ҰСЫНЫСТАР МЕН САНКЦИЯЛАРДЫ СОТҚА ЖОЛДАУ

Қоғам Құқық
752 Views

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру мәселелері бойынша заңдағы өзгерістер мен толықтыруларды талқылау мақсатында Шымкент қалалық соты оқу орталығының 2019 жылдың бірінші жартыжылдық жоспарына сәйкес Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында Сұлтанов Айдос Едігеұлының төрағалық етуімен «Мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының ұсыныстары мен санкцияларын сотқа жолдаудың біркелкі тәжірибесін қалыптастыру» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Жиынға Шымкент қалалық, Еңбекші аудандық соттарының судьялары, Шымкент қаласы мен Еңбекші аудандық прокуратура өкілдері, медиаторлар, жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы және БАҚ өкілдері қатысты.

«Мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының ұсыныстары мен санкцияларын сотқа жолдаудың біркелкі тәжірибесін қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасаған Еңбекші аудандық сотының судьясы Мейрман Мейрханұлы жиынға қатысушы нәзік жандыларды мейрамдарымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. «Заң талаптарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес сот орындаушыларының қаулылары, іс-әрекеттері прокуратура өкілдеріне өтіп отыр. Бұл қабылданған өзгерістер прокуратура өкілдері, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына байланысты IT желілері арқылы тиісті қосымшалар мен бағдарламаларды орнату себебінен үш айға кейінге қалдырылған. Осы іс жүзеге асатын болса, санкцияларды прокуратура мен сот өкілдері бірге жүргізетін болады. Атқару өндірісіндегі өндіріп алушы борышкердің құқықтарын, заң талаптарын сақтаумен байланысты болғаннан кейін тәжірибені қалыптастыру қажеттілігін арттыруы біз үшін өте маңызды», – деп тақырыптың өзектілігін тілге тиек етті.

Сөз кезегін Шымкент қалалық сотының судьясы Виталий Николаевич Мирошниковке ұсынды.

– Аталмыш бағдарламаны құру IT мамандарына қиындық тудырмасы анық. Бұл жоспар 2018 жылдың екінші жартыжылдығында құрылған. Содан бері заңға біраз өзгерістер енгізілді. Заңдағы толықтыруларға сәйкес сот санкциялары прокуратураға өтеді. Аталған заңдағы өзгерістер биылғы 21 сәуірден бастап өз күшіне енетін болады.

Кейбір жағдайда көп сома өндіру бойынша атқару өндірісі орындалып, аз ғана сома есепке алынбай қалып қояды деген пікір бар. Сонымен қатар аукционға түскен жылжымайтын мүліктің голландиялық тәртіппен арзандатылған бағада сатылуларын сот орындаушылар арқылы арнайы сайлап қойған бір емес, бірнеше сатып алу фактілері орын алуда. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы барлық жаңалықтарды алдын ала біліп отыратын болдық. Соттарда бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды үйлестіруші судьялар бар. Өзім қалалық соттың үйлестіруші судьясымын. Резонанстық істер бойынша алдын ала хабардар болып, әлеуметтік желіге орналастыру жағын қадағалаймын. Алда ҚР Жоғарғы сотында блогерлермен семинар сабақ өтеді. Сот имиджін сақтау мақсатында проблемалық мәселе бойынша әлеуметтік желіге шығатын пікірлер алдын ала дайындалып отырады. Қазір халық әлеуметтік желідегі парақшаларды ашып, күнделікті жаңалықтардан хабардар болады, – деп В.Мирошников ақпаратты нақтылап өтті.

Жеке сот орындаушысы Дамеш Абилова: «Біз өз бағдарламамызда хабарламаны түзетуге мүмкіндігіміз жоқ. Сол себепті құжат толық рәсімделіп келмегендіктен, кейде атқару парақтары қате жолданған хабарлама негізінде кері қайтарылады. Осыған байланысты электрондық цифрлық қолтаңба бағдарламасымен құжат толтырып, арнайы электронды кабинетке қоямыз. Ал борышкер тарапта электрондық цифрлық қолтаңба бағдарламасын қолдану мүмкіндігі болмауынан базада көрінбей қалып қояды. Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы – өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болғандықтан, қосымша ақыны өзіміз төлеуге тура келеді. Бұл бағдарлама да сот органдарының бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесі «ТӨРЕЛІК» секілді хабарлама түрінде борышкерге жететін болса, келеңсіздіктер азаяр еді», – деп бағдарламадағы кемшіліктерді айтты.

В.Мирошников: «Сіздерде өзара төлем қалай жүргізілетіні маған беймәлім. Алайда, түпкі ойыңыз түсінікті, әрине. Мұндай жағдайда борышкерлерге айқын болуы үшін көптеген іс-шаралар, жиындар өткізу керек. Себебі, халық естіген, көрген мәліметтерімен ауызша немесе түрлі желілік парақшалар арқылы басқа да адамдармен бөлісетін болады. Қазір техника мен интернеттің дамыған заманы болғандықтан, ақпараттың жедел таралуына септігі тиеді және осы мәселе төңірегінде бағдарлама құрушы мамандармен де кеңесіп көріңіздер», – деп өз пікірімен бөлісті. Мұны көпшілік құптады.

Іс-шара барысында соттың жеке сот орындаушыларымен өзара іс-қимылы, атқару құжаттарын негізсіз қайтару, жеке сот орындаушылардың тарапынан атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту себептері бойынша мәселелер талқыланды. Сонымен қатар нақты атқару құжаттарды негізсіз қайтаруды жоюға әкелетін пікір-ұсыныстармен алмасты.

Сөз алған Еңбекші аудандық сотының судьясы Данияр Ақылбекұлы: «Сіздер құжатты кері қайтарып жатқанда не себепті қабылдамағандарыңыз жайлы түсінік бересіздер ме?» деп жеке сот орындаушыларына кері сауал қойды.

Сұраққа жауап берген Дамеш Абилова: «Иә, біз, негізінен кез-келген құжаттың кері қайтарылу себебі туралы толық түсінік беріп, жауапсыз қалдырмаймыз. Қазіргі таңда сот орындаушыларының лицензиясынан баж салығын алып тастағалы бері «Сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңды білмейтін тәжірибесіз сот орындаушылары көбейіп кетті. Осындай мамандардың себебінен сөз жалпыға бірдей тиіп жатады», – деп өзінің бірнеше жылдық еңбек тәжірибесінде ешқандай шағым түспегенін айтып ақталды.

Судья Данияр Мадемаров: «Талап бойынша 20 МРП төлеу жөнінде шағым көптеп түсуде. Осы бойынша №423 қаулыға толықтыру енгізуді қажет етеді. Сіздерде де палата жиыны өтеді. Сол жерде ортақ шешімге келіп, жоғарғы жаққа ұсыныс жасауға болады ғой» деп жеке сот орындаушыларына реніш білдірді.

Дамеш Абилова: «Иә, Данияр Ақылбекұлы, бұл ұсынысыңыз орынды. Барған соң жиналыс жасап, палатадағы жеке сот орындаушы өкілдерге бүгінгі «дөңгелек үстел» мәжілісінде талқыланған барлық мәселелерді жеткіземіз. Біздің жұмысымызға байланысты біраз кемшіліктер мен орынды пікірлер айтылды. Алдағы уақытта аталған олқылықтарды жібермеуге әрекет жасайтын боламыз», – деген уәдесін берді.

Шара соңында қатысушылар тақырып аясында пікір алмасып, өз ойларын білдірді.

«Дөңгелек үстел» жиынының соңында туындаған мәселелер мен оларды шешу тәсілдері талқыланып, қорытындысы бойынша қатысушылар тиісті ұсынымдар шығарды.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

арнаулы тілшіміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *