КЕНДІ ҚАЛАНЫҢ БІЛІМ САЛАСЫ САПАЛЫ БАСПАЛДАҚТА

Білім
710 Views

Ағымдағы жылдың жаңалықтары білім саласына да жаңа айдар тақты. Қашықтықтан оқуды бұрын-соңды тәжірибесінде болмаған әсіресе мектеп оқушылары үшін сындарлы кезең. Сол себепті де еліміздің барша білім ұйымдары жаз мезгілінде күз астығын жинауға талпынып, қашықтықтан оқытуға сақадай сай боп дайындалды. Осы орайда Түркістан облысының кенді өлкесі – Кентау қаласының білім бөлімі де бірқатар тындырымды тірліктер атқарған. Бұл орайда бөлім басшысының міндетін атқарушы Баянғали Абдрахманұлы Жұмабаевтың қосқан үлесі зор. Редакциямыз осы шығарылымда аталмыш бөлімінің 9 айда атқарған, жұмыстарын зерделеп, оқырман қауымға жеткізуді жөн көрді.

Кентау қаласында білім туралы заңды іске асыруға жауапты 66 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде үшеуі облыстық мектептер, 90 мектепке дейінгі мекеме, 4 мектептен тыс мекеме, барлығы 160 мекеме қызмет етеді.

Шектеу шараларының енгізілуіне байланысты білім бөліміне қарасты 63 мектептің ішінде, шағын жинақталған 13 мектеп штаттық режимде оқытылып жатыр. Ол мектептерде барлығы 1255 оқушы білім алуда. Сонымен қатар 44 мектепте ата-аналар өтініші бойынша 1-4-сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылған. Оған 339 топ ашылып, қазіргі таңда 3974 оқушы білім алуда. Ал қалған 36782 оқушы қашықтықтан оқыту форматында оқиды.

Оқулықтармен толық қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі көп жағдайда бала саны көп болып, мектептерде оқулықтың жетіспеу жағдайлары кездесетін. Дегенмен, Кентау қаласының білім бөлімінің мәліметінше мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, жергілікті бюджет есебінен жыл сайын мектеп оқушылары тегін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен жүз пайыз қамтамасыз етіліп келеді екен. Бұл әрине қуантарлық жағдай.

Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, 2020 жылдың 14 қыркүйегіндегі дерекке сәйкес, аталмыш білім бөлімінде 4007 мұғалім қызмет жасауда. Ал осының ішінде, жас мамамндар үлесі 38 пайызды құрап отыр. Еңбек өтілі бойынша: 1512 маман – 3 жылға дейінгі, 616 маман – 3-5 жыл аралығындағылар, 551 маман – 6-10 жыл аралығындағылар, 380 маман – 11-15 жыл, 312 маман – 16-20 жыл және 633 маман – 20 жылдан жоғары екен.

Кадр санаттары бойынша да педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог модератор және педагогтар қызмет атқаруда. Сандарға тоқталсақ, жоғары санатта – 660 педагог, бірінші санатта – 792 педагог, екінші санатта – 753 педагог. Жаңа форматтағы атесттаттаудан өткен педагогтардың үлесі 15 пайызды құрайды.

Басқарманың келесі жұмыс бағыты – аралас мектептерде қазақ сыныбының санын арттыру мақсатында жүзеге асуда. Білім бөліміне қарасты 63 мектептің ішінде екі мектеп орыс тілінде, үш мектеп өзбек тілінде, 22 мектеп қазақ-өзбек тілінде, екі мектеп қазақ-орыс тілінде оқытылады. 2020-2021 оқу жылында № 11 Ахын тұма мектебінің даярлық сыныбынан, М. Қашғари мектебінің 1-сыныбынан қазақ сыныбы ашылған.

Ұлттық Біріңғай тестілеу – жас түлек үшін өміріндегі ең маңызды сәт. Себебі бұл оның 11 жылдық білімінің жемісі, алдағы болашағына әсер ететін бірден бір сынақ. Сол сияқты ҰБТ көрсеткіштері білім ұйымдары үшін зор маңызға ие. Биыл Кентау қаласында тестілеу 21-28 маусым аралығында өткізілген. Қатысуышлардың жалпы саны – 1338 оқушы. Орташа көрсеткіші – 71,7 баллға тең келген.

Қалада жалпы 1775 түлек болса, оның 123-і «Алтын белгі» иегері, 128-і үздік аттестат иеленген. Яғни үздік үлгеріммен бітірген түлектердің пайыздық үлесі – 14,1 пайызға тең келген. Ал ҰБТ-ға қатысушылардың 51 пайызы, яғни 683 бітіруші жоғары оқу орнының грантын иеленген. 179 оқушы 100 ден жоғары ұпай жинаған. 210 бітіруші түлек өкінішке қарай шектік деңгейге қажетті баллды жинай алмаған. ҰБТ-да ең үздік болғандардың мысалына М. Қашғари мектебінің 132 балл жинаған бітірушісін айтуға болады. Ал №25 жалпы орта мектебінің оқушысы тестілеуді ағылшын тілінде тапсырып, 121 балл жинап қала мерейін үстем еткен.

Тест тапсыру барысында 6 оқушы тыйым салынған заттармен ұсталып, аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған.

Тағы бір қоғамның өзекті мәселе жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Жас жеткіншектеріміздің болашағы кемел болу үшін, оларды шалыс басудан сақтау біздің мақсатымыз әрі міндетіміз. Кентау қаласының білім бөлімі де осы орайда бірқатар іс-шараларды өткізген. Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында мобильді топтың қала прокуратурасымен бірлесе өткізген іс-шаралар саны – 10. Сонымен қатар қыздармен – 12 іс-шара, ұлдармен – 10 іс-шара және тағы басқа 15 түрлі іс-шаралар өткізілген екен. Мектеп оқушыларының беймезгіл уақытта ойын-сауық мекемелерінде ата-аналарсыз жүруін анықтау үшін 52 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде түнгі уақытта ата-анасыз жүрген 123 оқушы анықталып, ата-аналарына ішкі істер бөлімі тарапынан түрлі шаралар қолданылған. 2020 жылы мектеп оқушыларының қатысы бар екі қылмыс анықталған.

Республика деңгейінде күрес жүргізіліп келе жатқан қоғамның тағы бір дерті – сыбайлас жемқорлық. Осы орайда Кентау қаласының білім беру жүйесіндегі сыбайлас-жемқорлық тәуекелдеріне қарсы ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп, кешенді жоспар құрылған екен. Жоспарға сай:

— Педагогтар мен қызметкерлерді, мекеме басшыларын жұмысқа қабылдау jumis.smartnation.kz порталы арқылы 100 пайыз автоматтандырылған;

— Балабақшаға кезекке тұру және жолдама беру balabaqsha.smartnation.kz порталы арқылы 100 пайыз автоматтандырылған;

— Жалпы білім беретін мектептерге қабылдау mektep.smartnation.kz порталы арқылы 100 пайыз автоматтандырылған.

— Педагог қызметкерлерді және білім беру ұйымдары басшыларын аттестаттаудан өткізу мемлекеттік қызмет түрі Smartnation.кz порталы арқылы авторматтандырылған.

Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін болдырмау және тәуекелдерін азайту мақсатында басқарма тарапынан жоғарыда айтылған бірқатар жұмыстар жүргізілсе, алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын табады деп күтеміз. Мұның бәрінде жоғарыда қабылданған шаралардың үлесі бары сөзсіз. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында барлық мектептерде 56 клуб ашылып, облыстық акцияға қатысқан. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылған.

Жоғарыда сөз болған жұмыстар, Кентау қаласының білім бөлімінің кей бағыттарына зерделеу жүргізу барысында анықталған болатын. Әрине ең маңыздыларына тоқталып өттік. Қорытындылай келе, білім саласының дұрыс дамуы, көк өрімдеріміздің келешегінің кепілі боларын еске салғымыз келеді. Сол себепті білім саласында алдағы уақытта да тындырымды тірліктер атқарылып, білімдегі түйткілдердің шешілуіне ықпал етеді деп үміттенеміз.

Шуақ НҰР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *