ДАСТАН ҒҰМЫР

Таным
906 Views

Әскерден келісімен Марат Алматы қалалық қоғамдық тәртіп қорғау басқармасында милиционер қызметіне орналасты. Титтейінен армандаған заңгер болуы үшін үнемі ізденіп, оқып, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне емтихан тапсырып, оқуға қабылданды.

Күндіз аудиторияда отырып дәріс тыңдады, кешке қарай темір жолға барып вагоннан сексеуіл, цемент, көмір түсірді. Күнкөріс тіршілігі үшін түні бойы арқалап цемент түсірсе үстіндегі киімі қап болып, қатып қалады. Бірді бірге соғып, әйтеуір аш-жалаңаштығын білдірмей, сабақтан қалмай, тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындап, қоғамдық жұмысқа да белсене қатысты.

Кейін газет, хат-хабар тасушы болып орналасып, үйді-үйді аралап, газет-журналдарды таратып беріп, көп уақыты өзінде қалатын болды. Үнемі жоғары шәкіртақы алып, жұмысының айлығы бар – әжептәуір киініп, өз тапқаны өзіне жететін халге жетті.

Әжесінің кенже сіңлісі Динаның бір бөлмелі үйінде тұрды. Ол кісі зейнеткер. Әжесінен кейінгі ең жақын жан – осы кісі анасындай тәрбиелеп, ақылын айтатын.

– Шеше, мен үйленемін, – деді.

– Үйлен қарағым. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген, әжеңнің де арманы еді бұл, – деп ақ тілегін айтып, ақжарма көңілін білдірді.

Ұнатқан жары – Мәнсия Шығыс Қазақстан облысының қызы, ҚазПИ-дің химия-биология факультетін бітіргелі отыр. Үйленбесе басқа облысқа жолдамамен жібермек. Ақыры үйленіп, ипподром жанындағы орыс кемпірдің үйінде пәтер жалдап тұрды.

Университет бітіріп, диплом алған шақта – жан-жаққа бөле бастағанда Маратқа әр жақтан ұсыныстар түсті. Марат бәріне өзіне тән сабырлылықпен қарап, ешқайсысына уәде бермей жүргенде Әділет министрлігіндегі комиссияға шақырды.

Комиссия мүшелері өмірбаянымен әбден танысса керек, бірден Шығыс Қазақстан облысына судья болып барасыз деді. Бірден келісім берді. Жолдама алып, жолға шығайын десе жолпұлы жоқ. Баяғы жетімдік пен жетіспеушілік ызғары тағы да алдынан шыға келді. Әділет министрлігіне қайта кіріп, айтып еді, ондағылар келер айлық есебінен 180 сом жазып берді.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Михаил Фетисович Орлов Ұлы Отан соғысынан бір аяғынан айырылып қайтқан майдангер, көпті көрген тәжірибелі заңгер, іскер басшы болып шықты.

– Соғыста болған майдангерлер – ерекше жаратылған тұлғалар. Кішіге қамқорлығын, ақыл-кеңесін аямайтын, барын ортаға салатын көпшіл жандар. Мен сол облыстағы ең жас судья болдым. Сот төрағасы Орловтан бастап бәрі мен бірдеңені түсінбесем – түсіндіріп, үйретіп, уақыттарына қарамай тәрбиелегенін қалай ұмытайын. Біреу бірдеңеге мұқтаж болса бәрі көмектеседі. Біреу ауырып қалса дәрісін іздеп жүріп таптырып, алдырады. Ұжым жұмылған жұдырықтай күшті еді, ынтымақшыл еді.

Судьялардың басым көпшілігі – күні кеше қан қасап соғыстан келген ардагерлер. Біз солардың тәрбиесін көрдік. Әділетті сот қандай болу керек деген тағылымын үйрендік. Істеген ісі, жүріс-тұрыстары – ғұмырыма сабақ болды, – дейді бүгіндері Марат Нұрбеков ағамыз шығыстағы бес жыл қызметін сағына еске алып.

Алматыға шақырып, Әділет министрі бірде ұсыныс айтты.

– Марат Нұрбеков, Сіздің жұмысыңызды тексерген бірнеше комиссия өте жақсыға бағалап жүр. Бес жыл тәжірибе жинадыңыз. Енді Сізді Маңғышлақ облысына жібергелі отырмыз. Қалай қарайсыз? – деп төтесінен сұрады.

– Қандай жұмысқа?

– Облыстық сот төрағасының орынбасарлығына, – деді.

Міне, күтпеген жерден Маңғыстауға ауысып, одан кейін бес жылдан соң облыстық Әділет басқармасының бастығы болып табандатқан тағы бес жыл істеді. Ол кезде Әділет басқармасының міндеті ауыр, бүкіл сот жүйесіндегі кадр, қаржы-қаражат, ондағы мүлікжай, құрылыс, тағы басқа шаруалармен тікелей айналысатын. Міне, осы аралықта ол өзіне тапсырылған міндетті мүлтіксіз атқара білді.

Бұл өлкеде ол қазақшаны майын тамызып сөйлейтін небір тілінен бал тамған сұңғыла шешендерден ел мен жер тарихын, салт-дәстүрді, бұрынғы билер мен көсемдердің қара қылды қақ жарған әділдігі мен тапқырлығы, әр істі бағамдау мен бағалауын үйренді. Әсіресе, Мәмбетов деген соғыс ардагері ағасының тәлім-тәрбиесін өмірі ұмытпайды. Қара тілді шешен кісі түрлі мысалдар келтіре отырып, небір дүлдүлдер мен бұлбұлдардың ұмытыла бастаған ғибратты тағылымды нақыл сөздерін айтқанда оларды жадына сақтауға әрекет жасайтын.

Бұл өңірдің адамдары да даланың желіндей аңқылдақ, аузын ашса жүрегі көрінетін ақпейіл, кең, адамгершілігі мол, айтқан сөзінде тұра білетінімен өзіне қатты ұнады. Жомарт жүректі, ақ тілекті сол бір асыл азаматтар қайда жүрсе де әлі күнге дейін хабарласып тұрады.

Әділет министрі Долда Досболовтың қабылдауында болып, Шымкентке облыстық сот төрағалығына ұсынып, Мәскеуге ұшты. Ол кезде барлық күрделі мәселе – Мәскеуде шешіледі. КСРО Әділет министрі, орынбасарлары, коллегия мүшелерінің әрқайсысына жеке-жеке кіріп, танысып, рұқсат алу керек. Міне, сол кезде мәскеуліктердің шекеден қарайтын бюрократтық мінездерін көрді. Әсіресе, министр босағасында кіре алмай үш күн бойы бозарып күтіп отырды.

Шымкент облысында ол кезде үлкен дүрбелең жүріп жатты. Мәскеуден бастап құқық қорғау орындары облысты астын-үстіне келтіріп, тексеріп, басшының көбін қылмысқа тартып жатты.

Бүкіл Одақты шулатқан «Мақта ісі» бойынша ғана 84 адамның істері сотта қаралды. Нақты зиян келтірген ақшаларын төлеп, орнына қойып, қайтарғандарды сотта құтқарды. Атақты «Караваев ісі» бойынша қаншама адам істі болды. Облыстық сотта істер қалай қаралып, үкім қандай дәрежеде шығып жатқанын Мәскеу үнемі қадағалап отырды. Әр іс қатаң бақылауда өте бір қиын-қыстау уақыт еді бұл кез. Бес жыл осында істегенде бір үйге қонаққа бармады. Бір-бірін аңдыған жұрт. Қит етсе арыз қарша борайтыны нақ. «Ақырын жүріп, анық бас» деп ұлы Абай айтпақшы, барлық істі заң шеңберінде нақты шешуге тура келді.

Әжесі үнемі «Ел сыйлайтын бала бер, балама ақыл, сана бер, санасыз болса қазірден-ақ ала бер» деп отыратын. Сол сөздің қадір-қасиетін әрдайым жадында ұстады. Қаншама қиын да күрделі, күрмеуі қиыр-шиыр істердің әділ шешілуі – тек терең ақыл, білімді сана, салмақты сабырға байланысты екенін жете түсінді.

Әділет министрінің орынбасары, бірінші орынбасары болып істеген жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа заңдары қабылданып жатты. «Тәртіпке бағынған ер құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, жаңа егемендік алған еліміздің барлық саласын ілгерілету үшін түрлі заңдар қабылдануы қажет еді. Олардың жөн-жобасы осы министрлікте жан-жақты талқыланып, дайындалып жатты. Министрлік қызметкерлері ерте келіп, кеш қайтуды әдетке айналдырып, әр заң жобасына өте ыждаһаттылықпен қарап, дайындауды әдетке айналдырды. Осынау істердің басы-қасында білімдар заңгер Марат Нұрбеков те жүрді.

Марат ағаның бүкіл саналы ғұмыры сот жүйесі мен Әділет министрлігі саласындағы қызметте өтіпті. 1997 жылдың басынан Алматы облыстық сотының, ал 1999 жылдың шілде айынан 2003 жылдың аяғына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін, ал 2004-2008 жылдары Алматы қалалық сотында алқа төрағасы, судьясы қызметін атқарды.

Ұзақ жылдар бойы еткен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Конститутциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», Қазақстан халықтары Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, «Сот жүйесінің ардагері» медальдарымен марапатталды. Республиканың Құрметті судьясы, Республика судьялар одағының, «Үш би» белгісі атағын алды.

Екі мәрте Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. «Әділет» біліктілік алқасының тұңғыш төрағасы болды.

Алған марапаттары мен атақтарын айта берсек, талайға созылары хақ. Ол ұзақ жылғы еткен еңбектің жемісі. Отбасында береке, бірлік ұйыған отағасы. Өмірлік жары Мәнсия Бөкенқызымен жарты ғасырға жуық жарасымды өмір кешуде. Үлкен ұлы Жандос – баспа саласында кәсіпкер, кенже баласы Айдын өзінің жолын қуған заңгер. Бүгінде Жоғары Сот судьясы. Немерелері оқу – озаттары.

Өзінің жетпіс бес деген елағалық жасына осындай өмір жолынан өткен Марат ағаның тағдыры бір романға жүк болар өмірдастан дерсің.

Алматыда, Алатау баурайында аға үйінде екеуміз кеңінен әңгімелесіп отырмыз. Сонау қиын-қыстау кезеңдерді, жетімдік күндерін еске алғанда көзілдірігінің ар жағындағы жанарларына мөлдір шық ұялай қалады.

– Аға, Сіз бұзық болмадыңыз, арақ-шараптан қалай аулақ болдыңыз? Сіздің замандастарыңыздың басым көпшілігі бұдан құтыла алмағанын көріп өстік қой.

Марат аға сәл-пәл үнсіз ойланып қалды.

– Әскерден келгенде өзім қатарлы бір топ жігіттермен біраз ішіп, қызулау көшеде келе жатып, күншуақта отырған ауылдың үш ақсақалына сәлем беріп, өте бердік. Сонда олардың ең үлкені мені алып қалып «Қарағым, сен Нұрбек марқұмнан қалған жалғыз тал тұяқ емеспісің. Шайым әжеңнің бар үміті сен емес пе едің? Бұлай жүруің Шайымның баласы деген атқа лайық па?» дегенде қара жерге кіріп кете жаздап ұялғаным-ай. Содан кейін ылғи есімде Нұрбек әкем, Шайым әжем тұрады, солардың аманаты емеспін бе! Менің қателік жасауға, қалай болса солай жүруге хақым да, құқым да жоқ деп ұқтым. Өзімді-өзім қамшылап, білімге бет бұрдым, ылғи ізденісте жүрдім. Көп оқыдым, әлі де қолымнан кітап түспейді. Заңгерге, сот қызметкеріне ұзақ тарихымыздағы билік жүйесі, ондағы билер мен ғұламалар, хандар мен ел тұтқасын ұстағандардың билік айтуы дәстүрін жете білуі қажет. Бұл салада Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Қайрат Сапарғалиев, тағы басқа да ғұлама ғалымдарымыздың еңбектерін оқып қана қоймай, ой қорытып үйренуіміз керек. Өйткені, судьяға ең жауапты, ең маңызды іс – адам тағдырына үкім айту сеніп тапсырылған. Оған жеңіл-желпі, қалай болса солай қарауға болмайды, судья тек заңды сақтау керек, әділетті шешім қабылдауы тиіс. Қаралған істердің үлкен-кішісі болмайды, әрқайсысында адам тағдыры тұр, – деп Марат аға өзінің ой-орамдарын ортаға салды.

– Адамға ең керегі – білімділік және қарапайымдылық, – деді аға қоштасарда.

Марат аға айтқан мына бір аңыз есімнен кетпейді.

 

*   *   *

 

Диқан соқамен жер жыртып жатады. Терлеп-тепшіп өгізін айдап, соқасын ұстап түске салым демалайын десе иығына бір құс келіп қонады.

– Диқан, қандай тілегіңіз бар? Айтыңыз? – дейді әлгі бұлдырықтай құс.

– Ешқандай тілегім жоқ. Ойланайын, – дейді де өгізін доғарып, түске үйіне келеді.

Бәрі жиналып түскі асын ішіп отырғанда диқан осы оқиғаны үйіндегілерге айтып береді.

– Әке, қызық екенсің. Жерімізді екі-үш есе кеңейтіп бер деп сұрамадыңыз ба? – депті үлкен ұлы.

– Көп ақша сұрауың керек еді, – депті кіші ұлы өкініп.

Түстен кейін егістігіне қайта келіп, өгізін жегіп, соқасын дайындай бастағанда әлгі бұлдырықтай құс қайта келіп, оң жақ иығына қонады.

– Ойландыңыз ба? Отағасы, айтыңыз қандай тілегіңіз бар? – дейді құс сұрағын қайталап.

– Ешқандай тілегім жоқ. Тек тыныштық пен қанағат бер, – депті диқан шүмектеген терін сүртіп.

Құс төбесінен бір айналып ұшып кетіпті. Бұл бақыт құсы екен. Құс диқанның еңбегін емген қарапайым жан екенін көріп, диқан отбасына бақыт сыйлапты.

«Бақ қайда барасың?» десе «Ынтымағы жарасқан, қанағатшыл жандарға барамын» деген сөз осыдан қалған екен.

 

*   *   *

Отбасы берекелі, еңбегі жемісті Марат Нұрбеков ағамызға да бақыт құсы қонған жан-ау деп ойладым…

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *