Текті Оразбай би әулетінен шыққан, шығыстанушы, түрколог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Болат Ешмұхамедұлы Көмеков биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Өмір бойы өзі кәсіп еткен тарих ғылымына Бөкеңнің келуі де өзінше бір хикая деуге болар еді. 1963 жылы Ташкент мемлекет университеті филологиясын араб бөлімі бойынша бітірген ол Мысырдағы Асуан су қоймасын салып жатқан кеңестік инженерлерге аудармашы болып жіберіледі. Тек 1966 жылы ғана Қазақ КСР Ғылым Академиясы, Тарих, археология және этнология институтына орналасып, Ленинградқа аспирантураға түседі. Сол кездегі белді шығыстанушылармен және түрколог С.Кляшторныймен танысып, бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуі ізденушінің ленинградтық кезеңінің ерекше маңызды болғанын көрсетеді. Аспирантурада жүргенде әлемдік шығыстанушы ғалымдардың еңбектерімен танысу үшін бірнеше еуропалық тілдерді де меңгеруіне тура келеді. Бөкеңнің 1970 жылы Қимақ мемлекетінің тарихына арналған кандидаттық диссертациясы сәтті қорғалды. Ғалымның бұл ғылыми жұмысы тек қазақ тарихына ғана қатысты емес, бүкіл әлем тарихына қосқан маңызды жетістік болды. Өйткені, бұрын Кимек мемлекеті әлемдік тарихнамада белгісіз болып келген еді. Сондықтан ленинградтық ғалымдар бұл еңбекті докторлық жұмыс дәрежесіне сай келетінін мойындаған болатын. Кейін, 1972 жылы шыққан «IX-XІ ғғ.араб деректері бойынша Кимек мемлекеті» монографиясы шықты. Ал 1994 жылы Б.Көмеков Ресей Ғылым Академиясының Санкт-Петербург бөлімінде «VIII-XIII ғғ. қыпшақ, құман және қимақ тарихына қатысты араб деректері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 1995 жылы профессор Б.Көмеков ҰҒА корреспондент-мүшесі, ал 2003 жылы ҰҒА академигі болып сайланады.
Жалпы Болат Көмековтің ғылыми қызметінің нәтижелеріне қысқаша шолу жасасақ: 700 ден астам ғылыми еңбектердің авторы, Ш.Уәлихановтың шығармалар жинағының жауапты редакторы, көп томдық «Қазақстан тарихының» бірінші және екінші томдарының редакторы және авторы болды. Халықаралық «Түркістан» энциклопедиясын жазуға белсенді түрде қатысты, Стамбұлда түрік және ағылшын тілдерінде шығарылған 26 томдық «Түркі халықтары тарихы» энциклопедиясын әзірлеуге белсене атсалысты. 1983 жылы Қазақстанның мемлекет сыйлығының, ал 2002 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік стипендия иегері атанды. Әрине ғалымның әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі болып саналатын отандық тарих пен жалпы түркі тарихына қосқан ерекше үлесі – Кимек мемлекетін тарих ғылымы сахнасына шығаруы болды. Бұл жолда Кеңестік дәуірге тән қиыншылықтарға қарамастан тайынбастан, ұстамдылық пен жігерлілігінің арқасында жетістікке жетті. Бөкеңнің бұл еңбегі сайып келгенде, қазірде «Қазақстанда бұрын мемлекет болмаған» деп айтып жүрген кейбір саясаткерлер тұжырымдарына тойтарыс жасауға мүмкіндік беретінін еске сала кеткен жөн.
Сонымен қатар Бөкеңнің көзқарастары болашақ тарихшыларға методикалық ұстаным және бағыт-бағдар болатын дәрежеде екенін айтқымыз келеді. Бір сөзінде Бөкең: «Біз осы уақытқа дейін тарихымызды отырықшы қоғамның заңдылығымен зерттеп келдік. Тарихтағы көп жағдайлар көшпенділер өркениетіне лайық болмай, біз артта қалған халық ретінде танылып келдік. Өйткені, Батыс өз заңдылықтарын көшпелілерге таңды. Мұның барлығы көшпелі қоғамның ерекшеліктерін түсінбегендіктен» десе, келешекте зерттеушілердің негізгі бағыттары: «Ұлы Дала өркениеті, көшпелілердегі мемлекеттілік пен мемлекет және елдің руханияты мен рухы» мәселелеріне баса көңіл аудару қажеттігін ескертеді.
Болат Көмеков кәсіби тарихшы емес адамдардың қазақ тарихының өте түйткілді мәселелері туралы ғылыми негізсіз, кейбір «сенсациялық» тұжырымдарына сын-пікір айта отырып, нақтылы дәлелдермен дұрыс шешімін айтып отырудан жалықпайды.Сөзіміз дәлелді болу үшін бір мысал келтіре кетейін. 2017 жылдың аяғында кейбір қазақстандық басылымдар батыс қазақстандық археологтарының «қазақ» атауының «ұлы сақ» сөз тіркесінен шыққан деген тұжырымын 80 жылдан бері тарихшылар анықтай алмай келгенін айта келіп, сенсациялық жаңалық ретінде бағалады. «CentraI Asia Monitor» газетіне осы мәселе туралы берген сұхбатында ғалым жалпы қандай да бір терминнің этимологиясымен айналысу үшін соған байланысты әдебиеттер мен фонетикалық үндестіктерді ғана зерделеу аз. Оны нақтылы тарихи контексте, географиялық ортада, шаруашылық – мәдени және халықтың әдет-ғұрпы мен моральдық нормаларына сәйкес қарастырудың қажеттігін айтады. Сонымен бірге қазақ халқы мен «қазақ» этнонимінің қалыптасу тарихының өте күрделі, ұзақ жолдан өткенін саралай келіп, қазақ атауының этноним ретінде халыққа ХҮ ғасырда берілгенін дәлелдейді.
