туыстары мен жора жолдастары жұқпалы ауру екенін біліп, ауырған адамнан алшақтай бастайды. Дәл осы кезеңде туберкулезге шалдыққан науқастың психологиялық күйзелісі күшейе түседі.
Туберкулез ауруын емдейтін кемінде 5-6 түрлі антибиотиктердің жанама әсерлері бірінші кезекте жүйке жүйесіне зақымын тигізеді, сол кезде науқастың ұшыраған психологиялық күйзелісі күшейе түседі, науқас жалғызсырап, көп ойланып, өзін «ешкімге керек емес екенмін» деп ойлайды. Суицидке бой ұру да дәл осы кезде бой көрсетеді.
Өзімнің дәрігерлік тәжірибемнен түсінгенім, мұндай ауруға шалдыққан жандарды тек дәрімен ғана емес, сөз жәрдемімен де емдеуіміз қажет. Жылы сөзге зәру болып жатқан науқастарға барынша ерік сыйлап, жігерлендіруіміз керек. Бар күш-жігерін бойына жинаған науқас қана бұл ауруды жеңіп, құлан-таза айыға алады деп айта аламын. Мен жұмыс жасайтын мекемеде аталған дертке шалдыққан жандар кездеседі. Өмірде шалыс басып, жазасын өтеп жатқан сотталушыларды біз әр алты ай сайын флюрографиялық тексерістен өткізіп отырамыз. Егер де осы уақыт ішінде өкпе туберкулезін жұқтырғандар болса, оларды басқа сотталушылардан бөлек ұстап, барынша ем-дом көрсетіп емдейміз. Түрлі лекциялық сабақтар өткізіп, алдын алуға тырысамыз. Әр апта сайын міндетті түрде мекеме ішін санитарлық тазалаудан өткізіп тұрамыз. Осының әсері болса керек, соңғы бес жылда біздің мекемеде аталған дертке ұшырағандардың саны барынша төмендеді.
Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Осы қанатты сөзді жадымызда берік ұстап, өз денсаулығымызға барынша көңіл бөлу керек екенін ұмытпағанымыз абзал.
М.СИХИМБЕКОВА,
ОҚО бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ 167/9 мекемесінің «Медицина» бөлімі бастығы, Әділет майоры
АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ…
1 229 Views