Ғалым тұрғысында өрісінің кеңдігін өзі ашқан Халықаралық Қыпшақтану орталығының ширек ғасырдан бергі ғылыми – зерттеу жұмыстарынан байқауға болады. Орталық Франция, Қытай, Жапония, АҚШ, Венгрия, Түркия, Иран, Англия, Ресей, Болгария, Румыния және т.б. посткеңестік елдердің ғалымдарымен тығыз байланыста қыпшақтану ғылымының маңызды мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Соның бір айғағы ретінде 2013 жылы ғалымның өзі тікелей ұйымдастырып өткізген «Еуразия қыпшақтары: тарих, тіл және жазба ескерткіштері» атты Халықаралық ғылыми конференциясын айтуға болады. Конференция барысында шетелдік және қазақстандық ғалымдар Еуразия тарихының іргелі мәселелері, қыпшақтанудың, сондай-ақ, түркологияның өзекті мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Осы конференцияда Бөкең жалпы қыпшақтану ғылымының болашақтағы өзара бірін-бірі толықтыратын: Қыпшақтар және Түркі әлемі; Қыпшақтар және Араб шығысы; Қыпшақтар және Шығыс Европа – осы үш бағытын айқындап беруі шетелдік ғалымдар үшін де маңызды болды.
Академик ұлағатты ұстаз ретінде қазіргі оқулықтардың, әсіресе, ұлттық мазмұндағы пәндерге байланысты оқу құралдарының болашағына дұрыс бағыт-бағдар беруге белсенді ат салысады. Қазіргі кезеңде қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «әлемдік деңгейде танымал оқулықтарды қазақ тіліне тікелей аудару барысында ұлттық жадыны естен шығармастан әлемдік стандарттар деңгейіне жетудің қажеттілігін айтады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Орталық Сарапшылық Кеңесі аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «…жаратылыстану ғылымында ұлт жоқ. Биология, физика, химия сынды салалардағы кітаптарды еркін аударуға болады. Ал қоғамдық-гуманитарлық ғылымға келгенде біздің ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық жадымызды ескеруіміз қажет» — деді. Сонымен қатар ұстаз батыс әлемінде қазақ халқына ғана тән көптеген түсініктердің жоқтығын, мәселен, «дала өркениеті» түсінігін қолданбайтындығын айта келіп, оны оқулықтарды аудару барысында тиімді қолданудың қажеттігін де тұжырымдаған.
Қажымас қайраты, алмас қылыштай алғырлығы, қиыннан қисынын табатын тапқырлығы, білігі мен білімі сай ағамыздың сабасынан асып төгіле қоймайтын сабырлығы, парасаттылығы мен пайымның бөлектігі кімге де болса үлгі дер едік. Алдында азаматтық парыз, борыш дегенге айрықша сергек және асқан жауапкершілікпен қарап, жұмыс бабында іске үлкен не кіші деп қарамай, бәрін тиянақты да тыңғылықты шешуге ұмтылатын. Оған алысқа бармай-ақ, өзі қалыптастырған ғылыми мектебінен 7 ғылым докторы, 13 ғылым кандидаты және көптеген ғылым магистрлерінің даярланып шыққаны куә. Солардың ішінде осы жолдардың авторы да бар. Кезінде 1992-95 жылдары Түркияда Қарлұқ мемлекетінің тарихын түркі деректері бойынша докторлық диссертация жұмысын дайындап келгенде әрі қарай жетекшілік жасап, менің осы жұмысты сәтті қорғауыма мұрындық болған еді.
Жалпы Бөкең Абай атамыз айтқандай, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай білген «толық адам» десек қателеспейміз. Оның қандай да бір қисынын тауып, төгілтіп сөйлейтін ораторлық шешендігі, өзгенің сөзін тындай білетін кішіпейілділігі, өз сөзін орнын тауып өткізе білетін шеберлігі, қай ортада жүрсе әділдіктің ақ жолын ұстанатындығы сияқты адами қасиеттері бар қадірменді тұлға екені ақиқат. Сондықтан да болар, Бөкеңнің осындай сіңірген. еңбектері мен адами қасиеттері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Парасат» орденімен марапатталды.
Осы жерде Бөкеңнің зерттеу жұмыстарының тарихи кезеңіне сәйкес келетін дәуірдің ойшыл-данышпаны Жүсіп Баласағұн мемлекеттің қуаттылығы адамдардың үш тобына байланыстылығы на тоқтала келіп, солардың бірі ретінде ғалымдарды атағанын келтіре кеткеніміз орынды деймін:
Бірі – дана ғалымдар, зейінділер,
Сөйленеді ел мұңы, келешегі
Тарихыңды жазылған ала алмайды.
Қаламымен ел түзеп, қазына салар
Ізгі атың қалу үшін мəңгілік!
Асыл текті адам ұлы, парықта,
Білікпен тек болды сара, даңқты.
Жақсы тектен туар жақсы адам да
Жақсы жандар төрге шығар əмəнда.
Данышпан ойшыл дастанының бұл бәйіттері біздің айтып отырған қадірменді ағамыз Бөкеңе де арналғандай. Ендеше күш-қайраты мен жігері бойында, аяулы әке, адал жар, әліде Ұлы Дала өркениеті мен Қазақ елінің тарихын зерттеуде және болашақ шәкірттерін тәрбиелеп шығаруда берері мол, 80-нің сеңгіріне шығып отырған академик Болат Көмеков ағамызға денсаулық тілей отырып, төрімізге шығарайық замандастар!
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Күлтегін сыйлығының иегері.